Москваға
Москва, — жүрек тербеген,
Ойды, мыйды билеген,
Кремльдің сарайын
Бір емес талай көрген ем,
Сол сарайға сан рет,
Тәжім етіп енген ем.
Жаздың келіп келбеті,
Гүлге оранып жер беті,
Шалқытып жанды ел бағы,
Кәрі жырау мендағы —
Москваға өрлеген
Жырды, сөзді арнағам,
Дауыстап шешен пернеден!
Жапырақ түсіп сарғайып,
Шуылдап күзгі желменен,
Күздің көзі қыраулы,
Қара суық гулеген, —
Сауытты құрыш Москвам,
Ұштасып жаумен асқынған,
Қаскүнем аңның тобымен
Айқастың шығып көлденең!
Тастүлектей тобыңмен,
« Қорғасындай оғыңмен, —
Дұшпаныңды талқанда,
Қалмасын жау өлмеген,
Қуатты құрыш Москва,
Неміске қадам бастырма!
Күн-түн жауды күл қылып,
Салыңдар табан астына.
Өртеп жауды жалындай,
Шалғынмен шапқан шабындай,
Шауып, қыйрат Москва!
Қара басын қылышқа
Қағып қыйрат Москва!
Рахымсыз жауларың,
Қаныпезер ашқарақ,
Тез жоймасаң, ол залым
Тәніңе дақ тастамақ!
Әр төбешік, — оларға,
Мола болып қаларға,
Бар күшіңді аянбай,
Жауып, қыйрат Москва!
Жау жеңетін тәсілді
Тауып қыйрат Москва!
Ұшқан құс та қайдағы,
Аққан су да сайдағы,
Жаңғырыққан таудағы —
Атайды айқын атыңды, —
Сүйікті сенің Москва.
Қар жамылған шың, құз да,
Аспандағы жұлдыз да,
Нұрланған асыл атыңмен,
Көрікті сенің Москва.
Қойның толған қазына,
Кентті өмірдің жазына.
Орда болған өзіңе,
Арнап асыл сөзімді,
Хажет болсам жолыңа
Аямастан өзімді
Беруге де жан пида.
Ерікті мәңгі Москва! —
Жау қарасы жақындап,
Жармасқанда белеңге,
Гүрсілдетіп алыстан
Оқ атқанда Денеңе;
Немерең мен шөберең
Баурыңа кеп енгенде.
Оларды, ашық алаңнан
Мрамырмен қаланған;
Темір жолы тартылған,
Сәулеті сұлу артылған,
Жер астында салынған
Салтанатты сарайға
Сақтайсың хауіп төнгенде,
Оларды жаудың оғынан
Қорғаған қамқор қолыңнан
Бейіліңді көрем де,
Шыйрай түсед дегем де.
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
Бомба түсіп жарылса,
Жарылғаны құлаққа,
Алыстан кеп шалынса,
Ұран сап сені қорғауға,
Сапталған лек-лек ер түгіл
Аттанбай тұрмас «керең» де.
Жау тыңшысы түн кезіп,
Көктен отты сәулесін
Жіберсе ұрлап, соқыр да
Танып жаудың белгісін,
Оқпен бөгеп ұстайды
Москваға келгенде.
Қызыл тудың астында,
Кремльдің қасында,
Граниттен салынған,
Табытта жатқан — ұлы адам,
Денесі жансыз қалса да,
Мәңгі ұйқыда болса да,
Атылған мылтық дауысын
Естіп, жауға қарғысын
Жаудырып ойға бойлаған.
Тілсіз, үнсіз жатса да,
Жау зеңбірек атса да,
Бәрін шалған құлағы
Ел жанында ұраны, —
Халық қамын ойлаған,
Москваның ұлдары,
Білемін батыл қолдары,
Арыстандай айбатты,
Дұспанын жеңбей қоймаған,
Ұлы Сталин сенімді
Бастаған, бастайд елімді,
Москваны жауларға —
Бермей мәңгі қорғауға
Жай тасындай ойнаған! —
Белдескен талай майданда,
Дұшпанға ойран салғанда
Өшіріп жаудың қарасын,
Таптап патша палашын,
Москваның қарына
Көміп, терең жарына,
Боранға, қарлы дауылға
Қарамастан жауынға, —
Табанға салмай қоймаған!
