16.04.2021
  430


Жарапазан сөзі

Айтайын айт дегенде жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағаликұм, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.


Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,


Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.


Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.


Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.


Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.


Ораза намазыңды күтіп барсаң,¬
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға оқыдым деп қылма міндет.


Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.


Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.


Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.


Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады.) 





Пікір жазу