16.04.2021
  216


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Мына заман

Жақсы өтіп, бұл күндерде жаман қалды,
Кім мұнан басын құрттап, аман қалды?!
"Жүк-тайлаққа, - дегендей, - ел- бойдаққа",
Құлға тендік бір тиген заман қалды.
Жұлмалап қазды қарға жемеді ме,
Біреуді біреу сүйеп, демеді ме?
"Лақ маңырай су ішер," - деген қайда?
"Ұлан жылай күн кешер", - демеді ме?!
Кеп айтқан Асан Қайғы ұзын-сонар,
Деп айтқан: "Қилы - қилы заман болар!"
Қарағайдың бастарын шортан шалып,
Бақ-құсы шыбын болып[боққа] қонар!
Сұм дүние бүйтеді екен тастарында,
Іше алмай тыныштықпенен астарын да.
Шортан түгіл, шабақ жүр шыпырласып,
Бұл күнде қарағайдың бастарында.
Әркімді-ақ мына заман билеп тұр ғой!
Талайды тапыр қылып илеп түр ғой!' "
Теке-бұға, - дегендей, - жаман - дұға!"
Түсінбеген көпіріп, күйлеп түр ғой!
Қарап тұрып, көрсем-ау, сезген күнде,
Килігіп қап дамылсыз кезген күнде.
Күйлеп жүрген заманы күл-талқан ғып,
Басын жаншып, тып-типыл езген күнде.
Басы - аяқ та, аяқ-бас - айдан жарық,
Жабы - семіз, қазан ат - жүйрік, арық.
Бір-бір мылтық мойнына асып алып,
Жарымес, жалпылдап жүр, өңшең шалық.
Тарықпа: "Қайтемін, - деп, - бұл жайымнан?"
Түк өнбес шаршағанмен, уайымнан.
"Қараңғы түнге жарық таң бар ғой!" - деп.
"Бір сәуле болар, - дей бер, - Құдайымнан!"
Жақсылар өтіп кетті бұрын бізден,
Біз адастық жақсылар салған ізден.
Ешкімге өкпе қылу дұрыс емес,
Не берсе, берді Құдай, пейілімізден!
Өкпе боп су бетінде қалқығаным,
Қорғасындай текке еріп балқығаным.
Кімге пайда береді лебі тиіп,
Жаққан оттай далаға шалқығаным!
Ойыма келіп қалды мына бір сөз:
Жаз түгіл, басымыздан өтті ғой күз!
Қызық дәурен - өмірді қалай сүрсең,
Қаңтар менен ақпанға боп тұрған кез!
Тұстасым - бәрі кетті бірі қалмай,
Қанша жүрсең, қоя ма ажал алмай?!
Үш жұртты өткізіпсің, ойлап тұрсаң,
Төртінші жұртта тұрсың жағың талмай!
Қаршыға алған - көп жүрген қамалында,
Талай ақын тапталған табанында.
Жұрт аузына ілінген Мәшһүр еді-
Мұса мен Секербайдың заманында.
Әр моланың басында оқып Иасин,
Кемпір менен, көп мүжіп, шалдың басын.
Секербай, Мұса болып тұрған күнде Керейде:
Сағынайдың көрдік асын.
Алладан тағдыр жетіп, олар да өтті,
Замандас, тұстасының бәрі кетті.
Кейінгі қалғандарға өкпеледік:
"Болсайшы, - деп, - болған жан солар ретті!"
Жаңа шыққан кезі еді сақалдардың,
Бәрі жат боп ескі сөз, мақалдардың.
Заманын біз жақтырмай өлең қылдық:
Хұсайын, Тәнті, Әкімбек, Мақандардың.
Хош, онан соң олар да кете барды,
Өңшең көкжал білмейтін ықты, жарды.
Тайшық, Біләл, Жұпар мен Омар, Ақтай, -
Бірсыпыра күн бұлар да ойран салды.
Өз алдына бұлар да дәуір сүрді,
Шәлкем - шалыс әр түрлі болып жүрді.
Бірінен-бірі темен, бәсеңдеген,
Біз көрдік тірілікте әрбір түрді.
Үш түрлі жұрт боп өтті ұдайымен,
Бірінен соң бірі өтті жұбайымен.
Орыс пенен болысқа иек сүйеп,
Ешкім үйір болмады Құдайымен.
"Құдаймен!" - деп зорайды, - жақты, жанды.
Кішігірім Құдай боп - болған малды.
Байлар шығын тартпастан, сау отырып,
Нашарларды жылатып, алым салды.
Байдан шықты сұмдықтың қара басы,
Түске жетпей құритын болып асы.
Сұмдық шықты әр жерден естілмеген,
Мылтықсызға бермейтін қонағасы.
Қонақ десе, үрпиеді байлар шошып,
Талай қонақ қона алмай жүрген жосып.
Күн бұрыннан қуырылып, пейілі кетіп,
Барады екен арқасын аяз қысып.
