08.04.2021
  423


Автор: Уильям Шекспир

Сонеттер

1
Әсем шыбық өссін дейміз желкілдеп,
Сұлулықты сақтау үшін жүдетпей.
Раушанның солған бірін соңғысы
Жасартады екі арада жыл өтпей.
Ал, сен, сұлу, ажарыңа сұқтанып
Тәрк етесің соған асыл нәріңді:
Жаның — қатал жауың болып шықса анық
Жоқшылыққа жұмсағаның барыңды.
Сен тек қана сәнденесің бір бүгін, —
Жаршысысың көктемнің де аз күндік.
Көрге тығып келешектің ұрығын
Сараң сақи іс қылғаның — азғындық.
Өмірді ая, деме лахат жеп-ішсін
Келешектің бал-шырынды жемісін!


2
Қырық қыстың қаһарына шыдамай,
Айғыз-айғыз әжім торлап, солды бет,
Пішініңе қарап тұрып мынадай,
Айтсын кімдер аса сұлу болды деп.
Десе біреу көркің қайда бұрынғы,
Еске салар есіл қызық кезіңді.
Не демексің? Жанарда ма жұмулы
Онда мазақ еттім дей бер өзіңді.
Мына сөзді айтпай көңіл толар ма:
Желкілдеген ұрпағым бар ұнаған.
Тұнық шағым тұр күлімдеп соларда.
Кәріліктен алған енші-сыбағам.
Сан жылдардан салқын тартқан өз қаның,
Жалғасыңнан жалын атса — озғаның!


3
Кескініңді көріп тұрып айнадан,
Қайталауға асықпасаң сен егер.
Суынар да, сүйген әйел аймалап,
Табиғат та өкпелер деп сене бер.
Қандай әйел жас құшағын ашпас-ау
Пәк тәніне қол тимеген болса да,
Қажет десең — даңқ сенен қашпас-ау.
Әлде өзіңе ғашықпысың соншама?
Аналардың көзінде сен — елессің,
Көп бұрынғы көктем шақта жоғалған.
Қартайғанда сен де теріс демессің,
Жастық шақтың қадір-сыйын ұға алған.
Ал, өзіңмен өмір бітсе ескіріп,
Сен өлгенде бірге өледі кескінің.


4
Ысырапқорым, бір басыңнан артпайды,
Өз мұраңды — шаштың бекер есіріп.
Сұлулықты тірлік сыйға тартпайды,
Қарыз алдың — қайтар соны өсіріп.
Сараң сабаз, иемденсең жаның шат
Кейінгіге қалдырғайсың дегенді.
Тыққаныңның — қисабы жоқ қыруар зат
Бірақ, содан байымассың тегі енді.
Өзің қуып ар-ұятты беттен де,
Басқа тептің барлық байлық-ырысты.
Ақырғы сәт есеп талап еткенде
Не демексің ысырапқорлық жүрісті?
Келешегің — көз көрмеген жалғасың,
Жан тапсырар, жерге тисе жамбасың.


5
Нәзік мезгіл еппен келіп ұрланып,
Көрер көзге сиқырлы той жасайды.
Сол уақыт өте шықса, сұрланып
Көз алдымыз көп қызықтан босайды.
Тосқауылсыз сағат пен күн тасқыны,
Жазды құртпақ қысқы кешке апарып.
Ағаш семсе, өтіп жазғы жас күні,
Жер — бір аруақ ақ кебінде ап-арық.
Жалғыз ғана раушан гүлдің жұпары —
Сорлы тұтқын терезеден телмірген.
Тек сол мынау үскірікте жұқарып,
Өткен жазбен өз тірлігін тең білген.
Солғанымен бұрынғы асыл отты рең,
Сұлулықты ол сақтап қалды деп білем.


6
Байқа, жігіт, ақ шашты қыс алжыған
Жасыл баққа суық қолын сұқпасын;
Сен серуендеп, гүлдерінен бал жиған,
Көктем жерге күні бұрын бұқпасын.
Адамдай-ақ, баға жетпес заттан да,
Қашан болсын пайда тауып байқаған,
Мәз болар ең өзіңді-өзің тапқанға,
Заңды жолмен он есе етіп қайтадан.
Жоқ болса да өмір сүрмек он дүркін,
Балаларың он қайтара жасатар.
Таусылғанда ең ақырғы мөлдір күн,
Ажал сені азабынан босатар.
Тағдыр саған осыншалық нұр беріп,
Бар сұлулық кетпек емес бірге өліп.


7
Алаулаған таң шапағы әлемнің
Жалын басын көтергенде төсектен,
Жердегілер жеткізіп көп сәлемін,
Нұрлы хаққа ақ пейілін көрсеткен.
Шаңқай түсте дер шағында қызықты,
Тас төбеден жарқыраса нұрлы күн.
Миллион көздер қайран алтын жүзікті
Тамашалап, тапқан содан тірлігін.
Батар кезде күн сапарын адақтап,
Шаршап тәмам түгескенде арайды,
Құлы болған табынғандар мазақтап,
Сырт береді, басқа жаққа қарайды.
Ұлың қалсын, жастық шағың тозбасын,
Сол ертеңгі күннен көзін жазбасын!


8
Сен — әуенсің, сөйте тұрып әуенді
Тұйық күйде тым жабырқау тыңдайсың,
Неге сонша жаның дертке тәуелді,
Неге азаптан рақат іздеп тынбайсың?
Неге бұны жұмбақтайды жұмыр бас?
Бір-бірімен жарасымды жаралған
Көп дыбыстың жалғыздыққа жаны қас.
Әлде сол ма дертің бойға таралған?
Тыңдап көрші қыл ішектер тамаша
Тату-тәтті үйлесімді үн қосқан, —
Әке, шеше, жас баласы оңаша
Әсем бір ән шақырғандай тынбастан.
Концерттегі көп-көп үндес ішек мынау
Жалғызілік өліммен тең деп тұр-ау.


9
Қорқып, бәлкім, көз жасынан жесірдің,
Жар сүюге батпай жүрген шығарсын.
Сен өлерде, кері келіп кесірдің,
Бүкіл дүние көздің жасын сығар шын.
Шерлі жесір жас сәбиін көргенде
Содан таппақ сүйгенінің кейпін де,
Ал сен артта қалдырмайсың бір пенде,
Жарық дүние жұбанышым дейтін де.
Ысырапқордың шашып-төккен ырысы
Өз мекенін өзгертеді тұрмыста.
Ал, сұлулық ізсіз-түзсіз жылысып,
Жастық дәурен құрып кетпек құр босқа.
Өзін-өзі сататындар ұялмай
Өмір кешпек өзге жанды сүйе алмай!


10
Шыныңды айтшы: нақсүйерің кім сенің?
Саған ғашық көп екенін білесің.
Тигізер-ау қайран албырт күн себін,
Ал, сен — сүймей, жалған ойнап-күлесің.
Қаскүнем-ау, аяушылық қылмастан
үнде өзіне істеп жүрсің зиянды, —
Үй — мұра ғой ата орнын ұл басқан,
Сен талқандап бітірдің сол ұяңды.
Жөніңе кел — өкпе артпай-ақ қояйын,
Достықты сүй, дұшпандықты қоздырмай.
Ажарыңдай жаның болса, аяйын.
Өз жаныңды байытшы тек, тоздырмай.
Келісті рең керек пе еді тек бүгін;
Иемденсін енді сенің текті ұлың.


11
Тез соламыз, өсіп өмір бағында;
Өсім — ұрпақ — жаңа егін жайқалар.
Салқын жылдар сартап қылар шағында
Артық күшің арттағыдан байқалар.
Даналық пен сұлулықтың заңы сол.
Онсыз қарттық, есуастық — екі жау.
Солар сұқса тіршілікке суық қол,
Алпыс жылда-ақ тамам болар едік-ау.
Жер мен өмір жақтырмайтын бетсіз бен
Даңғой өлсе, ізсіз-түссіз құрысын.
Ал, сыйлықты, өмір саған өткізген,
Қанша дүркін қайтып берсең — ырысың.
Ғасырларға қалдырар өз таңбасын
Шебер ойған әріптермен тең басың.


12
Сағат маған тіл қатқанда, жарық күн
Көп ұзамай түн жамылып жатар деп,
Құнысар деп майса гүл жарықтық,
Қара бұрым ақ бояуға батар деп, —
Жапырақтар жол бойында ұшар деп,
Шаңқай түскі аңызақта жел-шандақ,
Арба толы бау шөп бізге душар кеп,
Иек қағар деп, ақ сақалы шошаңдап, —
Сағат солай десе, ойға кетем мен
Сенің де ертең әрлі жүзің солмақ деп;
Орман, тоғай, дала гүлі бөтен нең, —
Жаңа дүние жас буынмен толмақ деп,
Қол орағы өткір жүзді өлімді
Жеңем десең, қалдыра гөр төліңді!


13
Өзің өз бол, соны өзгеден қызған да,
Тірлігіңде өзге болмақ жоқ саған.
Ажал келіп ажарыңды бұзғанда
Тұрар болсын біреу саған ұқсаған.
Табиғаттың саған берген ажары
Аз уақыттық — аз уақыт-ақ тауыссын.
Бірақ бар-ау, сол ажардың базары
Артта қалар мұрагерге ауыссын.
Үстіңдегі үйді күтіп ұстасаң,
Қыңбайды ол қыстың ақ қар, мұзына;
Ол ұяда орын да жоқ ешқашан
Ажал, аяз, қараңғылық сызына.
Беу дариға-ай, демің біткен кезінде,
Қайратты сөз: «Қайран әкем!» десін де!


