Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге
Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге,
Жабырқап жабы малдай жүрген кезде.
Қолына қалам, қағаз алғаннан соң,
Толғанып кірді Мәшһүр сөйлер сөзге.
Жөнелді ұйытқып соққан қардай борап,
Нәрсе емес, өлшеп, сатып, алған сұрап.
Әр жерде бұрыннан-ақ босатпайтын,
Ақ қағаз, қалам, сия алдымды орап.
Алдыма өлең жаз деп қағаз келген,
Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген.
Кеудеме Құдай кеңес берген шақта,
Қағазға он саусағым атша желген.
Кез келіп бояу, сия, қалам-қамыс,
Болмады бұрынғыдай мына шабыс.
Жасынан жер таныған жүйрік аяқ,
Сонда да шашылмайды аяқ алыс.
Қосылдым ат бәйгеге құлын-тайдан,
Білмеймін кез болғанын маған қайдан?!
Ендеше мен бүгін болған Мәшһүр емес,
Келеді ат атанып бірталайдан.
Қызыл тіл сөйлеуші еді желдей есіп,
Жастықта жүрген күнде көңіл өсіп.
Жарыстан талай топта озып жүрген,
Жүргенде бәйге кердей күйге түсіп.
Жастықта қылдық күнә желіп, жортып,
Керек қой қылсақ тәубе Хақтан қорқып.
Қызығын жігітліктің көріп өттік,
Киіктей оқыралаған орғып-орғып.
Барады өтіп ғұмыр аттай шауып,
Жаңбырдай себелеген сөзім жауып.
Бозбала, тірілікте қимылдап қал,
Өрмектің асты-үстіне кетпей ауып.
Бес жастың не екенін білмей кеттік,
Доп ойнап, асық пенен онға жеттік.
Он бесте баламыз ғой деген оймен,
Ісінен бұ жалғанның ғапыл кеттік.
Жиырма - түзей алмай жүрісіміз,
Еш болмай жиырма беспен бір ісіміз.
Отызда ойлы-қырлы болып жүрдік,
Дүниемен болмай онша келісіміз.
Отыз бес - ойға кірдік, қолға алған жоқ,
Жүруге қырықта бізге жол қалған жоқ.
Қолыңды жеткен күнде сермемесең,
Артынан қанша қусаң, бұл жалған жоқ.
Ырыссыз жоқ нәрсеге ерінеді
Талайлыға мол несіп беріледі.
Он бес пен жиырма бесті кім біліпті,
Енді артыңда бадырайып көрінбеді.
Күн сайын өзіңе-өзің жас боласың,
Жаспын ғой деп, әр істен жасқанасың.
Піскен астан ішпейсің мезгілінде,
Мезгілі өтіп кеткен соң, аш қаласың.
Құнан, дөнен - құлын мен тайдан өсті,
Ат болады толған соң, болып бесті.
Отыз-қырықтан асқан соң ойланамыз,
Он бес пен жиырма бесте қылар істі.
Өнерге, шыдай алмай, біз шабамыз,
Қанша шапсақ, бұрынғы жоқ бағамыз.
Әлі орынды бітірген бір жұмыс жоқ,
Мұнан былай ойлашы: не табамыз?!
Балалық өтті-кетті басымыздан,
Көп шығар көрген дәурен шашымыздан.
Түлкідей, таудан қашқан, бұлаң етіп,
Жалған-ай, өте шықтың қасымыздан!
Мен де қыршын жас болып өсіп едім,
Жарқырап топта көзге түсіп едім.
Қызыл тілім бұлбұлдай сайрағанда,
Талай жанның көкейін кесіп едім.
Көрген пенде ұнатқан шабысымды,
Жібермедім қолымнан намысымды.
Жұрт аузына ілінген Мәшһүр едім,
Алты алаш түгел білген дабысымды.
Сонда біз асып-тасып қатден(ходтан) астық.
Өнермен ілгергіге тайталастық.
Қызыл тілді қылыштай сермеп жайқап,
Неше "Мен!" "Мен!" дегеннің көңілін бастық.
Бұ күнде кетіп қалды бізден жастық,
Бір күдір, ойлап тұрсақ, белден астық.
Тірілік қызығынан бой алыс боп,
Ауылына өлгендердің жақындастық.
Екен ғой өткен күннің бәрі мастық,
Кеткен соң мастық бастан, жаман састық.
Қызығы фәни жалған жоқ болған соң,
Өлімге мұндай күнде саудаластық.
