13.04.2021
  1801


Автор: Ғабит Мүсірепов

Өлімді жеңген ана

(Горькийден)


Мақтасақ — әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел — ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!..
Азияның ақсақ барысы Темір жер бетін қанға бояп, ойды қырға теңеп, жоннан жол салып, жер шарын асықтай үйіргісі келген адам. Бұл, сансыз елді өзіне бағындырып, шексіз жерді қанға суарған, айбатынан ай жасырынған Темір.


Ол елу жыл жалғанды жалпағынан басып, өзінен өзгеде күш барын сезген де адам емес. Темірдің темір өкшесі талай қаланы молаға, талай елді далаға айналдырды. Талай мемлекетті балшықтай жаншып, шалшықтай шашып жіберді. Пілдің шойын табаны құмырсқаның илеуін қалай тапаса, бұл одан да асырды. Оның жүріп өткен жерінен төрт жағына түгел аққан қан өзендері сай-саланы топандай басты. Жеңілген елдің сүйегінен биік мұнаралы минарет, сарайлар салдырды.


Темір ажалмен күш теңестіріп, өмірді талқандады. Өзінің жалғыз ұлы Жәңгірді ажал алғанын кектеп, ажалға талай жерде қамшы соғып, қармысын қайтарды. Ол ажалдың күнбе-күн алып тұратын құрбандығын тартып алғысы келді. Содан кейін қайғыға булығып, арып-талып, ажалдың өзі де аштан өлсін деді.


Жалғыз баласы Жәңгір өлгенде Самарқан халқы от түкіріп, қан қақырған арыстанын қаралы қошаметпен қарсы алған ғой. Өлім егіп, өлімтік орған, айналасына у шашқан ақсақ арыстан қара мен кектен ғана киініп, ішін жалын өртеп, шер кернеп шыққан еді.


Отырарда өліммен ұшырасып, ұлын берген сағаттан бастап, отыз жыл бойы Темір бір рет езу тартқан емес-ті… Сол ұшырасқанда өлім оны жеңіп, өзім өлсем дүниеге у шашарым болады деген ұлын тартып алған-ды. Содан бері қабағына қырау, мұртына мұз қатқан ашулы Темір еріндерін тас жұмып алып, ешкімге басын иместен келе жатқан. Содан бері отыз жыл бойы Темірдің жүрегі адам баласын аяу дегенге, адам баласын сүю дегенге мүлде жабылып қалған! Ол адам баласын өлім орағымен орудан басқаны іс деп те санауды қойған.
Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те! Әйел — ана, дүниедегі жалғыз күш қой: оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иеді!


Бағдад пен Шамды талқандап, емшектес Сыр мен Әмудариадан Ертіске төнген, Азияның етегін алып жатқан Қытайға шабуыл жасаған, Шыңғыстан кейін Азияны құшағына тұтас сыйғызам деген, қанды көзінен от шашқан Темір, ит үруін, бала жылауын тоқтатқан Темір осы Ақсақ еді. Әңгіме осы Ақсақ барыс жайында!..


Темір Қанығұл деген әдемі алаңында сайрандауға шықты. Үйткені ол далаға шықса, қай жаққа өлім себу керектігін көзімен көргендей болып қайтатын еді. Айналаға көз жіберіп, жердің етегіне дейін көргісі келді. Темірдің көзі жететін жердегі адам баласының бәрі де, тышқанға ұсап, індеріне кіріп кетіп еді. Сондықтан, Самарқанның көк майын мұнараларынан басқа еш нәрсе керінбеді. Алғашқы екпінмен «өрте Самарқанды!» деген әмір бергісі келіп тұрды да:


— Жоқ, Самарқандағы көк мойындарды адам сүйегінен салдырғам! Өртемеймін! — деді ішінен.


