Жүсіпбек Аймауытұлына
(БІРІНШІ ХАТ)
Мен "мимнан" бір сәлем хат "жым" ініме
Шырағым, ант амансыз, нан тіліме.
Отырмын бұ жалғаннан үзіп күдер,
Жеткен соң жер таянған мезгіліме.
Оқыдық майда жазған хатыңды ашып,
Отырған әшкерелеп, жұртқа шашып,
Қарық болып, қуанғаннан амандыққа,
Шаттандым жазғытұрғы судай тасып.
Табылып жан азығы, жедім асап,
Еті емес ешкі, қойдың сойған қасап.
Дегендей: "Жан семірер жақсы сөзге,
" Көркейдім хатыңды оқып, сол бір жасап.
Хатты ашып оқыған күн - июнь оны,
Қазақша жұма - ұлыстың ұлы күні.
Кергендей қызыл гүлді, бір масайрап,
Бұлбұлдың зымстанда ашылды үні.
Өліктей бір жан едім жатқан көрде,
Өлмеген соң, аманат сақтап төрде.
Шаттанып хатыңды алып оқығанда,
Оянды ұйықтап жатқан сана зерде.
Оянып сана - зерде, қозғалды ой,
Өзіме - айт, амандығың-өзіме той.
Шарқ ұрып, шартарапқа құлаш жайып,
Шіркін-ай, көтеріліп, желпінді бой.
Бәйгеге, жүйрік болмай, қосылмайсың,
Қақпаса жалғыз аяқ, тосылмайсың.
Ниеттес тілеуі бір адамыңның
Алғанда сәлем хатын осындайсың!
Әрқашан оқығанда, хатыңды алып,
Құмардан бір шығамын, мейірім қанып.
Қайқы қанат, қанды көз, қырандай-ақ,
Жөнелер ой аспанға шырқап алып.
Тастан қатты, қараңғы, түннен-ауыр,
Қайғы бар, жүректі жеп, қылған жауыр.
Жақсы көрген кісіңнен хат алғанда,
Серпіліп, болар жарық әжептәуір.
Шат болсаң, шаттықтың да кілтін ашар,
Өлген үміт тіріліп, өрге басар.
Шарқ ұрып, көңілің кезіп, әр тарапты,
Шідерті Алмынтаһидан жоғары асар.
Үні өшіп жатқан қиял жанданды ғой,
Ғарышқа көтеріліп, жан барды ғой.
Кәрілік тіпті ойынан шығып кетіп,
Қаламды, жазған Мәшһүр, қолға алды ғой!
Жүсіпбек, аманбысың сау-саламат,
Жігітсің: жақсыға - қат, жаманға - жат!
Жалғыздық жарасқан-ды бір Құдайға,
Аман ба Бектұр, Жанақ, екі азамат?!
Болғайсың әр пәледен әмсе аман,
Пәлекет саған деген болсын шабан!
Осы сенің хатыңды алған минут –
Қадірлі бізге келген жақсы заман!
Қол жетпес көктегі Айға созғанменен,
Бақ, дәурен, өмір, қызық - озғанменен.
Қанша жерге барады, кәрі шіркін,
Желігіп делебесі қозғанменен?!
Кірер үйі азайған басымыз бар,
Аппақ қардай сақал мен шашымыз бар.
Ұзын санын айтуға ұяламыз,
Төрт-он бес, бір-ақ - онда жасымыз бар.
Жарыстан қарадүрсін қалған кезім,
Мойынға кәрілікті алған кезім.
Жұрт күлер алақанын шапалақтап,
Ақыл танып, азуды шалған кезім.
Алаңдап біздің сөзге болма құр дал,
Демеймін: "Кәрі ағаңды жарысқа сал!"
Тисе, тисін, тимесе, ағып өтсін,
Атанған, көнеміз ғой: "алжыған шал!"
Өзіңе қолайлы боп, ұнаса ақыл,
Сөз туғыз тарау-тарау онан нақыл.
"Қайын ал!" - деген сөзім асығыс қой,
Сөкпеймін: "Көрмеді, - деп, - оны мақұл."
Өзіңе берсін Алла ұзын өмір,
Көнгіш бол қорғасындай, болма темір.
Разымын өзіңе де, сөзіңе де,
Мақал бар: "Аз сөз - алтын, көп сөз-темір.
Жалғанның өмір бойы уын іштім,
Өз бойыма шақ емес, киім піштім.
Сәрсенбайдың бақытсыз Жамалындай,
Сөзіңе мейірім қанды, түстім-түстім.
(ЕКІНШІ ХАТ)
Кісі едім әлдеқашан өліп қалған,
Көрсетпей бір күн маған бетін жалған.
Немене өлген емей, айтсаңдаршы,
Орнына келмеген соң бір ойға алған.
Емес ем түк сезбейтін кеще, кеспе,
Білмедім: елестеген өң бе - түс пе?
Кәрілік, келіп қалдың қай жағымнан?
Жел ем ғой құр гулеген қызыл еспе!
Шымкенттен почтаменен бір хат келді,
Саналы жан сағынбақ жұрт пен елді.
Жүсіптің көйлегінің исін танып,
Сайрамақ көзі ашылып Жақып енді.
Жігіттің тұрмайды елде жең саяғы,
Бір жарға соқпақшы ғой сөз аяғы.
