08.04.2021
  193


Автор: Максим Горький

Қарт Чекко

Құлаққа ұрған танадай тыныштықта күн жаңа ғана шығып, сары алтын сарғалдақ гүлдерінің хош иісіне лықылдаған көгілдір тұман арал тастарынан көкке көтеріліп тұрған кез.


Аспанның ақшыл күмбезінің аясында, манаураған қап-қара су жайқынының қақ ортасында жатқан арал күн тәңірінің алдына шалған құрмандыққа мезгейді.


Жұлдыздар жаңа ғана сөнгенмен, бірақ үлбіреген ұлпа бұлт үстінде, күңгірт аспанның мұздай шырқауына бөленген аппақ Шолпан әлі де жалт-жұлт етеді; сәл қызғылт шапаққа боялып, күннің алғашқы шұғыласымен ептеп қана ғайып боп бара жатқан бұлттың мүлгіген теңіз айдынына түскен сәулесі көкпең-көк су тұңғиығынан жүзіп шыға келген меруерттен аумай қалған.


Күмістей шыққа шыланып, ауыр тартқан шөп пен гүл шешектері күнге қарай бой түзегенде, шөп басында мөлтілдеген мөп-мөлдір шық моншақтары пысынаған ұйқыдан терлеп-тепшіген жер бетіне сапырыла сауылдап жатыр. Сол моншақтардың жерге түскендегі сылдырын естігің келгенмен, бірақ оны құлағың шала алмай қапа да боласың.


Дүр сілкінген құстар зәйтүн жапырағы арасында ұшып-қонып, күйге сайрағанда, күн нұрымен ұйқыдан оянған теңіздің күркірей күрсінген лебі ылдидан тауға қарай өрмелеп жатқан еді.


Сонда да болса — жым-жырт, жұрт әлі де ұйқыда. Жасаңғыраған таңелеңде гүл мен шөптің жұпар иісі дыбыстан да бетер сайрай есіп тұрған болатын.


Көкпең-көк теңіз толқыны шымқаған қайық сықылды, жүзім өсімдігіне шырмалған аппақ кәукеншіктің есігінен қолы маймылдың қолынша сорайып, өзі данышпанша тақыр басты келгенде, уақыттың умаждауынан бет-әлпетінің болбыраған әжімдерінен көздері тіпті көрінбей де қалған, жұрттан саяқ, салт тұратын, қаусаған қарт Этторе Чекко күннің қарсы алдынан шыққан еді.


Түкті, қошқыл қолын маңдайына баяу ғана апарған өзі алаурай бастаған аспанға ұзақ қарап алып, содан соң айналасына бір көз жіберіп қойды; оның көз алдындағы аралдың көкшіл-сұрғылт тастарының үсті жайып тастаған изумруд пен алтынша құлпыра құбылып, қызғылт, сары, қырмызы гүлдер жайнап тұрған еді; қара-қошқыл бет-әлпеті жайдары жымыңмен дір ете түскен қарт жұп-жұмыр, ауыр басын мақұлдай бір изеп қойды.


Салмағын сүйемелдегендей, белін сәл бүгіп, аяғын алшита басқан оның төңірегінде атып келе жатқан таң барған сайын дуылдап, жүзім жапырақтары жарқырай жалтылдап, вьюрка мен шымшықтар шырылдай шықылық атып жүрген болатын; қара бүлдірген мен ломонос қопасында, сүттіген бұталарында бөденелер бытпылдақтап, әлдеқайда, аумаған неаполитан жігіті сықылды, кербез әрі қамсыз келген қара шымшықтар ысқырып қояды.


Қарт Чекко ұйыған ұзын қолдарын басынан асыра көтеріп, тостағанға құйылған шарапша, тұнып жатқан теңізге төмен қарай қарғып кеткісі келгендей, бір керіліп алды.


Сөйтіп, саудыраған сүйектерін жазып болған соң есік алдындағы тасқа кеп жайғасып, күртесінің қалтасынан бір ашық хатты алды да, хат ұстаған қолын көзінен алыстата түсіп, еріндерін үнсіз ғана жыбырлатып, сығырая қарады. Сол жерде оның құдды күміс жалатқандай, көптен бері қырылмаған кеп кесек бет-әлпетінен махаббат пен қайғы және мақтаныш сезімі оғаш араласқан бір жаңа жымың елп ете де қалды.


