Ереймен сапары
Бастаймын бісмілладан сөздің басын,
Екі елу, он бес дейді ердің жасын.
Имансыз ғылымдыға қас болады,
Айтайын соның біраз хикаясын.
Жүреді имандысы ғылым тартып,
Дүниеге бір өлмес жан келмес қайтып.
Такаппар мұнафыкгың ғаламатын,
Білдірген Алла тағала Құранда айтып.
Дін күткен— ғылымдыға болған жақын,
Біреудің борыш қылып, алма қақын.
Жасынан жүрген-тұрған әңгімесін
Қиссамен сөйлей берген Мәшһүр ақын.
Ақындық келе жатыр шыр айналып,
Айтуға бір әңгіме ыңғайланып.
Кеңестен Мәшһүр-Жүсіп тоқтай қалмас,
Қалмаса жақ қарысып, тіл байланып.
Бәйгеден күнде келген қырғын көкпін,
Сұрасаң ұрығымды, Сүйіндікпін.
Болаттан ағып түскен құрыштай-ақ,
Баласы Құлболдының нағыз текпін.
Ұстазым - Молда Қамар - сабақ алған,
Көңілім: әлһам (елһам) нұрын тәңірім
Жиырма тоғызымда ғылым іздеп,
Мен едім мехнат шегіп Бұқар барған.
Жасымда баһар алдым ғылым - қалдан,
Ерлерден шарапатты пайдаланған.
Дуасы ұстаз пірдің қабыл болып,
Күннен - зарра, теңіз(ден)қатыра тамған.
Барып ем әулиелер мазарына, Түркістан:
Мазар Шарип базарына.
Көрінген пакыр - кақыр адам едім,
Ерлердің қасиетті назарына.
Сөйлеткен жастан тәңірім қалыбымды ашып,
Аралап Орта жүзге үлгі шашып.
Мақтану надандарға дұрыс екен,
Сонымен біраз ғана кеттім тасып.
Жоқ болған қанша айтсақ та бізден білім,
Жасымнан Алла берген біраз ғылым.
Ғылымның аз да болса арқасымен
Сөйлеген еркеленіп қызыл тілім.
Сүйіндік, Қаракесек - жүрген жерім,
Көп шығар бір басымда менің мінім.
Ойда — орыс, қырда - қазақ, - бәрін кездім,
Айыптап еш сөккен жоқ жүрген жерім.
Жасымнан таныс болдым хан, қараға,
Самарканд, Қоқан, Ташкент, Бұхараға!
Баласы дін мұсылман қабыл алған,
Барсам да ойға, қырға - қай араға!
Өлеңті - қоныс қылдым, бір жыл қыстап,
Жасымнан қағаз жаздым, қалам ұстап.
Жүргенім қайдан - қайда жұрт білсін деп,
Қағазбен кетуші едім сол бір із тастап.
Күн жылы, заман жақсы, жер қара-ды,
Бауыры Ерейменнің айдала еді.
Бөгенбай, Қамажапар барайын деп,
Ал, енді Мәшһүр - Жүсіп ойланады.
Өлеңті айналасы мидай дала,
Өлеңге ақын Мәшһүр болған дана.
Ереймен ту сыртымда тұрғаннан соң,
Сол жерді тау екен деп, көрдім пана.
Шықтым да жұма күні Тұзға қондым,
Есіркеп, Сәрсенбайды бір күн қондым. –
Бір жылқы жолыңызға дуа!- деді,
Риза болып ықыласына, онан жүрдім.
Қажы деп, барып түстім Өтебайға,
Отырдым зорға тоқтап ет пен шайға.
Ауылынан аттандырып шығарып сап,
Демеді пәлен-түген қалды жайға.
Қазымбет боқтай орынға қондырмады,
Тұманбай махик сөзге болдырмады.
Бес кезден: бақан аттар, ит ырылдар,
Ералы қондырғанмен оңдырмады.
Ереймен тау екен деп бара көрме,
Қата Бөгенбайға енді жүрме.
Шайтанның ұя салған белгісі бар,
Бойын, жерден қаш, жүзін көрме.
Үйінде Саққұлақтың отыр қожа,
Басы бар қалтақтаған соқыр қожа.
Арба салған сиырдай соқтығады,
Сірә, дені сау емес, қотыр қожа.
Қол беріп амандаспай тартты бойын,
Бермеді жылы ұшырап, ашып қойын.
Бақасты емтиханмен қылғалы отыр,
Қалтақтаған басынан білдім ойын.
Арамза аңқау молда - елге заман,
Әкелді бір молдасын ертіп маған.
Бірі жүр елу теңге борыш басып,
Жүр екен зекет жиып менен жаман.
Молдасы бейшаралау жуас екен,
Әр жерге бала оқытып, қылған мекен.
Соқыр қожа дегенім - көзі қисық,
Іздеп барған мырзамның дәл өзі екен.
Танимын қайдан оны, көргенім жоқ,
Келмеген жақсыларға келбеті көп.