Алаңға тігілген бес мың ақ шатыр, бәрі де дөп-дөңгелек, ақ қызғалдақ, ақ гүл секілді. Бәрінің төбесінде де бір-бір жалау Темірге табынып, басын иіп тұр. Бәрінің ортасында Ақсақ Темірдің ала шатыры — алып ордасы тұр. Бұл төрт бұрышты, айналасы жүз қадам, үш найза бойы биіктігі бар күмбез. Ортасында он екі алтын баған. Төбесінде көкпеңбек мұнара. Сары, қара, көк жібектен қиюластырып жасалған ала шатыр. Кім білсін қанша әйел, қанша уақытта тоқып шығарғанын? Шатырды бес жүз қызыл баумен жерге таңып тастапты. Әйтпесе, жер тәңірісі Темірдің ала шатырын жел ұшырып әкету де мүмкін емес пе…


Шатырдың төрт бұрышында төрт күміс қыран. Ортасыңда, көк күмбездің дәл ортасында, биік тақта, ешкімге жеңгізбеген, жеңгізбен де деген бесінші ақиық Аксақ Темір көрегеннің өзі отыр.


Темір аспан түсті көк жібектен киінген. Үсті-басы от шашып, жалын жалап тұрған інжу тастар… Бұл тастар оның үстінде бес-ақ мындай екен! Қаһарынан қар төккен аппақ басында ақ бөрік. Бөркінің шошақ төбесінде жұдырықтай қып-қызыл жақұт. Темірдің қып-қызыл көзі дүниені жалмап, жалт-жұлт етеді. Қанды көзі қан шашып, төңкеріліп қояды.


Ақсақтың жүзі қан қатқан, тот басқан жалпақ алмас пышақ секілді. Ол мың рет қанға батып шықты ғой. Сондықтан қаннан қалған тоттың ізі ап-айқын. Қысық көздері дүниенің асты-үстін түгел көріп тұрғандай: жалт еткенде, бриллиант жалт етті ме деп каласың. Құлағында Цейлонның қып-қызыл жақұтынан жасалған қос сырға, сұлу қыздың ерніндей қызарып, Темірдің қатпар бетін сүйіп тұрғандай.


Осы күні дүниеде жоқ кілемдердің үстіне арақ құйған үш жүз алтын бокал. Өмірді талқандап, өлім себуге құмартқан Темір сардар, бектерімен бірге сарайында отыр.


Темірдің арт жағында әнші-күйшілер, қатарында ешкім жоқ. Аяғында, ең жақын ақсүйек туғандары, сұлтандар, байбатшалар, әскер бастықтары отыр. Бәрінен де патшаға жақынырақ мас ақын Кермене отыр. Кермене дүниені талқандаған Темірдің:


— Уа, Кермене! Егер мені сата қалса, сен қанша беріп алар едің? — деген сұрауына, беті бүлк етпестен:


— Жиырма бес әскер берер едім, — деген ғой.


— Е, жиырма бес әскер менің мына белбеуімнің ғана құны емес пе? — деп, таңданған Темір ақырғанда:


— Жиырма бес әскерді сол белбеуің үшін ғана берем! Белбеуге ғана… Әйтпесе, сенің өзің қара күрешке керегің жоқ адам емессің бе! — деп тағы бір басып қалған ғой шынды сүйетін ақын Кермене.


Міне, ақын Кермене патшалардың патшасы саналған, жер жүзіне өлім, өлімтік орған Темірге осылай деген! Жауыздықтың, өлімнің, қауіп-қатердің түпсіз бұлағы Темірден тайсалмағаны ғой, шіркіннің! Мақтайық та, құрметтейік те, осындай шындықтың досы болған ақынды! Бұлар қашан да Әмір Темірден жоғары!


Құрметтейік, көтерейік, әдемілеп, көркем түрде шындықты айтқан ақындарды. Оларда шындықты айтудан басқа бағынатын құдай, табынатын тәңірі болмасын!


Сонымен ойын қызып, шаттық билеген байбатшалар майданда аққан қан өзендерінің тереңдігін өлшесіп отырды. Музыка ырғаландап, патша шатырының алдында халық ойыны басталды. Ыңырсыған қалың елдің қайғысын табанға тапап, аз ғана топтың шаттығына айналдырды. Өлімнің ордасы Темірдің қанды қабағын ашамыздеп, күлдіргіштер лақтай секірді. Өмір иесі адам баласын қалай өлтірудің әдісін көрсетіп әскер де ойнайды.


Ақсақ барыстың адамдары қорыққаннан қуанып, арақ пен қымызға барлық қылмысты тұншықтырып отырған бір кезде Темірдің құлағына ашынған бір дауыс келді.