Байлар көп тіпті қонақ қондырмаған,
Қондырғаны - жарытып оңдырмаған.
Қонақ кетіп, құт қашып, құп-қу болып,
Кім бар дейсің зорығып болдырмаған?!
Сөз көбейтіп, айтайын қайсыбірің
Бар биесін саудырмай, кептірді ерін.
Сүйіндікте: мен өзім көре алмадым –
Қонаққа шын пейілді, мырза жерін!
Бұрыннан-ақ бұл пейіл оңалмаған,
Шын сөзімді надандар ұға алмаған.
Мәлік пен Мәукейлерге жылан жылы
Жалғыз атты қожалар қона алмаған.
Есіл сөзім немене ұқпағанға!
Мен көндім: ұрып, сөгіп, боқтағанға.
Мұны айтқаным, қазағым, түсіндіріп,
Ac бермейтін болдыңдар - қорықпағанға!
Неден мұндай қазақты қара басты,
Күнің болды-ау боп жүрген қас албасты!
Мылтық салған мойнына жетіп келсе,
Жылпылдайсың, даярлап әртүрлі асты.
Бір шаншуды қадалтып бүйіріңнен,
Быт-шыт қылып айырып үйіріңнен.
Еріксіз Құдай бергізді қимасыңды,
Тауып тұрсың, не тапсаң, пейіліңнен!
Дос азайып, өңшең жау, қасы қалды,
Таудың бозы таусылып, тасы қалды.
Құранда: "мын алжынте уалннасының"
Бұл күнде "иа айһа алнас"- қалды.
Шалқарбайдың Жүнісін ажал алды,
Ахметтей де - қоймады – жарымжанды.
Ишан Қари баласы - Закар менен Бейсақайдың
Біләлі бізге қалды.
Оқыған ұстаттары - Күйеу молда,
Жасында жүруші еді оқып сонда.
"Ағузыны"- қиғаштап аузын созып,
Әйтеуір болып шықты молда - солда.
Екеуі құда болды: "Құдай!"- десіп,
Биылғы жыл құйрық пен бауыр жесіп.
"Достық түбін - десумен қыз - бекітер",
Баяғы сабақтастық еске түсіп.
Адақтап Ерейменді келген бала,
Саудасы - көп мал емес, жеті қара.
Бір қарасын: "Олжа", - деп, Хамит алып,
Томпаңдатып жөнелген айдап және (жана).
"Бердім! - деп мазаттанып, - жеті қара!"
Барады көп кідірмей келін ала.
Ол қызды бір Тамаға бұлдап сатып,
Закарекең боп қапты жүзі қара.
Малданып барған Біләл уағда сөзін,
Біреуге жөнелтіпті беріп қызын. –
Декретте мал қайтару закон жоқ! - деп,
Бірталай әуре қылған мұның өзін.
Берілген мал жармысы онда қалып,
Көпке топырақ шашсын ба, шаршап талып.
"Әке, жәке, құлдық бас!" - деп жалынып,
Жартысын мал - сілекей қайтқан алып.
Бәрекелді, ісіне молдалардың,
"Мирасқоры - ден жүрген - пайғамбардың".
Сарт-сауаиды молда деп, басың шұлғып,
Пәлеге, қазақ сорлы, сүйтіп қалдың!
Молдаларды шын Құдай атқан екен,
Бүгін емес, бұрын-ақ батқан екен.
Бір жерге беріп қойған қызын пұлдап,
Біләл молда анау күн сатқан екен.
Қылмысы, жақпаған күл - жатады отта,
Көбінің өкпесі жүр өткен жұтта.
Байтуғанның баласы арыз беріп,
Шатылып жүр молдакең, басы —сотта.
Декрет сөзі: "Қалың мал, - дейді, - қалды!"
Жарайды, қазақ оған қашан нанды?!
Он бес қара, он пұт ұн, он қадақ қант, -
Баянтауда бағалы қыздың алды.
Мұны тегіс біледі дүние жүзі,
Саудасының басында - соттар өзі!
Бұл бағаға жетілген пұлды болып,
Ақбеттаудың указы хазірет қызы.
Ақбеттау әрбір түрлі атақ алды,
Ел-ақ еді топ - толық, жақты-жанды.
"Сасыған кеңірдек" - деп, ат атанып,
Бір хазіреті күлкі боп, сүйтіп қалды.
Мәшһүрді: "Тірі екен!" - деп, есіне алсын!
Андамаған аяғын қия салсын!
Жасында қожа кесіп, сүндеттеген,
Жақтырмаған қалғанын кесіп алсын!
Белгісіз не боларым мұнан былай,
Жел сөзге үйір қылған жастан Құдай!
Жерлерге шын ықыласты басам аяқ,
Болмаса жүргенім жоқ қайыр сұрай!
Таусылып өтірігім, қалды шыным,
Қызыл тіл, сен барда жоқ маған тыным!
Болғанда қалам-қобыз, қағаз-жауырын,
Қозғадың ерікке қоймай, сөйле жыным!





Пікір жазу