Айырылып Жүсібінен, көзі ағарған,
Емес пе кәрі Жақып мен баяғы?!
Қуандым намам оңнан берілгендей,
Көзіме бір жақсылық көрінгендей.
Әл-қуат аяқ-қолға әбден кірді,
Өшкенім өніп, өлген тірілгендей.
Бәйге алған шаршы топта озып аты,
Танымал болған жұртқа қияпаты.
Мәшһүрді, өліп қалған, бір тірілткен –
Шымкенттен Жүсіпбектің жазған хаты.
Өлі аруақ, тірі аруақтан тиген сәлем,
Шырағым, сен тіріде мен неге өлем?!
Анда-санда бір келіп қалған хатың –
Өзіме айлық азық, жылдық үнем.
Аман бол, аман болсаң, сен аман бол!
Сен аман тұрсаң, маған бұл дүние мол.
Жүсіпбек, Бектұр, Жанақ - үшеуіңе
Тұрайын тілеулес боп, көтеріп қол.
Жақсыға төр алдынан орын бар ғой,
Жаманға қайда жүрсе, дүние тар ғой.
"Мың өліден бір тірі артық, "- деген,
Бұрыннан айтылған сөз, мақал бар ғой.
Астыңа құтты болсын ағаш атың,
Артылсын күннен - күнге алапатың!
Қаламыңның ұшына қыдыр дарып,
Әуелеп өрлей берсін жазған хатың!
Таусылып өтірігім, қалды шыным,
Қызыл тіл, сен барда жоқ маған тыным.
Болғанда қалам қобыз, қағаз - жауырын,
Қозғадың ерікке қоймай, сөйле, жыным.
Қуандым тірілікте хатыңды алып,
Сөзіңе сағынғандық әбден нанып.
Шаба бер, Алла оңғарып, жолыңды ашсын,
Тұрайын мен: "Мақпалдап"- ұран салып!
Күліктен шыққан Көтеш ақын өзі,
Айтылып жұрт аузында жүр ғой сөзі.
Дейді ғой: "Тегін кісі таз бола ма?"
Жұрағат, біз солардың қалған ізі.
"Күлік," - деп, айтылған сөз –
Қырғыз тілі, Күнде "Күлік", - деседі
Қазақ елі. Мағынасы: "жүйрік", - деген лұғат екен,
"Өзіне бұрып айтқан", - деме мені.
Құдайдың көп шүкірлік бергеніне,
Қағазға қолым аттай желгеніне!
Қуандым лашығыма мен де сыймай,
Соңымнан сендей іні ергеніне!
Алашқа аты шыққан Ақан сері,
Жүйріктің көзге түскен о да бірі.
Иллаһи, жаңа талап жүйріктерді,
Ақанның қыла көрме Құлагері!
Жер таянған жетпіске Жүсіп келген,
Жері жоқ көзге түсіп, өсіп келген.
Қояйын, алжыған деп біреу күлер,
Өнер жоқ ар жағынан қысып келген.
Күн шықты, жұлдыз біткен өртке күйді,
Күймесе, қайда кетті, не жау тиді?
Бел қатайды, еңсе бір көтерілді,
Ғайыптан бір қыз келіп беттен сүйді.
Тақымым үйренген ат, ерте мінген,
Қоян жыл, елу жеті жасымда, өлген.
Соған биыл болыпты тап он үш жыл,
Құр білте май таусылып, оты сөнген.
Көп жұлдыздай мендегі қайғы ғам мұң,
Тұрған өмірім бұ күнде - мұз бенен тоң.
Бетімнен қыз сүйгендей мен желпіндім,
Өзіңнен анық хабар, хат келген соң!
Ағайын ел-жұртыма туа жатпын,
Демеймін іске татыр азаматпын.
Сою, сату, жегуге жарамсыз боп,
Арықтап айдалада қалған атпын.
Сату, сою жағына жарамаспын,
Жолда жатса, бұрылып қарамаспын.
Енесінен түңілген қозыдаймын,
Жынысы әйелге - иттиген арам аспын.
Сұрапсың: "Қандайсыз?"- деп, мән-жайымды,
Саған үйіп, төкпейін мен уайымды.
Сек күнінде қартайған - біз - жаман қой,
Аз ғана мылжыңдайын қандайымды.
Бұралқы болмайтын мен еркек қой ма,
Бұл жалған, айтшы маған, айт пен той ма?!
"Неге ерте, мезгілі жоқ, қартайдың?!" - деп,
Әменді көрген болсаң, кінә қойма!
Бұл өмірді өткіздік осы ретпен,
Ауыл үй боп қона алмай бетпе-бетпен.
Қайтып көрмес кісідей болдық араз,
Құрт, ірімшік, бауырсақ, шайнар етпен.
Тіпті жегім келмейді етті шайнап,
Тісім тұр: "Тимеші!" - деп, ағатайлап.
Құлақ түбін, көз майын, миды қосып,
Жөнелтемін ар жаққа тілмен айдап.
Ерніме тигізбеймін сары майды,
Сүт қоспай, күр ішемін қара шайды.
Онан басқа алданыш, түк қалған жоқ,
Тіл астына тастаймын насыбайды.
Кан шығармай кесетін ара бар ма?
Не жұт, не жау алған жоқ, шара бар ма?!
Ұрып таяқ, айтқанмен сөз өтпейді,
Босаға ұстап тұратын балаларға!