У-шу, айғайды, күйшілердің күйін, әншілердің әнін қақ жарып, Темірдің құлағына ілеккен дауыс әйел даусы еді. Ұя басар бүркіттің тәкаппар даусы Темірге айқын естілді. Темір өліммен алысқанда өлім оның бетіне дақ, жүрегіне дық салған ғой, сондықтан мына дауыс оған таныс көрінді.


— Даусында өлім көлеңкесі елестеген неткен адам? Шақырыңдаршы! — деді Темір мұрньша қан иісі келгендей жан-жағына алақтап.


— Қайдан екені белгісіз бір әйел пайда болды. Үш арысты билеп тұрған арыстан, сізді көрем деп бой бермей тұр! — десті қасындағылары.


— Арапша сөйлейді. Үсті-басы кір, шаң. Өзі есалаң болса керек… — десті біреулері.


— Әкеліңдер! — деді Темір өз сезіміне ғана бағынып.


Сонымен Темірдің алдына жалаң аяқ, үстіндегі барлық лыпасы далба-дұлба әйелді алып келді.


Қара шаштары тарқатылып, жалаңаш көкірегін жабуға кеудесіне түскен, беті шойындай қап-қара. Бірақ жасымаған көзі от шашып, әмір етіп тұрғандай. Қап-қара қолдарын Темірге созғанда бір қалтырамады.


— Баязит сұлтанды жеңген сен бе? — деп сұрады әйел салған жерден.


— Иә, мен. Мен талайды жеңдім. Жеңгенімнің ішінде о да бар. Жеңуден әлі шаршағаным да жоқ!.. Сен келген жұмысың не еді, соны сөйле! — деді Әмір Темір сазарып.


— Тында! — деді әйел. — Сен не істесең де адам ғанасың. Ал, еңді мен — ана! Сен өлімге кызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін. Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын. Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.


— Мен ешкімнің қалай саналуымен есептесіп көрген де емеспін, есептесе алмаймын да! Жұмысынды айт, әйел! — деді тәкаппар Темір.


— Тында, елімнің егіншісі Темір! Сен менің алдымда қүнәлысың. Менімен есептеспей тұра алмайсың да. Менің алдымда күнәңды жусын деп келдім. Сенің бағынғаның «Күш әділдікте!» деген ұран дегенді айтты. Мен бұған иланбаймын. Бірақ сен маған еріксіз әділ боласың. Үйткені мен — ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені жеңем! Сондықтан сен маған әділ бола аласың! — деді.


Темір патша да мұны ұғарлық данышпан еді. Шығыстың салқын данышпандығын алмады дейсің бе, әйелдің сөзіндегі батылдық пен күштілікті де сезіп:


— Өзің отыршы, сезінді тындағым кеп барады, — деді.


Әйел байбатшаларды етегімен сырып, қақ жарып барып кілемнің үстіне отыра кетті. Қай жерге қалай отыруды өзі тандады. Үйткені отырғандарды адамға санамады да. Сонан соң сөзін бастады:


— Мен Салерно деген жерден келдім. Ол алыс жер Италияда. Сен білмейсің. Сенің қанды тұяғың ол жерге жеткен жоқ. Бірақ онда да сен секілді өлім егуші толып жатыр. Әкем балықшы еді, байым да балықшы. Байым бақытты еді: үйткені оны бақытқа бөлеген еңбек пен мен ғой! Одан соң, жалғыз бір ұлым бар еді. Ол жер бетіндегі адамның ақылдысы, сұлуы болатын еді, — деді.


Сол кезде:


— Менің Жәңгірімдей екен ғой… — деді Темір патша ақырын ғана күрсініп.


— Жоқ, жоқ! Нағыз сұлу, нағыз ақылды бала менікі еді. Сенен туған бала, адам баласының өкінішін ақтай алатын ба еді! — деді ана әйел тіксініп. — Теңіздің жағасында отырған бізге талаушылар келгенде ұлым алты-ақ жаста еді. Талаушылар әкемді де, байымды да, тағы да көп адамды өлтіріп, ұлымды тартып әкетті. Өмірді талаушы сенің жолдастарың қайда болса да толып жатыр. Міне, енді сол ұлымды жер бетін шарлап, іздеп жүргеніме төрт жыл толып барады. Ұлым қазір сенде екен, оны анық білдім. Үйткені, әлгі талаушыларды Баязит сұлтанның әскері ұстапты. Баязитті сен жеңіп алдың да, қолында барын түгел тартып алдың ғой, соның ішінде менің ұлым да бар. Ұлымның қазір қайда екенін сен білесің. Өзіме қайтарып беруге міндеттісің! — деді.


