13.04.2021
  226


Автор: Антон Чехов

Каштанка

I


Әумесерліктің әлегі


Қанден мен көпек төбеттен шыққан түлкі тұмсық, тексіз сары дүрегей тротуар бойымен әрі-бері бүлкектеп, жан - жағына жалтақ-жалтақ қарай берді. Анда-санда бір тоқтап, табанынан ызғар өткен соң аяғын алма-кезек көтереді де: япыр-ау, осы мен қалайша адасып кеттім дегендей қыңсылап қояды.


Таңның атқанын, күннің батқанын, тіпті мынау бұрын аяқ басып көрмеген бейтаныс көшеге қалай тап болғанын да жақсы біледі.


Балташы Лука Александрин ертеңгісін құлақшынын милықтата киіп, қызыл шүберекке ораған әлдебір затты қолтығына қысты. Дүрегей тақтай сүргілейтін жаңғырық астындағы ағаш үгіндісінде жатыр еді:


— Каштанка, кеттік! - деген таныс дауысты естіп жылы орнынан атып шықты да, рақаттана бір керіліп алып, иесінің соңынан салпақтап ере жөнелген. Лука Александрычқа жалға жұмыс тапсыратын адамдар тым қашықта тұратын, солардың әрқайсысын бір сүзіп шыққанша балташы талай трактирге кіріп, сусын қандырып алушы еді. Жол бойы өзін шектен тыс дарақы ұстағанына да Каштанка енді өкінгендей. Көшеге еріп шыққанына қатты қуанған дүрегей біресе далақтап көрінген конканы1 қуалап кетті де, енді бірде қайдағы жоқ ауланы тіміскілеп, абалап бейтаныс иттерге жармасты. Жиі-жиі көз жазып қалған балташының қайта-қайта тоқтап оған зекіп ұрысқаны да есінде. Қызара бөртіп Лука Александрычтың сызданып:


— Сеспей қат!.. Сеспей қатқыр албасты, - деп құлағынан тартқанын да ұмытқан жоқ.


Шаруа жайын түгендеп алғаннан кейін Лука Александрыч жолай қарындасына соқты да, ол үйден де ішерін ішіп, жерін жеп шықты; онан соң танысына кірді, танысынан шығып трактирге, трактирден соң құда-құдағи, жегжатын аралап кетті. Ақыры Каштанка осы бір бейтаныс көшеге жеткенде қас қарайған, балташы да меңдуана жегендей өле мас еді. Екі қолын дамылсыз ербеңдетіп, әлденені күбірлей берген:


— Құдай ана құрсағында ақымақ етіп жаратқан соң қайтерсің! Еһ, күнәһармыз ғой, күнәһармыз! Енді, міне, көше-көшенің шамдалын санап келе жатқан түріміз мынау! Өле қалсақ түбі мақшар күні тозақ отына түсеміз...


Кейде құдды қайырымды жандай Каштанканы қасына шақырып, онымен кәдімгідей-ақ шүйіркелесетін:


Сен Каштанка, елірме, сен бар болғаны хайуансың. Ал хайуан мен адамның арасында ісмер балташы мен көк инені көлденен түрте білмейтін етікшідей айырма бар...


Екеуі өстіп әңгімелесіп отырғанда аяқ астынан гүмпілдеген музыка үні құлақ тұндырып жіберді. Каштанка жалт бұрылғанда, көше тепкілеген бір полк солдат басакөктеп келеді екен.


Бұрын мұндай жат үнді естіп көрмеген Каштанка кірерге тесік таппай, ақыры сасқанынан қыңсылап жіберді. Оның қатты бір таңданғаны, балташы бұл сияқты байбаламдап сасқан да жоқ, ыржалаңдап күлді де, сосын бес саусағын самайына тіреп, қалшиып қатты да қалды. Иесі тыйып тастамаған соң дүрегей даусын онан сайын боздата екі-үш дүркін ұлып-ұлып алды да, жын қаққандай келесі беттегі тротуарға безе жөнелген.


Сонан есін жиғанда музыканың үні өшіп, полк те көзден ғайып болған екен. Каштанка көшені тағы да кесіп өтіп, баяғы орынға қайтып келгенде балташы да зым-зия жоқ боп шықты. Әрі шапқылады, бері шапқылады, арам тер боп көшені де сан қиып өтті; Лука Александрычты жер жұтып қойғандай... Тым болмаса ізін табармын деген үмітпен тіміскілеп жаяу соқпақты иіскелеп еді, әлдебір су жаңа калош киген сұмырай шиырлап таптап кетіпті де, сасыған резеңке иісінен танауы тарс бітіп, әбден мысы құрыды.


Каштанка үшті-күйлі жоғалған иесін жоқтап әлекке түсіп жүргенде көз байланып кеткен еді. Көшелердің екі қапталындағы шам атаулының бәрі сықсиып - сықсиып жамырап шыға келді де, үй-үйдің терезелерінен сығырайған оттар көрінді. Жапалақтап қар жауып тұр; тас көше ақ көбікке малынып, ат біткен ақ жабу, арбакеш атаулы ақ қалпақ киіп алғандай, қараңғылық қоюланған сайын дүние де ағараң тартты. Ерсілі-қарсылы сапырылысқан тапсырысшылардың аяғынан ығысамын деп Каштанканың басы айналып, еш нәрсені аңғарудан қалды. (Ол адам атаулыны екі-ақ топқа бөлетін еді: бір тобы қожайындар, екінші тобы тапсырысшылар; екі топтың бір-бірінен айырмашылығы да жер мен көктей: қожайынның Каштанканы ұрып-соғуға қақысы бар да, тапсырысшыларды, керісінше, анда-санда тақымын тістеп қоюға да болады деп ойлайтын.) Әлдеқайда асыққан қалың жұрт оны елемеді. Көше тас қараңғы, Каштанканың үрейі ұшып, зәре-құты тас төбесінен шықты. Ақыры, әлдебір подъезді паналады да, сыңсып ұзақ жылаған еді. Күні бойы Лука Александрычқа салақтап еремін деп сүлесоқ боп шаршап та қалыпты, суық сорған табаны мен құлағының ұшы да тызылдап әкетіп барады, оның үстіне әлі нәр татқан жоқ. Ұзақты күнге екі-ақ рет ауыз қыбырлатқан: ертеңгісін Лука Александрычтың танысының үйіне барғанда азғантай клейстермен оразасын ашты да, одан соңғы трактирден тімтініп жеген шұжықтың қабығы аш құрсаққа жұғын болсын ба. Егер Каштанка адам болса: "Бүйтіп кешкен өмірі құрысын! Атылып өлгеннің өзі артық!" дер еді.


II


Жұмбақ бейтаныс


Бірақ оның еш нәрсені ойлауға шамасы келген жоқ, тек жылаумен болды. Жапалақтап жауған көбік қар бас-көз демей тұмшалап барады, әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда ғана кірпігі айқасып еді, кенет подъездің ілмегі сылдырлады сықырлап барып ашылған есік бөксесіне сарт ете қалды. Атып тұрды. Тегі, тапсырысшылар тобына жататын болуы керек, ар жақтан әлдебір адам шықты. Каштанка қыңсылап аяғына оралған соң ол да елемей кете алмады. Еңкейіп келіп:


— Көпегім - ау, сен мұнда қайдан жүрсің? – деді. Бір жерін ауырып қалды ма? О, бейшара, байғұсым - ай... Жә, ренжіме, ренжіме енді... Кешір.