14
Жұлдыздарға қарап мен бал ашпаймын.
Астроном да бар демейді жоқ істі.
Ескертпейді еш жұлдызы аспанның
Тоқтық, аштық, өрт пен оба, соғысты.
Болжай алман бұлтты, бұлтсыз күндерді
Қыс пен жаздың күнтізбесін парақтап.
Бақ күтіп тұр патшалардан кімдерді, —
Деме маған соны аспаннан қарап тап.
Ал, өзіңнің екі көзің — ортағым —
Жұлдыздар сол маған бәрін болжатар.
Өміріңді жалғастырса ұрпағың
Сұлулық пен шындық шырқар жол жатар.
Онсыз тегі тас қараңғы сұмдықта
Сұлулықпен бірге өледі шындық та.


15
Ойлап тұрсам, бір сәт қана болмашы
Өшкенің мен өскеніңе меже екен;
Бұл дүние — тек сахна, сурет алмасып,
Сиқыр жұлдыз жарқ еткені тежеген.
Өсімдіктей балапандап жетілгіш,
Бізді өсіріп, құртатын да бір құдай.
Жимасақ та жастық нәрден жетім күш,
Бола алмаймыз баяғы жас тұрғыдай.
Қымбатым ғой көктемдегі өз гүлің,
Қымбат маған балғын шағың тамаша.
Мезгіл — жауың, жайма шуақ мезгілің
Сені апармақ тас түнекке оңаша.
Бағбан тұтар шипа пышақ — өлеңім
Өркеніңе нәр ексін деп келемін.


16
Егер мезгіл қамауға алсын демесең,
Дер шағыңда, алысқанды жық бір-ақ,
Жастық шақты қорғамайсың неге сен
Менің бедеу өлеңімнен мықтырақ!
Келгелі тұр не тамаша ғазиз жас
Сенің нәзік кескініңді қайталап;
Одан әсте ою, сурет, сөз озбас.
Шыңға шықтық, кезің болды қайтар-ақ.
Аршиды өмір қатер, жапа-жалаңнан,
Өзім десең өршіл махаббатыңды;
Сырғып жүріп, сынып қалғыш қаламнан
Өмір шебер өлтірмеуге атыңды.
Өлсең, сені тірілткендей жаңадан,
Сақтайды сол сенен қалған — жан адам.


17
Жырларымның бетін ашып көргенде
Сені мақтап, сендірермін қалайша?
Хаққа аян, қап-қараңғы көрден де
Жырым әлсіз, молаң жалғыз қарайса.
Суретіңді салармын-ау отырып,
Жырдан белгі соғармын-ау бекемдеп, —
Айтады ғой ұрпақ: «Мынау өтірік,
Пендені ақын пірім деген екен!» — деп.
Сарғыш тартқан парақты ол лақтырар
Көнерген бір көк мылжың деп жырымды.
«Шын сөзі жоқ ішің жылып жақтырар, —
дер ол мені, — кәрі суайт, жырыңда».
Ұлың болса, көкірегіңе сән кіріп,
Отырар ең жырға жұртты сендіріп.


18
Жазғы күндей жарқын дер ем ажарың,
Одан, бірақ, сен сабырлы, әрлісің.
Жел-құздан ғой май гүлінің ажалы,
Аз-ақ күндік жаз өмірі — жарлы шын.
Аспан көзі бірде туар қаратпай,
Бірде бұлтқа жасырады жарықты.
Бізді дәйім — бір сүйіп, бір жаратпай
Табиғат та жүз құбылып алыпты.
Ал, сеніңше: күнің бастан көшпейді,
Жазың солып, гүліңді аптап соқпайды.
Саған ажал көлеңкесі түспейді, —
Жырлар сені мәңгі тірі сақтайды.
Дем бітіп көз жұмбаса адам баласы,
Тірілердің ішінде сен боласың.


19
Ей, мезгіл, қи арыстанның тырнағын,
Жұлып таста жолбарыстың азуын;
Құрт жердегі тіршіліктің жұрнағын,
Финиксті өрте де, құй өз уын.
Көз жасына айырбастап күлкіні,
Жайрата бер — жаз, күз деме, қыс деме
Жұртты, мені жұта берсін құлқының —
Бір қылмыс бар, соны ғана істеме.
Жан досымның сұлу жүзін, маңдайын
Айыз қана айғыздама дейін де,
Оның мынау әсем көркі әрдайым
Үлгі болып қала берсін кейінге.
Егер аяп, сала алмасаң көз қырын
Саф күйінде сақтап қалар өз жырым.


20
Әйелге ұқсап тұрғанымен өңің де
Әз табиғат сені мығым сомдаған.
Әйелдей-ақ ажарлысың, тегінде
Сатқындық жоқ. Хан да ханым сен маған.
Көлгірлік жоқ мөлдір нәзік көзіңде
Төңірекке төгер алтын нұр бірақ,
Табындырдың достарыңның өзін де,
Өліп-өшіп төмен етек құрғыр-ақ.
Әйел етіп жаратуға қайырды
Әз табиғат бастаған ба қолға ала,
Сонысымен мені сенен айырды.
Әйелдердің бағын ашқан сол ғана.
Мейлі. Енді қояр шартым: мені ұнат,
Көңіліңді әйелдерге беріп-ақ.


21
Сан бояулы тамам тәңір-пірлерге
Сыйға тартып жер мен суды, ғарышты,
Мақтау жырды жазғыштар бар түрлі елде,
Жақтырмаймын сондайлармен жарысты.
Жып-жылмағай жырлау үшін, өзара
Дауласып кеп жатсын мейлі соларың,
Жұлдызды айтып, жұпар гүлден тәж орап,
Мақтай берсін жер байлығын, суларын.
Махаббат пен сөзім — заңды шындығым,
Сүйгеніме жазар жырым көп тегі,
Ол да пенде адам кескен кіндігін,
Айың да емес, күнің де емес көктегі.
Махаббатым! Сені мақтап жатпаспын,
Ал, бөтенге — сабасаң да сатпаспын!


22
Айна — сиқыр: мені қарт деп кім айтар!
Сен жас болсаң, екеумізге сол ортақ.
Әжіміңді жыртқан жердей молайтар
Күндер туса, сол ғой гүлім солар шақ.
Сені көрсем, өзімнің жас түрімді
Көргендеймін айнадан мен ап-анық.
Маған сыйың — жас жүрегің дірілді,
Өзімдікін саған берем апарып.
Аялап бақ досың үшін өзіңді,
Соныкі ғой соғып тұрған жүрегің.
Жүрегіңді, өз анаңдай төзімді,
Қайғы, дерттен қашық ұстап жүремін.
Бір-ақ тағдыр қос жүректің күткені:
Мендегі өлсе, сендегінің біткені.


23
Әртістей-ақ, жасқаншақтап жүргенде,
Үйреншікті рөлінен жаңылған.
Есердей-ақ, ашу-ыза бүргенде,
Қуат-еркін құр шығындап, дал ұрған. —
Мен де үнсізбін, не дерімді білмеймін.
Сөйтсе де ол сөнгені емес сезімнің.
Жоқ, аузыма құлып салған бұл менің
Ұшан-теңіз махаббатым өзімнің.
Саған кітап ағынан бір жарылсын,
Қолдаушым сол, мен десе, ауыз жаппайды ол,
Сол-ақ саған жалбарынып жалынсын,
Әділ жолмен өш алғанды жақтайды ол.
Тілсіз ғашық сөзін оқыр кім барсың?
Ал, үнімді көзбен қалай тыңдарсың?


24
Менің көзім суретшідей бар саған,
Көркің сенің көкірегімде болғасын.
Мен бір тірі құрсау соны қоршаған,
Ал, өнердің ең асылы — жалғасы.
Сол құрсаудан суретіңді іздесең,
Шеберін оқ қаламындай ұшталған.
Асыл әйнек сүйе білген көз десең,
Шеберхана сол әйнекпен тысталған.
Тату-тәтті көздеріміз — қанағат,
Менің көзім суретіңді салғыш-ақ.
Жарқыратып көктен шеберханаға
Күн түсіргіш — сенің көзің жалғыз-ақ.
Әттең, тәңір берсе-дағы көз маған,
Жүрегіңді бір көруге жазбаған.


25
Туған күні бақ жұлдызын көргеннің
Мақтанышы — мансап, атақ, тұрмысы.
Ал, мен болсам, аз сыйлыққа көнгенмін,
Бар бақытым — махаббаттың тынысы.
Бекзадаға, тоғышарға сенгендер
Күн астында шешек атып жайқалған:
Бірақ күннің көзі бір сәт сөнгенде,
Күнбағыстың семгені де байқалған.
Қолбасы да, жеңістермен желіккен,
Соңғы айқаста сорлап қала беретін.
Із де қалмай ірі даңқ пен ерліктен,
Ұмыт болып көресіні көретін.
Менің мәңгі дәрежеме тимек кім, —
Сүйіктімін, сүйем, әрі сүймекпін.


26
Пендесі едім корольге шын берілген!
Саған деген құрметімді дәлелдей
Елші салдым ақ қағазға терілген
Шешендігі болмаса да пәлендей.
Сөз таппадым өз басыңа лайықты,
Түсін, бірақ: Адал ниетім — ер шыны.
Өзің әсем қиялыңмен киіндір
Сол бір сорлы, тыр жалаңаш елшіні.
Мүмкін мені белгісіз бір бағытқа
Бастап келе жатқан жарық жұлдыздар
Жеткізер де атақ-даңққа, бақытқа;
Оған дейін жұмбақ, жүдеу бір біз бар.
Бақ дарымай, махаббатым түлеткен,
Шықпасын ол тас қараңғы түнектен.


