Тайкелтір би
Сөйлей бер, қызыл тілім, аманында,
Тыңдауға болар жақсы, жаманың да!
Қазақ та аз күн қызық көріп еді
Едіге, Шоң, Торыайғыр заманында.
Секербай, өтіп кеткен кеше Боштай,
Көрініп ғайып болған ұшқан құстай.
Жел сөздің тәңірім берген арқасында
Сайрайын бір азырақ тоты құстай.
Алшынбай - Қаракесек - бұлар да өткен,
Керейден Тұрлыбектей сабаз өткен.
Ыбырай Жайықұлы ел Қыпшақтан
Мұсаға Шорманұлы ажал жеткен.
Өтеуден шыққан кеше би Үкібай,
Кім бар қалған қазақтан енді сондай?!
Қазақ аты өшкенше аты сөнбей,
Артылтқан алапатын патша Құдай!
Бұлардың болғандығы бәріңе аян,
Деп пе еді бұл жалғаннан олар таям?!
Айтық-Жайныш айтқаны тура келіп,
Құрт-құмырсқа, арты болған бақа-шаян.
Булардың бәрін жұтқан мынау заман,
Сөйлеуге шежіресіз келмес шамам!
Ежен хан өзі түсіп, тағын беріп,
Тайкелтір Ташкентке хан болған бабам.
Безқозы: бәйбішеден бұлар туған,
Қайтеді туысқаннан көңілі суыған?!
Тайкелтір бір анадан жалғыз туып,
Қай жерде кемдік болса, мұны қуған.
Ойлаған сонда жетім: "Кетейін!" - деп,
"Көрінбей-ақ бұл жалғаннан өтейін!" - деп
"Туысқандық санында болмаса да,
Бір жүріп бұларменен не етейін?!" - деп.
Шешесі Бесқозының емшек берген,
Шын иман құтылар ма мұндай ерден?!
- Күн көрсетпес, қарағым, кетсең, кет! - деп
Анасы тумаса да, бата берген.
Екеуі елден қашып кетті сонда,
Таяғын тәуекелдің ұстап қолға!
- Жүр, - дейді Қожакелді інісіне,
- Тұратын екеуімізге не бар мұнда?
Екеуі елден қашып кетті, міне,
Арада бірнеше күн өтті, міне!
Екеуі бір түйеге мінгесіп ап,
Ташкенттің шаһарына жетті, міне!
Қаланың көшесінде жүрді қалғып,
Көрмеген бір жас бала бұлар таң ғып.
Ежен хан жұртын жинап жатыр екен,
Үш дауды бітіре алмай басы даң боп.
Ханға келіп екі бала сәлем берді,
Заты бөлек екенін хан да білді.
Хал-ахуал көргенін түгел сөйлеп,
Именіп жасқанбастан бала тұрды.
- Жөніңді айт, балаларым, кімсің? - дейді,
Басқа жан көзін салып менсінбейді.
- Түсің қашқан баласың, кемдік көрген,
Қайдан келдің, қай жерден жүрсің? - дейді.
- Елімнен тәуекел деп, шықтым қырлап,
Қолыма емен таяқ ұстап сырлап.
Қол астында Ташкенттің ұрылары
Кетіпті өзім жоқта түйемді ұрлап.
- Бұл жерді қалай таптың, баласың ғой,
Жүректің ағын сөйле, қарасын ғой.
Еліңнің үлкендері таусылған ба,
Бір жерде, балам, өліп қаласың ғой!
- Елімнен тәуекел деп, шықтым сапар,
Малменен біледі деп сізді хабар.
Өзім бала болғанмен, Құдай пана.
Үлкен тапса, астымдағы түйем табар.
Бұл сөзге теріс қарап Ежен күлді,
- Түрі мынау бала, - деп - не еткен тілді?
Елінен бір сұмдықпен шыққан ғой! - деп,
Екеуін Ежен үйге ертіп жүрді.
Екі бала ордаға келді кіріп,
Көз салды ханым сонда о да көріп.
Баланың кереметін білді бұ да,
Басын жуып отыр екен, шашын өріп.
Ханымға қарады да, бала күлді,
Қаңғыған өзі жетім, тастап елді. –
"Жылағанды сорма, күлгенді сор!" - деп еді,
- Айтшы! - деп бүл баланы Ежен ілді.
- Шырағым, көрісіменен күлдің, - дейді
Қызығын бір көрерсің тілдің!- дейді.
- Беталды күлген жоқсың, шыныңды айт,
Ханымның не жұмысын білдің?!- дейді.
- Екі бала ордаға келді кіріп,
Ханым басын жаппады бізден жеріп.
Күлгенімнің мәнісі осылай болды,
Ақ тәнінен алақандай алтын көріп.
- Ай, ханым, мынау бізге қонақ, - депті,
- Жабысқан қара тасқа қына, шөпті.
"Елімнен жоқ жоғалтып шықтым", - дейді,
- Рас па, өтірік пе, сына!- депті.
- Жабы емес, мұның өзі тұлпар екен,
Жетуге жақсылыққа іңкәр екен.
Асылы ұл да болмас, қыз да кетер,
Тұяғы тұғырдағы сұңқар екен.
- Ай, балам, мақтағанға аспа! - дейді.
- Ханымның бұл сөзіне таспа! - дейді.
-"Жетімді жеткізем!"- деген Алла
Тағы да бүл шаһардан қашпа!- дейді.
- Еліңнен сені қуған басшың оңбас,
Ей, балам, аққа қара ешбір қонбас.
Бұл шаһарда үш қиын даулы жұмыс,
Соны саған қоямын алдыңа паш.
