08.04.2021
  175


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Ендігі беталыс

Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы,
Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры:
«Адам — құл өзін жеңіп ұстамаған»
Деген бір Сократтың бар нақылы.


Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жігермен жеңуіме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем?


Әрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспасын жаман жолға көнуге мен.
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.


Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Тарығып болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт құмырсқа ілтипатсыз
Ойымда тек сол белден асу деген.


Шындықтың аулын іздеп түстім жолга,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ, бір табармын деп көңілім сонда.


Достарым, оған шейін асықпаңдар,
Алдында әлі ататын жарық таң бар,
Тез уақыт жердің жүзі бір түрге енер,
Түбінде, замандастар, осымды аңғар.





Пікір жазу