27
Ұйқым келіп, шаршаған соң жұмыстан
Рақат тыным алсам деймін төсекте.
Жатсам болды — жолға шығам жылыстап,
Баяғы сол бір-ақ мақсат есепке.
Саған қарай жүз мәртебе қозғалды
Диуананың жолын қуған жас жүрек.
Кірпік ілмей кірбің тартқан көз алдым —
Су қараңғы соқыр көрген тас түнек.
Жай таппаған жан, көкірек көзімен
Бір сені іздеп, қараңғыны қармағам.
Кіріп келсең, сені дереу сезінем —
Көлеңкеде көбең сәуле бар маған.
Махаббаттан маған ешбір тыным жоқ, —
Жол шықпайтын күнім яки түнім жоқ.


28
Шаршағанға қалай төзер бұл дене,
Жай тауып бір жан тыныштық көрмесе,
Күн азабын сейілтпеген түнде де
Күндізгі шер көкіректі кернесе?
Күндіз бен түн — өзара өш екі жау —
Достасқандай бір-біріне қол созып.
Күндіз — күйбең, түнде — жаным жабырқау
Асылымнан айырылғанды қор сезіп.
Ашық күнмен салыстырдым мен сені,
Ақ сәулесін алам ба деп мекендеп.
Түнді де мен мадақтадым белсене,
Жұлдыздарың қалқашымдай екен деп.
Бірақ, күнім барған сайын қараң-ды;
Келер түнім — кешегіден қараңғы.


29
Арпалысып тар дүниемен, тағдырмен,
Еске алғанда сор-азаптың жылдарын.
Керең, кеще аспанды да тағы мен,
Мазалаймын, тілеп қимас бұлдарын.
Шағынамын дерт болды деп сыбағам,
Алмастыр деп өз орнымды өзгемен.
Өнерпаз көп ешбір сағы сынбаған,
Жұртты сүйген, мақсаты зор көздеген.
Соларға сәл елтігенде: сені ойлап,
Өзім сынды дәрменсізді қарғаймын.
Сонда ғана, қиын қырсық оңайлап,
Тік шырқайтын мен бір қара торғаймын.
Махаббатың еске түссе, ең күшті
Дүниедегі бар патшадан мен күшті.


30
Үнсіз, жұмбақ ой сотына жүгін деп,
Шақыртқаным — барлығы да баяғы үн.
Жоғалтқаным еске түссе бүгінде,
Ескі дерттің тағы жеймін таяғын.
Жіпсімеген көзден жасты үзбеймін,
Қараңғы көр жұтқандарды азалап;
Опат болған махаббатымды іздеймін.
Асылымды алып бітті-ау ажал-ақ.
Санағанда біткендерді шетінеп,
Жан түршікпей қалған күнім қайсы одан,
Бір мәртебе шығындалған дертіме
Қыруар қымбат шығындалам қайтадан.
Өткен шақтың ішінде сен толысың;
Кер тағдырға кешірім бар сол үшін.


31
Көкірегіңнен көрем барлық жүректі
Қап-қараңғы қабірлерге тығылған.
Ақ жүзің де солар жүзін жылы етті,
Бір кездерде асылым боп ұғылған.
Көз жасымды көп шығындап оларға,
Басымды игем, тас сыпаға табына.
Соның бәрі уақытша дерт болар ма; —
Барлығымыз табысыппыз тағы да.
Жақын-жаран, достар еді-ау сыйлаған;
Сенен тапқан солар соңғы жол шегін,
Солар саған тапсырыпты, сен маған
Сеніп берген махаббаттың бөлшегін.
Асылымның бәрін таптым бір сенен, —
Мен бәріңнің меншігің боп өлшенем.


32
Ажал мені бүркегенде тақтаймен,
Өз көзіңмен соны көрсең егер сен.
Дос жазған деп осы жырға тоқтай қап,
Жолдарына көз жүгіртіп жіберсең. —
Мені сонда жас ақынға теңер ме ең?
Жастар менен шебер жазар екі есе.
Бірақ, сені толық толғап көнергем, —
Саған ыстық көрінермін жекеше.
Жолда қалып қоймасам мен мәселен,
Мезгілдермен бірге өніп өсер ем.
Өзге буын жыршылары ішінде
Әдемірек шығар еді-ау ісім де.
Өлмек бар ғой: жастар жанар, мен сөніп;
Мен — мейірбан, жастар:— жазғыш, сен соны ұқ.


33
Байқап жүрмін, көкжиектен шыққан күн
Тауды жалқын жанарымен баптайды,
Жымияды жылынсын деп шықтан гүл,
Сұрғылт суды алтынымен аптайды:
Аспан кейде жарқын көкті көрсетпей,
Ауыр бұлтты асқақтатып қояды.
Бұлттар жылжып, күңгірт дүние тырс етпей,
Жердің жылы жомарттығын жояды.
Менің-дағы күнім солай бір-ақ сәт
Сыбағама мол бақытын сыйлаған.
Тәнді де бір көзсіз бұлттан кесапат,
Өшті нұрым, маңдайыма сыймаған.
Күңкілдемей жазмыш жеңсе күресіп, —
Көктегі бұлт жерде де тұр сіресіп.


34
Ғажайып бір ашық күнге алданып,
Сырт киімсіз сыртқы жолға түстім мен.
Дереу бір бұлт көлеңкесін салды анық, —
Жаңбыр, бұршақ нөсерлетті үстімнен.
Содан кейін бұлтты жарып ақ сәулең,
Менің нәзік маңдайымнан сипады. —
Маңдай қалды қатты ауырып қақсаумен,
Жарақатқа бола алмадық шипалы.
Сергітпейді енді қайғы жегенің,
Өкінішің жұбатпайды көңілді:
Ренжіткен жанның мүсіркегені
Өкпелінің көкірегіне көмілді.
Болды, бірақ, күнәдан пәк өз басың —
Бәрін жуған — маржан бұлақ көз жасың!


35
Қысылмашы қылмысыңды жыл ойлап,
Рауза гүлдің бойында да — қылтанақ.
Бұлақты да құм жатады ылайлап,
Күн тұтылып, көрінбейді бұлттан ақ.
Өзгелердей өз басым да күпірмін
Осы өлеңнің әрбір ащы жолында; —
Теңеулермен ақтап сені отырмын,
Кешірместі кешкен жырым — қолымда.
Ақтаушы боп өзім барам сотыңа,
Жауым жаққа тигіземін пайдамды.
Өз ішімде махаббаттың отына
Өшпенділік ашып жатыр майданды.
Ұры сабаз, тонасаң да мені сен,
Күнәң, жазаң — екеуін де бөлісем.


36
Иә, екеуміз екі бөлек пендеміз,
Махаббатта болсақ та бір тіршілік.
Өз арыңа ақаулардан мендегі
Дақ түспесін дейді жаным түршігіп.
Махаббатта бізді қосса бір-ақ тін,
Өмір заңы — өз қамын жеп түртінбек.
Бұзбаса да махаббатты тұрақты,
Махаббаттан ұрлайды сол біртіндеп.
Айыбым бар айта алмаймын болсын деп
Жұрт көзінше жан сарайың жария;
Өзіңе де жалынғаным бос үндеу.
Кешпейді оны сендегі адал ар-ұят.
Жай, мейлі ғой!.. Сүймек парыз жарымды,
Мен сендікпін, тең бөлісем арыңды!


37
Мұрагердің ерлігіне қуанғыш
Әкедей-ақ жасы жетіп қартайған,
Көпке мағлұм сафтығыңа куәм-күш
Көзге түспей өз бойымда ортайған.
Кеңпейілдік, мәшһүрлік пен сұлулық,
Тапқыр ақыл, таза деннің сауы артық —
Сенсің бәрін бойға жиған сол ұлық,
Болмас, сірә, содан маған ауар түк.
Жарлы емеспін жалғыз, арзан бас құны,
Махаббаттың мұңың бірге мол шектім,
Бақилықтың ағыл-тегіл тасқыны
Содан өнген, мен содан бір бөлшекпін.
Тілегім сол — көрмесін еш жарақат
Өз жаныңнан өніп жатқан шарапат.


38
Өзің жүрсең не бір ғажап ой-талап,
Қиялдарды бізге сыйға тапсырып.
Үлгермесек хатқа жазып қайталап,
Қалай болмақ тақырыпта тапшылық.
Кейде менің титтей құным бар десең
Айт өзіңе алғысыңды сол үшін,
Жағы бүтін жаршыларға нәр де сен,
Құртсын өнер соны айтпаған сорлысын.
Өзің болсаң біздің муза оныншы.
Басқалардан бағасы артық он есе,
Бізден бұрын туған жырлар ол үшін
Көрінбекші өнердің боп көнесі.
Мақтар сонда келер ұрпақ зиялы,
Бізден еңбек, сенен шабыт сый алып.


39
Біз екеуміз тіршілікпіз бір ғана,
Қалай сені мақтай алам ендеше?
Жараспайды сұлумын деп тұрғаным —
Кім не болмақ өзін мақтап «мен» десе.
Өйтпеу үшін екі бөлек болайық,
Сұлулығың итермелеп тұр соған, —
Мақтау сөзім бір өзіңе ылайық,
Соны есіту жарасады бір саған.
Айырылыспақ ауыр бізге қайғы-шер,
Бірақ кейде жалғыз шеккен жол артық.
Ай-күнді сол алдарқатып өткізер,
Содан өнбек не қиялға жомарттық.
Жалғыз жүрек қақ бөлінсе жартыдан,
«Қайран досым!» — деуге жақсы артынан.