- Құп, тақсыр, олай болса, ерем! - дейді,
- Не болса да сізбен бірге көрем! - дейді.
- Тағыңды астыңдағы маған берсең,
Иншалла, бұған жауап берем! - дейді.
Ұзатқан қыздай бала жүр танысып,
Екі қошқар сөзбен көп жанысып.
Біреуі: "Алам!", біреуі: "Беремін!" - деп,
Екеуі қылды уағда, қол алысып.
Бұл сөзге жата берді бала тойып,
Ежен хан күте берсін малын сойып.
- Шаһардан жан тастамай, түгел жина,
Берейін қисығыңды қолмен қойып.
Ежен хан ертең ерте жұртын жиды,
Қолына қобыз алып, тартып күйді.
Алтын тағын орнатып, аулақ жерге,
Үстіне отырғызды бала биді.
Тағына мініп алды бала сайрап,
Бар өнер жатқыза ма іштен қайнап?
- Бүгінгі күн - бір жақсы қызық күн!- деп,
Алдына даугерлерді келтірді айдап.
Екі қатын бір балаға талас екен,
Анығы біреуінің баласы екен.
Екі түйе бір ботаға тағы даулы,
Бұл жерін тыңдап халық сынаса екен.
Бір жігіт бір қызбенен ойнас екен,
Бұл жерін тыңдап халық ойласа екен.
Қыз байғұс құдай ұрып, буаз болып,
Біреуін күнәлы ғып қоймаса екен.
- Кәнеки, екі қатын, келші! - дейді,
Мен болдым араңызға елші! - дейді.
Біріне - бірі қимаса, бұл екеуі
Қылышпенен бұл баланы бөлші! - дейді.
Біреуі айтты:
- Құп, тақсыр, жарар! - дейді,
- Жұмыс бітсе, көпшілік тарар! - дейді.
- Баланың ғадалатлы сөзі - осы,
Жарымын маған берсең жарар! - дейді.
Біреуі айтты:
- Баланы бөлме! - дейді.
- Қарағым тірі жүрсін өлмей! - дейді.
- Баланы бөлмей, тақсыр, анаған бер.
Біз жүзқара болармыз елге! - дейді.
- Әншейін көрсетемін сөздің салтын,
Қып-қызыл жерде жатыр мұндай алтын.
Баланы қайсысына беру керек,
Тыңдаушы, азаматтар, айыр парқын!
- Кәнекей, қайда, - дейді, - екі түйе?
Түйенің жұмысына бар ма ие?
Адал адам парқын тез айырып,
Жағайын біреуіне майлы күйе.
Екеуін екі жерге байла! - дейді,
- Бұл жұмыс біреуіне пайда! - дейді.
- Ботаны ортаға қой, қылбұрау сал!
Осындай бір қылайық хайла! - дейді.
Мұнысын жиналған жұрт көрді барлап,
Мінгізген алтын таққа құдай арнап.
Қылбұрау жас ботаға салып еді,
Шыңғырды шыдай алмай бота зарлап.
Оған да отыр халық көзін сүзіп,
Ежен отыр тағынан күдер үзіп.
Таппаған түйе орнында тұра берді,
Тапқан түйе жөнелді жібін үзіп.
- Мінеки, мұны, халық, көрдің! - дейді,
- Бұзақының тіліне ердің! - дейді.
- Ана түйе жайымен тұрып қалды,
Ботаны қайсысына бердің?! - дейді.
- Кәнеки, қыз бен жігіт келсін! - дейді,
- Ап келші қынабы мен қылышын! - деп
Айырып "ақ-қарасын" бұлардың да,
- Бастайық бұларға да бір сын! - дейді.
Қынапты қызға берді: - Салдырма! - деп,
- Салдырып, абыройыңды алдырма! - деп
Жігітке айтты:
- Салмасаң, сені тартам,
Қаныңды мына көпке қалдырма! - деп.
Екеуі ұзақ күнге алысады,
Екеуі тұра сала жарысады.
Біреуі салам, біреуі салғызбан деп,
Жиылған жұрт күлкіге қалысады.
Бұларға отыр халық қайран қалып,
Тайкелтір тағында отыр көзін салып.
Екеуі ұзақ күнге төбелесіп,
Отырды бір уақытта әбден талып.
- Кәнеки, бұған жендет келсін! - дейді,
- Ежен хан тамашаны көрсін! - дейді.
Жігіттің жұмысы аққа анықталып,
Тартылып қыз бейшара өлсін! - дейді.
Қыз жағы теріс болып қалды күйреп,
Тайкелтір отыр тағы да ақтан түйреп:
- Алдияр, бұған, тақсыр, біз риза! - деп,
Қыз байғұсты жөнелді бір-ақ сүйреп.
- Қиыңдар бір қасықтай маған қанын,
Шырқыратып қайтесің мұның жанын? –
Неке қиып екеуін қоя берді:
- Бұзылма мұнан былай, бар, - деп, - жаным!
Кісі ақылды болмайды жасыменен,
Кей жаман жақын жүрер қасыменен.
Үш жұмысын орнына салып түгел,
Еженнің тағын алып басыменен.
Осылай Тайкелтір би берген бітім,
Елінен қашып шыққан, өзі жетім.
Бесқозының жұмысы себеп болып,
Жеткізген ақырында Құдіретім.
Осындай әр жерде бар иттер(итлер) қапқан,
Ана бөлек болғанмен, бір-ақ саптан.
Шешесі Бесқозының ақырында:
"Балам!" - деп, тумаса да, іздеп тапқан.