Каштанка қар кептелген қас - кірпігінің астынан сығалап қарап еді, бейтаныс ап-аласа, топ-толық, сақал-мұртын жылмита қырған бауырсақ бет кісі екен, үстінде өңірі айқарылған ішік, басында түбек қалпақ.


— Неменеге қыңсылай бересің? - деді ол Каштанканың арқасына жабысқан жылбысқы қарды алақанымен сыпырып тастап. - Иесіз ит болушы ма еді. Адасып қалғансың - ау, тегі? Әй, алаңғасар төбетім - ай! Ал енді не істедік?


Бейтаныстың жылы-жылы сөйлегенін дауысын сезіп, Каштанка оның қолын жалап -жалап алды да, бұрынғысынан бетер қыңсылай жөнелді.


— Өзің бір тәп-тәуір, сүйкімді неме екенсің? - деді бейтаныс. - Түлкіден айнымайсың! Амал қанша, ер енді маған. Мүмкін, әлдебір қажетке жарап та кетерсің... Фюйть!..


Ол ернін шүршитіп ысқырып қалды да "Кеттік!" дегендей қол сермеді. Каштанка қарсылықсыз ере жөнелген.


Осыдан жарты сағаттай уақыт өткен соң ол абажадай жап-жарық бөлмеден бір-ақ шықты; бейтаныс үстел қасына жайғасып алып тамақ жеуге кіріскен, бұл болса басын бір жағына қисайтып, сілекейін шұбырта, екі көзі жәудіреп телміріп отыр. Бейтаныс бұған да анда-санда бірдеңені тастап қояды... Әуелі тісіне тигені бір үзім нан, онан соң ірімшіктің көгеріп кеткен қыртысы, еттен де дәм татты, бәліш пен тауықтың сүйек-саяғынан да құр қалған жоқ, бірақ иттей ұлыған асқазанның ашқарақтығынан апыл-ғұпыл асаймын деп, осы мол сыбағаның бірінің де дәмі таңдайында қалмады. Құрсағына ел қонған сайын ындыны кеуіп, қанағаты қашқан сияқты.


— Байқаймын, қожайының сені тойдырып тамақтандырмайды - ау, тегі, - деді бейтаныс иттің алдына түскен асты талғамай қомағайлана асағанына қарап, - құр теріден басқа қырып алар қызылың жоқ...


Каштанка алдына келгенін қайтарған жоқ, бірақ тойған да жоқ, тек әлден уақытта ғана масаң тартқанын сезді. Тамақ жеп болған соң бөлменің ортасына аяғын созып жіберіп, керіліп жатып алды да, дәмді астың буымен бойы балқып, құйрығын бұлғаң-бұлғаң еткізіп еркелеп қойды.


Жаңа қожайыны креслоға шалқалап жатып сигарасын тартып біткенше Каштанка да құйрығын ербеңдетіп қойып біраз ойға шомды: қалай өзі - балташының үйі жақсы ма, жоқ әлде мынау бейтаныстың үйі оңды ма? Бейтаныстың тұрмысы кедейлеу, мүлкі де ұсқынсыз көрінді, кресло, диван мен кілемдерден басқа дым жоқ, бөлме үңірейіп бос жатқан тәрізді; ал балташының үйінде дүние деген аузы-мұрнынан шығатын: үстел, тақтай сүргілейтін жаңғырық, ат - көпір жаңқа, үстірік, торғай қамайтын тор, араның неше түрі толып жатушы еді... Бейтаныстың үйінде алабөтен иіс-қоңыс та жоқ екен, ал балташының пәтері қашан да көкала тұман, әсіресе желім мен лактың ағаш үгіндісінің танау жаратын иісін айтсаңшы. Дегенмен, бейтаныстың ит әулеті құрметтейтін ерекше қасиеті де жоқ емес: тамаққа мелдектетіп тойдырады, обалы кәне, адалын айтқан жөн, мана Каштанка үстелдің қасынан шықпай мөлиіп отырып алғанда бір де рет қол тигізген жоқ, әдетте қожайынның Жер тепкілеп: "Жоғалт көзіңді, қарғыс атқыр!" - деп зекитін үйреншікті айғайын да естімегеніне таң қалды.


Сигараға айызы қанған соң Каштанканың жаңа қожайыны тысқа шығып кетті де, бірер минуттан кейін қолына кішкентай бөстек ұстап бөлмеге қайта кірді.


— Әй, төбет шырақ, енді бері кел! - деді де, бөстекті диван қасындағы бұрышқа апарып төседі. - Осы жерге қисай да үйықта!


Сосын ол шамды өшіріп, тағы да шығып кетті. Каштанка бөстекке барып жатты да, көзін жұмды, көшеден шәуілдеген беймаза үнді естігенде бұл да жауап қатқысы келіп еді, бір -ақ аяқ астынан көңілін мұң торлап үндемей қалды.


Дүрегей Лука Александрычты, оның баласы Федюшканы есіне алды, жаңғырық астындағы жылы орнын аңсады... Қыстың ұзақ кештерінде балташы ағаш үстіріктеп, иә болмаса газет оқып, уақыт өлтіретін еді де, Федюшка екеуінің ермегі қашан да ойын болатын... Федюшка мұны жаңғырық астында жатқан жерінен дырылдатып сирағынан суырып алатын да, неше түрлі фокус жасап, қашан Каштанканың көзі бұлдырап, денесі дел-сал болғанша әбден әурелеп, есін шығаратын. Ең әуелі екі аяқтатып жүргізеді, сосын қоңырау бол дейді: ондағысы құйрығынан созғылап, қыңсылатып, бажылдатқаны; ақыры насыбай атқызып бір - ақ тынатын. Осымен құтылса жөн ғой, сол көп фокустың ішіндегі запы қылатын ең азаптысы - ет асату, Федюшка жіңішке жіптің ұшына ет байлап еденге тастайтын да Каштанка оны қылғытып жіберген сәтте жұтқыншағын жырта жұмырынан қайта суырып алатын. Осының бәрі көз алдына елестегенде Каштанка шыдай алмай қапалана қыңсылап жіберді.


Бірақ әрі шаршап, әрі жылы төсеніштің әсерінен қалжырап барып көп ұзамай ұйықтап кетіп еді... Түсінде де өңкей бір иттерді көрді; соның бірі - күндіз көшеде жолыққан бір көзінің ақ шелі бар сабалақ жүнді мұрт, кәрі пудель. Қолына келдек ұстаған Федюшка пудельді тырағайлатып қуа жөнеліп еді, бір қызығы, үсті - басын түк басқан әлгі пудель әрі-беріден соң төрт аяқтап Каштанканың қасына қайтып келді. Екеуі бір-бірінің танауынан рақаттана иіскеп, көшені бойлай шаба жөнеліскен...