Мұнан талай жыл бұрын
Ұранымен Лениннің,
Москвадан баулынған
Түлектері елімнің
Құртып талай жауларды,
Талқандап ед торлаған.
Халқына Ленин көп жылдан
Мойымай еңбек істеген;
Оянбастан көз жұмған,
Алайда туы халықтың
Қолынан мәңгі түспеген,
Сол Лениннің өмірлік
Табытының қасында,
Москваның басында,
Көзіндей боп дананың,
Жұлдызындай сананың, —•
Бір нұр ойнайд өшпеген!
Ертегідей ғажайып,
Күмістен тасы қаланып,
Ресейдің шебері
Төгілгендей өнері
Салған талай сарайды,
Төккендей нақыс кестеден.
Мерекелі күндерде,
Шығып тұлы мінбеге,
Москваның төрінде,
Сөйлеген талай Сталин.
Қатарынан орындап,
Үш бесжылдық планды,
Елді, жерді жайнатып
Салып ұлы ұранды.
Құлпыртып Отан өңірін
Құйып құрыш құралды.
Өмірмен бірге өрлеткен,
Кәріні, алуан ұланды!
Отанымның жүрегі,
Бізге мәлім Москва;
Жаңа ғасыр бастаған
Жиһанға нұр астана.
Суық күз қабақ түйсе де,
Москва сірә жылар ма?
Жау жабылып төнсе де,
Жандаспай ақыр тынар ма?
Москва, сені — ұлы адам
Қарулы қолмен қорғаған
Жауды талқан қыларға!
Қар жауып, мұз қатса да,
Боран борап жатса да,
Сені жауға бермейміз,
Мәңгі бақый Москва!
Түсімде емес, өңімде
Жау жандасып өлімге,
Қол салып біздің өмірге,
Ұмтылды саған Москва!
Хауіп-хатер төнгендей,
Қол ұшын халық бергендей,
Күн туды саған Москва!
Ұлы, қызын елімнің,
Асылын жас өрімнің —
Аттандырар ұлы күн
Шын туды саған Москва!
Қарсы тұрып жауларға!
Москваны қорғауға,
Ажал оғын боратып,
Ату үшін аңдарға,
Аянбаңдар, ер елім!
Гүрілдеп аққан Нева да
Сұсты Сибирь, Қырым да.
Москва үшін аямай
Беріп жатыр көмегін.
Риддер, Шымкент, Балхашым,
Беріп құрыш, қорғасын,
Мұнайын Эмба тастыра,
Көмірін тиеп бастыра,
Жіберуге көмекке,
Көрікті саған Москва.
Ұшан-қыйыр қырдағы,
Қазақстан ұлдары,
Полктарын бұрқантып,
Құрыш, болат құрсантып,
Өмір үшін, ел үшін,
Ұлы астана сен үшін
Аттанды күшін астыра.
Туғаннан маған еншілес,
Салқын, самал кең дала,
Aт белінде өскемін,
Ауылды шолып айнала.
Таң атып, саз бергенде
Таңнан атқа мінгенде
Тізгінді қағып жіберіп,
Үзеңгімді шіреніп,
Жортып белге шыққанда.
Айналамды таң қыла;
Шеруін тартып майданның,
Тұрғандаймын аңғара
Москваны қорғасып
Шығыңдар деп ұласып,
Аттан деп дабыл қағамын
— Қуатты қыз бен ұл бала!
Ұлан-қыйыр қазақтың
Аспанынан кейде мен
Есітемін бір үнді
Сыбырлаған желменен
«Аттан түсіп тынығып,
Кетер еді жырменен!» —
Деген үнді құлағым
Шалады жырлап бер деген!
Қадала қарап сонда мен
Батысты шола жіберем
Жанарымды сөнбеген.
Түн жұлдызы дірілдеп,
Сарқырап өзен, гүрілдеп,
Көзге түсед сол кезде
Ер қуаты өрлеген.
Сонда: иген оң жақтың
Адырнасын тартқандай,
Домбыраның қос шегін
Он саусағым қаққандай,
Жыр да кетед сорғалап,
Кеудемдегі кернеген,
Москваның сәні үшін,
Астананың жаны үшін,
Жүректен шыққан жырымды
Арнап, қызыл тілімді
Сайратам, құлаш сермеген!