Оның алдындағы бір жапырақ қатты қағазға жайдары ғана жымиысып, иін тіресе отырған, бұйра шашты, кең иықты әрі Чекконың өзі сықылды дәу бас келген екі жігіттің көк бояумен салынған суреттерінің үстін ала:


Чекко Артуро мен Энрико


Өз табының мүддесін көздеген екі игі күрескер.


Бұл екеуі аптасына 6 доллар табыс тапқан 25000


тоқыма жұмысшысын ұйымдастырған, осынысы үшін


екеуі де абақтыға жабылған.


Әлеуметтік әділеттік үшін күрескерлер жасасын — деп, ірі әріппен анықтап тасқа басылған жазу бар еді.


Қарт Чекко хат танымайтын адам еді, әрі жаңағы сөздер де жат тілде жазылғанмен, бірақ ол хаттың әрбір сөзі көкейіне қона жез кернейше сылдырлай сайрап, тап осылайша жазылғанына қанық та болатын.


Көгілдір тартқан осы бір ашық хат қартты көп әуреге сап, әбігер еткен еді; бұл хатты ол осыдан екі ай шамасы бұрын алған болатын, сөйтіп ала салысымен істің шатақ екенін әкелік түйсігі сол жерде-ақ сезе де қойған еді; өйткені, пақыр адамдардың суреттері олардың тек заңды бұзған кездерінде ғана басылады ғой.


Осы бір жапырақ қағазды қалтасына салып алғанмен, бірақ Чекконың көңіліне өзі түйткіл болып, күн сайын жанын жүдете берді. Хатты попқа көрсеткісі кеп талай рет оқталса да, өмірдің ұзақ тәжірибесі жұрттың: «Адам туралы құдайға поп шындықты айтуын-айтса да, бірақ адамға шындықты өмірі айтпайды» деген сөздерінің әділ екендігіне өзі түйсінген де болатын.


Ашық хаттың құпия сырын оның ең алғаш сұраған адамы, Чекконың үйіне күн құрғатпай келіп, ыңғайлап қойған мольбертінің қасында, сала бастаған суретінің төрт бұрышты көлеңкесіне басын көміп, жатып кетіп жүретін бір сұңғақ бойлы, сыйда, шикіл-сары шетелдік суретші еді.


— Мырза, — деп сұрады одан суретші. — Бұл жігіттер не істеген еді?


Қарттың екі баласының жайраңдаған жүзіне қарап алғаннан кейін:


— Сірә, күлкілі бірдеме болу керек... — деді суретші.


— Жә енді, бұлар жөнінде не басылған екен?


— Бұның өзі ағылшынша жазылыпты. Олардың тілін ағылшындардан басқа тек бір құдайдың өзі мен, бұл жөнінде егер рас айтса, менің әйелім ғана біледі. Ал басқа жағдайлардың бәрін де оның өзі ылғи өтірік айтады...


Суретшінің өзі бір шымшықтан аумаған мылжың еді, сірә өзі ешнәрсе жайында жартымды жауапқа да жоқ адам болу керек. Қарт оның қасынан түнере басып аулақ жөнеліп, келесі күні әйеліне келіп еді, қолқылдаған кең әрі жарқыраған аппақ көйлек киген күбідей ханым аспалы тор үстінде көкшіл көзін теңбіл аспанға тұлдана тігіп, ыстықтан сілесі құрып жатыр екен.


— Бұл адамдар абақтыға жабылыпты, — деді әйел бұрмаланған тілмен.


Күрс еткен соққыдан күллі арал солқ ете түскендей, аяқтары дірілдеп кеткенмен, бірақ сөйтсе де:


— Бірдеме ұрлап па екен әлде біреуді өлтірген бе өздері? — деді қарт қайраттанып.


— Уа, жоқ! Бұл екеуі социалист әншейін.


— Социалист деген немене?


— Бұл — саясат,— деді ханым өлусіреген үнмен, көзін жұмып.


