16.04.2021
  208


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Исабек Ишан

Бісмілла, сөз бастайын асыл тектен,
Түскендей асыл еді-ау аспан көктен!
Керуендей бұ дүниеге аз күн қонып,
Паниден жақсы, жаман, - бәрі де өткен.
Бір жұрнақ заттан шыққан асыл еді,
Қара түгіл қожадан асып еді.
Әркімнің өз заманына дегендейін,
Тақсырдың шарапаты басым еді.
Өзі-ишан жұрт бастаған, заты-қожа,
Сейітзада нәсілі сондай таза.
Әр түрлі қасиеті еске түсіп,
Қайғымен қапаланып болдым наза.
Жасынан-ақ халыққа пірлік қылған,
Хақлық болса, бас тартпай ерлік қылған.
Нәсілінен сайып келіп әулиелік,
Келгенде отыз беске пірлік қылған.
Пір болып кереметлі жұрт бастаған,
Заманында өзінен жан аспаған.
"Мен, мен!" деген ишандар:
"Тақсыр-ай" Ешбірі хылап тауып таласпаған.
Шариғаттың жолынан адаспаған,
Дін тұтпаған наданға жанаспаған.
Қырмызы қызыл жібек сықылданып,
Қай мінезі бар еді жараспаған?!
"Өнер алды - қызыл тіл" - шешенім-ай!
Жылжыған жорғадайын көшелім-ай!
"Абылай аспас сара бел" - Сүйіндікке
Пір болып үлгі шашқан көсемім-ай!
Шораның Баязит бастасындай, һайбатының
Рүстем дастанындай.
Мысалы су хайбатының бек ләззәтлі,
Гүл райхан Бағирамның бостанындай.
һайбатың (айбатың) бар-ды - әділ
Омардайын, Түзеттің шариғаттың әрбір жайын,
Күндіз-күлкі, түн болса, ұйқы көрмей,
Дін ісін берік тұттың солардайын.
Шыншылың Әбубәкір Сыдықтай бар,
Көрдің бе бір жалғанын, ей, жараңлар?!
"Қолда барда алтынның қадірі жоқ",
Артынан жұрт (жуайт) таба алмай болдың ғой зар!
Жомартлығың сахаба Садуақастай,
Би баһа (баға) ол кібірит ақ мәр тастай.
Сүннатын пайғамбардың мағхам тұтқан,
Кәнеки, кім бар еді сонан басқа-ай!
Сөйлеген әрбір сөзің - ғылым, хикмет,
Өзіне тәңірім берген бан минхнат.
Тариқат, мағрипаттан үлгі шашқан,
Құдайға бек лайықты қылып қызмет.
Атасы Мұратқожа әулие өткен,
Бұтақтай бірден - бірге келіп жеткен.
Арғы тегін сұрасаң-Назар ишан,
Тазарып шыққан гауһар асыл тектен.
Туғаннан шариғаттың жолын қуған,
Хақжолдан талмай, белін бекем буған.
Табылмас дүррі найаб гауһарым-ай!,
Сағадат қандай жақсы күнде туған?!
Пір болып кереметлі шыққан жастан,
Данышпан, ақылды еді жұрттан асқан.
Қанша білмес наданды жөнге салып,
Шешманың толып жатқан көзін ашқан.
Жасынан артық болған алапаты,
Мың сан жанға жеткендей шарапаты.
Өзіне өле-өлгенше жоламаған,
Бал-бақыты сұм дүниенің әр апаты.
Басынан бақ дәулеті көшпей кеткен,
Шырағы жанып тұрған өшпей кеткен.
Қанша жан қастықпенен жабылса да,
Кәпірдің күпіріне түспей кеткен.
Тар жерде жанға сая керектім-ай,
Ақылың мол, күш-қуат білектім-ай!
Басына қандай қысым, іс келсе де,
Саспайтын, асықпайтын жүректім-ай!
Дос тұтқан ғылым білген ғалымларды,
Берік тұтқан ол сұннатын пайғамбарды!
Бойына жуытпаған, жолатпаған,
Мұнафиқдін тұтпаған залымдарды.
Ықылас берген адамды артық күткен,
Ата-анадан ол артық тәрбие еткен.
Панасына саялап барған адам
Дүние-ақырет мақсатқа бірдей жеткен.
Жан еді шарапатлы даңқы жеткен,
Кәнеки, кім бар еді онан өткен?!
Түрлі ауру, шерменде де, тіпті науқас,
Жазылып сау - саламат болып кеткен.
