Жеті жетім
Барады ғұмыр өтіп күн-күн санап,
Жолында ғылым-Сарыф еттім талап.
Дегенді: "Жеті жетім" - өлең қылдым,
Құр бекер отырғанша босқа қарап.
Бір жерге мешітті қойса салып,
Жамағат оқымаса, оған барып.
Жалғанда сондай ғазиз босқа тұрса,
Дүниеде не болады онан ғаріп?!
Қайсы бір адамдарға дәулет бітсе,
Молайып төрт түлігі санға жетсе,
Не ішпей, не жұмсамай өз орнына,
Болады құр өкінген - қолдан кетсе!
Кездессе жақсы қатын жаман байға,
Жетпей ме өкініші өмір бойға?!
Долы қатын кездессе ақылды ерге,
Құдайым кез қылмасын осындайға!
Ішінде көп ғалымның, болса надан,
Пазлары ғұламалар түрлі адам.
Отырса сөзге түспей, аңырайып,
Жетімдік - не болады мұнан жаман?!
Ішінде көп наданның болса ғалым,
Бәрі де түк білмейтін болса залым.
Қой менен қасқыр жолдас болғанындай,
Не дейміз: "Жетім!"- демей оның халін?!
Бір үйде оқылмаса Құран - кітап,
О дағы жетімдікке болған хисап(есеп).
Жаранлар, сақтаныңдар осындайдан –
Күнәсы ауыр болад үтір-ғисап!