40
Пайда тауып жарытпассың, сен алған
Махаббаттан тартсам-дағы мен шығын.
Адамзаттың ақыл мүлкі саналған
Сол махаббат онсыз да өз меншігің.
Мендегі ынтық бар екен деп сенде де,
Досым, сені жазғырмаймын сол үшін
Жалғыз ғана айыбың бар: пендеде
Менің махаббатымның сен сорысың.
Қайыршыны түйіншексіз қалдырдың,
Сонда да мен ұрлығыңды кешірдім.
Махаббаттың дерті бізді талдырды,
Жеңіл одан ашық жауы кесірдің..
Қастығыңа өшікпеген жан-тәнім,
Өлтірсең де, жауым болма, жарқыным!


41
Мені қатты қорладың-ау өскенде,
Әлің келмей албырт, тентек еркіңе:
Тірлігімді шығарғаның естен де
Жарасып тұр жастығың мен көркіңе.
Сиқырлыға сыпайысың әрқашан,
Құмар көздер алдында сен — адал мас;
Әйел тапқан ұлсың, әйел арбаса,
Қайран басың қарсы тұра ала алмас.
Әттең бірақ, албырт-тентек кезіңде,
Өтсең еді жолай маған соқпай-ақ.
Қос тамырым қолқасынан езілді,
Аямадың ақ тілеуім жоқтай-ақ.
Тұрлаусызды тұтқын етіп көркіңмен,
Екі дүркін сен айырдың еркімнен.


42
Аяулымды сен сүйгенің жарты шер,
Екі есе ауыр оның сені сүйгені.
Соны көріп жанған отқа жан түсер:
Сенің махаббатыңның сол күйгені.
Екеуіңді ақтайтын бір сөзім бар:
Мені сыйлап сүйгенімді сүйдің сен.
Сенімен де серуендесе біздің жар, —
Мен үшін ол, шатпын оған сүйдірсең.
Ақыр бұ іс қажет болса,— сол саған
Шығынымды өзім сыйға тартқаным.
Сүйген жарым — арың болса аңсаған
Махаббатты содан ғана тапқаның.
Мен һәм досым бір кісідей көрінсек, —
Бір мен үшін жаралғай сол келіншек..


43
Қабағымды түйсем, кім қырағы,
Көзім аңғал қас-қабағым кергенде.
Жіті менің қос жанарым шырағы
Ұйықтап жатып ақ жүзіңді көргенде.
Егер сондай қараңғыда емескі
Жалт-жұлт етсең тас түнекпен таласа,
Күндіз сәулең күннен осал емес-ті.
Түстегіні өңде көрген тамаша.
Дер едім ғой ең бақытты өзіммін,
Мен ұйқыдан оянғанда таңертең,
Қарсы алдында тірі тұрса көзімнің
Түнде көрген түсімдегі ақ еркем.
Сенсіз күнім тас түнектің ішінде,
Күндізімді көремін тек түсімде.


44
Бар болмысым ой-қиялдан жаралса,
Тағдырды мен бастан аттап өтер ем.
Алыс, қиын болмас еді жол онша,
Дереу саған жеңіл самғап жетер ем.
Алыс елдің қандайынан ұшсам да,
Заулар едім бәрін артта қалдырып;
Мұхиттардан асар едім, құстан да
Ұшқыр арман желіне шөл қандырып.
Жан пәрменім — жанған от пен рухтан.
Бірақ, тәнге жазмышта жоқ пәрменсу.
Қиял қуып, аса алмаймын бұйрықтан —
Менің денем қосындысы — жер мен су.
Жер топырақ — мәңгі төсек тозбасым,
Су тасқыны — сордан ащы көз жасым.


45
Екі басқа өзегі бар дүниенің —
От пен ауа — екеуі де жеп-жеңіл.
Соларымды жұмсауға да мен иемін —
Барсын саған — ыстық пейіл, жел көңіл.
Еркін екі сол құбылыс өзіңе,
Махаббаттың елшісі боп ұшқанда.
Қалғандары мені салар тезіне,
Көкірегімді салмағымен қысқанда.
Әлсірермін, тәлтіректеп жығылып,
Тынысым мен отым қайтып келгенше.
«Досың аман, сені айтады жыр қылып» —
Деп екеуі, сенен хабар бергенше.
Бәрі жақсы-ау!.. Бірақ, олжам қайсы одан,
Саған самғап кетсе екеуі қайтадан!


46
Көз бен жүрек арасында көне дау:
Көптен сені бөлісе алмай не керек,
Көзім сені тек көргісі келеді-ау,
Жүрек сені жүрегіне бөлемек.
Жүрек шіркін тағат таппай қойды енді,
Көзден таса етсем-ау деп бір сені.
Көзім болса сенің асыл бейнеңді,
Шарайнама жасырдым деп жүр сеніп.
Осы жанжал жақсылыққа бітсін деп,
Ақыл-ойға бердім әділ билікті. —
Сезгіш жүрек, көргіш көз де ұтсын деп,
Ақыл өзі екі араға килікті.
Ол өзіңді екі бөлді керекке:
Көзді — көзге, жүрегіңді — жүрекке!


47
Бір-бірінің жүгін ауыр қылмасқа,
Жүрек көзбен шарттасыпты өзара:
Көз сені іздеп сандалғанда құр босқа.
Алқынады албырт жүрек бишара.
Ажарына қанық көзім қырағы,
Жүрегімді ынтық еткен бір саған.
Жүрек болса, махаббаттың тұрағы,
Көп қызуын көзге бола жұмсаған.
Сен солайша ойымда да, қанымда
Қашан болса алдымды кеп орайсың.
Көзден қашып құтылмайсың, жанымда
Жүрегіммен жұптасуға жарайсың.
Көзім сені суреттейді түсімде
Жүрегіме ұйқы бермеу үшін де.


48
Алыс жолға шықпас бұрын кілттеймін
Ұсақ-түйек жылтыраған бұйымды;
Ашық қалса, қаңғыбастар тінтпей ме,
Тонамай ма байлығымды тиімді.
Ал, сен — маған өмірімдей бір бақыт,
Сенсіз алтын — қоқыс қана жалтырақ.
Азабым да алданышым, ұрлатып
Алам ба деп отырғаным қалтырап.
Қандай асыл қуысы бар құдайдың
Мәңгі сені сақтау үшін құлыпта?
Жүрегім ғой саған тозбай шыдайтын,
Шықсаң еркін одан сайран құрып та
Жүректе де сақтау қиын алмасты,
Алмас көрсе, адал көз де албасты.


49
Қырсық күнде (Беті де аулақ өзінің),
Қылмысымды түгел көзің көргенде.
Тақыр-таза таусылғанда төзімің,
Сен ақырғы ауыр жаза бергенде.
Араласа қалған сәтте кейде елмен,
Жалғыз қарап, қарып өтсең жанымды.
Сол баяғы айдай әсем бейнеңнен,
Көрер болсам салқын рең, сабырды. —
Сонда қайғы-қасіретім бәсеңдеп,
Айқындалар сенен менің кемдігім;
Ант ішермін, мойындармын әсем деп,
Адасқанның айнымастай сендігін.
Хақың бар-ау қалсын десең кісім боп.
Ал, менің Бақ құшарлықтай ісім жоқ.


50
Неткен ауыр, шаң көтеріп ақырын
Кете бермек, барлығынан қалыс қап:
Есептеу де қиын неше шақырым
Кеткеніңді бағытыңнан алыстап.
Титықтаған ат жануар жасығыш,
Тебінсем де сергіместен ілбиді:
Сезгендей-ақ ісім жоғын асығыс.
Баяу басып келеді өр мен ылдиды.
Темір шпор тебінгіден қадалса,
Бүлк етпейді кісінейді жануар.
Иесінен өз сазайын о да алса,
Иесінің атқа мазақ жаны бар.
Мен — жапанда жапа шеккен байғұс ер:
Артым — шаттық алдым — тұтас қайғы-шер.


51
Шабан атқа болдым солай өзім жақ,
Осы жолғы қырсаулықтың даты мол:
Кежегесі кейін тартса, дұрыс-ақ —
Жер аударып алып бара жатыр ол.
Aт күнәкар болар еді, сандалып
Қайтар жолда шабандаса осылай.
Құйын мініп құйғытсам да шамданып,
Дер ем: неткен қырсау едің досым-ай!
Ынтығыңа жете алмайды жүйрік ат,
Көсілте бір шапса-дағы кісінеп.
Заулағанын ынтық деген отты зат
Азсынады, шабан тұғыр ісі деп.
— Ей, бишара, — дейді ол, — ілбі өзің-ақ.
Ал, мен ұшам, қанаттыдан озып ап!


52
Байлардай-ақ, қазынама жинаған
Қашан болса қарай алам күмәнсіз.
Білем, бірақ, тағдыр маған сыйлаған
Сәтті мезгіл тиянағы тым әлсіз.
Жыл ішінде сирек келер мереке
Көбейтіп жүр көңіл хошын біздегі.
Алмас сынды асыл таста береке,
Басқа таспен бірге жатпас тізбегі.
Асыл досым, сен жатсын деп түбінде
Қойды мезгіл қолдан құты жасатып.
Бақыттымын, алмасымды түбінде
Қайтып берсе сол тұтқыннан босатып.
Сен сыйлайсың көрісер күн сағатын,
Жүректі де, соны көксеп соғатын.