Тон болған тоңдырмайтын жалаңашқа,
Ас болған таусылмайтын қарны ашқа.
Арымас ат, жаяуға көлік болып,
Әр мұңлыға ем болған басқа-басқа!
Көзсіз келсе алдына, көзді болған,
Тілсіз келсе, сөйлейтін тілді болған.
Не дегенін Құдайым қабыл етіп,
Мұңды, кәріп, - алдына бәрі толған.
Саңыраудың себеп болған құлағына,
Ақсақтың дауа болған аяғына.
Жын-шайтаннан құтылып, халас болған,
Өзі түгіл, сүйкенсе таяғына.
Баласы жоқ қатынға бала біткен,
Панасында күн көріп қашқан-жіткен.
Әр мұңлының қажеті рауа болып,
Құдайым дәрежесін артық еткен.
Шариғат, мағрипатын тамам еткен,
Тарикат, хақиқатны жары еткен.
Қол-аяқсыз домалап қалған дертлі
Сау-саламат жазылып тұрып кеткен.
Жан еді ғарызы жеткен Құдайына,
Жарлы болса байыған маңайына.
Бақ, дәулет, ырыс, несіп болып еді,
Кәріп пенен ғасердің талайына.
Ғылым хал, ғылым қалыны білген тамам,
Айырған хақпен батыл, халал, харам.
Ғылымларды қойылған көңіліне
Жігіттер, бар ма енді ондай адам?!
Ашылған кереметпен батин көзі,
Тасқа таңба басқандай айтқан сөзі.
Сүйікті һәм көрікті, жомарт, әділ,
Бар еді келіспеген қай мінезі?!
Дүниенің опасызын көзіңмен көр,
Өткен соң ақыр бір күн солардай ер.
Неше сондай ерлердің бәрін жұтып,
Тоймаған сонда-дағы бұл қара жер!
Дүние, опасыз-ақ, жалғаның ба,
Әркімге әр түрлі дақ салғаның ба?
Құдайдан тағдыр болып тәбдилі жоқ,
Осымен өтіп кете барғаның ба?
Дәулет құс қонып тұрған басында еді,
Қырық шілтен ғайып ерен қасында еді.
Сапары бұл дүниеден ақыретке
Қой жылы, жетпіс тоғыз жасында еді.
Айының оразаның бас шағында,
Ауызы берік, қарынның аш шағында.
Зәмзәмнің суыменен аузын ашып,
Жұманың (жұмғаның)өтіп кетті - ау ақшамында.
Жаюлы жайнамазы тұрғаннан соң,
Дүниеде көп жыл дүкен құрғаннан соң.
Зәмзәмнан бір татты да кете барды,
Ол оқып намазшамды болғаннан соң.
Өткені оразаның әуелгі оны,
Бесі ме, алтысы ма, жұма күні.
Хақиадің нахыза қоймай, бір дәм тынбай,
"Алла, Алла!" - деумен кеткен тілі.
Жастыққа бір қоймастан кетті басын,
Құдайым енді алдынан жарылқасын!
Жан-жақтан халық, ағайын, жұрт жиылып,
Оқыды дүйсенбі күн жаназасын.
Шідерті: аққан суы қайнар бұлақ,
Дүние опасы жоқ, түбі шолақ.
Нәрсе жоқ қолдан келер тіпті титтей,
Жетімдер жасын төгіп, қалды шулап.
Ақкөл мен Жайылмада аз жыл тұрдың,
Пір болып, мұрид бастап, дүкен құрдың.
Әркімнің көңіліндегі датын тауып,
Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың.
Жаюлы қалды артында ақ қағазың.
Иншалла, жан едің Құдайыңа жеткен назың.
Қырық күндей о да жоқтап-аза тұтты,
Оқитын бес уақыт жайнамазың.
Көлеңкең түсіп тұрған аймағыңа,
Дұға тиіп тур еді жан-жағыңа.
Көк пен жер, - олар да аза тұтты ма екен,
Мүминнің қылып дұға аруағына.
Ғазірәйіл алып кетті қарамай-ақ,
Қояды қаза жетсе, кімді аяп?!
Олар да аза тұтты өз халінше
Мүсуәк тасфиқ ұстайтын аса таяқ.
Адасып қалды жұртың бассыз қойдай,
Дүниеге кете бардың көңіл қоймай.
Болжалсыз ажал - тағдыр келіп қалып,
Шарапат дуаңызға қалдық тоймай.
Жоқтайды Қарабұжыр қалпыменен
Әжеке, Дәнен, Тентек халқыменен.