Шетелдіктердің нағыз миғұла келетіндігіне Чекко қанық еді, олардың өздері калабрицалардан да зердесіз болғанмен, балалары жайында шындықты білуге ынтыққан қарт манаураған баданадай көздерін қашан ашар екен деп, ханымның қасында телміріп тұрып қалды. Ақыр аяғында әйел көзін ашқан соң, саусағымен хатты бір түртіп қойып:


— Мұның өзі — адал ма? — деп еді ол.


— Білмеймін,— деді әйел шытынып.— Айттым ғой мұны саясат деп, ұғып тұрмысың?


Жоқ, ол ұғынған жоқ болатын: өйткені, жарлы адамдардан алатын салықты өсіру үшін Римде саясатты министрлер мен бай адамдар жасайтын. Ал енді, оның балалары — Америкада тұратын, жұмысшы, аяулы жігіттер болатын — оларға саясат жасап не керек?


Ай сәулесімен қарауытып, көңіліне бұрынғыдан да бетер сұмдық ойлар салған балаларының суретін қолына алып ұзақты түн ұйқы көрмей отырған ол таңертең поптан сұрауға бел байлап еді, — желең жамылған қара кісі:


— Социалист дегеніміз құдайдың құдіретін мойындамайтын адамдар болады білгің келсе, осының өзі де жетіп жатыр — деді қатал әрі қысқа ғана қайырып.


Сөйтіп, кетіп бара жатқан қарттың сыртынан:


— Сенің жасыңдағы адамға мұндай нәрселермен әуестену ұят! ... — деп, бұрынғыдан да зекіңкіреп қосып қойды.


— Суретті көрсетпегенім жақсы-ақ болған екен, — деп ойлады Чекко ішінен.


Арада тағы да үш күн өткен соң ол кербез әрі желөкпе бір шаштаразға келген еді. Жас есектей мығым жаралған бұл жігітті жұрт ақшаға бола, теңіз көркінен ләззат алуды сылтауратып, шындығында жарлы жігіттермен оқиға іздей келеді-міс деген американ кемпірлерін жақсы көреді екен деп өсек ететін.


— Жасаған-ай!— деп баж ете түсті бұл сұм, жазуды оқып, сөйтіп өзінің екі беті қуанғаннан дуылдай жөнелді. — Мынау менің Артуро мен Энрико жолдастарым ғой, бәтір-ау! О, Этторе әкей, сізді және өзімді шын көңіліммен құттықтаймын! Менің, мінеки, тағы да екі даңқты жерлесім болды — шынымен-ақ, бұған дардимауға бола ма енді?


— Көп сөйлеп көкіме, — деп қарт ескертіп қойып еді.


Бірақ анау қолын сермеп:


— Бұл тамаша нәрсе! — деді әңгірлеп.


— Бұл екеуі жайында не деп жазылған екен?


— Онысын оқи алмай тұрмын, бірақ шындықтың жазылғанына кәміл сенемін. Түптеп келгенде өздері туралы жұрт шындықты айту үшін жарлылар ұлы батыр болуға тиіс!


— Өшір үніңді, өтінемін, — деді де, ағаш шәркейін тасқа тарсылдата басып Чекко жайына жөнелді.


Ол, жұрт өзін мейірімді әрі адал адам дейтін бір орыс мырзасына тартқан еді. Келген соң, әлгі адам хәл үстінде жатқан төсектің жанына кеп жайғасты да, сұрай қойды одан:


— Мына адамдар туралы не айтылған екен?


Аурудан нұры тайып әрі мұң басқан көздерін сығырайта қараған орыс ашық хаттың бетіндегі жазуды өлусіреген үнмен оқып шығып, қартқа елжірей бір езу тартып қойған еді, анау оған:


— Мырза, көзіңіз көріп отыр — өзім әбден қартайып, тәңіріме енді таяуда аттанғалы отырған адаммын. Балаларыңды қайттің деп мадонна өзімнен сұраған күнде оған шындықты шырғасын шығармай айтып беруге тиіспін. Мына хаттың бетінде тұрған менің балаларым еді, бірақ бұлардың неден жазып, абақтыда неліктен отырғанына өзім тіпті түсіне алмай отырмын.— деді.


