14.04.2021
  182


Автор: Жамбыл Жабаев

Май

Тоқсан жыл түрлі ән қосып,
Жыл да жазда бір тосып,
Тағы да міне май келді.
Бетпақ шөлге жан кіріп,
Өлі бойға қан жүріп,
Құздың мұзы бұзылып,
Ағылды дария ойда енді.
Көк қызғалдақ гүл жарып,
Нәр жыйнап бойға жер ана,
Жанды-жәндік қуана,
Сайрады бұлбұл сайда енді.
Біздің колхоз біледі,
Май қызығын көп көрген,
Тәтті менен тұщыны, —
Бұрын талай жеп көрген,
Бұл жерге керек айла енді.
Жылдам егіп егісті,
Дүрілдетіп еңбекті,
Жаңғыртамыз жер, көкті,
Тағы да тағы өсеміз, —
Өсетұғын жай келді.
Тасыды су, байлы енді,
Айда егісті, айда енді!
Октябрь мәңгі, — май айы
Қыс ызғарын айдаған,
Бай, капитал — аяздың,
Ертеден орнын сайлаған.
Фашистердей боранды,
Қанын сорған адамның
Зәндемі *3 қолын байлаған.
Қара түнді қиратып,
Қажығанды ширатып,
Тарыққанға дем беріп,
Аш-арыққа өң беріп,
Жеміс гүлі жайнаған,
Бейне бақша айналаң,
Бұлбұлы дулап сайраған.
Сталин көсем сол бақшаң
Бақташысы, иесі,
Тәрбиелеп, мәпелеп
Өсірген елі — шиесі.
Еркіндеп өніп, өсуге,
Біріне бірі ілесуге
Әр жемісі орынын
Өзіне алған тиесі.
Арам шөпке орын жоқ,
Бұзылса көзге түседі
Бетіндегі күйесі.
Сталин елдің жарығы,
Ардақтайды халығы,
Халқының онсыз күні жоқ.
Май күнінде әнге сал
Бахытты елім баласы.
Дауысың әлем күңрентсін,
Батсын жаудың қарасы!
Ұлтпен ұлттың, бірлесіп
Қосылды үні, қарашы!
Шырқағанда әндетіп
Ленинград, Мәскеудің
Пролетары, қаласы.
Үн қосады елдері
Мұхит пен теңіз, көлдері,
Кавказ, Қиыршығыс пен
Орта-Азия арасы.
Одақтың шығыс жағынан,
Он бірдің бірі сапынан,
Әндетіп үн қосады
Қазақтың байтақ даласы,
Қатыны, ері, баласы,
Жамбылдай қарт бабасы.





Пікір жазу