11.04.2021
  301


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Кедейлік

Кедейлік, сен жексұрын, түсін, суық,
Іздемес сені адам керек қылып.
Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың
Маған салса касыма келме жуық.
Жанды жеп сен ғой мені арытатын,
Күнің жоқ ат пен асқа жарытатын,
Жыртықтан жылтылдаған жас денемді,
Күнге қақтап, аязға қарытатын.
Жарытпай киер киім, ішер асқа,
Сөктіріп малы барлау надан, насқа.
Жас көңілді қайғымен уландырып,
Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа.
Қинайтын жан алғыштай жанды сенсің,
Түсі суық жыланмен бірдей теңсің.
Маған салса кедейлік аты өшкірді,
Дер едім, тұрмастай ғып жерге көмсін.
Бірақ, сен өлмейсің ғой, жаның берік,
Құтқарсаң, бар әлемді шыны өліп.
Өлмесең де өлтірем өсе келе,
Жүрмеспін жолдас болып саған еріп.
Талайды осы күні-ақ, жүрмін көріп,
Жалқауды қақпалайсын аттай мініп.
Талаптының маңына жоламайсың,
Талаптанып қууға өзімде ерік.





Пікір жазу