Өнерпаз
Өнерпаз қара жерге салар қайық,
Жаһаннан алар тағылым, қанат жайып.
Әр жердің тамашасын көзбен көріп,
Жастықта сайран етер болып ғайып.
Тұрғанда бойда қуат, жүрген жақсы,
Аяғың бір күн қылдан кетер тайып!
Басынды тауға да соқ, тасқа да сок,
Отырып қалмай үйде қыңырайып.
Жүргеннен тіпті қарап пайдалырақ,
Бір әріп (харып) сөз үйренсең, кітап жайып.
Тамшыдан тама берсе, дария болар,
Кетпей ме ақырында бір молайып?!
Қылжақтап екі ауылдың арасында,
Не пайда жүргендеріңнен құр сорайып?!
Бас болып, өнер білсең, тіпті жақсы,
Тамаша болдың жігіт таңғажайып.
...Білгеннің жүрген жері бәрі жарық,
Жоламас кем-кетіктікі оған айып.
Бұларды айту бізден, ұстау - сізден,
Ыңғайлы, үлгі аларлық тұрсаң лайық.
Көзіңе көрінгеннен ғибрат алсаң,
Ғаламға болдың өзің Еділ-Жайық.
Дариядан көз жеткісіз өткізетін:
Боласың өзің кеме, өзің қайық.
Қызға айтып келейіндерге байқатамыз,
Түс ашып, сол солай деп не қылайық?!