53
Қандай ғана құдіреттен жаралдың?
Біреу-ақ қой көлеңкесі пенденің.
Өз көлеңкең миллиондап таралды,
Соның бәрін — солар емес, сен дедім.
Елестетсек Адонистің суретін, —
Соған ұқсас, сенің сыртқы бедерің.
Еленаны ел аңыз қып жүретін,
Ескі өнердің тірілттің сен беделін.
Күнәдан пәк балаң шағың, өскенің —
Екеуін де ақыл, ажар сақтаған:
Бітік дәнді күздей жомарт — піскенің,
Көркің — көктем, жаз аптабы соқпаған.
Сұлулықтың бәрін саған таңамыз.
Ақ жаныңа теңеу қайдан табамыз?


54
Сұлулықтан жүз мәртебе сұлусың,
Ақиқаттың асылымен ұштассаң.
Гүл жұпарын қадір тұта білу — сын,
Күлгін бетін күрең-қошқыл түс басқан.
Мейлі гүлдің желек, сабақ, түктері,
Қошқыл түсі — бәрі балғын дірілдеп.
Өн бойына нәр берсін-ақ түптері,
Ал, егер де соған жұқса бір індет. —
Ондай гүлден жанға зақым келеді, —
Сол тынысты улайды да, солады.
Хош иісті гүл басқаша өледі:
Жұлсаң, кеудең жұпарына толады.
Көз жанарың сөніп, сәулем, өлерде,
Ақиқатың ақтарылар өлеңге!


55
Мәртебелі мәрмәр зират мүк басқан,
Бұл сөзімнен бұрын тозып жоғалар.
Бұл сөзіме, бір өзіңмен жұптасқан,
Ғасырлардан қандай тозаң жұға алар?
Сойқан содыр мүсіндерді құлатып,
Тас қашаушы еңбегінен түк қалмас.
Сөзден соққан ескерткіштің құны артық,
Жүз жылдарың жүйткісе де сүрте алмас.
Ажал сені батыра алмас тереңге,
Қас ұмытшақ қалтарыста қалдырмас.
Сен серіксің келер ұрпақ-өренге,
Әулет сенсіз әділдікті қам қылмас.
Олай болса, оянғанша дір етпе,
Отты жыр мен өле сүйген жүректе.


56
Ей, махаббат, аш ұйқыңды!
Нашар ма Өткір жүзің шел мен аштық уынан?
Молшылықта тоқмейілсіп қашар ма
Адам деген азығы мен суынан?..
Махаббат та солай. Оның аш көзін
Бүгін ұқсаң тойғаны үшін тұнған деп,
Ертең тағы құшақтайсың отты өзің,
Шіру емес, жану үшін туған деп.
Артсын десең махаббаттың бағасы,
Мұхит болсын мұңлы ғашық сағаты:
Қос ғашықты сол мұхиттың жағасы
Қоштастырсын, таусылғанда тағаты.
Сол сағатың аяз болса ызғырық,
Көктемің тез жетуі үшін қыздырып.


57
Қызметшінің жалғыз ісі жалбаңдап,
Күтіп алу босағадан ханымды.
Мен де босқа бір өзіңді армандап,
Күте-күте күйзелтемін жанымды.
Жабырқаймын, жазғырмаймын сонымды.
Сағат тілін санауға да шыдар жан.
Қарғамаймын сонау ащы сорымды
Есігіңнен мені қуып шығарған.
Қызғаныштың қысасын да жолатпай,
Күзеткенім — қасиетті босағаң.
Көрінеді ең бақытты сол-ақтай,
Кім жолықса қыбын тауып бір саған.
Сайрандай бер. Көзім енді көрмейді;
Күдіктену ойыма да кірмейді.


58
Еркімді алған, пірім маған, тегінде,
Бой сергітер бос кезіңді тергетпе. —
Неше сағат сайраңдайсың? — дегізбе, —
Қожа ісін құл түзетпес тергеп те.
Керек сәтте шақыр-дағы жүгіңді арт;
Оған дейін мен де шыдап бағармын.
Қашан өзің босағанша, күту — шарт,
Ыза отын іштей ғана жағармын.
Іс қылдың ба, бос әуремен болдың ба —
Өз еркің ғой, өз тағдырың — үлесің.
Қылмыс қылсаң, қызыл бетің алдында
Өз күнәңді өзің кеше білесің.
Менен бөлек ләззат алған шағыңда
Шаршап күтем, айта алмаймын шағым да.


59
Бұл дүниеден еш жаңалық таппасақ,
Бола берсе болған істі қайталау.
Туылғанды туа-туа тоқтасақ,
Бос әуреден десек көңіл қайтар-ау.
Ой шегініп, шолса кейін қалдырған,
Күн жолының бес жүз мәрте шеңберін,
Көне сөзден, талай көзді талдырған,
Сені табам: сүйкімдісің сен керім.
Білем содан бұрынғылар жиған не, —
Қызық, киын жырлар қанша жалғанда;
Олар ма озық, әлде біз бе, жоқ әлде
Осы дүние өзгеруден қалған ба...
Жоқ!.. Жазған ғой солар — бізге дейінгі,
Сөз құдайы болсыншы деп кейінгі!


60
Жалпақ теңіз жағасында шулаған
Толқындардай сансыз минут жоталы.
Бір сәті жоқ бірін-бірі қумаған,
Кезегімен келіп-кетіп жатады.
Қол орақтай жаңа туған ай жүзі
Толысқанша асығады биікте;
Содан кейін беттен шығып айғызы,
Жез табағын тапсырады күйікке.
Әжім қалмақ өмірі озған кәріде
Зергер жылдар өрнегінің ізінен.
Жер бетінде жетілгеннің бәрі де
Құтылмайды шалғы орақтың жүзінен.
Ал, мен төзем не заманғы сынға сан,
Өлеңімде өлмейтұғын сен қалсаң!


61
Күнәң ба сол, асыл бейнең сиқырлы
Кірпігімді ілем десем, жатқызбай,
Бас жағымда тұрса күліп сүйкімді,
Қойса бір сәт қабағымды жапқызбай?
Мендей жалған, сауыққұмар кісіңді
Бейнетім деп «тілеп алған басыма»,
Тексерем деп пиғылым мен ісімді
Өзің бе әлде келіп жүрген қасыма?
Жоқ, сенде жоқ мол махаббат ұйтқысы
Бас жағыма келіп үнсіз тұрғандай,
Менің махаббатым ғой ол ұйқысыз,
Ол екеуміз түн қатамыз, тұр қалмай.
Менен алыс, басқаларға — жақын боп
Сен жүргенде ұйықтауға да хақым жоқ.


62
Өзімді-өзім жақсы көріп пысынау
Қанға сіңген қасиет сол бойда бәрі
Бұл дүниеде жоқ па шара осынау
Осалдықты жеңіп жаным жай табар?
Бұл дүниеде теңдесі жоқ сымбатты
Әділ жан да бір өзім деп санаймын.
Жисаң барлық тірліктегі қымбатты,
Бәрінен де ірі — өзім деп санаймын.
Әлдеқалай көзім түссе айнаға
Бар сиқымды баз қалпында көремін.
Әжімдерді, жылдар ізі сайраған,
Күнәм көп деп мойындауға көнемін.
Орнымды ал да, келешекке аш құшақ, —
Өткен дәурен өркені — сен, жастық шақ.


63
Қара күн бар қалқашым да мен құсап,
Ащы өмірдің тақсіретін тартатын.
Мезгіл шіркін бет-жүзіне белгі сап,
Ыстық қанға суық қолын артатын.
Сол қара күн — түннің түпсіз құзары,
Жарық сәуле жолын да сол бөгетпек:
Жаңа ғана көк жүзінде қызарып
Күн көзінен қалған нұрды жоқ етпек.
Қара күнге қаруым тұр оқталып,
Бізді ұмытпай, ажалмен сол соғысар.
Сол арқылы асыл бейне сақталып,
Шапағаты келешекпен тоғысар.
Ол қаруым — жырдың қара жолдары,
Онда — өшпес бояулардың мол бәрі.


64
Көрдік біздер, мезгіл арғы, бергіні,
Өз киімін өз қолымен жыртқанын,
Небір асқан мұнараны жер қылып,
Мың жасаған мысты да апат жұтқанын.
Көрдік теңіз көрші елдердің жерлерін,
Толқынымен тонап-тонап алғанын.
Көп олжаға аз шығындап терлерін,
Құрлықтың да мұхитқа ауыз салғанын.
Көрдік біздер дүние кезек айналып,
Патшалықтың құлауға да қалғанын...
Осылардан өз жайымды ойланып:
Бітпек деймін бір-ақ сәтте, жалғаным...
Қазам ғой ол!.. Дерт жеткізер түбі оған.
Неткен әлсіз бақыт еді сыбағам!


65
Талқандалса күні біткен жер мен су,
Тас пен мыстың күйген күлі қарайса.
Сенің сұлу бейнең, гүлдей дәрменсіз,
Ажалыңа ара тұрмақ қалайша?
Замандардың зардабынан дөңбекшіп,
Құзарына құлап жатса жақпар шың.
Құртса мезгіл қола мүсін, діңгекті,
Қызыл гүлді қалай ұзақ сақтарсың?
Уа, сорлы ақыл!.. Қайда, қандай қуыс бар,
Саф сұлулық бас сауғалап қалғандай?
Мезгіл гүлін мезгіл жұлмақ уыстап,
Сол қимылды тоқтататын қол қандай?
Ол жоқ. Мүмкін, сақтар нәзік жанды ұзақ
Қара сия жазулары жалғыз-ақ!


