Кемшат қыз
Кер мыйық Кемшат қыздың көрдік көркін,
Қондырған шекесіне құндыз бөркін.
Секілді алтай түлкі сылаң қағып,
Шеніне келтірмейді-aу емін-еркін.
Қырандай қыяннан- ақ ілер едім,
Қырқада қызыл жүзін бұрса бертін.
Шаң жұқпас шашасына саңдақ едім,
Шалдықпай шаршы төске самғап едім,
Құмайдай жұрт аңдымай, қыяға ұшып,
Алатын тоятымды таңдап едім.
Айдынның ақ шортанын жібермейтін,
Жасымнан жаза баспас қармақ едім.
Болғанмен сыртым қораш, ішім сұлу,
Сол ғана тұлабойға берген жылу,
Ажары бет пен іштің бірдей емес,
Керек-ау Кемшат соны пайым қылу.
Солмай ма көктемдегі әдемі гүл?
Оңбай ма арудағы ал қызыл тұр?
Еңкейіп екіндіге күн құласа,
Көріксіз көрінбей ме дүние бір?
Осының бәрі мысал ойлағанға,
Кемшат қыз ойлан, ойланба, оны өзің біл.
Көңілге келіп бір сөз қалғаннан соң,
Тынар ма айтып өтпей қу қызыл тіл!..
Сыртың бір сұлу жан екен,
Сыпайы көзге көрінген,
Сыр-мінезің бар екен
Сөйлесуге ерінген.
Қамқа қамзол киініп,
Қас-қабағың керілген.
Қарапайым адамнан
Қомытсынып жерінген.
Жұбайыңды есіттім
Таңдап тапқан еліңнен:
Өзі қарау, тарыншақ
Қас Қарымбай делінген..
Салғаныңды көрермін
Соған барып серуен.
Сөйлесермін оралып
Сонда Кемшат сенімен!
***
Ел едің құт дарыған Есім-Малай,8
Қыдырып қызығыңды көрдім талай..
Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,
Қайтқалы бет түзедім елге қарай.
Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,
Беріпті саған дәулет соған жарай..
Балада бесіктегі белгілі ғой,
Санатқа ілінбеген Қожаң қалай?
Барармын баян қылып бәрін төске
Бейілің берекеңмен болар есте.
Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,
Көруге құмартары сол емес пe?
Жан екен жағын сауған аларманда...
Артымнан мен кеткен соң солай деспе.
Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,
Жөнім жоқ сені жақтап сөйлемеске.
Ағайын-туған есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше
Аңсай-аңсай жүрейін.
Шүйгініңе сонылап,
Шынарыңа түнедім.
Қош аман бол хұрметті ел,
Қадіріңді білейін.