Әйелдер туралы
Шопанның ұшырамаңдар таяғына,
Мұны ерте сөйлегенмін баяғыда.
Бас жағынан шығуға тырысыңдар,
Жүрмеңдер сырғып кетіп аяғына.
Ақыл - шам, керек оған май мен білте,
Сасарсың кеш боп қалса, ескер ерте.
Түн болмай күн барында жабдық ойлап,
Қолыңа түсіре бер бірте-бірте.
Кім мінер көңілдегі тауып атын,
Сыншы жоқ танитұғын жылқы затын.
Дүниенің тұрақтайтын тұрағы екен,
Гүл жүзді, шырын сөзді жақсы қатын.
Белгілі ұрғашының бізге жайы,
Жылқы екен, ойлап тұрсақ, қыздың байы.
Кәне, құлан қарауыл қолға түссе,
Қатыннын барып тұрған қақ маңдайы.
Бұлттан шыққан күндей, көрсең жүзін,
Келтіріп неше түрлі күймен сөзін.
Оқжыландай толғанып толықсыса,
Білдірмей ешбір жанға басқан ізін.
Өзінде түгел болар ажар көрік,
Ажарына мінезі болып серік.
Алыстан магниттей лебі тартып,
Кім көрінген боп кетер соған жерік.
Өң түгіл, көре алмадық түсте де біз,
Соның үшін боп жүрміз әңгіме сөз.
Бірден соңғы фабригі ұрғашының
Кез боп қалса, ал, қара қиғаштан кез.
Ішпей - жемей тойғызып нұрыменен,
Көрінгенді бастас қып өзіменен.
Шығып кете жаздаса денеден жан,
Қарап қойса көзінің қырыменен.
Есіл уақытым сықылды - жазғытұрым,
Күз боп қалса, ашылар менің сырым.
Міне, үшінші нөмірі жаңа шықты,
Үлпілдеген ақ мамық, бота форым.
Басқа түссе, іс екен, бүл бір сарсаң,
Мұнан қашып құтылдың қайда барсаң?!
Төртінші номер – көңілді шайдай ашар,
Алқызылдан, ақселеу келсе ашаң.
Түспесе осы айтылған төрттің бірі,
Бозбаланың қор болып өлген жері
Көп өліктің есебі бірісің де
Құр көрініп жүргенмен көзге тірі.
Әуел бастан бір кетсе аяқ теріс,
Табылады онан соң ұзын өріс.
Қашты, қуды: боласың барымташы,
Ғұмырың өтер жанжалмен ұрыс, керіс.
Сермегенмен қол жетпес көктегі айға,
Бірдей келген бұл бір дерт жарлы, байға.
Шамаң келсе, жолама бесіншіге,
Жайма төсек, фабрикті (файрикті) жадағайға!
Кеп жылқы көк алалы көлге жусар,
Қолыңа түсе бермес түлкі, сусар.
Боз қасқанды айтсаң да, дауа болмас,
Томырлықты тұнжырға болсаң душар.
Жоғыңды іздей берме жар басынан,
Керінгеннің көз салып арбасынан.
Нөміріне алтыншы сырғып кетсең,
Жатыпішер кез болар жамбасынан.
Әркім барып жабысар бір желімге,
Мен сүйкімді болмаспын көп келінге.
Жетіншіден аулақ қаш анадайдан,
Көбік ауыз, көк айыл, түрме ерінге!
Қанша иірсе сыяды, жіп ұршыққа,
Шығу қиын ілінсең бір қырсыққа.
Сегізінші номерге жолай керме:
Сартылдаған сары аяз, тымырсыққа.
Жерде шіріп қаларсың тіл менен жақ,
Ерік өзінде, бар болса қимылдап бақ.
Жеті тиын боз қасқа айтыңызлар
Кез келіп қап жүрмесін бедірей - бетпақ.
Табылады ойға алса әр нәрсе қолы ұзынға,
Түсіп қалып жүрмеңдер алқызылға!
Бозқасқанды айтсаң да, дауа болмас,
Шаш етектен ілінсең, айт бозымға.
Иманыңды шошытар кейбір жауыз,
Дәні жоқ, құр қабығы қалған қауыз.
Досың түгіл, дұшпаның, кез болмасын,
Ит сықылды қабатын ырсық ауыз.
Дүние кең ғой іздесе табылар бұл,
Табылмаса кетейік ұстасып қол.
Көрінгенге далбаса бола бермей,
Өз көңіліңді дауалат, айтқаным сол!