66
Өлсем деймін. Көре-көре тойдым ғой,
Қасиеттің қайыршылық қылғанын.
Ақ пейілге көтертпейді жала бой,
Көрдім ездің паң киініп болғанын.
Көрдім аққа үкім жала жапқанын,
һәм қыз дәурен балағатқа батқанын.
һәм әдейі қошаметтің қорлығын,
һәм қайратқа әлсіздіктің зорлығын.
һәм тұралық есерлікке саналып,
һәм есерлік саналғанын даналық.
һәм шабыттың бүркегенін өз бетін,
Адалдықтың — арамдыққа қызметін.
Бар иттікті көріп, көзді қинаймын,
Жан досым-ай, жалғыз сені қимаймын!


67
Сұра, неге арсыздықты ақтап ол,
Ғайбат іске тәрк етеді тірлігін?
Күпірлікке неге ашып даңғыл жол,
Ажарымен бүркейді нас-кірлігін?
Неге гүлдің өліп біткен құнары
Жас көркіңнен оның отын ұрлайды?
Жасанды гүл, жалған бояу — құмары,
Неге мұнша өзін-өзі қорлайды?
Неге оны сақтап ана-табиғат,
Әлпештейді әл-қуаты бітсе де,
Ақ жүзінде күйген ұят табы қап,
Тамырдағы қаннан қызу кетсе де?
Сақтайды оны дүние қайғы жемекке:
Түгел еді, түгесілді-ау! — демекке.


68
Оның жүзі — сұлулықтың бұрынғы
Еркін өскен күндерінен қалған нұр,
Ол сұлулық — гүл-көктемдей бір үлгі,
Жапсырмасы жоқ еді ғой жалған құр.
Жұрт ол кезде қорған бұзып, зиратқа
Марқұмдарды мазалауға кірмейтін; —
Ұмытылған алтын бұрым-ширатпа
Көрден шығып, бөтен баста жүрмейтін.
Оның жүзі қарапайым, сүйкімді.
Ернін қолдан боямау да тән оған.
Көктемінде көк қына жоқ сүйкенді,
Жаңа да жоқ көнелерді тонаған.
Ажыратпақ үшін керек бұл деген
Ақиқатты жалған үлде-бүлдеден.


69
Сенің сыртқы сипатыңды көрген жан,
Еш міні жоқ бітіміңді қоштайды.
Ортақ үкім шығарса да дос, дұшпан,
Ақиқатқа титтей сызық қоспайды.
Сыртқы түрге — сырттай ғана сый-құрмет,
Ішке келсек, үкім үні бір басқа:
Қасиетті жүрек дейтін сиқырлы ет
Көзден таса жатқан жоқ қой құр босқа...
Ішің жайлы жұрт аузында сөз арық,
Жан болмысы — тілге тиек, қашан да.
Хош иісті шырын гүлің сазарып
Өлмей қайтсін: Арам шөптер паш онда...
Сенің жасыл бағың — шөп-шар, былғаныш:
Аяқ көп те. аяу жоқтан болған іс.


70
Жұрт жазғырса, сенің кінәң емес ол,
Сұлулық та ұшырайды өсекке.
Ақ әлемді дақ кірлетер демес бол
Нұрлы аспанға қарға — қиқым есепті.
Жақсы әйелсің, жалақорлар бірлесіп
Шуылдаса, одан бетер асылсың.
Құрт-құмырсқа осал гүлді жүр жесіп,
Ал, сен, тұтас көктем сынды жасылсың.
Балғын шақта жол тосқанға жоламай,
Сен құтылдың, опық жеді ол сонда.
Ал, мына бір шуылдаған жаланы-ай, —
Жақ жаппайды қанша таза болсаң да...
Әттең, құрып таза жанды кір санау,
Онсыз өзің жерде жеке тұрсаң-ау!


71
Өзің қайғыр өлген күні бұл ақын,
Жақын шіркеу жұртқа жар сап болғанша,
Жерді қойып, көрде талшық жұлатын
Құртқа айналды, деп насихат қылғанша.
Сонетімді қайта оқысаң, жасыма
Аяймын деп өлі суық қолымды.
Жаным сүйген жанарың көз жасыңа
Толса, кештім ақиреттік жолымды.
Осы жырлар қайта-қайта жаңғырып,
Мені есіңе салмасын деп тілеймін;
Маған деген махаббатың қаңғырып,
Менен кейін қалмасын деп тілеймін.
Ұмыт мені: жоқтай берсең, жұрт күлер, —
Жұрт білер де, қаңқу-өсек түрткілер.


72
Мені сонша неге сүйдің құмартып,
Өмір саған соны айтқызбай тұрғанда —
Мен өлгенше, қартайғанша, күнә артып,
Құтыл менен, ғасиліктен құр қалма.
Рас, кейін бойда барым терерсің,
Бірақ, содан аз табылар жақсылық:
Досым ғой деп, бекер мақтай берерсің,
Қайдағы жоқ қасиетті жапсырып.
Махаббатқа дақ түсірмейін десең,
Өткен жайды өтірік мақтап азбай-ақ,
Екі дүркін күйем бұған көнбесең:
Тірі күнде ез болғаным аздай-ақ,
Дереу естен шығар мені біржола.
Саған жалған сөз айтқызсам — қос күнә.


73
Мені көр де, жыл ішінде күзді көр
Сирек жапырақ қызғылт тартып жаурайтын:
Жым-жырт белде шат-думаннан үз күдер
Жаз бойында жан-тәніңді баурайтын.
Мені көр де, керең тылсым кешті көр
Күні батып, күрең шапақ тұтылған.
Асланы да, күндіз тірлік көз тігер,
Сұм ажалдай қараңғыға жұтылған.
Мені көр де, шала-жансар отты көр
Суық күлдің суын тартып сөнетін...
Өмірімде өз еркіммен шыққан төр —
Көрім де сол ертең барып енетін.
Бәрін көрдің. Бірақ, біздің қос жүрек
Бітер шақта біте қайнар күштірек.


74
Құн алмайтын, ұзартпайтын бір де күн
Ажал дейтін абақтыға жөнелсем.
Құлпы тас пен кресі емес мүрденің,
Осы жырлар белгім болар мен өлсем.
Менен саған тиетұғын бөлікті
Жырларымның жолдарынан терерсің.
Бұл бөлісте жер-ақ алсын өлікті,
Бірақ содан аз-ақ зиян көрерсің:
Нәрім сендік. Ажалдікі — тұрлаусыз
Тірлігімде түпке тұнған ылайым.
Қаңғыбастар, ұсақ-түйек ұрлаушы,
Қымқырып та кетеді оны толайым.
Ажалдікі — сынған құмыра жұрнағы,
Ал, сенікі — жан мен шарап жырдағы.


75
Аш көзімді тоғайтасың әрқашан
Жердің көркін жетілдіргіш ылғалдай.
Бір өзіңмен айтысам да арбасам,
Бай сараңы барға тарлық қылғандай.
Сараң байдың ұйқысы жоқ сондықтан, —
Сырттан біреу сыбдыр етсе — үргелек.
Кейде бұқса түк шығармай сандықтан,
Жарқылдамақ кейде жұрттан бір бөлек.
Мен де солай, той-думанда тояттап,
Жан шақыра жанарыңа шөлдеймін.
Үміт-жүлдем, сорым сойыл-таяқтай,
Сен не берсең, бар сыбағам сол деймін.
Бұл күндерде, батып, шығып шаршаған,
Бірде кедей, бірде баймын баршадан.


76
Өлеңімнен жарқ етпеді-ау жаңалық.
Ойда жоқ бір өзгерістер қосқандай.
Таңғаларлық тың тәсілден жаралып
Сөз жаңғыртар жол жоқ па осы ешқандай?
Бар тапқаным — баяғыны қайталау,
Көне-көскі неше дүркін кигенім,
Кез келген сөз менің атымды айтады-ау,
Болмаған соң өзім жиып-түйгенім.
Бұның бәрі бір есепті құмартып
Қайта-қайта шығарудан болған іс:
Сені жазам, сенен маған кім артық
Бір махаббат — жүректегі толғаныс.
ас төбемде күн баяғы орнында,
Жаңа тапқан жарығы жоқ оның да.


77
Ақ шашыңды айна өзі-ақ көрсетіп,
Сағат санар өткен алтын минөтты.
Ақ қағазға әріп түссе тырс етіп
Сол оқытпақ зердеңдегі зейнетті.
Шынын айтқыш әйнек — әжім беттегі,
Соған қарап есептейміз шығынды.
Ал, сағаттың жайлап тық-тық етпегі
Мәңгілікке ұрлап бермек бүгінді...
Есте сақтап қала алмайтын жайт көп,
Ұшқыр сөзбен жазып-жазып тастаңдар.
Көріспек бар, әлдеқашан ұмыт боп
Кеткен балаң алдан шығып тосқанда.
Қаламұштан қалған сондай іздерде
Баға жетпес мектеп бар ғой біздерге.


78
Heше дүркін жазсам да сен хақында
Менің музам жалғыз ғана сен дегем.
Сол сөзді ұрлап ап шебер ақындар,
Өз жырларын сымбатыңмен сәндеген.
Менің надан жанымды алғаш азғырып,
Жыр жаздырған — ұшырған сол көздерің
Даналарға еркін қанат жаздырып,
Өнер үшін соқты соған өз мөрін.
Бірақ, шүкір: мен де себім тигіздім;
Мейлі өмірде қанатсыз-ақ келем мен. —
Өзге жырта сәнді киім кигіздің,
Ал, мен жүрмін сенен туған өлеңмен.
Жыр сенде ғой. Өнер от деп білсе өзін,
Ол — тек сенен өршіп жанған бір сезім!