Ана осыны айтқанда, өздерін данышпан санайтын бай-батшалар күлісіп:


— Байғұс, жынды екен… Есінен танған ғой, — десіпті.


Жалғыз Кермене ақын ғана анаға күлмей қарайды да, Ақсақ Темір ғана танданып отырады.


— Бұл ана болғанда да ақылдан танғандай ана екен! Болсаң бол! — дейді Кермене ақын. Ал, енді өмірдің дұшпаны, өлімнің егіншісі Темір былай депті:


— Әйел! Сен мен білмейтін елден неғып келдің? Арада тау бар, тас бар, өзен бар, теңіз бар, ит мұрны өтпейтін қалың орман бар, олардан қалай өттің? Жүгірген аң, ұшқан құс саған қалай тимеді? Қанша ел — адам бар. Адам аңнан да жауыз, олар сені қалай аман жіберді? Адамның күші біткенше жолдас болатын бір нәрсе — қару. Сенде о да жоқ. Қалай бұл жерге аман жеттің? Осының бәрін айт. Соңда ғана мен тандануды қойып, есімді жиям. Сонда ғана сені түсіне алам. Айтшы, тезірек! — дейді.


Құрметтейік, көтерейік те әйелді! Ана әйелді құрметтейік! Оның сүюі таусыла ма, бүкіл дүние соның емшегін еміп, ер жеткен емес пе? Адамда не қасиет болса, бәрі күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет. Ананың құрметі әлі жеткен жоқ!


Әйел Темірге былай депті сонда:


— Мен бір-ақ теңізге ұшырадым. Онда арал да көп екен, балықшы да көп екен. Адамды айуандай сорған сен секілді патшалардан қашқан адам тамағын теңізден тауып жүр. Балықшы болса қайықта болады ғой. Сүйген ұлыңды іздесең жел артыңнан шығады, теңізден қайықпен өттім… Ал, енді өзенге көп ұшырастым. Теңіз жағасында өскен анаға өзеннен өту қиын ба? Тау дейсің ғой? Тауды мен елең де қылғаным жоқ, байқағаным да жоқ! Орман отын бергеннен басқа тоқтау қылған жоқ! — дейді.


Мас Кермене шыдамай:


— Мұндай анаға тау деген жазық болып кетпей тұра ала ма? — дейді шынымен.


— Аю, қабылан, арыстан, басын жерге салбыратқан тағы өгіздер көп ұшырады. Көзі сенің көзіне ұқсап оттай ойнап, өлім шашып тұрған барыс та екі рет маған қарап тұрды. Бірақ әрбір аңнын жүрегі бар емес пе? Олармен осы сенімен сөйлескендей сөйлесіп жүрдім. Қанішер аңдарды, қан ішкіш патша, сенімен салыстырғаныма ашуланба! Олар да менің ана екенімді біліп, иланды: ауыр күрсініп, мені аяп жөндеріне жүре берді. Аңның да баласын сүйетінін сен білмейтін бе едің? — дейді әйел Темірге төніп.


— Солай, әйел! — дейді Ақсақ Темір басын изеп. — Аңдар адамнан көрі де өз баласын артық сүйеді. Ең қатты жауыздық адам баласынан шығады деген қорытындыға менде келдім… — дейді Темір, жаңа бір дүниені көргендей ойға батып.


— Адам деген бала ғой. Үйткені ананың жанына көз салсаң жүз есе бала, адам қашан да анасының баласы. Әркімнің анасы бар. Сен шал, білесің бе, сені де әйел тапты. Сен құдайдан бас тарта аласың, ал енді анадан бас тарта алмайсың, шал! — дейді әйел.


— Солай, әйел! — дейді Кермене ақын қорықпастан-ақ. — Өгізді қанша жинасаң да бұзау таппайды. Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды! — дейді.


— Бер баламды өзіме қайтарып! Үйткені мен анамын, баламды сүйемін, — дейді әйел тұп-тура Ақсақ барыс Темірге.


