15.04.2021
  209


Автор: Жамбыл Жабаев

Алғадай туралы әрбір ой

I
Түне күнгі кеткеннен
Ғали жаңа келдің бе?
Алғадайдың мүрдесін
Жол-жөнекей көрдің бе?
Топырағың торқа боп,
Тыныш ұйқта дедің бе?
—Қалай қыйып қалдырдың
Қарт әкеңді еліңде?
Елжірейді өзегім,
Ауырады белім де...
Қаза болып көзелім,
Халім қыйын менің де.
II
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сары-Арқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?
Өлім деген у екен,
Мендей кәріп адамға.
Күнде үйімде күңренем
Көзіме жас алам да.
III
Құр сүлдерім, есім жоқ,
Жүріп тұрған десім жоқ.
Деп қараймын сәбиге:
«Игіліктің кеші жоқ!»
Бала қалды жетім боп,
Келін қалды жесір боп,
Біздей кәріп кісіге
Көз салыңдар есіркеп.
IV
Темір өзек пенде жоқ,
Өлмес адам елде жоқ,
«Орынсыз деп өлімі»,
Ондай ойлау менде жоқ.
Көп жайланған жабының
Жал-құйрығы сұйылар...
Сол сыяқты Жамбылдың,
Жұқарыңқы түрі бар.
Көңілі бос — кәрінің,
Көкейлерің ұғынар,
Көтермей жан жалынын,
Көзден жасы құйылар.





Пікір жазу