Бақсының сөзі
Әуелі, Құдай, сен оңда,
Сен оңдасаң, біз мұнда!
Тілегеп тілек және бер,
Қас бедеуге бала бер!
Жақсы Құдай, жай Құдай,
Мырза Құдай, бай Құдай!
Әуелі Құдайым Көк жасаған,
Сонан кейін Жер жасаған!
Сыйынайын, бірінші, Құдай,
Екінші, сыйынамын , Мұхаммед!
Біріңе біз құл болдық,
Біріңе үмбет болдық.
Үшінші - төрт жар ,
Төртінші - сексен сегіз машайық.
Жүз жиырма төрт пайғамбар,
Меккедегі әулие,
Медипедегі әулие,
Хан Шыңғыста әулие
Қызылтаудың басында - Қыз әулие,
Баянауласында - Қоңыр әулие,
Өгізтаудың басында - Өгіз әулие,
Қошқартаудың басында - Қошқар әулие!
Таудағыл бұланның,
Іштен шыққан айдаһар жыланның
Өлі десем, өлі емес,
Тірі десем, тірі емес,
Атасы - Қорқыт әулие!
Уақ атасы - ер Көкше:
Ерлігінің белгісі -
Садағына келген - сан кісі,
Мылтығына келген-мың кісі!
Сары, Баян, Сарша, Өтеулі!
Үш жүз өскен ат -
Бәйгеге қосқан Көрнебай,
Арғын атасы -Қарақожа,
Ханда - Абылай, қарада - Қазыбек,
Жалаң аяқ - Ғазиз,
Диуана пірім ,
Тертуылда - Торайғыр,
Нағашысы - Тұрдыбек.
Өзімнің нағашы атам-
Жағалбайлы: Түнқат,
Қаракерей Қабанбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қаракерей: Мұрында Қандыбай,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Тобықтыда - Құнанбай,
Ішіндегі - Доғалбай.
Өте шықты Құнанбай заманында
Таздың арғы атасы - Шойынқара.
Қара, сары Қондыбай -
Әулие қасиетті өткен.
Терістаңбалы - арғы атасы - Кентбұға.
Өте шықты ішінде - Аманқұп бақсы,
Бәсентінің арғы атасы - Барлыбай,
Ішінде - Тасыбай:
Тұрлыбек - дуанбасы .
Әуелі Құдай жын жасаған,
Бірінен - бірін мол жасаған.
Жынның арғы атасы - Кентбұға,
Жын атасы - сары Абыз
Жын атасы - сары Азбан,
Әуре қылма сен, Азбан!
Жын атасы - Бердібай,
Жын ұраны: «Екеу-екеу!»
Аспандағы менің бес пірім,
Қырық пышақ салдырған.
Қырық ине маған түртіп,
Төбеме айдар қойдырған.
Жынға мойын қойдырып,
Көнбегенге көндірген,
Қу ағашқа төндірген.
Ақсақалдыдан бата алдырған,
Ақсарбас қойды сойдырған!
Бес бала-бес асау тай үйге кіргізген,
Ерегіскен жерге дерт салған,
Жын болып байланған,
Кезбе болып айналған!
Ойдан келген он қожа,
Қырдан келген қырық қожа,
Ол қожаның ішінде -
Әзіреті қожа:
Жеті елікке жал берген,
Жамағат жанды тең көрген,
Белсізге бел берген,
Перзентін тең берген!
Оң қолымды ораймын,
Сол қолымды сұраймын,
Шежіреге басын сүйеген,
Күнге шашын тараған,
Ата қадірін білмеген,
Ана сүтін ембеген,
Желден жеті қоян айдаған,
Дұғаменен байлаған,
Жеті кетпен, шот басқандай болдым,
Жеті қазанға түскендей болдым!
Он екі ақ боз ат,
Ойнағандай күн қайда?!
Жын шақырдым қан бардан,
Қияда жатқан жандардан!
Темір жанға сәлем-де:
Хабар бер: ауыр қол жисын,
Темірден тон тіксін!
Ойдан келген он бөрі,
Сол бөрінің ішінде
Алты ауызды көк бөрі -
Көк жендет келінде, бай елінде!
Жұмабайдың баласы,
Кесер кеуде кек қабан,
Жын ішінде сен жаман!
Маңдай терісі құрысып,
Жын біткенмен ұрыссып,
Жөргегімде жабысып,
Он бір жаста табысып,
Қаракерей - Мұрыннан келген,
Жиеннен туған жиен бар.
Тоғыз ұлдың кенжесі -
Мырзабай - Қабыл.
Сарала қамқа тон киген,
Сары арғымақ ат мінген,
Қылышын қынаға қынаған,
Көлдің, біл, бұ жолда
Қысаң қатынның ағасы
Қара алып жатқан шаңырақ басында.
Тұқымы жоқ кісідей,
Тобықтыдан келді:
Қаражігіт-Күліхан,
Алтайдан келген алтауым,
Шабдар атты кемеңгер.
Елден келген - екеуім ,
Желден келген - жетеуім!
Елден келген - Ақәділ,
Шандұтбастан келген Шандыаяқ.
Қайдан келген ентелей,
Бәйге атындай ентелеп?!
Көк ала сақал Көзімбет,
Алпыс атты, қырық жаяу
Мың ай - Жүз ай, -
Сен- жарқыным, жолдасым!
Жоғазтыннан келген төрт атты,
Төментіннен келген бөрте атты,
Кейінде айыл жетпес сары атты!
Адым - адым басқан,
Адымы жерді күйдірген,
Тұяғы құмды суырған,
Тозаң - тозаң жүгірген,
Тозаңды жерге су жарған (ирған).
Жол, жол жатыр,
Жол жағалай қол жатыр.
Сонша қолдың ішінде
Қарабек атты сұлтан жатыр!
Хан Тілеуберді сұлтаным,
Арғынғазы- Шолпаным !
Ойдан кірген ойпатым,
Қырдан келген бекзатым -
Дәуіт пайғамбар, ер Дәуіт!