14.04.2021
  244


Автор: Жамбыл Жабаев

Сұр жылан

Ысқырды тағы сұр жылан,
Екі айыр тілі у жылан,
Бахытты бейбіт елімде
Жасырынған сұм жылан,
Ой-шұқырды сағалап,
Елді торып жағалап,
Жабықтан кірген қу жылан.
Ерген иттер айтаққа,
Сатылған жауыз, бай тапқа,
Жарықтан. қашқан бандалар,
Өңшең соқыр жын жылан.
Қанқұмарлар жыланы,
Троцкий жыланы,
Қайдағы зұлым сұм жылан,
Жай жылан ба, бұл жылан—
Қара, жолдас, бас қосып,
Халыққа қара күн тосып,
Сақтаған зәрін бойына
Туғызбақ боп бізге ылаң.
Халықтың қара жаулары
Бас қосып қай-қайдағы,
Елеусіз жүріп елімде
Нелер сұмдықты ойлады.
Құтырған иттер жалақтап,
Аш қасқырдай алақтап,
Сілекейі шұбырып,
Ішінен қанжар тағынып,
Ұлы тісін қайрады.
Көрінген жерге қорғалап,
Жарықтан түнге жорғалап,
Жасырынып сағалап,
Ой, шұқырға сайдағы.
Байқаусызда қойыннан,
Шыға келіп бойыңнан
Бахытты бейбіт еліме,
Ел бастаған еріме
Қапыда елім сайлады.
Арамзаның құйрығы • |
Бір-ақ тұтам деген бар,
Біз жыланнан қорқпаймыз,
Кесетін оны берен бар.
Халыққа қастық ойласа,
Қара тас басар кеудесін.
Жаныштай тасқа езерлік
Ел табаны — шеген бар.
Халық қарғысын алғанға
Қара жерден орын жоқ,
Құрысын, өлсін сұм мұндар,
Жер бетінен жоғалсын,
Інінен шықпай тұншығып,
Атада нәлет қу сұмдар!
Жарық күннің жанары
Жауға аяусыз жанады,
Жайратар, өртер, күйдірер
Заңның жалын жарығы,
Күзетке шыққан қалық ел,
Қаһарлы бүгін қабағы.
Қай шұқырға кірсе де
Сұр жыландар сумаңдап,
Бірін қоймай табады.
Бахыт заңы күшінің
Сұмдарды езіп тастарлық
Асқан алып табаны.
Індеріне су құйып,
Ұясын өртеп талқандап,
Тамырын құртып шабады.
Сансыз жылғы күресте,
Тапқан істің анығын.
Ащы менен тұщыны
Татқан талай халығым.
Айыра білер ал елдің
Ақ пен қара парығын.
Жауды аяған жаралы
Түбінде бір қалады,
Есіңе тұт еңбекші ел,
Қам көңілдің қамығын,
Өткен өмірің тарығын.
Жауға қатал болайық,
Халық қаһарын салайық,
Көтертпей басын езгілеп
Ұлы тісін шағайық,
Жер бетінен құртайық
Халқымның жауы — залымын.
Басы өлсе де жыланның,
Құйрығы тірі қалмасын,
Күлін көкке ұшырып,
Тастайық шауып тамырын.
Сөйтіп таза шынардай
Еркіндетіп еңбекті
Еліміз өссін, гүлденсін,
Мәңгі күннің кіршіксіз
Алған соң алтын жарығын.





Пікір жазу