Ту астында берген ант
Малшы сырын білем мен,
Қасында өскем жасымнан.
Ел тарихын үйренген
Ертегіші малшыдан.
Малмен жасап, бірге өрген
Жайы мәлім ғасырдан,
Қыйындықты бір көрген,
Малға жаны ашыған:
Бұлтты, желді күндерде
Сақтап боран-шашыннан,
Тас қараңғы түндерде
Қорғап ұры, қасқырдан;
Борандармен таласып,
Жаңбырларға малшынған;
Етек төсек, жең жастық —
Сөйтіп дәулетті асырған.
Қырды кезіп байқадық
Колхоз малы отырған,
Жасыл жапан жайқалып,
Дариядай толқыған.
Сол өңірдің бәріне
Төрт түлікті толтырған,
Сол қуат боп кәріге,
Көкрегім толқыған:
Күрең жорғам астымда,
Сұр домбырам қолымда,
Жігіт-желең қасымда,
Бардым малды шолуға.
Жылқы жатыр өрісте,
Құлындар жүр құндыздай.
Көзіңе ыстық, келісті
Құнан, тайлар жұлдыздай.
Сыйырлар жүр маңқыйып
Желіндері жер сызған.
Бүйірлері томпыйып
Бұзау емген уыздан.
Сахара той қылғандай,
Дуылдаған қой қоздап,
Тойдың әнін салғандай,
Ботақандар жүр боздап.
Төрт түліктің тіліне
Малшылардан кім озбақ?
Соны көріп, білдім де
Ән шырқадым жыр қозғап.
Бейбіт жатқан Отанға
Салғанда кеп жау бүлік,
Қаның қайнап жапанда,
Қарақшыға жан күйіп,
Ер майданға мінсін деп,
Ел қорғаған»жан қыйып,
Жал-құйрығын үкілеп,
Жіберіңдер сан жүйрік.
Жөнелтіңдер бағланды,
Жүздеп-мыңдап мал жыйып.
Жүректерін жалғауға
Май жібердің бал құйып.
Жүз жасаған кәрің ем,
Жұқа тартқан қаужыйып.
Кеңескенде бәріңмен
Тағы менен ал бұйрық:
Істеріңді көрейік
Айтқанымды құп алған.
Ерге көмек берейік
Кек алғанша бұ жаудан!
Аршылғанша жеріміз
Айыр басты жыланнан.
Жау қолындағы еліміз
Құтылғанша жылаудан!
Осы болсын антымыз
Тойларыңда ту алған.
Сталинге айтыңыз:
Ер қазақпыз сыналған!
Қашанғы ата салтымыз
Беттен қайтпас бір алған.
Сендерге арнап қартыңыз
Тартты жырын қуанған!