79
Өзім ғана шабыт алып бір сенен
Жүрген кезде шалқушы еді өлеңім,
Қалған кезде өндіре алмай жыршы өлең,
Әлсіз музам сезіп қалды өлерін.
Өлеңімнің нашарлығын сезсем де
Жанымсың деп әлі күнге айта алам;
Әлі күнге ақын сөйлер сөз сенде,
Соны өзіңе сыйға тартам қайтадан.
Ақын сөзі — ақ пейілің, сол сөзді
Қия алмастай қылығыңнан ұрлаймын.
Сұлулығың — мадақ маған.
Бұл кезді Тонап алып, торалғы етпей тұрмаймын.
Тоналған жан алғыс айтпақ — жол емес,
Өлеңшінің шығынын ол төлемес.


80
Қандай жыршы сені мақтап серпінді,
Шығармай-ақ қойды менің үнімді? —
Соны ойласам, кемсітетін секілді
Өз даусым өз бағым мен құнымды.
Кең мұхитта келеді ғой бірақ та
Кемедей-ақ менің титтей қайығым.
Шайқалса ол, батпай әрең тұрақтап,
Ермін деуден басқа менде қай ұғым?!
Сенің ғана шапағатың арқылы
Батпай, тентек телегейде жүздім мен.
Медет маған ақ желкеннің жарқылы,
Нар толқынды тарттым ұстап тізгіннен.
Біле алмадым, жолым немен төленбек
Бел байладым өлсем, сүйіп өлем деп.


81
Қайсымызға қайсымыздан топырақ
Бұйырарын біле алмадым, жан досым.
Сенің бейнең жоғалмайды, қақырап,
Сөгілсең де, жерге тиіп жамбасың.
Сұлулық пен өмірді өзің сақтайсың,
Ал, мен өлсем, бір-ақ кеттім шығын боп.
Сенің орның — ашық табыт тақтайсыз.
Мен қабірде қала берем түк үн жоқ.
Саған белгі — шалқып жазған жырларым.
Тумағандар тыңдар оны туған соң.
Дүние қайта айтар сендей жыр барын,
Бүгінгілер түгел бітіп тынған соң.
Қалмайсың сен қап-қараңғы қауызда,
Тыныстайсың ыстық демді ауызда!


82
Музаммен сен некелескен емессің
Сенің отың кешірімпаз көбінше,
Бұл заманғы ақындарға келмес сын,
Сені мақтап шешен сөзбен, көрінсе.
Ақылың сай нәзік сұлу көркіңе,
Менің мақтау сөзімнен ол көп артық.
Амалсыздан жол бересің еркіңе,
Менен бетер соны жырға құмартып.
Талаптымен таласпауға әзірмін.
Білем бірақ шешен нарық базарын, —
Бір білерсің қарапайым қазіргім
Дос сөзі боп өзге сөзден озарын.
Қанық бояу керегірек қансызға.
Сенің қаның қып-қызыл-ау онсыз да.


83
Ойға келдім, таңғажайып көркіңе
Қолдан жағар бояу қажет емес деп,
Сұлулықтың сендей асыл төркінін
Ешбір ақын жетіп айтам демес деп.
Сол себепті аз дуалы аузыма
Қақпақ еттім үндеместің үлгісін.
Ұлылығын айтсын дедім таусыла
Өз сымбатың, жұмсамай-ақ тіл күшін.
Соған жаның болмай ырза, бақыл да,
Ғашық музам мылқаулығын шер дейді.
Сөйткеніңше әлсіз сезді ақындар
Өлмейтұғын сұлулықты жерлейді.
Жанарыңнан жанған отты майталман
Екі жыршың болсам, жетіп айта алман.


84
Сені сен деп дәлелдеген шын сөзден
Артық сөзді кім айта алар жалғанда?
Сендегідей сұлулықты шын сезген
Жан баласы жасыра алар болған ба?
Асыра мақтап айтпаған сөз жаңғалақ,
Ондайды жұрт санамаған өлең деп.
Ал, сені — сен деп білген бір жан ғана
Өз жырымен өзі даңққа бөленбек.
Табиғаттың айтқан сөзін айнытпай
Айтқыш адам суретіңді сала алар.
Сол суретің бар ғаламда байлықтай
Сансыз жылдар мақтаны боп саналар.
Даурықпалар, бояу қосқыш барыңа,
Дақ түсірмек ажарың мен арыңа.


85
Мылқау музам жұпыны ғой соншалық.
Жақсы ақындар, қоршаған лек-легімен,
Жаппай сені мадақтайды жан салып,
Жел естірсе алтын қалам лебінен.
Пірім сазы басқалардан әлжуаз.
Өзім — құдды надан сопы дүм-шолақ.
Асқақ жырды тыңдағанға болып мәз,
«Әумин!» — деу — бар білгенім бір сол-ақ.
Қасиетіңді жырға қосса ақындар,
Бар айтарым: «ғажап екен», «әрине»,
Бірақ бар-ау, салып көрсең ақылға,
Қанша сезім жатыр менде зар илеп!
Ақындардың асқақ сөзін бағалап,
Тілсіз, тылсым сыр деп қара маған-ақ.


86
Қаһарынан айғай-сүрең жел тұрып
Оның жыры өз соңыңнан өрлейтін.
Сол ма бүкіл ойды ішімде өлтіріп,
Жырларымды жөргегінде жерлейтін?
Дуалы бір киесі бар, ұтымды
Оның қолы жыр жазуға жетілген;
Соның қолы алып зәре-құтымды,
Аузымды сол бітеп қойған жетім бе ем?
Ә, жоқ, оның қайтушы едім киесін,
Көзге түспей түнде желеп-жебейтін. —
Бұза алмайды ол біздің сезім жүйесін,
Дарыным бар қорқып қайғы жемейтін.
Сені аузынан түсірмесе ол егер
Жырым — жұтаң, жұпыны үй деп сене бер.


87
Қош бол! Сені бөгей алман жолыңнан.
Асықтығың аса қымбат нарықты.
Кедейлігім құр қалдырды молыңнан, —
Қайран жаным қаржым жетпей тарықты.
Махаббатты сыйлықтай-ақ малдандым.
Еңбегіме сатып алғам жоқ оны.
Өз еркіңде, десең бекер алдандым,
Жалт бұрыл да жанды жерден соқ оны.
Не сен мені, не асылдың өз құнын,
Білмей сыйға тарттың маған басында.
Заңсыз алған сыйлығымды мезгілім
Бұған дейін келді сақтап қасыңда.
Тек түсімде король болып тыңайдым,
Оянғанда — тақтан тайып мұңайдым.


88
Салқын тартсаң, менен айнып, жиреніп.
Мазақ етсең, қалап соны жүрегің, —
Соныңа да сорлы басым үйреніп,
Арыңды ақтап, сені жақтап жүремін.
Өз мінімді өте жетік ұғам да,
Хикая қып айтам жұртқа зарымды:
Бар күнәңді жоқ деп жерге тығам да,
Ақтап шығам былғанышты арыңды.
Тағдырыма разы екем, ойласам:
Мейлі, абырой мені артынан ертпесе...
Саған жеңіс сыбағасын сыйласам, —
Шығынымның қайтқаны сол екі есе.
Ғайбаттыққа мен-ақ құрбан болайын,
Ғазиз жан боп көрінші тек ылайым!


89
Сен көзіме шөп салғандай мінімді
Теріп ал да, бәрін жіпке тіз енді.
Ақсақсың деп жазғырсаң да, бұныңды
Жалған демей, бүгіп жүрем тіземді.
Кесапатты, кенет сені суытқан,
Езе алмайсың менше жерге жапсырып...
Бөтен біреу бола қалам, жуықтан
Кеткің келсе мені мүлде жатсынып.
Еске алуға бара алар ма батылым?
Өткенді ойлау — жауыздық деп санармын;
Жұрт көзінше жоққа тән боп бар тілім,
Адыра қалған таныстықтан танармын.
Мен өзіммен арпалысам, дауласам:
Жақтырмаған адамыңмен жауласам.


90
Айнитұғын болсаң, қазір айнып қал,
Күллі дүние мені күндеп жатқанда.
Удан бетер дерт болудан қаймықпа,
Тек қайғымның қалдығы боп жатталма!
Қасіретімді жеңер болсам, сен-ақ жау
Ісін істе, жасырма тек бүкпесін; —
Дүлей түнім таң атарда жабырқау
Жаңбыр болып былжыраумен бітпесін.
Тастап-ақ кет, бірақ соңғы шақта емес
Аздыратын мені ұсақ азаппен; —
Қазір таста, ешбір қайғы шақ келмес
Құсам бірдей болу үшін тозақпен.
Маған деген махаббатың жоғалтсам —
Біттім, содан ешбір қайғым жоқ артқан.


91
Бағзы біреу бай туысын мақтаса,
Біреу — күшін, біреу — алтын құралын.
Біреу күпсіп ақшасына тоқтаса,
Біреу мақтар ат пен тазы, қыранын.
Әркімнің бар өз құмары, машығы, —
Әркімнің бар өмірде бір талғамы.
Өз бақытым — жүрегімнің ғашығы,
Жалғыз соған жалғасады қалғаны.
Махаббатың — бар байлықтың асылы,
Сол қымбат қой корольдердің тәжінен.
Соны берген бар зейнеттен асырып,
Артық қой ол шабытты құс, тазыдан.
Қазынамды тартып алсаң не деймін:
Сол сағатта сорлап біткен кедеймін.


