14.04.2021
  222


Автор: Жамбыл Жабаев

Асқан бұлбұл

(Пушкинге)


Орыстың өлеңінің ақын көркі,
Алмастай мың құбылған меруертті.
Дүниеге асыл сөзден төктің маржан,
Жарқырап тар заманда-ақ шықтың еркін,
Патшаның қорқау бастық жендеттерін,
Сен көрдің, таныдың сен таулы жерін,
Қарысқан қан майданда қылыш тимей,
Қолынан қанды жендет жанды бердің.
Не керек өмір саған, өзің тірі,
Алтындай жарқырайды жайнап гүлі,
Жүз жыл болды, қара жер сені алғалы.
Сен дүние ақынысың осы күні.
Қуанып көзі жайнап, мейірі қанып,
Башқұрт, түркпен, белорус, қазақ танып,
Оқиды жазғаныңды, шаттанады,
Сөзіңнің бір де бірі өлмеуі анық.
Сен Пушкин, қалың жұрттың туысқаны,
Сен біздің бұл ғасырдың өлең, әні.
Өлеңің жаңа атқан таң, жайнаған гүл,
Жұпары, інжу-маржан, өмір сәні.
Бұл күнде біздің өмір жайнаған гүл,
Құлпырып барған сайын төгеді түр.
Ән шырқап, бізбен бірге қуан, шаттан,
Мәңгі өлмес, асыл сөзді асқан бұлбұл.





Пікір жазу