Ұғып ал құлағың бар, замандастар,
Талап қыл, біздей болма, өңшең жастар.
Бұзылған замананың уақытысында,
Шын сөзің өтірікке болмайды астар.
Адам жоқ туралыққа жұртты бастар,
Бір жан жоқ шындық айтқан сөзді қостар.
Туралық, хақлықпенен жүрем десең,
Өзіңді керексіз қып әркім тастар.
Айырылды бір-бірінен жақын достар,
Бере алмай желге төтеп түбі бостар.
Бір шын сөзге он өтірік қосып айтсаң,
"Пәлі!"- деп, естіген жан соны қостар.
Келіспес, біле тұрып арам жесек,
Жаман ғой арамнан да өтірік-өсек.
Бұл заманның адамы сондай болар:
Келер менен кетерді қылмайды есеп.
Өсекті қожа менен молда айтады,
Қожа, молда өзгеден оқиды айтады.
Араз ғып балдай тату ағайынды,
Өстіріп дау-жанжалды зорайтады.
Ғайып істі балгер мен бақсы айтады,
Құмалақпен, тамырмен тапса айтады.
"Сөзімді жалған айтты,- деп,- ойламас",-деп,
Ишандар мен қажылар жақсы айтады.
Шариғат кітап сөзі қалды тозып,
Бәйге алды талай өтірік шыннан озып.
Қожа, молда, қажылар көп болған соң,
Барады быт-шыт қылып жұртты бұзып.
Айтады әмір мәғруф насихатын,
Ұлғайтып өсек сөздің түпкі затын.
Құрметлеп қожа, молда ап келген соң,
Қол жуып бұл өнерден қалды қатын.
Бой тоқтатып өз аузын баға алмайды,
Онан басқа айтар сөз таба алмайды.
Екі үйге кезек-кезек күнде кіріп,
Біреуіне біреуін жамандайды.
Табынар пайдасы жоқ тасқа қалмақ,
Бұл қазақ үлгі жолды сонан алмақ.
Есіл малды орынсыз жерге шашып,
Іс көреp қиямет күн ауыр салмақ.
Қазақ тіпті жақсы еді аман күнде,
Дәнеме оқу білмейтін надан күнде.
Өсек сөзді осылай түзеп айтып,
Үйрете бір адам саған күнде?!
Қазақтың пайдалы еді надандығы,
Қоян мен қойдай еді адалдығы.
Қожа, молда көбейіп кеткеннен соң,
Қулық, сұмдық көбейді арамдығы.
Білмеген, ойлап тұрсам, надан озды,
Әбден біліп алған соң әркім қызды.
Қисық арба жол бұзар",- дегендейін,
Дүмше молда, қожалар жұртты бұзды.
Ішер ас пен, сатылып, мінер атқа,
Біле тұрып кірісіп қиянатқа.
Басқа жақтан қаңғып кеп, әулиесіп,
Бұл қазақты қалдырды жаманатқа.
Қазақ байғұс береді ет пен шайын,
Бар әлінше аямай аппақ майын.
Және тағы нияз деп даярлайды,
Үйден құр жібермеске қой мен тайын.
Жалғыз түндік қалдырмай кезіп жүріп,
Бұйырғанын Құдайдың алар теріп.
Бұрынғыдай емес жұрт, бұзылыпты",-
Деген сөзді айтады шыға беріп.
Ұстасамын қожамен елде тұрған,
Неге десең, бұзықшы көбі антұрған.
Сыр мен Түркістаннан келіп қайтқан,
Ишандардың ісіне жаным қ[ұрбан!]
...Қой мен жылқы аласың бұл қазақтан,
Бір ауыз сөз айтпайсың шындық жақтан.
Бұл жұрт тату болса екен деп ойласаң,
Дұға қыл: жұртқа таупық сұрап Хақтан!
Тегін мал, бұл қазақта жоқ-ты сату,
Кетті ғой тыныштықпен үйде жату.
"Сартты-боза, қазақты қожа бұзар"-
Дегендей: қожалы жер-жүрмес тату.
Шұқанақ жиғаныңмен, көл болмайды,
Айтпаса өсек екі үйге, тіл болмайды.
Жер жүзін, күннің көзін қаптағанмен,
"Қожа елі"- деген рулы ел болмайды.
Өзді-өзі, басын қосса, салады дау,
Бір-бірін аңдып тұрған көреді жау.
Мүйіздеп өзін-өзі жүргеннен соң,
Қазақты не ғып қойсын жайына сау?!
