Шайтанның досы
Ойланыңыз - ақыл, білім қайда болмақ?
Дүниеде қандай орын, жайда болмақ?
Білу пан ұнату - ақыл деген ісі,
Қайтсе - зиян, қайтсе пайда болмақ?
Тынысты құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын-иіс, тіл дәмін - хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман сол істі ол тексермек.
Ойы соның неше түрлі шимай салмақ,
"Қайтсе жөнге келер?" - деп, өлшеуге алмақ.
"Дәл қылайын", - деп ойлағанын
Ғазалатіл жүргінің бір қозғалмақ.
Бір билігі сол жүректің шығарылмақ,
Денеңе ол шымырлап аш (ащы) қылмақ.
Ойыңды дұрыс демей, теріс демей,
Сол арасын анықтап, байқа бірақ.
"Жарайды!" - деп, ұнаса, бас иземек,
Жек көрінсе, жиреніп дірілдемек.
Жүрегінің тілі жоқ, сөйлемес ол,
Ұғып алып, бола гөр соған көмек.
Қызық та жоқ, ақыл мен есі бітпек,
Нәпсі ұнаса болғаны-бәрі жетпек.
"Тәуекел!" - деп, ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.
Табайын деп талпынып, ойына алмақ,
Өз әлінше о дағы сынға салмақ.
Аз ойланса, қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп, қосып алмақ.
Ықтырманың есігіне екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян - бәрі толмақ.
Нысананы сығалап, дәлдеп атпай, -
Көзін жұмып оқ атқан қайдан оңбақ?!
Іс қылады таптым деп біздің қазақ,
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ.
Аяғында ол істері зиян болып,
Көрінгенге күлкі мен болар мазақ.
Арам ойға ар сатып, үзіп жұлмақ,
"Мұнан пайда қылдым!" - деп, мақтан алмақ.
Біреу білген айланы - біреу біліп,
Өзі құрған дарына өзі асылмақ.
Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып, көзге тым-ақ.
Аударысып жүргенде, ауып кетіп,
Абыройың ашылар, байқа, шырақ
Шолақ ойдың аяғы осылай болмақ,
Біраз күнгі көңілдің қошы болмақ.
Арсыз адам, асығыс, айлакерлік,
Мұның бөрі шайтанның досы болмақ.
"Құдай кешер әлі!" - деп, күнә қылмақ,
Ар келтіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақыретте,
Оңалмастай өкпеден бір атылмақ.