15.04.2021
  206


Автор: Жамбыл Жабаев

Қаны бір бауырларымызға

Қайнап бұлақ шықпаса,
Таудың тасы құлай ма;
Батыр батыр болмаса,
Болатпен белін қынай ма;
Ұл батыр боп тумаса,
Атқан оғы борай ма;
Ақылды боп туған ер
Өзгеден ақыл сұрай ма;
Көлден қулан су ішсе,
Көлдің міні құрай ма;
Сенген кезде астана,
Білмесе елді басқара,
Халқына ұл ұнай ма?
Жолын ақыл билейді
Жорыққа шыққан жолшының,
Ойын ақыл билейді
Өрен жүйрік ойшының,
Қыздырмаса думанды,
Несі тойшы тойшының;
Қасқыр жесе қойларын
Несі қойшы қойшының?
Дұрысты дұрыс демес пе,
Тап осындай емес пе,
Халықты тастап қанды оққа.
Қашқаннан соң жан-жаққа
Үкіметі Польшаның!
Күнбатыс жақ крайда
Украина, Белорус
Қаны қандас, ел ед дос;
Озбырлыққа шыдамай,
Іштері оттай жаныпты;
Жәрдем берер жан болмай,
Торға түскен торғайдай,
Оқ астында қалыпты;
Ер бастаған ел ед деп,
Аударып бізге назарын,
Құтқар деп қолқа салыпты.
Әрине, біз халық үшін,
Халықты сүйгіш салт үшін,
Майданда өсіп өрлеген,
Сталиннен үйренген;
Украина, Белорус
Қаны қандас ел ед дос,
Оны оқтан қорғауға
Аяймыз ба көмекті;
Біздің халық салтымен,
Отанға берген антымен,
Тұлпар мініп, ту алып,
Танкісі тауда шұбалып,
Польшаға аңдай аттанды
Найзасын ұстай желекті,
Украина, Белорус,
Тыныштатты даласын.
Алдына алып сүйді әне,
Туысқан елдің баласын,
Амандасты қол беріп,
Көріп кәрі анасын!
Қызыл ерді ел аңсаулы,
Құшақ жайып қарсы алды.
Қызыл тудың құлпырған
Көргеннен-ақ қарасын.
Қарсы алмай енді не қылсын,
Кезінде көмекке үлгірген,
Жәрдемге әскер жіберген,
Біздің елдің біледі
Сталин атты данасын!
Қызыл ердің жолында
Жау қамалы тапталған,
Жауынгер ердің бұрын да
Анты талай ақталған!
Украина, Белорус
Қаны қандас ел ед дос.
Сол елді оқтан сақтауға
Біздің ерлер аттанған.
Майданға түссе алқалы,
Кім ат басын тартады,
Халыққа берген антын ер
Тағы да ақтап қайтады
Жүрегінде сақталған!
Мақталар бұл жорықта
Ерлер ғой талай мақталған,
Даңқ десе даңқы зор,
Халық десе халқы зор,
Тобын бұзбай сапталған,
Сталин үшін, халық үшін,
Жеңімпаздық салт үшін,
Тыныштық сүйген ел үшін,
Украина, Белорус
Жайнаған гүлді жер үшін,
Айта берсем жерім көп!
Көңілім шалқып өскенмен
Жасарып қызыл әскермен,
Аузымда жыр, қолымда оқ,
Жырым — досқа; жауға — оқ!





Пікір жазу