Тарас
Украин елінің,
Украин ұлының
Мен есіттім жырлаған
Тарастайын бұлбұлын.
Днепрдің суындай,
Айдын көлдің қуындай
Жеткен менің жеріме,
Естіледі еліме
Тарас салған бұлбұл үн;
Байқап бір тұрсаң жырына:
Үнінен оның зар шыққан,
Жас орнына көзінен
Жас аралас қан шыққан.
Ойға бір шомып ойласам,
Зарлатқан оны зар заман,
Тұсауын алып халықтың
Билеген патша зар заман.
Қол, аяғын кісендеп,
Байлатқан оны зар заман.
Өз елінен айрылып,
Қазақтың алыс қырына,
Маңғыстаудың бойына,
Айдатқан оны зар заман..
Сол бір зарлы заманда
Қу домбыра қолға алып,
Қу тілді безел толғанып,
Құлазыған далада
Тарастай мен де зарлағам,
Даусым оның даусымен
Қосылып сонда сарнаған,
Қағынан безген құландай,
Тауынан безген бұландай,
Сол бір қытымыр заманда
Жүректе сүлде қалмаған.
О бір кезде, ақыным,
Сен де іздедің бостандық,
Мен де іздедім бостандық,
Халықта да, сенде де,
Халықпен бірге менде де
Еркіндіктің таңына
Күшті еді бізде құштарлық.
Князь, жендет патшаға
Тіліңді мірдей қададың,
Ханға, биге, манапқа,
Патшаға, байға, санатқа
Сегіз қырлы жебедей
Мен де тілді қададым.
Қытымыр күнде тіресіп,
Біз де қарап жатпадық,
Хан, патшадан, князьдан,
Қорықпай, бұқпай, қарысып,
Біз де тілді тартпадық,
Бақыт үшін толғаған,
Жүрекке жырды сақтадық,
Сол көксеген бақытты
Көре алмай кеттің көзіңмен,
Дүниеден сен кетіп
Қалсаң да, таңға мен жетіп,
Халықпен күткен бақытты
Көрдім мен міне көзіммен,
Бұл бақытты көзіммен
Көрдім сенің еліңде,
Мен де көрдім сен болып,
Көрді менің елім де
Нұрлы күннің сәулесін,
Бақытты бүкіл ел көрді,
Гүлге оранған қамқадай,
Шалқар көлді жер көрді.
Ленин менен Сталин
Нұрлы таң үшін алысқан.
Халыққа бақ қонғызған,
Алыбым екі данышпан.
Елді бастап екеуі
Бай мен патша жендетті
Қара тастай жанышқан.
Күннің бөлеп нұрына,
Ақындардың жырына
Алтын арна жол ашқан.
Сенің де жырың шырқалды
Өлсең дағы алыстан.
Менің де жырым шырқалды
Тоғысып елмен табысқан.
Жырың тарап ақылды
Барлық халық тілінде,
Жырың сенің жырланды
Украина жерінде,
Өлеңің өшпес жатталды
Қазақтың да елінде,
Тоқсаннан асқан жасымда:
Жасарып қайта жыр салып,
Домбыраны қолға алып,
Орын алды халықтан
Орденді жырым менің де.