08.04.2021
  257


Автор: Максим Горький

Талтүстегі күн

Қапырық талтүс, бейне бір шіріген, жойдаусыз үлкен жұмыртқа жарылып кеткендей, дүңк еткен ғажайып дыбыс беріп, әлдеқайда жаңа ғана зеңбірек даусы күрс ете түскен еді. Жарылған оқтың дүмпуімен тітіреген ауада қаланың зәрлі қоңысы бұрқыраңқырап, зәйтүн майы, сарымсақ, шарап және қызған тозаң иісі аңқып қоя берді.


Зеңбіректің ауыр күрсінген демімен жым болған оңтүстік күнінің дуылдаған у-шуы бір сәтке көшелердегі күн қақтап қызып жатқан тастарға қатып тына қалды да, көшелердің үстіне қайтадан ырғып шығып, далиған лайлы дарияша, теңізге қарай жөңкіп ала жөнелді.


Қала — поптардың безендіре кестеленген намаз киіміндей, құлпыра жасанған; оның аңсаған айқай, қалтыраған қимыл, күңіренген күйінен өмір әуенінің құлшынған лебі еседі. Әрбір қала — адам еңбегімен тұрған шеркеу де, кез келген жұмыс — Болашаққа бағышталған дұға бір.


Күн тас төбеге шыққан, жер бетіне, теңізге өзінің әр нүктесінен бейне бір көк жалын сәуле себелеп, сол сәуле қаланың тасы мен судың өңменінен үңгіп өтіп жатқандай, аптаған теңбіл аспан көз ұялтады. Күміспен күптелген шым жібекше жалт-жұлт еткен теңіз манаурай жылжыған жып-жылы көгілдір толқынымен жағалауға әрең жанасып, өмір мен бақыттың қайнар көзі — күн жайында дана жырын баяу ғана шертіп жатыр.


Үсті-бастарын шаң басып, терлеп-тепшіген жұрт дуылдай сөйлесіп, түскі тамақтарын ішуге жөнелгенде, жағалауға асыққан қыруар адам киімдерін жалма-жан сыпырып, теңізге қарғып-қарғып кеткен еді, қара-қоңыр денелері суға сүңги бере, шара толы шарап ішіндегі тозаңның қошқыл түйірінен аумай, сүмпиіп тіп-титтей болды да қалды.


Шалпылдаған судың жібекше судыраған сылдыры, бойы сергіген жұрттың мәре-сәре айқайы, балалардың сықылық атқан күлкісі мен шыңғырған дауыстары және жұрт қарғығанда шалп етіп құлпыра шашыраған теңіз суы — осының бәр-бәрі де, бейне бір көл-көсір тасаттық тәрізді, күнге қарай көтеріліп жатыр.


Тротуарда, бір зәулім үйдің көлеңкесінде көшеге тас төсейтін сом денелі, сүреңсіз, ашаң төрт адам түскі астарын алдарына алғалы жатқан еді. Тап бір күлге аунап түрегелгендей, үсті-басы шаңнан көрінбеген аппақ қудай шал қырағы, қыңыр көздерін сығырайта түсіп, бөлінген сыбағаның бір-бірінен кем болмауын көздеп, пышақпен нан турап отыр. Басымдағы шашақты қызыл тоқыма қалпағы көзіне түсе берген соң қарт, апостолдың басы сықылды, қазандай басын бір сілкіп қойып еді, тотының тұмсығына бейім, сүкиген мұрны шуылдап, танауы делдие қалды.


Оның қасында жып-жылы тас үстіне шалқасынан түсіп бір, қоңыздай, жылтыр қара жігіт жатыр; бетіне ұшып түскен нанның қоқымынан көзін самарқау ғана сығырайтып, ұйқылы-ояу ыңылдағандай, әлденедей әнге салып қояды өзі. Ал енді, қалған екеуі үйдің аппақ қабырғасына арқаларын сүйеп, қалғып отырған болатын.


Бұларға қарай бір қолында шарап құйылған шиша, енді бір қолында кішігірім түйіншегі бар бір бала келе жатқан еді,— басын шалқайтып, аумаған құсша шаңқылдаған өзі шишаның сыртына ораған сабаннан батпыраған шараптың, лағыл сықылды жайнаған шоқша жарқылдап, сорғалап келе жатқанын тіпті сезер де емес.