Дүниеден есіл ерім кете бардың,
Бұрынғы ғазизлардың салтыменен.
Бір аз күн Арқаға болдың қонақ,
Дүние, бар болғаның болды-ау сол-ақ!
Әжібайдың алты ұғлы (ұлы) ықылас берген,
Олар да жоқтайды екен айтып шумақ.
Жолаба-Қыпшақ деген бір рулы ел,
Және Керей, Күрлеуіт, - о да түгел.
Теп-тегіс мүрид болған кемеңгерлер
Қалдық қой тегіс шулап Жайылма, Ақкөл.
Ақгілес, Сырым, Күшік-Бәсентиін,
Олардан болды ма екен Найман кейін?!
Дүниеден өтті, кетті қайран ерім,
Түзеткен өз әлінше (хәлінше) діннің үйін.
Ішін ара бас берген: Апай, Бөрі, Жұқарақ
Қанжығалы онан гөрі.
Айдабол мен Қаржастан ықылас берген,
Қасқа, жайсаң, - не түрлі кемеңгері.
Таусылды, ойлай берсем, менің миым,
Тербетпей аруағыңды келмес күйім.
Басшы бол ақыретте баршамызға
Атыңнан айналайын, дұғагөйім!
Қаншама дәурен сүрдік мурид бастап,
Жылайды бәрі тегіс көзін жастап.
Жұлдыздай Өмірзая туып батқан,
Биопа бұл дүниені кеттің тастап.
Басыңнан қозғалмаған бақталайың,
Қоршаған алды-артыңнан Күн мен Айың.
Пірлерің:Шайых, Баһадур, қолдап Құтыб
Ағылайы Ғалиында болсын жайың.
Білмедік: аз күн тірі жүрмесіңді,
Бұл шақта дүние - жүзін көрмесіңді.
Дуадан басқа бізде еш нәрсе жоқ,
Білемін қайта айналып келмесіңді.
Жар досың көруші еді сізді жандай,
Сұқбатың бек ләззатты халуа балдай,
Орныңда - қалды жалғыз Нұрмұхаммед,
Болады заманың да әлдеқандай?!
Жастықпен өтеріңді білмеді ғой,
Мұндай күн, сірә, есіңе келмеді ғой,
Қазық боп, орныңды ұстап, тұра қалса,
Дер едік сонда сізді: "Өлмеді ғой!"
Адасып азған елдің пірі болмас,
Пірсіз қылған амалдың түрі болмас.
О дағы тегін ағаш бұтағы емес,
Әйтеуір тірі болса, құры болмас.
Көрсеткен әр бір түрлі нышананы,
Кереметпен білдірген ишараны.
"Әулие өлік емес, тірік," - деген,
Қолдай гөр біздей кәріп бейшараны!
Шам сөніп, болды дүние - қараңғы үйдей,
Кеттің ғой бір сүртуге көзге тимей.
Паналап барар жан жоқ жан-жағымда,
Тұрайын бұл жоқтыққа қайтіп күймей?!
Шының ба, бұл кеткенің жалғаның ба,
Қара күн кейінгіге салғаның ба?!
Айырылып дуагөйден құтың қашып,
Сарыарқа, адыра тұл боп қалғаның ба?!
Арқаға Қоңырбайдай халфе келген,
Қанша жұрт оған құлап ықылас берген.
Бұйырып Баянтаудан топырағы
Күнінде қаза жеткен о дағы өлген.
Онан соң Жүсіп ишан шыққан заттан,
Шұбар тес, шынжыр балақ зұрпаттан.
Біраз жыл Әмір, Мағрұб үлгі шашып,
Басында бір төбенің о да жатқан.
Әулие Құл болды ишан өткен бұрын,
Не затлар бұл Арқада қылған орын.
Файзолла, Ходайда ишан қабат шығып,
Алған соң кетіп қалды халықтың сырын.
Бір халфе Төртуылдан жұрт бастады,
Қылған ісін хылап деп жұрт тастады.
Қанша ишан, қанша мүрид шықса-дағы,
Бәрі де Ишекемнен бір аспады!
Дұғагей кемиді ғой әрбір жайда,
Кешегі Сейітқожадай қожа қайда?!
Ишан бар:өзі қажы Бесммұхамед,
Демесең қара қазақ ел - Алтайда.
Өстіп алдап өтеді мына жалған,
Талай жанның көңіліне қайғы салған.
Пір болып, мүрид бастап, ишан болған,
Заттардан енді ойласам: кім бар қалған?!
Бола ма заты қара таза тектей,
Бәрінен – озып шыққан баса көктей.