III


Жанға жайлы жаңа таныстар


Каштанка ұйқысынан оянғанда бөлме іші жап-жарық болатын, тыстан естілген дабыр -дұбырға қарағанда, таң да атып қалғанға ұқсайды. Қасында тірі жан жоқ екен. Керіліп-созылды, есінеді, сосын нәумез қалпы бөлме ішін салғырт қана аралап шықты. Бұрыш -бұрышты, жиһаздарды иіскеледі, ауызғы бөлмені де шарлап, қызықты ештеңе таппады. Ауызғы бөлмеге апаратын есіктен басқа тағы бір есік бар екен. Каштанка біраз ойланып тұрды да, тырмалап жүріп оны да ашып, келесі бөлмеге өтті. Жұмсақ көрпені қымтана түсіп, кереует үстінде көрінгендей боп жатқан тапсырысшының бет жүзінен кешегі бейтанысты шырамытты. Алғашында ыр - рр етіп жақтырмай қалған, бірақ іңірдегі тыңқия тойып жеген тамағы есіне түсті де, құйрығын қылмыңдатып, жағымпаздана иіскей бастады. Киімі, етігі де аттың тері саситын сияқты көрінді оған Хағы бір есікті көзі шалды, ол да тарс бекітулі екен. Әйтеуір тырмалап жүріп, бар күшін сала күшеніп мұны да зорға дегенде ашып еді, танауына жағымсыз бір күлімсі иіс келді. Әлдеқандай күн туып, әлдекімге тап болам ба деген қауіппен қабырғасына қағаз тұтылған кішкентай ғана лас бөлмеге танауын тыға берді де, зәре-құты қалмай табан астында кері ытқып шықты. Өң мен түстей бір қорқыныш, мойнын созып жіберіп сұр ата қаз ысқырып тұр екен. Оның қасындағы бөстек үстінде бүк түсіп ақ мысық жатыр. Каштанканы көріп ол да орнынан атып тұрды да, арқа жүні күдірейіп, құйрығын қайқайтып айбат шекті. Шынында зәресі зәр түбіне кетіп еді, бірақ соны сездіргісі келмей-ақ мысыққа шабалана тап берді... Мысықтың белі онан сайын аспанға шығып ысқырынып біраз тұрды да, Каштанканы қасқа маңдайдан салып кеп жібергені. Сасқанынан ыршып түсті де еденге төрт тағандап жатып алып мысыққа бедірейген күйі айда кеп бажылдасын, дәл осы кезде ата қаз арт жағынан бастырмалатып, тұмсығымен аш бүйірден періп кетті. Каштанка енді соған ұмтылғанда:


— Бұ не сұмдық? - деген ызғарлы дауыс естілді де, бөлмеге езуіне сигара қыстырған бейтаныс кеп кірді - Бұл не сұмдық? Тоқтатыңдар!


Ол мысыққа барды да, оның күжірейген жон арқасынан шертіп қалды.


— Федор Тимофеич, ұят қайда? Төбелес дегенді қайдан шығарып жүрсің? Әй, сен кәрі шөңгені ме! Жат!


Сосын қазға бұрылды:


— Иван Иваныч, орныңа бар!


Мысық бөстегіне барып жатты да, көзін жұмды. Танауы мен мұртының дамылсыз жыбырлағанына қарағанда бекерге қызбалыққа салынып, жоқ жерден жанжал шығарғанына өзі де өкінген тәрізді. Ата қаз асығып - аптығып, аузы-басы сыпсыңдап әлдебір өсекті соғып жатты, бірақ оның не айтып, не қойғанын өкпесі қара қазандай боп тұрған Каштанка түсінген жоқ.


— Жә, жә, болды енді! - деді оған қожайын езуін кере есінеп алып. - Тату-тәтті тұрғанға не жетсін. Сосын ол Каштанканың арқасынан сипады.- Ал сен, сары сабалақ, бекерге қорқасың. Бұлар момақан жұрт, орынсыз жәбірлемейді. Айтпақшы - ау, сенің атыңды кім деп қояр екенбіз, ә? Ат қоймасақ болмайды, ағайын.


Бейтаныс біраз ойланып отырды.


— Жә, былай келіселік... Сенің атың Апай болсын... Ұқтың ба? Апай!


"Апай" деген сөзді шегелеп отырып дүркін-дүркін қайталады да, бейтаныс шығып кетті.


Каштанка шоқиып отырған күйі жан-жағына назар салды. Мысық бөстек үстінде тапжылар емес, маужырағанмен де әншейін өтірік ұйықтағансиды. Қоңыр қаз бір орында шырқ айнала, мойнын созып жіберіп, тағы да былдыр-былдыр ұзын-сонар сөйлеп кетті. Қаншама көкезу болғанмен ақылды қазға ұқсайды; шешен өз сөзінің нарқына өзі риза секілді, сарнап кеп тоқтай қалады да, кейін шегініп барып біраз ойланып алады.


Каштанка да қарыздар боп қалғысы келмеді, ыр - рр етіп қысқа ғана жауап қайтарған соң бұрыш-бұрышты тінтуге кірісті. Шағын астаушаға ас бұршақ пен қара нанның қатқан күйігін жібітіп қойған екен, бұршағы дәмсіз көрінді, нан қыртысы жеуге жарайтын сияқты. Қайдағы бір сұғанақ иттің астауды тазалап жатқанына ата қаз ренжіген жоқ, қайта мырзалық жасап, қошемет көрсеткендей әлденені былдырлап кеп өзі де қонақпен бірге дәм татқан болды.


IV


Қу бастан қуырдақ


Біраз уақыт өткен соң бейтаныс тағы да қайтып оралды, П әрпіне ұқсас, әткеншектің өресі секілді түсініксіз бір затты ала келді. Ағаштан долбарлап жасай салған П әрпінің маңдайшасына қоңырау мен тапанша ілінген де, қоңыраудың тіліне, тапаншаның шүріппесіне жіп тағып қойыпты.


Бейтаныс әлгі затты бөлменің қақ ортасына әкеліп қойды да, жіпті бір шешіп, бір байлап ұзақ отырды.


— Иван Иваныч, кәнеки! - деді ол бір кезде қазға иек қағып.


Қаз оның қасына таяп барды да, не бұйырасыз дегендей бетіне қарады.


— Жә-ә,- деп бір қойды бейтаныс - Енді іске кіріселік. Бәрін де басынан бастаймыз. Әуелі жұртқа басыңды иіп тағзым ет! Бол!


Иван Иваныч мойнын созып жіберіп, жан-жағына бас шұлғыды да, тепсініп - тепсініп қалды.


— Дұрыс, жарайсың... Енді өле қал!


Иван Иваныч аяғы аспаннан келіп, серейіп ұшып түсті Осындай мән-маңызы шамалы біраз фокустар жасаған соң бейтаныс кенет:


— Ойбай, өрт! Өртендік, ойбай! - деп көзі шатынап шашын жұлып бақырып жіберді. Сол-ақ екен, Иван Иваныч жүгіріп барып тісімен жіптің бірін тартып - тартып қап еді, қоңырау сылдыр-сылдыр қақты.


Бейтаныс қатты разы болса керек, қаздың сорайған мойнынан сипап - сипап қойды.


— Жарайсың, Иван Иваныч! Ал енді былай, сен гауһар алтынмен сауда жасайтын зергерсің делік. Ертеңгісін келсең, дүкеніңді ұрылар тонап жатыр екен. Сонда не істемексің?


Қаз екінші жіптің ұшын тістеді де, тартып қалды, гүрс еткен тапанша даусынан құлақ тұнды. Каштанка қоңырау сылдырына да мәз боп қалып еді, ал тапанша атылғанда есіргені соншалық, абалап, айнала шауып ес - ақылдан айырылды.


— Апай, жат былай! - деп жекірді бейтаныс. - Өшір үніңді!