Солай болған соң орыс оған:


— Мадоннаға: балаларым сіздің ұлыңыздың ең негізгі өсиетін көкейлеріне мүлтіксіз құйып, адам баласын жаны елжірей жақсы көріп жүр деңіз ... — деп аса байыпты әрі оп-оңай ғана бір ақыл айтты.


Көпірме сөз бен көркемдеуді көп тілейтін өтірікті айту оңай болмаған соң, қарт орысқа иланды да, оның еңбек істеп көрмеген, кіп-кішкентай қолын қатты-қатты қысты.


— Сонымен бұл абақтының өзі оларға масқара нәрсе емес пе?


— Жоқ, — деді орыс.— Өйткені, дәулетті адамдардың абақтыға жауыздықты басынан асыра істеп, онысын жасыра алмаған кезде жабылатынын, ал енді жарлылардың абақтыға тек титтей жақсылықты ойына алған күнде ғана түсетінін өзіңіз де білесіз. Сіз бақытты әкесіз, менің сізге айтарым осы!


Сөйтіп ол өлусірей сөйлей отырып Чеккоға өмірдегі жоқшылықты, надандықты және сол надандық пен жоқшылықтан туатын күллі сұмдық пен сұрқиялықты жеңбек болған адал адамдардың игі ниеттері жайында ұзақ-сонар әңгіме шертіп кетті...


Күн өзінің алтын сәулесінің тозаңын сұрғылт жақпар тастың көкірегіне себелеп, жалыннан жаралған гүлше, аспанда жайнағанда, құлпырған шөп пен аспаннан аумаған көкпең-көк гүлдер әрбір тас әжімінен сол күнге қарай құлшына бой түзей безеніп тұрған еді. Мөлтілдеген мөп-мөлдір шық моншағына шағылған күн сәулесінің алтын ұшқыны жылт етіп, сөніп қалып жатқан болатын.


Қарттың екі көзі күн сәулесінің нәрлі қуатын бойына сіміре дем алған төңірегіндегі дүние мен сайрай жүріп ұя салып, әбігерленген құстарда еді; оның есіл-дерті балалары болатын; жігіттер мұхиттың ар жағындағы бір үлкен қалада абақтыда отыр — бұл олардың денсаулығына жаман, я, жаман-ақ …


Бірақ олар абақтыда, абыройына өмірі кіршік жуымаған әкесі сықылды, адал жігіт боп ержеткендіктері үшін отырған еді,— бұлары өздеріне, әрі әке көңіліне де жұбаныш болатын.


Сөйтіп, қарттың жылтыр қара бет-әлпетінен бір мақтанышты жымың елп ете қалды.


— Жер дегенің бай, жұрт — жарлы, күн — мейірімді, адам — зұлым. Өмір бойы ойлаған осы нәрселерім аузымнан шықпаса да, бірақ өздері әкенің ойын түсінген. Аптасына алты доллар дегенің қырық лир болады екен, еһе! Әйтсе де мұны өздері азырқанған, сөйтіп өздері сықылды жиырма бес мың адам да олармен бәтуаласқан — жақсы тұрмыс құрам деген адамға бұл, әрине, аз ғой.


Өз жүрегінде жасырын жатқан ойлардың балаларының бойында да өрбіп, өркендегеніне ден қойған ол мұны қатты мақтаныш тұтқанмен, бірақ жұрттың күн сайын өздері жасап жүрген ертегілеріне өздері онша сене қоймайтындығын білгендіктен, жұмған аузын ашпай жүрді.


Тек кей-кейде ғана кеңпейіл қартайған жүректі балаларының келешегі жайындағы ойлар кернеп кететін, сол кездері қарт Чекко қалжыраған белін түзеп, көкірегін бүгіп, бойындағы ақтық қайратын жинайтын да, теңізге, балалары жүрген қиыр-қиянға қарай:


— Вальо-о!.. — деп барқырап айқай салатын.


Сөйтіп, теңіздің қоймалжың әрі судыраған суы үстінен барған сайын шарықтай берген күн де күліп жіберетін де, жүзім егісінің арасында жүрген жұрт қартқа:


— Ой-и!. .— деп жауап қатып қоятын.





Пікір жазу