16.04.2021
  219


Автор: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Дүниеге көңілі қалғандықтан, сөйлеген сөзі

Хат жазар қалам алып, ғылымдылар,
Сөйлемес жаман сөзді білімділер.
Пендеден алып пенде бай болмайды,
Құдайдың бергенімен күніңді көр!
Дос тұтып, бұ дүниеге кім айланды?
Қоймаған Дәуіт ұғлы Сүлейменді.
Бұзылып әсіресе біздің заман,
Көлдей боп тоғытқан, ылайланды.
Бір күні қалар ақыр сөздеріміз,
Өлерміз, жетсе қаза, өздеріміз.
Бұ түн өтіп, ертең күн таң атқанша,
Жетпейді не болуға көздеріміз.
Бұл күнде есек пенен ат та бірдей,
Жарамай нәксі менен затта бірдей.
Барады не, не ерлер құсаменен,
Ай өтіп, отыз алты ғапыт, күндей.
Көріп жүр кезек-кезек абақтыны,
Күн болар жетіп қалса, қабат күні.
Далаға балапанды жорғалатып,
Қапасқа қамап жатыр қанаттыны,
Ақыртып арыстандай шерді жығып,
Үстінен ойнақтап жүр түлкі шығып.
Қабанға, қасқыр менен қалып тоғай,
Жатақта арыстандар қалды бұғып.
Қадірлі ата-баба асыл тектен,
Орыстың малайы озды қосын жеккен.
Қан жеген ауқат үшін сауысқандар
Дәмелі осы күнде қаз бен жиктен (жіліктен).
Сенбеңіз атаң байдың байлығына,
Дүниенің көз жетпейді айнуына.
Орынды аталары асыл тектен,
Ақша алған малай озды айлығына.
Сенбеңіз жанның бәрі дос еді деп,
Жігіттің жарлы болса, өсегі көп.
Қолыңнан малың кетсе, ешкім күтпес:
"Кешегі бай баласы осы еді", - деп.
Бұл күнде жақсы бар ма, малмен жақсы,
Жақсы атың бір шықпайды болсаң тапшы.
Ер жігіт шешен болып, малсыз болса,
Топтағы айтқан сөзің не болмақшы?
Кедейлік кетіреді сыныңызды,
Бар болса, мал жабады мініңізді.
Бұл күнде тіл сөйлемей, мал сөйлеген.
Көре бер үйтіп - бүйтіп күніңізді.
Жүргеннің бәйтерексіз басы жекен,
Төбеттер қойға жетпес, шалды бөкен.
"Қарағай басын шортан шалды"- деген,
Осылай ойлап тұрсам, заман екен.
Бұл дүние жолдас емес адамзатқа,
Кетеді қайда тастап жанған отқа.
Дүниенің жамандығын көзіне айтып,
Ғазал(ды) бес-алты ауыз жаздым хатқа.
Бұл дүние заһарына тым-ақ шырын,
Орнасын келтірерсің ердің түрін.
Әуелі Адам жаралды— барша жаннан,
Келесің бәрін тастап бірем-бірем.
Ойласам дүние ісінде жоқ дүр, опа,
Бәрін де жолдасыңның қылдың қапа.
Бәрін де қарайғанның әуре қып налытасың,
Мақұл ма осының да, ей, би опа?!
Ит дүние, қарамайсың Құдайға сен!
Тұрмайсың бір қалыпта бір айға сен.
Көбейер, кетер шақта сонан қастық,
Келмейсің айыптап тарту бұл айға сен!


 





Пікір жазу