13.04.2021
  253


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Анау-мынау

Анау қырда татар тұр,
Басқалармен қатар тұр.
Мынау ойда қазақ тұр,
Қастарында азап тұр.
Ұйқысы көп, ояу аз
Бұл не деген ғажап тұр?
Бұл ұйқысын ашпаса,
Надандықтан қашпаса,
Басқаларға мазақ тұр.
Мынау жерде хадим тұр,
Қарқарада жаны тұр,
Ілініп-салынып әлі тұр,
Бірер күндік халі тұр.
Анау жерде жадиттер,
Одан біздер үміткер,
Олардан тәлім алмасаң,
Көрген күнің болар тар.
Мынау төрде ишандар,
Аузы-басы қисаңдар.
Ат-тоныңмен жұтады,
Аузына егер сыйсаңдар.
Миллет қайда, дін қайда?
Селкілдесең тым пайда
Тоқты-торым жисаңдар.
Орталықта молдалар
Алдыңа түсіп жорғалар,
Нашарларға жарып сап,
Бай алдында қорғалар
Аңау қырда жастар тұр,
Алға қарай бастап тұр.
Оян-дағы тез жүр деп,
Дамыл таппай қақсап тұр.
Аңдыған оны қастар тұр,
Көңілі соқыр мастар тұр.
Атайын деп толтырған,
Қойындарында тастар тұр.
Мұңайып солып қыздар тұр,
Арқаларында ызғар тұр.
Қызыл көзді қақпас шал,
Үсті-үстіне беріп мал,
Жүзі сары соғылған
Сорлы қызға ызбар тұр.
Жасты шіріткен шалы тұр,
Бір борандық малы тұр.
Аузын ашып әкел деп,
Болыс, билер тағы тұр.
Төр алдында мырзалар
Көп мақтаса ырзалар.
Миллет десе түксиіп,
Сайлау десе қызбалар.
Босағада нашарлар
Одан әркім қашарлар.
Көзін сатып телміріп,
Кәсіп кылмай жасарлар.
Бай несие берді деп,
Мені жақсы көрді деп,
Обь пен Нілдей тасарлар.
Бір екі-үш ай өтпестен,
Жыл уағы жетпестен,
Борыш басын басарлар.
Ая, талип, шәкірттер,
Дәрменсіз дертті кәріптер,
Міне, қалай миллетің
Тырысып өнер алып қал.
Ұйқысын аш, көңілін аш,
Алға қарай барып қал!





Пікір жазу