Ел ішінде жүргеннің бір ісі өткен,
Қарыны тойған жеріне сіңіп кеткен.
Ата жұртын аралап, нәзірін алып,
Жұмысым жоқ қожамен келген, кеткен.
Өнерге шыдай алмай ішім қайнап,
Жарқ етіп шыққан күндей гүл-гүл жайнап!
Қасқырдай қақпандағы ызаланып,
Жатырмын өз аяғым өзім шайнап.
Көңілім дария болғанда, қолым-қайық,
Өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық.
Айдын шалқар көл қайда қылар шабыт [шабқа],
Құла түзде қу ілген мен - бидайық.
Ағалар, жүрген жерім күнде сауық,
Бәйгеден келе алмадым, бапсыз шауып.
Қырықты ілген қысқа күнде қыран едім,
Кісім жоқ қазға сілтер бағым тауып.
Жер жоқ па, бозбалалар, гүл ашылған?
Алашта менен сөзін кім асырған?!
Бозбала, бабым тап та, қазға сілте,
Қайыра [тәйірі] алсын - бір кем болсам лашыннан
Егерде [һибарде] гүл ашылса, бұлбұлымын,
Дананың сөзге жүйрік дүлділімін.
Басқаға қаз бен қудан шабытым жоқ,
Қыраны, қаршығаның тұйғыны[мын]!
Бұл сөзім бәрі де шын, емес мақтан,
Әлхәри мақтан болмай, болсын ақтан!
Атақты Сарыарқаның Мәшһүрі едім,
Құдайым өнер берген тіл мен жақтан.
Шығардым қанша кеңес бәрін жаттан,
Танырсың, көрмесең де жазған хат[тан].
Ауызының оқығандар дәмін алсын,
Жазайын бес-алты сөз насихаттан.
Болмағың жақсы, жаман әуел бастан,
Белгілі ат боларың құлын жастан.
Өң беріп жылтыратып ысқанменен,
Болғанын көрдің бе айна қара тастан?!
Қара тас ең болғанда қайрақ болар,
Балта, шот, пышақтарды қайрап болар.
Дөңгелек диірменіңе шарық болып,
Көзіне көрінгенді шайнап болар.
Ай орынын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһардың су тас қалып.
Құр тікен, қызыл гүлсіз, қолға түсіп,
Ауызға қант орнына заһар салып.
Келмейді өткен ғұмыр жоқтағанмен,
Түк өнбес ұрып, соғып, боқтағанмен.
Жолаушы жол үстінде көрмес хызыр,
Далада отсыз, сусыз тоқтағанмен.
Дүниеде шапқан аттай өткен ғұмыр,
Қарақшы - көрдің басы, бәйгелі жер.
Кім озып, кім қалуы мағлұм емес,
Бәйге алсаң сол жерде озып, болдың ғой ер!
Тұқым салмай, алар ма егін орып,
Кім балалы болыпты бойдақ жүріп?!
"Еккен орар,- деген сөз,- берген алар",
Бәйге алғанды көрдің бе қарап тұрып?!
Түн болса белгілі тұр бір жатуы,
Үміті барша жанның - таң атуы. ...
Уысына штансыздың жүз кіреді,
Әркімнің жақсы көрер бір татуы.
Жасымнан өнер іздеп көңіл бөлдім,
Мән-жайын қожалардың көріп келдім.
Өгізтаулық сарттарды қожа дейсің,
Қазақ-ай, мен өлгенде, сенен өлдім!
Жел сөзге қызыл тілім ділмар еді,
Өнерім қожалармен тең бар еді.
Өзіңнен қожа шығып тұрғанында,
Сарт-сауан, Қызылбаста нең бар еді?!
Құдайдың бергеніне көп-көп шүкір,
Шүкірлікпен қыламын пікір-зікір.
Түрікстанға апарып сал базарға,
Жүз қожаға өтпесем, бетке түкір!
Айналайын құдайдан берген ғылым,
Арқасымен ғылымның сөйлер тілім.
Қуандық пен Сүйіндік, Қаракесек,
Бес Мейрамның баласы, бәрі - өз елім.
Біз жүрміз ауыр жүкті мойынға артып,
Пайданы арман итеріп, залал тартып.
Үсті-үстіне күнәні көбейтуге,
Көрінгенге кетеміз бір сөз айтып.
Бойымда, шықпай ащы, тер қалмады,
Көңілімде айтылмаған кір қалмады.