Мұны көзі шалып қалған қарт пышақ пен нанды жігіттің кеудесіне қоя салып, екі қолын ебдірей бұлғап:


— Жүгір жылдам, көр соқыр! Көрдің бе шарапты! — деп еді баланы шақырып.


Шишаны көзіне таяп апарған бала «қап» деп санын бір-ақ соқты да, үкідей ұшып тас төсеушілердің жанына жетіп келді, сол арада жұрт абың-күбің болып дүрліге дабырлап, шишаны сипалап көруге кірісті де, бала оқша зымыраған күйі бір аулаға кіріп, көзді ашып жұмғанша бір дәу тостағанды алып қайтып та оралды.


Жерге қойылған тостағанға қарт қып-қызыл желік суын сыздықтатып, еппен құя бастаған кезде кеберсіген еріндері өзеурей дірілдеп, күн көзінде шымырлаған шарапқа төртеуі қызыға қарай қалысты.


Бұларға қарай, көмірдей қара шашына сары шілтер шарф салынып, өкшесі қаздиған күрең ботинкасын тақ-тұқ басқан бір әйел бұйра шашты кіп-кішкентай қызын қолынан жетектеп келе жатқан еді. Қыз алқызыл қалампыр гүлін ұстаған оң қолын бұлғаңдатып, аяғын теңселе басып, әндетіп қояды:


— О, ма, о, ма, о, миа ма-а...


Тас төсеуші қарттың желке жағына кеп тұра қалған қыз әнін қоя қойып, аяғын ұшынан басып жоғары көтерілді де, тап бір өзінің айтқан әнін созып әкеткендей боп, сары тостағанға сылдырай сорғалаған шарапқа қарттың иығынан қадала қарады.


Сөйтіп тұрып қыз қолын әйелдің қолынан босатып, гүл шешегінен бір талын үзіп алды да, аумаған торғайдың қанатындай, шиеттей қоңырқай қолын жоғары көтеріп, тостағандағы шарапқа жаңағы алқызыл гүлді тастап кеп жіберді.


Сөйтуі-ақ мұң екен, отырған төрт адам селк етіп, шаң шалған бастарын шалқайтып шамдана қарай қалған еді, ұялыңқырап, әлдене деп зекіген ана, кішкентай аяқтарын топылдатып, алақанын соғып күліп жіберген қызының қолынан ұстамақшы боп әлекке түсіп, бала иіліп-бүгіліп сықылық атып қоя берді де, гүл шешегі, кішкентай қызғылт қайықтан аумай, тостағандағы шарап бетінде қалқи жөнелді.


Әлдеқайдан стакан тауып әкеп гүлмен қоса шараптан бір көсіп алған қарт ауыр ырғала жүгініп, стаканды аузына апара беріп:


— Оқасы жоқ, ханым! Сәбидің сыйы — тәңірінің сыйы деген... Сіздің денсаулығыңыз үшін, сымбатты ханым, және сенің де денсаулығың үшін, бөбегім! Анаң сықылды ару әрі екі есе бақытты бол... — деді байыппен, екеуін жұбатып.


Сөйтіп аппақ мұртын стаканға матырып, көзін сығырайта түскен қарт қоңқақ мұрнын шүйіріп, тамсана отырып, күреңіткен сусынды сіміріп салды.


Ана күлімдеп, иіліп, қызының қолынан жетектеп жайына жөнелген еді, тас үстінде теңселіп, аяғын тарп-тұрп басқан қызы да көзін сығырайтып:


— О, ма-а... о, миа ма-а... — деп, шырылдап ән салып бара жатты.


Тас төсеушілер мойындарын керенеу бұрып, біресе шарапқа, біресе қыздың соңынан қарап, жымың қағысып, оңтүстік адамдарының сусылдаған тілімен біріне-бірі әлдене деп үн қатып қояды.


Ал енді, бұл кезде тостағандағы күреңіткен шарап бетінде алқызыл гүл шешегі қалқып жүрген еді.


Тебіренген теңіз, дуылдаған қала, жалт-жұлт етіп жайнаған күн өз ертегілерін ағылда-тегіл шерте берді.





Пікір жазу