Иван Иванычтың қызметі тек мылтық атумен ғана тынған жоқ. Бұдан соң да бейтаныс оны қамшымен шырқ үйіріп бір сағат бойы қуалады; түрлі кедергілерден қарғытты, шеңберден секіртті, құйрығымен еденге отырғызып, алақанын шапалақтады. Осының бәріне таң қалған Каштанка қарап отыруға төзімі жетпей ара-тұра Иван Иванычпен қосарлана далақтап бауырын жазып алды. Қаз да шаршады, ақ тер, көк терге түскен бейтаныс та мандайын сүртіп:


— Марья! - деп әлдекімге дауыстады.- Хавронья Ивановнаны шақырып жіберші!


Қас қағым болған жоқ, сұмдық бір қорсыл естілді... Тағы да бұл не пәле дегендей Каштанка ырылдап айбат шекті, бірақ кім біледі, сақтықта қорлық жоқ, амалсыз бейтаныстың артына тығылуға тура келді. Осы кезде есік ашылып, сампылдаған бір кемпір бөлмеге бас сұқты да, әрі тым реңсіз, әрі көмірдей қап-қара саталақ шошқаны енгізіп жіберді. Ырылдасын мейлі, шошқа оны ит екен деп менсінген де жоқ, талпақ танауын аспанға көтеріп алып қорсылға басты. Тегі, қожайынына, мысық пен Иван Иванычқа жүздескенге көңілі көк тіреп қалса керек. Алдымен мысыққа келіп танауымен шаптан түртіп сәлем берді де, сосын Иван Иванычтан аман-саулық сұрасты; жүріс-тұрысына, құйрығын ширатып қойып сөйлегеніне қарағанда жайдары неме секілді. Каштанка бұл доңызбен жүз шайысып жатудың қажеті шамалы шығар деген шешімге келді.


Қожайын қоңырау мен тапанша байлаған ағашты алып тастады.


— Федор Тимофеич, жақынырақ келіңіз! Мысық керіліп - созылып орнынан зорға көтерілді, сосын жалыққан баяу жүріспен бәлсініп шошқаға барды.


— Ал қазір египет пирамидасынан бастаймыз, - деді қожайын.


— Дұрыс, жарайсың... Енді өле қал!


— Ойбай, өрт! Өртендік, ойбай! - деп көзі шатынап шашын жұлып бақырып жіберді. Сол-ақ екен, Иван Иваныч жүгіріп барып тісімен жіптің бірін тартып - тартып қап еді, қоңырау сылдыр-сылдыр қақты.


Бейтаныс қатты разы болса керек, қаздың сорайған мойнынан сипап - сипап қойды.


— Жарайсың, Иван Иваныч! Ал енді былай, сен гауһар алтынмен сауда жасайтын зергерсің делік. Ертеңгісін келсең, дүкеніңді ұрылар тонап жатыр екен. Сонда не істемексің?


Ол ұзақ мылжыңдап бір нәрсені түсіндірген болды да: "Бір... екі... үш!" - деді. Үш деген сөзді естігенде Иван Иваныч далпылдап шошқаның жон арқасына ұшып шықты. Қанатын қомдап, мойнын созып жіберіп, шошқаның қылшық басқан тайғанақ сауырынан әйтеуір зорға дегенде құламай қалды. Тәйірі, осы да өнер болып па дегендей Федор Тимофеич менсінбеген сыңай танытты. Аса бір паңдықпен шошқаның үстіне нәумез секіріп шықты да, онан Иван Иванычтың шоқтығына кеп қонжиып, екі аяғымен тік тұрды. Бейтаныстың әлгі египет пирамидасы дегені осы екен. Дүрегейге бұл да тамаша, бірақ көп қызықтай алған жоқ, өзінен-өзі бәлсініп, есінеп отырған Федор Тимофеич аяғы тайып кетіп, еденге ұшып түсті де, онымен қоса Иван Иваныч та былш ете қалды. Қып-қызыл даудың ақыры тағы да бейтаныстың ақыл айтуымен тынды - ау әйтеуір. Пирамиданың әуресі бір сағатқа созылды. Қожайын да шаршамайтын бір безер екен, Иван Иванычты Федор Тимофеичке салт мінгізіп сандалтты да, қоймай жүріп Федор Тимофеичке темекі тартуды үйретті. Дүрегей назар салмаған бұдан басқа да ұсақ-түйегі толып жатыр... Бұғағынан сорғалаған көк терді сүртіп тастап бейтаныс шығып кетті. Сабақ та осымен біткен сияқты, өйткені Федор Тимофеич жиіркене бір пысқырып, бөстегіне барып қисайды, Иван Иваныч болса өзінің әдетінше астауды жағалап жүр, ал Хавронья Ивановнаны манағы сампылдақ кемпір қуалап алып кеткен.


Осындай ойға келмейтін таңғажайып талай қызықтың әсерінен Каштанка күннің қалай батқанын сезбей де қалды. Ал кешкісін оны бөстегімен қоса Федор Тимофеич пен Иван Иванычтың қабырғасына қағаз тұтылған сасық бөлмесіне біржола қуып тықты.


V


Талант! Талант!


Арада ай өтті.


Каштанка күнде кешке алдына келетін дәмді асқа да, Апай деген өзінің атына да үйреніп кетті. Бейтанысқа да, жаңа көршілеріне де үйірсек боп алды. Шіркін, өмір деген осы екен-ау деді ішінен.


Тек бір күннен екінші күннің айырмашылығы шамалы боп барады. Әдетте, Иван Иваныч құлқын сәріден оянып алады да, біресе Федор Тимофеичке, біресе Каштанкаға келіп, әлденені ерні ерніне жұқпай сыпылдап айтып кеп жатқаны, өкініші, сонан дым түсінсе бұйырмасын. Кейде ол мойнын аспанға созып, ұзақ монолог оқитын. Алғашқы танысқан кезде Каштанка оның көпіріп көп сөйлеуінің себебін ақылының асып-төгілуінен шығар деп ойлаушы еді, енді мән беруді де қойды; жұртқа құдайдың құтты күні ұйқы бермей, жоқтан өзгені өсек қылатын көк мылжыңға бұрынғыдай құйрығын бұлғаңдатып жатпайды, "ыр - рр" етіп қана жауап қататын болған.


Ал Федор Тимофеич мырзаның мінезі мүлдем басқадай. Ұйқыдан қашан оянса да тұяқ серіппей орнында жата береді, тіпті, көзін ашуға да ерінетін. Шамасы, өмірден біржола түңілген сыңайы бар сияқты. Еш нәрсеге парық жасамайды, айналадағы тірлікке нәумез, жұртты ит етінен жек көреді, керек десең, алдына қойған асты жеп отырып та жиіркене пысқыратыны бар.


Каштанка төсектен тұрысымен бөлменің бұрыш - бұрышын бір шарлап шығатын. Үй ішінде емін-еркін жүруге Федор Тимофеич екеуінің ғана қақысы бар еді, Иван Иванычқа сасық бөлменің табалдырығынан аттап шығуға тыйым салынған, ал Хавронья Ивановна ауладағы бір сарайда күн кешіп жатыр, тек сабақ кезінде болмаса бұл жаққа бас сұға бермейді. Қожайын шаңқай түс бола зорға тұрады, одан жайланып отырып шай ішеді де, шөлі қанған соң тағы да өзінің фокусын бастайды. Күн сайын П әрпі сияқты ағаш дуалын, шеңбер, ұзын қамшысын сүйретіп кіреді, үйрететіні баяғы сол бір тіршілік. Үш-төрт сағатқа созылатын бұл сабақтың азабы да айтып жеткізгісіз; Федор Тимофеич мас болғандай аяғын шалыс басып бөстегіне әзер жететін де, Иван Иваныч ентігін баса алмай ықылық ататын, ал қып-қызыл боп булыққан қожайынның өзі терін сүртуге шамасы келмей сандалып отырып қалушы еді.