Хұсайынның үйінде жүре-тұғын,
Ойладым: "Сол баяғы дөкей ғой!" - деп.
Жұпардың үстіндегі ескі тоны,
Киіп жүр әлдеқандай көріп соны.
Астынан ат - тұрманын ұрлатыпты,
Көрінді тым-ақжайсыз пішін түрі.
Ағасы Нұралы еді кешегі өткен,
Анадан сәтті күні туып біткен.
Саққұлақ, Нұралы мен қабат өліп,
Аруағы Бөгенбайдың бірге кеткен.
Байлаусыз тым-ақ пысық құрғақ сөзге,
Сықылды естуменен бір түн бізге.
"Мяу!"- деп мысық тумапты,
"Шау!" - деп
Туыпты есіл ерден боқтан өзге.
Кешегі ескі орын деп, іздеп шықтым,
Талайдың албастысын көріп соқтым.
Ырылдап сол, бетіңнен қабатұғын,
Кісіге бұл сапарда мен жолықтым.
Ауылында Төкен бай үш күн жаттым,
Бұйрықты әрбір жердің дәмін таттым.
Жылқыбайдың баласы бәрі мырза,
Қиқымы, қанша айтса да, асыл заттың.
Жақсысы Бөгенбайдың майданда екен.
Қойылтқан қойдың сүгін айран ба екен?!
Біз көрдік - Саққұлақтың Ералысын,
Шайқалған миы су боп айналма екен.
Тұңғиық түбі жоқ су, үйірім жардай,
Деуші едік көрмеген соң әлдеқандай.
Көргенде әр молданы, әдеті екен,
Бұрыннан кісі өлтірген кегі бардай.
Ол бұрын Тоқмұхаммед барған екен,
Оған да шапошотты салған екен.
Үйінде Тұманбайдың кәрі-жасы
Ортаға кеу-кеулесіп алған екен.
Бас қосып кәрі - жасы құтырыпты,
Үндемей қайтсін жалғыз отырыпты.
"Жауабы наданлардың сұқұ тұр!"- деп,
Үндемей жан сауғалап құтылыпты.
Бірі - бай Ерейменнің, бірі - мырза,
Сый қылды естуменен, болдық ырза.
Ат-тұрманын ұрлатып жүрген елден
Ат-көлік, аман қайтсаң, о дағы олжа.
Еш білгіш өздерінен өтпейді екен,
Қадіріне асыл сөздің жетпейді екен.
Кітап: "Құран" түспеген ел сияқты,
Қожаны, молда менен күтпейді екен.
Жер екен дуасы жоқ - Ерейментау,
Жігіті болады екен молдамен жау.
Өзінің сол біреуі болмаған соң,
Жоқ жерден табады екен қиуасыз дау.
Ауыртар адам басын жоқты сұрап,
Бір көзін ашып, бір көзін қысыңқырап.
Дуадан өзі мақрұм қала берер,
Барады өзге жанның несі қурап?!
Біз көрдік: Қамажапар, Бөгенбайды,
Қылмаған беріп әдет қой мен тайды.
Онысымен және қоймай дауласады,
Жарандар(жаранлар), көріп пе едің осындайды?!
Бастаған мені солай: Құдай ма, адам?
Бұйрықты тататұғын болған тағам.
Қоржынкөл, Майкөл деген жер көрінсе,
Иншалла, тірі болсам, баспан қадам.
Баянаула қойсайшы жердің атын, Құлболды,
Қаржас қойсайшы елдің атын.
Таудың атын: Қызылтау, Далба қойып,
Шыбындыбатпақ қойсайшы көлдің атын.
Өлеңті, Шідертіні елім жайлар,
Көгарай шалғынына бие байлар.
Қыдырып зекет үшін жүрген бол сам,
Халқымда неше түрлі құтпан байлар!
Әкімбек - өз табымда — Молдабайым,
Жылында беріп тұрар сол бір тайын.
Ақылбек бір жылқыдан бас бұрмайды,
Және бар: Тайшық пенен ол Ноғайым.
Қозғанда: Бекқұл менен Қабыл орны,
Дүйсекей, сол Күреңбай ескі қорлы.
Бәрінің ортасында жүргенімде
Болады енді Мәшһүр кімнен сорлы?!
Хұсайын, Темірболат - Айдаболда,
Неше жыл бала оқытып, тұрдым сонда.
Бір жылқым алатұғын дайын еді,
Жылыңда Хұсайынның мойынында.
Қаржаста теп-тегіс ол Шорман орны,
Жігіті ылғи мырза өңкей нұрлы.
Баршасы құрметтеумен тұрғанында,
Жүргенім басқа жаққа келмейді орны.
Мақан бай — сол баласы Ордабайдың,
Қызығын көрдім талай қой мен тайдың.
Мырзаға қандай десең, қосылады,
Баласы - Ақтай, Болсын - Барлыбайдың.
Елімде сондай-сондай мырзаларым,
Гүл екен бозбалаға менің барым.
Шет қонып, қиыр жайлап жүргендігім, -
Азырақ болғаннан соң көңілім жарым.