17.04.2021
  189


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Иманжүсіп атынан шығарғаны

Жел сөзге болған жастан ауызым епті,
Жас та болсам, ел кезіп, көрдім көпті.
Қалың топтың тастайын ортасына,
Ғаріпшілік жөнінен біраз кепті.
Жазған екен несібем менің түзден,
Күдер үзіп тұрғанда, ел-жұрт бізден.
Еске түсіп қайран ел, ішті бұрып,
Жас домалап кетеді екі көзден.
Талай көрдім қызығын қуат, күштің,
Хисабы жоқ басымнан кешкен істің.
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Талай жерде көзімнен бір-бір ұштың!
Heшe түрлі іштегі түйін шешіл,
Екі қарым жазылып, аяқ көсіл!
Жатсам, тұрсам, есімнен бір кетпейсің,
Суы менен жары кең, қайран Есіл!
Бір жағы - ащы, бір жағы балық қасың,
Қоныс болған түйеге көкпекті асың!
Үйден шықсам, көрініп тұрушы еді,
Қоңыр адыр, Қоянды, - сенің басың.
Күнбатыстан көлденең аққан Нұра,
Оған келіп көп өзен құйған жыра.
Сарыарқаның көде мен бетегесі
Шөбің болған(запоске) запасқа, суың - сыра.
Бұғылы мен Тағылы - бүркіт салған,
Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіні алған.
Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктің көлі,
Бір-бір ұштың көзімнен, дүние жалған!
Ішім түтін болғанда, құр сыртым сау!
Маған десең, көз жасым жаңбыр боп жау!
Бүркіт алып, басыңа мен шығайын,
Бір көрінші көзіме, Ереймен тау!
Қайтушы еді жаз болса, жайлап елі,
"Абылай аспас Арқаның сары белі".
Қырық мың жылқы түссе де, лайланбайтын,
Аюлы мен Нияздың қара көлі.
Аққан Есіл-тау, тастың арасынан,
Асып кетіп, тасыған шарасынан.
Баянаула, Қызыл тау, қош аман бол,
Бет жылынар барғанда панасынан.
Неше түрлі жүрекке түсті жара,
Тәңірім салған ісіне бар ма шара?!
Сүйіндікке бет алып жүргенімде
Қақ жолымда тұрушы ең, Балтақара!
Мұнарланып көрінген бастарың - ай,
Қатарланған жүктей боп тастарың - ай!
Қайран таулар есіме түскен күнде,
Аға берген көзімнен жастарым - ай!
Күн қайда, керуендей жүрген көшіп?!
Оқыс-оқыс кетесің еске түсіп!
Талай қатын Қыпшақтан ұл тапқанмен,
Өйткенмен бола алмас Иманжүсіп.
Күнім қайда баяғы таңдай атқан,
Қараөткелдің көшесін тасырлатқан?!
Бидайықтай күндерім (күнлерім) кетіп қалып,
Жарқанаттай күнімді көрдің жатқан!
Әкем Құтпан болғанда, ағам - Шоңай,
Адамзатта мендей боп тумас құмай.
Көзім түскен қыздарды ап кетуші ем,
Тоқты мен лактай тіпті оңай.
Мен жерімде, бозбала, қадден астым,
Менменсіген талайдың көңілін бастым!
Қасыма ерген жігітке олжа салып,
Бір қыста сегіз қызды алып қаштым.
"Алып кетті, - деген соң, - Иманжүсіп,"
Қалушы еді ел-жұрты сылқ түсіп.
Қайда кетіп қалғанын білмей жүрмін –
Ұрттап, төгіп жүрген күн, шайқап ішіп?!
Почтабайшы сықылды маған болыс,
Аударылды сол үшін біздің қоныс.
Тасырлатып келгенде, қолым қышып,
"Мынау қазақ - демеуші ем - мынау орыс!"
Бұл жалғаннан мен қайтып тұрақтайын?!
Саулап жанып барамын шырақтайын!
Аузы түкті неменің талайларын
Сабаушы едім бақыртып лақтайын!
Аман бол, ата жұртым, халым, елім,
Сіздерді (сізлерді) болар ма екен көрер күнім?!
Жатсаң, тұрсаң, Құдайдан жалбарынып,
Тілей гөр - аз күн өмір, аға, інім!
Көре алмаған ағайын қылып қастық,
Ауылымызға әкелді күнде бастық.
Арпалысып бастықпен жағаласып,
Сол себепті бұл жерге қадам бастық.
Бір ер мақтап жүргенде, біреу боқтап,
Ағайыннан қалыпты көңіл тоқтап.
Қуандық пен Сүйіндік, Керей, Уақ,
Сағынғанда, санаймын тегіс жоқтап.
Еңбегім, кетемісің текке зая,
Жараттың бейнет үшін, бар Құдая!
Бір Құдайым салмаса көздің қырын,
Пана болып кім тұрар, маған сая!
Сағындым құрбы-құрдас еске түсіп,
Еркімізше сөйлескен желдей есіп.
Тілеулес боп тұра гөр, Ғайып ата,
Сүйіндіктің бұлбұлы - Мәшһүр-Жүсіп!
Еске түсті жерлерім жатып-тұрған,
Сескенбеуші ем(едім) мылтықтан атып тұрған!
Еріксіз айдап келтірген осы жерге –
Дәм мен тұздың бұйрығы татып тұрған.
Жараңдар (жаранлар), болмаңыздар
Хаққа ғасы, Заманы жоқ: батырлық - жанның қасы!
"Адам басы - Алланың добы!" - деген,
Не көрмейді ат пенен жігіт басы?!
Үйден қуып шығарған, көп жорытқан,
Емес едің дүниеден құр алақан!
"Қысқа күнде қырықты алған" қыран едік,
Болып тұрмыз бұл күнде жас балапан!
Жаза берсем, шақ келмес қағаз, сия,
Мен білмедім көзімнің жасын тия!
Сілетінің бойында - қалың Қыпшақ,
Көптір қажы баласы - Қанафия.
Құндыздаймын отырған шыққан елден,
"Сақтай гөр!- деп, - Құдая, тіл мен көзден!"
Аюлы мен Ниязға бет қойғанда,
Ат шалдырып, өтуші ем Баспа көлден.
Қараөткелдің бауыры қалың шұбар,
Ат мойнына үкілі тақтым тұмар.
Бір түстеніп, аттанған ауылымда,
Қалушы едің қыз-қырқын, бала құмар!
Ауылым көшсе, қонар әр өткелге,
Салсам қағаз, жетер ме Қараөткелге?!
Сәлем де Тұрсынбек пен Дәулетханға
Жасынан бас кемшілігі зары өткенге!
Бола бермес барлығы ойға алғанның,
Көріп едім қызығын бұл жалғанның!
Сондай күнді басынан өткізгеннің
Менде ақысы қалды ма енді арманның?!
Туған, өскен еліме аман барсам,
Арман сол: қайғы, қасірет - мұнда қалсам!
Бір күнгідей болмас ед көрген тарлық
Жасы жеткен әкеме топырақ салсам!





Пікір жазу