Дүрегейдің бар қызығы - жаттығу мен түскі ас қана, кеш батарда көңілін қаяу басады. Күн сайын Федор Тимофеич пен Иван Иванычты ертіп қожайынның бір жаққа кететін әдеті. Жалғыз қалған соң Апай бөстегіне барып жатады да, ойға шомады... Ымырттың алагеуім бұлдырындай бірте-бірте көңілін мұң шалады. Үруге де, тамақ жеуге де, тімтініп үй ішін кезуге де зауқы жоқ; не адам емес, не ит емес, бірақ жүзі таныс, көзге белгісіз бір мақұлықтар көз алдына елестейді; соларды елестеткен сайын дүрегей байырғы досын жолықтырғандай құйрығын бұлғаңдатып еркелегісі келетін... Сонан талықсып барып ұйықтағанда әлгіндегі бір елестен танауында желім мен лактың, ағаш жаңқасының таныс иісі қалушы еді.


Дүрегей бірте-бірте бұл өмірге де көндікті, кешегі сабалақ жүнді жаман сары сауырынан бит домалағандай жуан сары төбет шыққан кезде қожайын арқасынан сипап:


— Ал, Апай, сенің де бір іспен шұғылданатын уақытың жетті, - деді. - Әйтпесе тоқтықтан азып кетесің. Мен сенен әртіс жасап шығарам... Сен өзің әртіс болғың келе ме?


Сөйтіп, сары дүрегейді ол әр нәрсеге баули бастады.


Алғашқы үйренгені артқы екі аяғымен тік жүру еді, бұған да мәз болып қуанды. Ал келесі күні тік шапшып, қожайынның қолындағы шақпақ қантты қақшып түсуге шамасы жетті. Қойшы, әйтеуір, күн өткен сайын әр түрлі өнерді меңгерді: биледі, музыкаға қосылып ұлыды, қоңырау қақты, мылтық атты, сонан бір ай шамасы өткенде Египет пирамидасындағы Федор Тимофеичтің қызметін атқаруға да жарап қалды. Жаттығуға жалықпады, әрі өзінің зеректігіне де өте разы еді; тілін салақтатып арқан үстімен жүгіргеніне, шеңберден секіргеніне, әсіресе, Федор Тимофеичке мініп алып бүлк-бүлк желгеніне керемет рақаттанатын. Әрбір қызықты өткен фокус сайын бөлмені басына көшіре шаңқылдағанда қожайын да жымың-жымың қағып, алақанын жанып - жанып қойып: "Талант! Талант! - деуші еді. - Сөз жоқ, талант! Маңдайың жарқырайын деп тұрған талантсың!"


Талант деген сөзге Апайдың құлағының үйренгені соншалық, кей сәттерде қожайын осы сөзді әлдеқалай айта қалса, мені шақырып жатқан жоқ па екен деп, жатқан орнынан атып шығатын болды.



Тынышсыз өткен түн


Түсінде көше сыпыратын шал сыпыртқысын қоқаңдатып қуып келе жатыр екен, Апайдың зәре-құты қалмай, ақыры шошып оянды.


Бөлме іші тым-тырыс, қап-қараңғы, әрі қапырық екен. Бір жағынан бүрге де талап әкетіп барады. Бұрын ол қараңғыдан қорықпаушы еді, неге екені белгісіз, бұл жолы жоқ нәрсеге елегізіп, берекесі қашты да, қарап жатып үріп - үріп жібергісі келді. Көрші бөлмеден қожайынның қорылы естіледі, біраздан соң сарай ішінен шошқа қорсылдады да, тағы да тым-тырыс болды. Мұндайда тек тамақты ойласаң ғана көңілің жай табады. Апай бүгін күндіз Федор Тимофеичтің сыбағасынан тауықтың бір сирағын ұрлап алып, ас үйдегі шкаф пен іргенің арасындағы шаң басқан қуысқа апарып тыққан болатын. Орнында тұр ма, жоқ па, көріп қайтса да болар еді. Кім біледі, қожайынның көзі шалса, жеп қоюы да мүмкін. Әттең, таң атпай бұл бөлмеден қия басып шығуға рұқсат жоқ, тәртіп осындай.


Апай көзін жұмды да, тезірек ұйықтап кетуге тырысты, өйткені ұйқың қатты болса -таңның да тез ататынын ол тәжірибеден көріп жүр. Бірақ кешікпей тура қасынан әлдебір сарнаған дауыс естілді де, тұла бойы қалшылдап ұшып тұрды. Айғайлаған Иван Иваныч екен, тек әдепкідегі оның быдықтаған былдырыңдай емес, топсасын тот басқан есіктің ащы сықырыңдай сүйкімсіз. Қараңғыда еш нәрсені айырып болмайды, ақыры түкке түсінбеген Апай үрейі ұшып ыр - ыр етті де, қайта жатты. Жамбастың кемік басын кеміргендей уақыт өткенше Иван Иванычтан үн шыққан жоқ. Апайдың көңілі орнына түскен соң көзі ілініп кетіп еді. Тағы да түс көрген екен: өлі жүні түспеген алым-жұлым екі дәу қара төбет дәу табақтағы буы бұрқыраған шайындыға сұғынып жатыр, анда-санда Апайға қарасып қояды да. "Сұқтанбай аулақ жүр!" - деп тістерін ақситып ыр ете қалысады. Бір кезде үйден тон киген мұжық жүгіріп шықты да, екеуін де бишіктің астына алып қуып жіберді. Мұның дәмді шайындыға енді ғана ауыз сала беруі мұң екен, мұжықтың көзін ала беріп екі қара төбет тарпа бас салып талады да, баж-баж еткен ащы айғай құлақ тұндырды. Шырық бұзған тағы да Иван Иваныч еді. Шошып оянған дүрегей ойбайын сап шабаланды да қалды. Оған бөлмеге әлдебір құбыжық кіріп кеткендей көрініп еді. Сырттағы сарайдан тағы да шошқа қорсылдады.


Сарп - сұрп сүйретілген башмактың тықыры естілді де, қолында шырағданы бар халат жамылған қожайын кеп кірді. Ала бұлдыр сағым қабырға мен бұрышты секектей тінткілеп, қараңғылықты біраз сейілткендей болды. Бөлмеде бөтен ешкім жоқ екен. Иван Иваныч еденде ұйықтап жатыр. Қанаты жайылып, аузы ашылып қалған, ындыны әбден кепкендіктен бір жұтым су тілеп жатқан тәрізді. Федор Тимофеич қария да ұйықтамапты. Ол да айғайдан оянса керек.


— Иван Иваныч, саған не болды? - деді қожайын. - Неге айғайладың? Әлде сырқаттанып қалдың ба?


Иван Иваныч тіл қатқан жоқ. Қожайын оның мойнынан, арқасынан сипады.