Бас иейік те, құрметтейік те ұлы адамдарды тапқан ананы! Аристотельді де, Фирдоусиді де ана тапты. Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген ана. Ананың ұлы орны қашан да өзінікі!


— Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Мен көп жасқа келдім. Менің табанымда қара жер де ыңырсиды. Мына Қолыммен өлім құрбандығын баудай түсіріп жүргеніме отыз жыл болды. Неге бүйтесің дейсің ғой, оны да айтайын: мен патша, алдымен осыны білем. Патшаның патшалығы неғұрлым кең болса, солғұрлым оның өзі де ұлы патша. Мен өзімнің патша екенімді танысам, патшалығымды кеңейте беруім керек. Әйтпесе мен қандай патшамын? Сондықтан мен мемлекет алып, өзіме ел бағындырам. Бұл — бір. Екінші, өлім менің ұлым Жәңгірді алып, жүрегімнің күнін сөндірді. Сондықтан өлімнің күнбе-күнгі құрбандығына арнаған адамын тартып алып, кегімді алып жүрмін. Менімен патшалық үшін, ел үшін көп адам алысты. Бірақ адам үшін ешкім алысып көрген жоқ. Адам деген кім? Менің жолымда неге тұрады? Мен оны білмеймін. Баязит сұлтанды жеңіп алғанымда:


— Құдайға мемлекет, адам дегенің түкке тұрмайды екен… Көресің бе, құдай мемлекет пен адам баласын, сені мен секілді адамға беріп қойды: сен соқырсың, мен ақсақпын деген Темір — мен болатынмын. Баязитті шынжырлап менің алдыма әкелгенде, мен осыны айттым. Баязит шынжырдың салмағынан жаншылып, майысып тұра алмады. Бакытсыздыққа ұшырап, өмірдің құлаған молаға шыққан жусанындай ащы уын татып тұрған Баязиттің көзіне қарап тұрып мен осылай дегем.


— Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам! Міне, менің алдымда әйел отыр. Бұл әйел бүгінге дейін өзім білмеген сезімді қозғап, мені жеңіп барады. Бұл әйел менімен адамша сөйлесіп отыр, өтінбейді — бұйырады. Бұл әйелдің неге мұнша күшті екенін түсіндім деп ойлаймын. Бұл өмірдің иесі, бұл ана, бұл ұлын сүйеді. Ұлын сүюі, ол ұлы өмірдің бір ұшқыны ғой. Кім біледі, мүмкін, ол ұшқыннан әлденеше ғасырға кететін жалын туар. Мүмкін, жерді жылытып, бақыт себетін адам болар… Мен жерге өлім егіп, қанмен жақсы суардым. Жер қазір майы сорғалап тұр, қыртыстанды. Енді семіз жерге бақ екпей, бақыт егетін адам керек шығар…


Дүниені жалмап, адам баласына топандай тиген, тәңірімен таласқан Темір тағы да көп ойланып отырды да:


— Мен тәңірі құлы Темірмін, тиісті сөзді ғана айтам. Үш жүз салт әскер, қазір жердің төрт бұрышын аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын! Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам. Кімде-кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады. Солай ғой, әйел? — дейді.


Әйел бетіне түскен қара шашын кейін сілкіп тастады да:


— Солай! Осыны істе! — деді азырақ езу тартып.


Сол кезде, әлгі айбатынан ай жасырынған қаһарлы шал — ақсақ Темір орнынан тұрып, әйелге басын иді…


Қуанышты Кермене ақын шаттанып:


— Гүл мен жұлдыз жайындағы өлеңнің бәрі сүю жайындағы өлең болады. Майдың айын, көктегі күнді айтсаң, бұ да сүю жайындағы өлең болады. Бірақ адамның анасы, өмірдің мықты бәйтерегі ана жайындағы өлең әлі айтылған жоқ! — дейді.


— Солай, Кермене! — дейді Темір де.


Барлық байбатшалар жаңа ғана сықақтап күлген әйелге қарап «ана!» деп танданды да қалды.


Бұл шындық қой. Үйткені қай анадан сұрасаң да:


— Біз өлімнен күштіміз: біз дүниеге ақын да, ақылды да, данышпан да, ер де береміз. Өлім адам баласын құртуға тырысса, біз оны жеңіп, адам баласын кебейттік! — демей ме!..


 





Пікір жазу