17.04.2021
  162


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Байдалының Исасына

Қолыма қағаз, сия, қалам алдым,
Алданып сұм жалғанға жолдан қалдым.
Қосылған көптің басы жер болған соң,
Жәрмеңке-Баянаула - соған бардым.
Саудам жоқ қылар мұнда сол бір тиын,
Деген соң, келе қалдым: "Ұлы жиын".
Кісіні алған, салған көзің көріп,
Болғаны базар кедей, сол бір қиын.
Мен жүрмін құр күнәны мойынға артып,
Жалғанда күле алмадым езу тартып.
Құр келіп жәрмеңкеге бос жүрген соң,
Мұнан да керек еді кетсем қайтып!
Базарда текке қаңғып, босқа жүрдім,
Болған соң намаз уақыт, мешіт кірдім.
Мешітте памдат - намаздың сол алдында
Исамен амандасып мен жолықтым:
- Базарда жолығып ек бір-екі жол,
Онда да амандасып, ұстасып қол.
Бұ-дағы аруақ қонған жігіт еді,
Болса да дәулет тапшы, бақыты(бақтысы) мол
Әр түрлі шыққан ерлер Айдаболдан,
Бабырға, Құлнияз бен аруақ қонған.
Байдалы, Сары, Құнды болып келіп,
Үшбу күн сол орында Иса тұрған.
Ағасы Мұстафа да болып еді,
Бақ, аруақ ерте соған қонып еді.
Кеше Мұса, Секербай заманында
Шарасы мың сан малға толып еді.
Бұл күнде мал кетсе де, бақ кеткен жоқ,
Жамандар қанша қуып, бір жеткен жоқ!
Жеткізіп көп орынға, азды жұмсап,
Өзінен қара қазақ әлі өткен жоқ.
Қорқады қарасынан дұшпан шошып,
Мүсәлім, Жәпек, Иса - басын қосып.
Балуанның әдісті айла жыққанындай,
Түсірер шалқасынан бір–ақ тосып.
Бұлармен оңалған жоқ алысқандар,
Ақылға Жәпек, Иса данышпандар.
Шығысты жәрмеңкеде топты бұзып,
Айдаһар айбатыңдай арыстандар.
Алысқан бек ерменен тамам күшті,
Ақылға Жәпек, Иса тым-ақ есті.
Құлнияз, Бабыр - түгел болғаннан соң,
Жығылып, мойыны астына жаман түсті.
Алысып бұрын-дағы оңбап еді,
Бұларды аруақ, Құдай қолдап еді.
Ана жыл еткен сайлауда Жәпек, Иса,
Уезге (үйезге) де Стабалов болмап еді.
Үйездің қорқытуы жетіп еді,
Қорықпай-ақ енді бұлар өтіп еді.
"Мықты екен Жәпек, Иса әр уақ (аруақ)",
Жайылып тамам жұртқа кетіп (жетіп) еді.
Сонан соң үш-төрт жылдай қылды жүріс,
Сайлаудың биылғы өткен бәрі-керіс.
Бас қосқан қалың топтың ортасында,
Қалғандай таң-тамаша, қылды бір іс.
Жегені жамандардың күнде таяқ.
Жақсысын бауыздауға қойды таяп.
Мырзасы ойдың, қырдың үміт қылған,
Қалған жоқ еш өнерін мұнан аяп.
Аяғы бір басқаннан тайыспады,
Еш титтей жасып бұлар майыспады.
"Өнерпаз өрге жүзер", - дегендейін,
Жарысқан қатарынан қалыспады.
Деп еді:
- Болыстықты берем алып,
Талпынды бар өнерін соған салып.
Ұялған-ақ шығар-ау, біз жоқпыз ғой,
Үш таспен шыққаннан соң, шардан қалып.
Мүсәлім бой бақпаған, жас бала ғой,
Еркелеп жалғыз өскен мас бала ғой!
Он бесінде оңар жан бас болады,
Өлшеусіз ауыл үйі кең дала ғой!
Жасынан Жәпек, Иса сөзді ұтқан,
Алысқан айдаһарын жерге тыққан.
Кең сабаның қоры ғой көп ойлаған,
Енді өнері бар ма екен қалған-құтқан?!
Жарайды: пәлі, рақмет - Жәпек, Иса!
Бақ кетпес өзді-өзіне әркім қиса!
Иншалла, редакторге жіберермін,
Мейрамға муафиқ боп, жөнге сиса!
Мүсәлім, құтты болсын орыныңыз!
Түгел боп жаралыпты форымыңыз!
Кейкиіп ағаңыздай кете бермей,
Ескеріп ғалымдарды бұрылыңыз!
Жерінің Арқа деген – аты - Құлжа,
Бір шыққан бақытымызға сіз - бір мырза.
"Тәкаппарға тәкаппар садақа!" - деп,
Әр жерден Алла берсін ұзын олжа!
Дін іздеп, барып өлді атаң қажыға,
Баулыды сені халқың аққу, қазға!
Бәрінен: қара, төре - басып өттің,
Бұл бақыт біле - білсең, саған аз ба?!
Қасыңда тағы да отыр мырзаларың,
Түгел боп қалың топта шықты шарың!
Құлнияз, Бабыр, - түгел болғаннан соң,
Кеңіген(кенелген) оңай болып қиын, тарың!
Қағазға өлең жаздым бес-алты жол,
Тимеді бала-шаға, шаруадан қол.
Жалпақтап әр мырзаға жалынбаймын,
Ескеріп, елегенге риза бол!


 





Пікір жазу