— Қызықсың - ау. Өзің де ұйықтамайсың, өзгеге де тыныштық бермейсің.


Қожайын шырағданды алып шығып кетті де, бұлар тағы да тас қараңғыда қалды. Қорыққанның көкесі енді басталды. Иван Иванычта үн жоқ, бірақ дүрегейге қараңғы бұрышта көлбеңдеп әлдебіреу тұрғандай болып елестеді. Сол құбыжықты жүгіріп барып қауып алайын десе, дәті жетпеді, әрі не қолға түспейтін, не ауызға ілікпейтін елес сияқты көрінді. Неге екені белгісіз, әйтеуір, бүгін түнде бір жаманшылықтың боларын іші сезгендей. Федор Тимофеичтің де тынышы кеткен. Бөстегін тықырлатып, сілкініп, қайта-қайта есіней бергенін де естіп жатыр.


Тыста әлдебіреу дарбазаны қаққандай болды да, артынша шошқа қорсылдады. Дарбазаның тықыры, шошқаның қорсылы, Иван Иванычтың мезгілсіз айғайы, мынау өлі тыныштық пен қараңғы бұрыштан сығалаған құбыжық - осының бәрі үрей туғызып, жабырқау көңілді онан сайын езіп барады. Жұрттың ұйқысы неге қашты? Анау бұрышта отырған құбыжық кім? Міне, тура көз алдына келіп көгілдір екі от тұра қалды. Осы бөлмеде танысқаннан бері тәкаппар Федор Тимофеичтің алғаш рет өздігінен жанасқаны осы еді. Дәл бүгін мұны кім зорлады? Неменеге келдің деп сұраған да жоқ, мысықтың сұп-суық табанынан жалады, сосын алқымнан шыққан күйінішке шыдай алмай ұлып жіберді. Бұған Иван Иваныч қосылды:


— К-ге! К-ге-ге!..


Есік ашылды да, шырақ ұстап тағы да қожайын келді. Қаз баяғы сол қалпында тырп етпей жатыр екен; аузы ашылған, көз жұмулы, канаты жайылып кетіпті.


— Иван Иваныч! - деп дауыстады қожайын.


Қаз құлақ асқан жоқ. Қожайын оның қасына келіп жүрелей отырды да, үн-түнсіз ойланып қалды.


— Иван Иваныч! Саған не болды? Өлейін деп жатқаннан саумысың? Аһ, құрғырды, енді есіме түсті ғой! - деп ол аһ ұрып, басын ұстай алды. - Енді ғана есіме түсті ғой! Мана ат теуіп кеткен еді-ау сені!


Қожайынның не айтып, не қойғанын Апай түсінген жоқ, бірақ оның бет-әлпетінен бір жаманшылықтың боларын тағы сезді. Төбеде жылтыраған бұлдыр терезеден әлдебіреу сығалағандай көрінді де, Апай танауын көкке көтеріп дауыс қыла бастады.


— Апай, Иван Иваныч әл үстінде жатыр! - деп қожайын екі қолын ербеңдетті. - Өлейін деп жатыр! Ажал деген тажал кірді бұл үйге! Енді қайттік!?


Өңі қашқан қожайын аһылап-уһілеп өз бөлмесіне беттеді. Көрдей қараңғыда қала беруге қорқып Апай да оның соңынан ере кетті.


Әп-сәтте дүниенің астан - кестені шықты, жанға батқан мұң қасіретін сезсе де, соның мән-жайын түсіне алмаған Апай қожайынның аяғына оралып, жүріс-тұрысын бақты. Түн баласында бөстегінен ұзап ешқайда көп кете қоймайтын Федор Тимофеич те осында, ол да қайта-қайта иесінің аяғына сүйкенумен болды. Әлдебір жаман ойды сілкіп тастағысы келгендей жиі-жиі басын шайқап, кереует астына күдіктене қарап қояды.


Қожайын кішкентай табаққа қолжуғыштан су құйып алып тағы да қазға келді.


— Иван Иваныч, сусын ішші, - деп табақты еппен ғана алдына апарып қойды - Іше ғой, күнім.


Иван Иваныч сусынға қарамақ түгіл көзін де ашқан жоқ. Қожайын оның басын еппен көтеріп, танауын аяқтағы суға тықты, бірақ осы кезде Иван Иванычтың аяғы серең етті де, созылған мойны су ішінде сұлық қалды.


— Енді қолдан келер қайран жоқ! - деп қожайын қатты күрсінді. - Атауын да іше алмады -ау! Айырылдық Иван Иванычтан.


Жаңбырлы күнде терезе шынысынан жылап аққан тамшы сияқты мөлдір шық қожайын көзінен үзіліп түсті. Түкке түсінбеген Федор Тимофеич пен Апай серейіп жатқан Иван Иванычтан үрейленіп, қожайынның аяғына тығыла берді.


— Қайран Иван Иваныч! - деді ол күрсініп. - Жазға жетсең саяжайға алып барып, көк құрақтың шүйгініне емін-еркін бір жаярмын деуші едім. Күнәсіз хайуан, қайырымды менің досым - ай, сенен де айырылдым! Сенсіз күнім не болмақ?!


Ерте ме, кеш пе, бұл тағдыр Апайдың басына да төнетін сияқты көрінді, төрт аяғы төрт жақта, тілі сала құлаш болып мәңгілікке көз жұмған тексіз сары дүрегейге де артында қалған дос-жараны дәл өстіп сұқтана қарар ма екен. Тегі, Федор Тимофеичті де осы бір уайым қинап тұрса керек, ғұмыры дүниені парық қып көрмеген кәрі мысық дәп қазір тым тұнжыр, көңілі қаяу еді.


Бозарып таң атты, үй іші бозамық тартып, түні бойы Апайдың зәресін ұшырған құбыжықтың да қарасы үзілген. Күн шығар алдында көше сыпырушы келді де, Иван Иванычты сирағынан ұстап сүйретіп алып кетті. Одан соң кемпір кірді де, бұрыштағы жем салған астаудың көзін құртты.


Апай ас үйге барды да, шкафтың артына үңілді, кешегі тыққан тауықтың сирағына қожайын тиісе қоймапты, шаң-тозаңның ішінде тастаған күйі әлі жатыр екен. Бас салып кеміруге Апайдың тәбеті шаппады, көңілі жарым, көзінде жас, ағыл-тегіл жылағысы келді. Сосын диванның астына кірді де, қыстыққаннан жатып алып сыңсыды - ай келіп...


VII


Сәтсіз дебют


Бір күні кешқұрым қожайын қара қожалақ қағазбен шапатталған қаңсық бөлмеге кірді де, алақанын жанып - жанып: "Жә-ә", - деп ойланып тұрып қалды. Тағы да бірдеңе айтқысы бар еді, бірақ неге екені белгісіз, үндемей шығып кетті.


Жаттығу кезінде оның қас-қабағын бағып үйреніп қалған Апай қожайынның әлденеге қобалжып, мазасы кетіп жүргенін сезе қойды. Біраздан соң ол тағы қайтып оралды.


— Бүгін Федор Тимофеич екеуің менімен бірге жүресіңдер, - деді. Апай, сен Египет пирамидасында марқұм Иван Иванычтың орнын басатын боларсың. Не шығарын кім білсін. Үйренгенің аз, жаттығуың кем, уақыт та тығыз болды. Масқараға ұшырап, ұятқа қалып жүреміз бе деп қорқамын.


