Тақпақ
Арай, арай, арай бар,
Арай толған сарай бар.
Бурылша атқа бұғау бар,
Бұғауды кесер егеу бар.
Сом темірге балға бар,
Сомсынғанға Құдай бар!
Ақ сұңқар, сен: «Ұшқырмын!» - деп, мақтанба,
Алдыңда жаюлы тұрған торлар бар.
Тұлпар, сен: «Жүйрікпін!» - деп мақтанба,
Алдыңда қазулы жатқан орлар бар.
«Басым көп!» - деп, топтанба,
«Малым көп!» - деп, шоқтанба!
«Жарлымын!» - деп, жабықпа.
«Жалғызбын!» - деп, зарықпа.
«Мұңлымын!» - деп қамықпа,
«Жаяумын!» - деп, тарықпа.
Мұңайма, жігіт, мұңайма,
Мұң тарқатар Құдай бар!
Суда жүрген сүңгуір,
Су қадірін не білсін?!
Түзде жүрген дуадақ,
Көл қадірін не білсін?!
Жарлыдан жаңа байыған,
Жалғыздан өсіп көбейген,
Ел қадірін не білсін?!
Өзі көкайыл, өзі дию, пері,
Өзі долы қатын
Ер қадірін не білсін?!
Тау белгісі тас болар,
Бай белгісі ас болар!
Төренің жаманы -
Төлеңгітімен қас болар!
Баланың жаманы -
Әкесін өлтіргенмен дос болар.
Құдайдың ең жаман жаратқан адамы
Қатынының ойнасымен дос болар!
Бұзылар елдің белгісі -
Бура тарасы бас болар!
Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт,
Болмасыңды білген соң,
Болған ердің қосын жек!
Өзің адам болған соң,
Аудара тастап,
Қалай кетсең, олай кет!
Бай болсаң торғыл орамалмен бетің сүрт,
Жарлы болсаң, жаныңменен көтіңді сүрт!
Бай болсаң жаның бір алтын,
Қанша сыйласаң, сыйлауыңа тұрады.
Жарлы болсаң, жаның бір күдері,
Қанша кинасаң, қинауыңа тұрады, үзілмейді.
Мырзалық - қонаққа пайда, малға қас,
Батырлық - жолдасқа пайда, жанға қас!
Өтірік сөз - дауға пайда, иманға қас!
Өткір пышақ- қолға пайда, қанға қас!
Алыс пенен жуықты -
Жортқан біледі.
Ащы менен тұщыны -
Татқан біледі.
Тірліктің қадірін -
Өліп, көрде жатқан біледі.
Денсаулықтың қадірін-
Ауырып, төсек тартқан біледі.
Жан тыныштықтың қадірін
Толғатып, бала тапқан біледі.
Сеңсең тонның қадірін
Сексенге келген қарт біледі.
Сары атанның қадірін
Ел қыдырған сарт біледі.
Тес айылдың батқанын
Иесі білмейді, ат біледі.
Ер жігіттің қадірін
Ағайын білмейді, жат біледі.
Кімнің жақсы-жаманын
Жаратушы Хақ біледі!
Қаруы ер жігіттің қылыш екен,
Қылыштың үлкен пышақ інісі екен.
Құрбының алған жары жақсы болса,
Төрт елі маңдайының ырысы екен.
Арқа, Ойылдың құба жон - ат желгендей,
Бабын тапса, құс болмас ителгідей.
Бойымда аса күшті бір дертім бар,
Бабын қыздар таппаса, кісі өлгендей.