16.04.2021
  186


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Қазақты жамандаушыларға

Сырдария облысында бес жыл жүрдім,
Үш жүзге өнер шашып, үлгі бердім.
Жетпеген күші аузына ақындардың
Әр жерде қаңғып жүрген сөзін көрдім.
Мінезін замананың тамамдапты,
Қазақты бар күшінше жамандапты.
Не айтса, айып қылып, сөйлеу ғайбат,
Жақсылық, ұнамды істі таба алмапты.
Қазақта жаман да бар, жақсы да бар,
Ішінде жүйрік, жорға, шабан да бар.
Жақсылық, жамандықпен егіз болып,
Бұрыннан келе жатқан заманда бар.
Жайылған қой сықылды біздің халық,
Біз мұны қылып өлең мазақталық.
Қазақтың әр түрлі ғайып мінездерін
Басқа жұрт сөйлеп тұр ғой бізден де анық.
Көшкені - айт, қонғаны - той: мерекесі,
Сондықтан сарт, ноғайдың келекесі.
Сарт, ноғай, орыс - орман - бас қосқанмен,
Қазақсыз кірмес шырай берекесі.
Түркістан, Ташкент барсаң, сарттың наны,
Біреуін тегін жесең, шығып жаны.
Жәрмеңке, базарды қыздыратын, -
Қой, сиыр, жылқы, түйе - қазақ малы.
Қазақтың залалы асар он бір айда,
Қай жаққа барғанменен, таппас пайда.
Залалын он бір айдың бір-ақ өтеп,
Кетпей ме пайдасы асып бір-ақ айда?!
Он бір ай өмірі өтер шығынменен,
Жаз жауын, қысы боран ығыменен.
Залалын он бір айдың ұмыттырар,
Бір айда болған пайда тығынменен.
Сарт, ноғай құрып кетті көтерме алған,
Қаңғырып түзде мұжық егін салған.
Білмейді сауданы да, пайданы да,
Қазақ жүр көріп рақат шаруа малдан.
Қазаққа барсаң, пайда таптың оңай -
Кең пейіл, кетпес дәулет берген Құдай.
Күнелткен әр ауылдың сыртын бермей,
Кез ұстап, ел қыдырған кезбе ноғай.
Өтірік сөз сөйлейді, жанын жалдап,
Қазақтан ат мініп ап, жалын талдап.
Қазақтың жуындысын сыпырып алып,
Мақтанар: "Әкеттім, - деп, - қазақты алдап!"
Келеді: "Ишанмын!"- деп, сәлде ораған,
"Шығып ек, - деп, - Самарқан, Бұқарадан!"
Байлардан шартық қошқар жинап алып,
Малдай ғып қалыңға алған бір арадан.
Деп келер: "Әпендіміз!" - қашқын, пысқын.
Қаңғырған біреу - жаз, біреу қыс күн!
Қол қусырып бәріне тік тұрасың,
Қазақтай бергені жоқ Құдай үшін.
Болады бірі дәрігер, бірі - бақсы,
Дүние үшін ел қыдырған емес жақсы.
Біреуі-ишан, біреуі қожамын деп,
Бәріде бір қазақты алдамақшы.
Сарт амалы белгілі есек мінген,
Пайдасын есегінің әбден білген.
"Бұзау" - деген өсек бар ноғайларда
Олар да бұл өсекке ерте көнген.
"Есек", "бұзау" - дегеннен қазақ аман,
Ұшқыр болмай ертерек, болған шабан.
Мейманына тұрады қойын сойып,
Қазақты қай жерінен дейді жаман.
Қазақтай бай халық жоқ малға толық,
Әбдіре - алтын сандық, қара құлып.
Қалтасын біраз күнде толтырады,
Қазаққа әкім болып келген ұлық.
Күнелткен шаруасы қысы-жазы,
Көзіне бір көрінбес көбі, азы.
Қуанар Меккедегі бәдәуилер де,
Қазақтан төртті, бесті барса қажы.
Қазақта қонағасы айт пен тойдай,
Отырмас қонақ келсе, бір мал соймай.
Кең жатқан әр нәрсесі, жер ұйық жұрт,
Молшылық берекеде болып сондай.
Озбайды есек аттан шапқанменен,
Сиыр жылқы болмайды, атлас жатқанменен.
Қойдан көп төрт аяқты болған емес,
Ешкі - егіз, ит сегізді тапқанменен.
Түлкі, қарсақ, жолбарыс, аю, бөрі,
Ебін тапса, алады бірін-бірі.
Бірі мықты, бірі епті болғанменен,
Қойдан көп болған жоқ қой, сірә, жері.
Мұжықтың қара нан жеп, қарыны тоқ,
Кешірер ноғай ауқат доверной боп.
Ноғай пысық болғанмен, сарт - амалшыл,
Асып кеткен қазақтан еш жері жоқ.
Нәрсе емес ол біреуден алған сатып,
Жүрмейді сарт, ноғайша басы қатып.
Шетінен қырып сойып, ішіп жейді,
Үйінде шалқасынан сұлап жатып.
Жалғанда бір еңбегім жанбаған жан,
Тілімді жан деп адам алмаған жан.
Тапталып надандардың аяғына,
Сәулесі болмас мендей қалмаған жан.





Пікір жазу