Ол тағы да шығып кетті де, бірер минуттан соң ішігі мен қалпағын киіп қайта кірді. Әуелі ол мысыққа келді де, сирағынан суырып алып қойнына тыға салды. Федор Тимофеич оған қыңқ еткен жоқ, тіпті ұйқылы-ояу көзін де ашпады. Кәрі мысыққа екі дүние бәрібір сияқты, арқасынан сипай ма, сирағынан сүйрей ме, бөстекте жата ма, жоқ, қожайынның омырауында үйықтай ма, мейлі...


— Апай кеттік!


Ешнәрсеге түсінбеген Апай құйрығын бұлғаңдатып қожайынның соңынан ере жөнелді. Енді бірер минут өткенде, ол қожайынның аяқ жағын ала шана үстінде отыр еді, суықтан қорғалаған иесінің:


— Масқара боламыз - ау! Ұятқа қаламыз - ау! - деп қайта - қайта күбірлей бергенін де естіген.


Шана төңкерілген қазан сияқты үлкен бір үйдің алдына келіп тоқтады. Шыныдан жасалған үш бірдей есігі бар ұзын баспалдақтың маңдайы жыпырлаған фонарь екен. Сарт-сұрт ашылып-жабылған есіктер сапырылысқан жұртты жайынның аузындай жұтып жатыр. Адам деген жыртылып-айырылады, келіп-кетіп жатқан ат-көлік те көп, бірақ солардың ішінен бірде-бір ит атаулыны көре алмады.


Қожайын оны шанадан көтеріп алды да, қойнына тыға салды. Ішіктің өңірі тас қараңғы, әрі қапырық екен, бірақ жып-жылы. Тас қараңғыда көгілдір екі от жылт ете қалды. Апайдың сұп-суық табанынан тітіреніп оянған Федор Тимофеич болатын бұл Апай кешірім сұрағандай оның құлағынан жалады да, қайтсем жақсырақ жайғасам деген ниетпен тон ішінде арлы-берлі аударылып-төңкеріліп, ақыры Федор Тимофеичті жұмарлап езіп тастады, өзінің де тынысы тарылып, тұншығып бара жатқан соң зорға дегенде басын тысқа суырып алып еді, сол сәтте-ақ қорыққанынан қожайынның омырауына қайта тығылды. Ұшы-қиырсыз күңгірт сарай қайдағы бір құбыжық мақұлықтарға толы екен; қос бүйірдегі ұзыннан-ұзақ созылған темір тор үйшіктерден аттың танауын, ербиген мүйіздерді көрді, ең қорқыныштысы - дүңкиген торт аяқты салпаң құлақ қара дәу, танаудың орнына салақтаған ұзын құйрық, аузынан мүжіп тастаған екі жілік сорайып шығып тұр екен.


Мыжылып қалған мысық баж-бұж айғайға басты. Сонан әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда ішіктің омырауы ағытылды да, Федор Тимофеич пен Апай жарық дүниеге топ ете қалды.


Қабырғасы сүр тақтаймен қапталған шағын бөлме; айналы кішкентай үстел, орындық, бұрыш-бұрышқа ілінген жоқ-жұқана шүберектен басқа көзге түсетін дым жоқ, шырақтың орнына шыныдай шатынаған жап-жарық отты қорапқа салып қабырғаға іліп қойыпты. Федор Тимофеич ұйпалақтанып қалған тонын жалап - жалап алды да, орындықтың астына барып жата кетті. Қожайын алақанын уқалап қойып шешіне бастады, жүзінде қобалжу бар... Дәл қазір барып жылы көрпенің астына сүңгіп кететіндей - ақ көйлек-дамбалдан басқа дым қалдырмай түгел сыпырып тастады да, айнаға қарсы қарап отырып алып, қызық бір әлем - жәлемге кірісті де кетті. Әуелі басына едірейген шашы, ербиген екі құлағы бар парик киді, сосын бетіне ақ ұлпа жағып, оның үстіне қас - кірпік, мұрт жасап, қызыл бояумен баттастырып қойды. Қожайынның қызық шаруасы мұнымен де біткен жоқ. Бет аузын әбден бүлдіріп болған соң, ол үстіне бұрын дүрегей не үйден, не түзден көрмеген ерепейсіз кәстөм киді. Кәстөм болғанда екі балағынан ел көшкендей кең панталон және өзін алақандай - алақандай гүлі бар сисадан тіккен екен, Апай мұндай матаны кедей-кепшіктің терезесінен болмаса адам үстінен бұрын-соңды көрген емес, бір қызығы - екі балағы екі түсті, бірі қоңыр, екіншісі сарғыш. Панталонды тура кеңірдегінен апарып түймеледі де, қожайын оның үстіне арқасында алақандай жұлдызы бар шарбы жағалы сәтен күрте киді, аяғында ала-құла шұлық пен жасыл башмақ


Апайдың көз алды шұбар - ала боп жамырап кетті, көңілі де аласапыран еді. Опа жағынып, қорбиып киінген адамнан иесінің иісін танып-ақ тұр, даусы да қожайынның даусына ұқсайды, бірақ кей сәттерде көңіліне сол ма, сол емес пе деген күдік туған кезде алабажақ албастыдан безе жөнелгісі де келеді. Көзге бөтен бөлме, түсініксіз мына бір от, қожайынның аяқ астынан құбылып шыға келуі ойын он, санасын сан-саққа тентіретті де, япырай, тағы бір пәлеге ұшырап жүрмесек не қылсын деп зәресі кетті, тек әлгі бір танау орнына сала құлаш құйрық сүйреткен қара пәлекеттен сақтаса жарар еді. Оның үстіне тұп-тура іргеден музыкасы құрғыры да дамылсыз күмпілдеп, ара - тұра өкірген әлдебір жат үн мазасын алды. Көңілге медет болған жалғыз нәрсе - Федор Тимофеичтің бейғамдығы. Екі көзі жұмулы, арлы-берлі қозғалған орындықтың дырылына да мән бермей қалғып отыр.


Үстіне фрак, ақ желет киген бір кісі есікті ашты да:


— Қазір мисс Арабелла шығады. Келесі кезек сіздікі, - деді.


Қожайын жауап қатқан жоқ. Үстел астынан кішкентай шамаданды шығарып қойды да, кезегін күтіп отыра берді. Ерні жыбырлап, қолы қалтырады, Апай оның деміндегі дірілге дейін байқап қалып еді.


— Мистер Жорж, кезек сіздікі! - деп есік сыртынан әлдекім айғай салды.


Қожайын орнынан тұрып, үш қайтара шоқынды да, орындық астындағы мысықты сирағынан суырып алып шамаданға тықты.


— Ад Апай, келе ғой, - деді сосын. Бүкіл дүниеден бейхабар Апай жүгіріп жетіп кеп еді, қожайын көтеріп маңдайынан бір иіскеп, оны да Федор Тимофеичтің қасына сүңгітіп жіберді. Бұдан арғы дүние көрден де жаман екен... Тар қобдидың ішінде мысық екеуі ұмар - жұмар болды да қалды, сасқанынан шамаданның түбін тырмалап еді, одан да ештеңе шықпады, ұлиын десе үні жоқ, шамадан болса толқын үстіндегі жаңқадай секеңдеп ес кетірді.


