Жұт
Пайғамбар бізден бұрын Мұса болған,
Оларда неше түрлі қисса болған.
Қиссадан қисса ала алмай, еңбек жанбай,
Қайғы ойлап, талай жандар құса болған.
Мұсаны бірге сөйлеп Арынменен,
Қалмаған Перғауын да Қарынменен.
Айтылмақ жақсы, жаман қосақталып,
Әуелден келе жатқан сарынменен.
Әуелде айтылса да ермек үшін,
Әңгіме көп бас қосқан дүрмек үшін.
Қиссадан өлең қылған ақын, шайыр,
Азық қып кейінгіге бермек үшін.
Ұстадан - тат, молдадан хат қалады,
Жаманнан-бөз, жақсыдан ат қалады.
Ақ қағаздың жүзіне бір жазылса,
Талапкер ер табылса, жатқа алады.
Мұны жазған - алпыста - Мәшһүр-Жүсіп,
Қалам алса, кетеді жосып-жосып.
Бұ сабазға кез болса, жаттап алып,
Домбырамен айтады әнге қосып.
Домбырамен айтқанда, қосылса әні,
Өлең сөздің кіреді сонда сәні.
Өлген сөзді тірілтіп, сөйлегенде,
Құлақ салған сүйсініп, дейді: "Пәлі!"
Қыс өтіп, жаздың күні тақалғанда,
Жауғанына, қар жұрттан, ақы алғанда,
Ішпей, жемей мал жиған сараң байлар,
Қар мен мұзға шашалып қақалғанда.
Жылқыдан жиырма бір күн қалғанда,
Сағат он бір болуға түн қалғанда,
Қойда - құйрық, жылқыда жал мен қоң аз,
Мал үстінде үрпиген жүн қалғанда.
Біреуге шөп таңсық боп, біреуге - отын,
Баспа-бас қойға ала алмай ұнның пұтын.
Жанның бәрі телміріп көк жүзіне:
"Құдай жерден берсе, - деп, - адал отын!"
Дәметкен қар кетуін марттан бұрын,
Қыс ыңғайы шаруаға келіп қырын.
Февральдың он алтысы деген күні,
Құдайдың мол төгілген көрдік нұрын.
Қуандық көз кенеліп, нұрға тойып,
Құдайдың құдіретіне мойын қойып.
Шөбі жоқтар кенеліп, мәз боп жатыр,
Емін-еркін арық пен тұрық сойып.
Арық өліп, семіздер арып жатыр,
Күні жеткен күнінде барып жатыр.
Семізінде союға қимағандар
Арығында жайратып жарып жатыр.
Не салғанын Құдайдың көріп жатыр,
Бүгін жауған қар ертең еріп жатыр.
Құдай үшін қимаған – жел жетпесін
Ит пен құсқа саудасыз беріп жатыр.
Кедей байғұс Құдайға налып жатыр,
Аштан көбі қалжырап талып жатыр.
"Сат!" - дегенде, кедейге бұлдаушы еді,
Қардан санап, қанша ақша алып жатыр?!
Талай бай бізден бұрын өткен екен,
Ойласақ, кезек бізге жеткен екен.
Шортанбай қожа әуелі болып өткен,
Байларды, о да зарлап, кеткен екен.
Айтыпты: "Байды Қудай атқаны!" - деп,
"Ақшаға жабағы жүн сатқаны", - деп.
"Кедей боп, ақырында қаңғып қалып,
Сатуға таба алмай мал жатқаны!" - деп.
Бу күнде байлар малдың боғын сатты,
Кедейге тас темірдей болды қатты.
Малының ауырып өлген етін сатып,
Борышқа белшесінен кедей батты.
Жоқ болып нан беруші жалғыз тілім,
Деуіңе тұрмай қалды: "Халқым, елім!"
Өзін кімге өткізер сатуменен
Сол үшін арылмай тұр ауыр өлім!
Әркімнің өз қылғаны - өз алдына,
Байды бастап сөйлейміз сөз алдына.
Тәубе ойлап, тауфиқ қылып, тоқтамайды,
Көрсетіп тұрса-дағы көз алдына.