13.04.2021
  210


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Әкелші

Әкелші, құй арақты,
Көтерейін көңілді!


Қолдан шаттық жасауға
Арақ тәуір көрінді.
Көлеңкені қуайын,
Басып тұрған өңімді.
Ұмытайын миды улап,
Кәрілікті, өлімді.
Мұқтаждықты, ауруды,
Жол болмауды, көрімді.
Арақпенен сыйлайын
Шаттықсыз аз өмірді.
Шаттығым жоқ бәрі бір
Арақтан артық өнімді.
Іздеді шаттық бұл көңіл,—
Жете алмады, жеңілді.
Сүйенгенім осы арақ
Тарқатуға шерімді.


Біздің өмір бәрі бір:
Ірі мақсат қуа алмас.
Пайғамбар боп жиһанды
Жауыздықтан жуа алмас.
Не гений боп сыр ашып,
Анадан қайта туа алмас.
Өмір қысқа, бейнет көп,
Ойласа көңіл қуанбас.
Ертең өліп, жоғалу,
Ұмытуға біздер мас.


Білеміз бе, жолдастар!
Ертең қандай боларын?
Ектің талай егінді,
Білесің бе орарын?
Кел жұтыңдар, кел көтер,
Жастық, қызық әлі өтер!
Арақты ішпей пайда жоқ,
Жабығудан құр бекер!
Түбіне шейін жұта сал!
Әнге шырқа, домбыра ал!
Бостандық бүгін сөйлеуге,
Жүрегіңде нелер бар!
Қанады деме, құя бер:
Арақ достым, арақ жан,
Білемісің алдыңда,
Қандай күйлер тосады!
Тұрмыс сені зорлық қып,
Неменеге қосады.
Өзім — патша, өзім — хан,
Кұя бер, міне, босады!





Пікір жазу