Бұл күнде қожа, молда көбейгеннен,
Мал басып жайылуға жер қалмады.
Жайылды қожа, молда мал орнына,
Отын боп, қуыс қурай, тал орнына.
Қол сандықтан айдаһар жылан шықты,
Сыйғызып енді өзінің, сал, орнына.
Бас-басына мінгізсе бір-бір атты,
Айтар емес: "Мұнымыз-қой, ұят-ты!"
Несие жиған кісідей жұртты жиып,
Былтыр қандай кездеме, мата сатты?!
Бас-аяғы еліктеп қылып машық,
Қаңғырғанға қазақтың есігі ашық.
Дөңгелек диірменіңе шарық болып,
Көзіне көрінгенді шайнап болар.
Ай орынын аспандағы бұлт алып,
Орнында дүр гауһардың су тас қалып.
Құр тікен, қызыл гүлсіз, қолға түсіп,
Ауызға қант орнына заһар салып.
Келмейді өткен ғұмыр жоқтағанмен,
Түк өнбес ұрып, соғып, боқтағанмен.
Жолаушы жол үстінде көрмес хызыр,
Далада отсыз, сусыз тоқтағанмен.
Дүниеде шапқан аттай өткен ғұмыр,
Қарақшы - көрдің басы, бәйгелі жер.
Кім озып, кім қалуы мағлұм емес,
Бәйге алсаң сол жерде озып, болдың ғой ер!
Тұқым салмай, алар ма егін орып,
Кім балалы болыпты бойдақ жүріп?!
"Еккен орар,- деген соз,- берген алар",
Бәйге алғанды көрдің бе қарап тұрып?!
Түн болса белгілі тұр бір жатуы,
Үміті барша жанның - таң атуы. ...
Уысына штансыздың жүз кіреді,
Әркімнің жақсы көрер бір татуы.
Жасымнан өнер іздеп көңіл бөлдім,
Мән-жайын қожалардың көріп келдім.
Өгізтаулық сарттарды қожа дейсің,
Қазақ-ай, мен өлгенде, сенен өлдім!
Жел сөзге қызыл тілім ділмар еді,
Өнерім қожалармен тең бар еді.
Бас-аяғы еліктеп қылып машық,
Қаңғырғанға қазақтың есігі ашық.
Қанша ғылымды қор қылып жеңіл тартып,
Есіл болат жауһарды қылды жасық.
Күлкі болдық мұнымен жуық-жатқа,
Жазылған сөз нұсқа боп қалар хатқа.
Ит мойнына гауһарды таққанменен,
Айналдырып жібермес басқа затқа.
Әңгіме боп мұнымен бұл сөз тұрсын,
Жақсы (неше) кеңес қандырар құлақ құрышын
"Төрт - бес қағаз, әріптен [ғаріптен] оқыдым"
Иттің көбі кетірді құлақ тынышын [тыншып
Сөзіме ойнап айтқан шын деп нанар,
Жаман үшін жақсының көңілі қалар.
Бұл сөзімді жалғанға шығармайтын,
Қожа мен, ел ішінде бар, молдалар.
Іс қылған халыққа ұнамды Хаққа жаққан,
Жан жоқ осы күнде ауызын баққан.
Жыланша жылтыратып сыртын ғана,
Табылса бір қапы жер, жаман шаққан.
Барады жеңілдікпен бір сөз қалып,
Сөйледім күйгендіктен, от боп жанып.
Жақсылар бар да болса, жоқ сықылды,
Қайтеріміз оны көптен бөліп алып?!
Кетейін бұл сөзімнен бермей хабар,
Мен өлмей, кісі емеспін, ауыз жабар.
Төрт мағзұм, екі қожа, үш молда бар,
Жұрт өзі кім екенін ойлап табар.
Жоқ деп қақсап отырып, тоғыз таптым,
Сегізін де жұлдыздай ағып шаптым.
Біреуін жаяу - жалға көтермелеп,
Рухын сыйлап өлінің[ұлының] атып[айтып] бақтым.
Өсектеп қожа, молда ауызыңды жап,
Сор артам жаппағанға дәл он бес қап.
Құдай берген өнерді ешкім алмас,
Азар болса, дерсіңдер: "Қыдырдан тап!"
Кетеді кейде сөзім ерлігіне,
Кісі ырқына жүрмейтін өрлігіне.
Қожа, молда, қылмайсың неге дуа,
Бұл жұрттың азбас, тозбас бірлігіне?!