Енді бізге табылмас сондай ғазиз,
Хазіреті ишан дұғагей Исабектей!
Көрдің бе менің қапа болғанымды,
Айып көрме дым айта алмай тұрғанымды.
Атыңды күйгенімнен айтып салдым,
Кеше гөр әдепсізлік қылғанымды!
Орта жүз, он сан жатқан ел болдың ғой,
"Абылай аспас асқар тау, бел," - болдың ғой!
Айырылып дұғагөйден құтың қашып,
Сарыарқа - сары дала, шел болдың ғой!
Жоқтайды бүл халқының жас пен қуы,
Едің ғой тірілікте діннің туы!
Құтыбы замананың кеткеннен соң,
Тартылды жердің шөбі, көлдің суы.
Табылмас сіздей ғазиз іздеп емге,
Пірсіз қалдық, сүйендік енді кімге?!
Бұл заман бұрынғыдан болып өзге
Береке кете бермек күннен - күнге!
Жайылма, Ақкөл менен иесіз қалған,
Дуа қыл Ишекемді есіңе алған.
Ақкөлдің әулиелі өз басында,
Тақсырдың ғимаратын жөнге салған.
Медресе, там қасына, мешіт салған,
Бұйырып топырағы сонда қалған.
Жетеді ойына алған мұратына
Әдейі зиаратқа іздеп барған.
Шырақшы орнатулы бастарында,
Ғазиз бар біз білмейтін қастарында.
Әркімді әр түрменен жұбантады
Сұм дүние алдандырып тастарында.
Ишекем өтіп кетті-ау бұ жалғаннан,
Келу жоқ қайта айналып сол барғаннан.
Бір ғазиз енді сондай шыға қалса,
Біз мұңдық шығар ма едік сол арманнан?!
Дариға, бұ шамада өттің, кеттің,
Біздей ғапіл сорлыны арманда еттің.
Серкесіз суға түскен қой мысалды
Уа, дүние, әрбір жаққа тентіреттің!
Періште төрт мұқарраб хақихаттан,
Төрт пайғамбар жол ашқан мағрипаттан.
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғали
Олар дүр үлгі шашқан тарихаттан.
Шариғаттың төрт имам тұтқан жері,
Түгендеуге керек-ті ердің ері.
Кәміл мүрид етегін тұтпағанның
"Болады, - деп айтады, - шайтан пірі".
Жол жүрмесең, табылмас саған пайда,
Үйде жатқан адамға келу қайда?!
Басшы жоқ, бастаушы жоқ жүре қалсаң,
Ұры бар жолың тосқан әрбір жайда.
Сол жолда жүрсең, көп-ті қауіп-қатер,
Басшысыз адам қойсаң, басың қатар.
Жетпек түгіл желкеңнен қиыларсың,
Аяғың бір басқанда, қанға батар!
Дүниеде қуанарсың тапсаң тиын,
Пайда бар, бірақ соған жету киын.
Шыбын бұрын жете ме, сұңқар - бұрын,
Ол араға жетпейді сенің миың!
Ендеше сен жетесің қалай жүріп?
Ол жерді қойған жоқсың бұрын көріп!
Белгілі көш басшысы болмаған соң,
Адасар көрінген шаң соңына еріп.
Жарандар, олай болса, керек басшы,
Насихат наданға айтқан удан ащы.
Айырылдың көш басшыңнан, ей, халайық,
Кәнеки, адастырмас кісі тапшы!
Қадірі Ишекемнің әркімге өтер,
Жақсыға өтер, жаманның несі кетер?!
Білгенге жара болды жазылмайтын
Оңалып оның орны қашан бітер?!
Құданың таусылмайды қыс пен жазы,
Патшаның қайда жетпес хат, қағазы!
Тақсырдың мыңнан бірін айта алмадым,
Ағалар, айыптама ғақылым азы.
Тұр қолым, айтпа-тілім, тоқта-қалам!
Сен жазғанмен, болмайды бәрі тамам.
Рухына Ишекемнің дұға қылсын,
Естіп бүл сөзімді білген адам.
Рухын ол заты пәктің қылдым нұсқа,
Өнерім аз болған соң болды қысқа.
"Теңізден-тамшы, күннен бір зәрре," - деген,
Жақсылар, мейірбан бол біз байғұсқа!
Бар құдай Ишекеме рақмет етсін!
Бақ аруақ руына қайта бітсін!
"Аз сөз - алтын болғанда, көп сөз - күміс",
Ақыры осыменен тамам етсін!





Пікір жазу