Нәпсі аджаһа
Дүние, ойлай берсем, жалған дейді,
Әркімді әлекке тек салған дейді.
Дүниені өле-өлгенше қуып-қуып,
Ауызы аңқиып [құр босқа] қалған дейді.
Хикаят сөз бастайын әуел бастан,
Бұл күнде жүйрік қайда таптан асқан?!
Сөзімді құп тыңдайтын ғазиз болса,
Хикаят сөз жазайын біраз дастан.
Заманды жылдан-жылға қуландырды,
Бойыңды алтын-күміс буландырды.
Келгенде жүз тоқсанға бір өлім бар,
Көзіңді әлі-ақ бір күн суландырды.
Дүниеден неше-неше өтті-ау жандар,
Құдайдан зар жылайды қорыққандар.
Кеудемде түрлі-түрлі уақиғам бар,
Айтайын, тыңдасаңыз, жарандар!
Өтіпті бізден бұрын мүр салдары,
Дүниеден өтпеймін деп соның бәрі.
Қызығы бір күнгідей болмайды екен,
Патшалық, тақта тұрып, құрсаң-дағы!
Арасы — топырақ пен алтын, күміс,
Ағаштың бәріне де бітпес жеміс.
Біреу - бай, біреу - жарлы, біреу - кәріп,
Дүниені жаратқан жоқ тіпті тегіс.
Алтыннан жер астында кімге пайда?
Дүниеде ажал келсе, болмас айла,
Болмағың жақсы-жаман Құдіреттен,
Шөп шықпас, су жүрмесе терең сайға!
Біз - түлкі, ажал бүркіт қоймайтын,
Нәпсіміз бір аждаһа тоймайтұғын.
Күнәмыз - мықтап тиген ол бір киім,
Нәрсеге одан басқа болмайтұғын!
Тіліміз өткір қылыш қойған қайрап,
Жұғады отыз тісің, нәпсің шайнап.
Тамырың алпыс екі жіп секілді
Бекітіп дүниені қойған байлап!