— Мінеки, мен де келдім! - деп айғайлады қожайын - Мен де келіп жеттім!


Осы айғайдан соң шамадан шайқалғанын қойып, қатты бір затқа дүңк ете қалды. Мұқым дүниені басына көшіріп әлдекім гүжілдеп жатты, сатыр-сұтыр алақан соғылды; гүжілдеген дәу де болса танау орнына сала құлаш құйрық сүйреткен қара пәлекет шығар деп ойлады Апай, өйткені өкірген дауыстан шамаданның ілмегіне дейін ызындап кетті. Бұған жауап ретінде қожайынның шиқ-шиқ күлкісі естілді, Апай мұндай күлкіні де бұрын-соңды естіп көрген жоқ-ты.


— Уа, халайық! - деп айғай салды ол. - Уа, құрметті халайық! Жаңа ғана жолдан келіп тұрмын. Әжем өліп қалған екен, артына маған арнап мұра тастап кетіпті. Шамаданның пілдей салмағына қарағанда іші толы алтын болуы керек... Мүмкін, миллион жатқан шығар!.. Қазір ашып көреміз!..


Шамаданның ілмегі сырт ете қалды. Самсаған өткір жарықтан Апайдың көзі қарыққандай болды; шамаданнан ытып шыққан бойы құлақ тұндырған айғай-шудан үріккендей қожайынды айнала шауып үріп ала жөнелді.


— Армысың, ардақты нағашым Федор Тимофеич! Аманбысың, асыл Апайым! Тұқымың тұздай құрғыр қайран менің құрметті туыстарым!


Қожайын құм үстіне етпетінен ұшып түсті де, Федор Тимофеич пен Апайды бас салып құшақтай бастады. Қожайын екеуін жұмарлап болғанша Апай көз қиығымен айналасын шолып та үлгерген еді; тағдыр жазса тамұқты да көресің деген осы екен-ау, аяқ астынан мынау даңғарадай кең дүниеге тап болғанда Апайдың таңданғаннан есі шықты да, қожайынның құшағынан зорға сытылып, қуанғаннан бір орында тұрып алып ұршықтай үйірілді. Күмбез асты көкжиектей кең әрі жап-жарық екен; қай жағыңа көз салсаң да толы адам, еденнен тас төбеге дейін жыпырлаған өңшең бір беттер, тек қана бет-ауыз.


— Апай, орныңызға баруыңызды өтінем! - деді қожайын.


Иесінің не бұйырғанын емеурінінен танитын Апай орындық үстіне секіріп шықты. Сосын тағы да қожайынның бас-аяғына үңілді. Жанары баяғысындай байсалды да жып-жылы қалпы, тек жаялықтай аузы мен ақсиған тістерінде қатып қалған дарақы күлкі бар екен. Мынау қалың жұрттың ортасында өзін аса бір қушыкеш көңілді адам етіп көрсеткісі келгендей орынсыз секіріп, екі иығын қиқаңдатып, жөн-жосықсыз қиқылдап күле береді. Бұған Апай да сеніп қалды, тұс-тұстан сұқтанған мың сан көздің бір өзіне қадалғанын мақтан тұтқандай түлкі танауын көкке созып ұлып қоя берді.


— Апай, сіз отыра тұрыңыз, - деді қожайын. - Біз нағашым екеуміз билеп қайталық.


Осы бір бос әуреден құдай қашан құтқарады дегендей, Федор Тимофеич жан-жағын шолып қана нәумез отырған.


Биді де немкетті орындап шықты, кейісті қабағынан, жүріс-тұрысынан, мұрты мен құйрығының жыбырынан мынау дарақы тобырды, жанар жеген жарықты, қожайынды, қылаяғы өз тірлігін де ит етінен жек көретіндігі байқалды. Федор Тимофеич орнына барып қайта отырды да, көпшіліктен қымсынбай-ақ есінеп алды.


— Ал, Апай, енді сіз екеуіміз бір-екі ауыз ән айталық. Сосын билерміз. Жақсы ма?


Қожайын қалтасынан сырнайын суырып алды да, сұңқылдата жөнелді. Музыка десе тұла бойы тітіренетін Апай ары қипақтап, бері қипақтап, ақыры еріксіз ұлуға мәжбүр болды. Жұрт тағы да гу-гу шуласып, сатыр-сұтыр қол соқты.


Қожайын көпшілікке иіліп тағзым етті де, айғай-шу саябырлаған кезде сырнайын тағы ойнай бастады.... Әннің ең бір ышқынған ащы шағында жоғарыдағы жұрт арасынан әлдебір таныс дауыс естілгендей болып еді.


— Әке, мынау біздің Каштанка ғой! - деген баланың айғайы шықты.


— Дәл соның өзі, - деп жауап қатты жарқышақ масаң дауыс. - Каштанка! Федюшка, өтірік болса құдай ұрсын мені, мынау Каштанка! Фюйть!


Жоғарғы жақтан әлдекім ысқырып жіберді де, артынша:


— Каштанка! Каштанка! - деп шақырған екі дауыс жарыса шықты. Апай селт етіп дауыс шыққан жаққа қараған еді. Таныс екі адамның жүзі көзіне оттай басылды: бірі - бет-аузын түк басқан масаң мұжық, екіншісі - шекесі торсықтай томпақ бет жас бала.


Дүрегей құм үстіне бұрқ етіп орындықтан құлап түсті де, жалма-жан ұшып тұрып, жаңағы көзі шалған екі адамға қарай шаба жөнелді.


Жұрт онан сайын дүрлікті, сол айғай-шудың ішінен:


— Каштанка! Каштанка! - деген бала даусы тым ащы естіліп еді.


Апай барьерден секіріп түсіп, әлдебіреудің иығын басакөктей ложадан бірақ шықты; келесі ярусқа жету үшін биік қабырғадан қарғып етуі керек-ті; ол ары тырбаңдап, бері тырбаңдап әбден дымы құрыған кезде етекке қарай қайтадан ағып түсті. Бұл қарекетінен ештеңе шықпайтынын сезген соң бас-көз демей қалың жұрттың үстімен тұра салды да, біреудің қолын, біреудің бетін жалап жүріп әйтеуір жоғарыдағы галеркаға зорға ілікті -ау...


Каштанка киімдерінен желім мен сыр мүңкіген екі адамның соңынан салпақтап еріп келе жатыр. Аяғын теңселе басқан Лука Александрия запы қылған жыра - шұқанақтардан аулағырақ жүруге тырысты.


— Күнәнің аты - құрдым, тартады да кетеді,- деп күбірлеп қойды ол. Ал сен, Каштанка -ақымақсың. Сені мен адамның арасында ісмер балташы мен көк инені көлденең шанша білмейтін етікшідей айырма бар.


Федюшканың басында әкесінің картузы. Каштанкаға өмір деген баяғысындай жайдары сияқты көрінді, өткен күннің үзігі де жоқ, осы екі адамның соңынан баяғыдан бері салақтап еріп келе жатқандай сезінеді.


Қабырғасы қара қожалақ қағазбен тысталған тар бөлмені көз алдына елестетті, Иван Иванычты, Федор Тимофеичті, дәмді тамақ, жаттығуларды, циркті есіне алды, бірақ соның бәрі де бас-аяғы жоқ қым-қиғаш көрген түстей боп қала берді...


Аударған Қ. Ысқақов





Пікір жазу