15.04.2021
  178


Автор: Жамбыл Жабаев

Ғалім ініме

(Академик Келлерге)

Қош келдің, ағаңды іздеп ғалім інім,
Жасарған Сталинмен жаңа өмірім,
Асауын табиғаттың бағындырған,
Тілегім — өрістеген оқу, білім.
Заманы Сталиннің үдемелі,
Бақытқа адамзатты бөлегелі,
Жамбылдың бұрынғыдан жыры басқа,
Халықтың орындалып тілегені.
Бұрынғы зарлы жыры шаттық болды,
Орнына ашу-араз достық болды.
Достықтың ұйытқысы ұлы Сталин,
Күннен де жүрегіме ыстық болды.
Мен оны ешқашан да ұмытам ба,
Іздесем, досым, бұрын табылған ба,
Мінеки жер. шетінен іздеп келдің,
Жолықтым бауырыммен сағынғанда.
Теңіздей тағы болдым тасытқандай,
Тасқан жүрек жауларды жасытқандай,
Отыр, ғалім, әңгіме айт, мейірім қансын,
Сөзің бар қайтам деген асыққандай.
Ғалімдер біздің елде таудан биік,
Оның орны жоғары — халқы сүйіп,
Ғалімге бригадир ұлы Сталин,
Сондықтан құрмет етем басымды иіп!
Москваның барсаң сәлем шаһарына,
ЦЕҚадай ұлы штабым, гауһарыма,
Сталин, Молотов пен Каганович,
Калинин, батыр Клим өреніме.
Басталса арсыз, жауыз жаудан жорық,
Бірлікпен батыр шықпақ елді қорып,
Көп ұлтты, мықты достық ұлы Отаным,
Сүйегін көлге тастар күл ғып үгіп.
Уа, інім, құрметіңе өлең айттым,
Тақалып жүзге келген Жамбыл қартпын.
Бауырым, ұлы Ресей, Отаныма,
Қартынан Алатаудың, сәлем айтқың.





Пікір жазу