92
Менен әсте кете алмайсың құтылып,
Сен мендіксің соңғы күнің біткенше.
Махаббатпен бірге жерге жұтылып,
Бірге бітем, өлім дейтін жұт келсе.
Қалай қорқам ауыр азап артам деп,
Жеп-жеңілге санасам деп өлімді?
Қылуаң мен өкпе-қақпаң арқандап
Қоя алмайды еркін екі қолымды.
Опасыздық еткеніңнен қорықпан,
Ол қылығың — аяй білмес ақ пышақ.
Неткен қызық кер тағдырым торыққан:
Мен сендік ем, сен құртатын жетті шақ.
Бақыт шіркін өз кірімен күнәкар.
Осы сені опалы деп кім айтар?


93
Жә, мен сені опалы деп түйем де,
Өмір сүрем. Өзгертсең де өзіңді
Махаббаттың көлеңкесін сүйем де...
Жүрексіз-ақ қишы маған көзіңді.
Жанарыңнан көрінбейді өзгеріс.
Қастық, құса дегендерді бүкпейді ол,
Бет-жүзің де атқармайды өзге іс —
Қылмысыңа шимай болып шық дейді ол.
Бұ да сірә ісі болар құдайдың:
Ытқи берсін жақсы аузыңнан жалған сөз.
Баяғыша жарқылдауға шыдайды,
Адалынан айнымайтын жалған көз.
Адам ата басын осы жалмасын, —
Деп Хауа ана жұлған ағаш алмасын.


94
Залым пенде залымдығын қылмаса,
Жұмсамаса қаталдығын қолдағы.
Өзгелердің өркендеуін қолдаса,
Өзі бірақ жартас болса жолдағы
Оған ғарыш шарапатын тигізіп,
Ең асылын жер де соған сыйламақ.
Бір басына ұлылықты сыйғызып,
Өзгелер де сол үшін жан қинамақ.
Жақсы гүлін жаз да соған таңады,
Ол онсыз-ақ гүлдеп, кейін солса да.
Ал, жұрт одан арам шөптей танады,
Бір байқатса осалдығын сол зада.


95
Қылмысыңды қымтап, бояй білесің,
Құрт түскен соң мәуелі бақ оңбайды-ақ.
Әшекейлеп жейді ғой құрт үлесін,
Сен де өзіңе түсіресің сондай дақ.
Жел сөздермен жеңілденіп кешегің
Жаманыңды жақсыға жұрт сайыпты.
Бірақ қолпаш өршітеді өсегін:
Атағыңмен ақтап жүрсің айыпты.
Аса сәнді сарайда сен жол бердің
Өліп-өшкен құмарлыққа опасыз.
Жылтыраған беттен сорлап үлгердің,
Жақсы киім, жалған көрік — қапасыз.
Сұлулықты сақтай алмас бұл ісің,
Тот басқан соң, қия кеспес қылышың.


96
Біреу аңғал мінезіңді жазғырса,
Біреу жап-жас ыстығыңа ынтызар.
Көп күнәңді көркің қымтап мәз қылса,
Құмарлықты кісілік деп құн тозар.
Король салса, жасанды жай жүзік те
Аса қымбат алмастай-ақ бағалы.
Сол секілді қылмысыңды қызық деп,
Басқа жандар басын шұлғып бағады.
Жас тоқтының жабағысын жамылып,
Көп саулықты көкжал бөрі құртады.
Талай сорлы жалғыз сен деп жанығып,
Бір сен үшін жүрек қабын жыртады.
Қой, сен тоқта — мен сендікпін түгелдей,
Арыңды арлап, өлімге бас тігердей.


97
Дос, сенімен көріспеген шағымда
Қақап тұрған қыс па деп ем айналам.
Қатал қаңтар патшалық қып тағында
Тас түнекте аяздатты айдалам.
Одан кейін артымызда жаз қалды,
Өз кезегін күзге тарту сый еткен.
Күз маусымы әрең-әрең қозғалды
Жесірдей-ақ қолтығынан сүйеткен.
Жер жемісі маған құдды жетімдей,
Туа салып түк таппайтын ұстарға.
Алыс жүрсең, жаз өледі жетілмей,
Сенсіз жерде сайрамайды құстар да.
Жел ысқырып, жүдеу тартса атырап,
Қысты сезіп жабырқайды жапырақ.


98
Бізді айырды көктем гүлі құлпырған.
Өз лебімен баршаны сол тірілткен.
Сатурнның жұлдызы да тұл тұрған
Би биледі сол бір әсем тірлікпен.
Құс базары, ен-сан гүлдің түстері,
Жұпары да маған рақым етпеді:
Көктем жайлы жырдың сәті түспеді,—
Жер гүлдерін жұлуға қол жетпеді.
Бәйшешектер, өскен ызғар өтінде,
Жұпар иісі аңқыған жас күлгіндер
Жардың ернін — жардың аппақ бетін де
Еске салды — елжіретті бұл күндер.
Жүрегімді қыраулы қыс мекендеп,
Көктемді ұқтым еркем көркі екен деп.


99
Ерте бөрткен ұсақ гүлге өкпе арттым:
Тәтті ерніңнен сол ұрлады лебіңді.
Гүл желегі көркіңнен жас тартты, —
Сені ұрлаудан басқа солар не білді?!
Бәйшешекте — қолдарыңның ақтығы.
Қоңыр шашың — майоранның шашағы.
Ақ күлгінде — ақ бетіңнің аптабы.
Қызыл күлгін — жалындаған жас шағың.
Қызыл күлгін — атқан таңдай тынысың.
Ақ күлгінде аппақ қардай демің бар.
Тағдыр гүлдің кешірмейді мұнысын:
Гүл біткенде құрттың жейтін жемі бар.
Ен-сан гүлге түр-түсің мен иісіңді
Ұрлаттырып, көктем соған сүйсінді.


100
Қайда муза? Өзін биік самғатқан
Асыл жанды жырға қоспай қайда жүр?
Әлде арзан сазсымақты салмақтап,
Жазып жүр ме нәрсіз-құнсыз майда жыр?
Сайра, муза, өнеріңді ойнақы
Бағалағыш абзал сұлу жан үшін.
Сол береді сөзге қуат, ойға ақыл,
Қаламыңа қайрат — соның жаны шын.
Көркем жүзін көз сұғынта көре біл, —
Әжім тапсаң, отын жұмсап бар күштің.
Сұлулықты тонағанның бетін тіл,
Жырмен соған таңбасын бас қарғыстың.
Мезгілден де жылдамырақ шарықтап,
Солмас жүзін суреттейтін шабыт тап!


101
Беу, беу, муза — ұйтқып ұшқан жел-құйын,
Ден қоймайсың неге сұлу сенімге?
Бейнелеп бақ жан досымның әз күйін,
Сол арқылы атың шыққан сенің де.
Бәлкім маған дау айтатын түр түсің,
Жөн емес деп сұлулықты боямақ;
Абзал дерсің ақиқаттың түр-түсін
Жақсартпай-ақ, өз қалпында аямақ.
Рас, мінсіз тұлға мақтау тілемес,
Оған бірақ сөз бояуын көпсінбе; —
Көнерген соң алтын күмбез түк емес,
Асыл бейне ақ қағазда кепсін де...
Сақта соны: сол сұлулық қалсын да
Бұлжымастан бүгінгідей қалпында.


102
Сүйе білем жұртқа жая бермеймін.
Жаным нәзік, жалпы көзден ол аулақ.
Біреулерше нәпсіге мен ермеймін,
Жан біткенге жанып-күйіп алаулап.
Әнмен сәлем беріп саған құныққам,
Махаббаттан бір жаңалық тапқандай.
Шілде түсе бұлбұл құс та ұмытқан
Салқын түнде сайрағанын тоқталмай.
Түн әдемі түсін бұзбас, ақырғы
Дыбыстан да бара-бара күй кетсе.
Ал, ән деген әсемдіктен мақұрым
Әр бұтақтан сарнап құлақ үйретсе.
Мен де бұлбұл, өтті дейтін өткенді:
Сайрап болдым, біздің дауыс бітті енді.


103
Музам жұтап, бояуынан бос қалған.
Атақ-даңқты текке сыйға тартыпты-ау!
Байқап көрсем, қызыл сөзге басқаннан
Жалаң сюжет әлдеқайда артықтау.
Қойдым сонсоң жыр жазуды доғарып.
Әйнегіне қарап көрші айнаның:
Өз бейнеңді бағалайсың жоғары
Бәрінен де мақтау-мадақ айланың;
Сол әйнектің көзге түгел тосқанын
Айта алмайды әсте бояу, өрнек те.
Онда несін оздырамыз босқа күн
Бүтін затты бекер бұзып бермекке?
Табиғатпен таласам деу — бос сенім,
Айнаңмен де айтыспаймыз біз сенің.


104
Жыл озса да, баз қалпыңмен ұштастың, —
Осы күйде көріп ем мен сені алғаш.
Үш кәрі қыс үлбіреген үш жаздың
Ізін көмді — біткен іздер саналмас.
Үш көктем де айырбастап түс-көркін
Жемістер мен күйген жалқын жапыраққа.
Күз көйлегін шешкенде де үш дүркін,
Сен қыңбадың жел-құз, шаңыт топыраққа.
Саннан санға алтын тілі сағаттың
Жылжығанын жіті көзден жасырды.
Мен де көзді қадағанмен саған тым,
Аңғара алмай келем қосқан жасыңды.
Сен қымбатсың бар сәулелі қымбаттан:
Сен туардан көп бұрын да күн батқан!


105
Мәжуси деп атай көрме сен мені,
Айта көрме көп құдайға құлсың деп.
Ғашық зары — көкірегімнің сенгені,
Соны айтамын, тек сол пірім білсін деп.
Соның демі ыстық-нәзік күн сайын,
Сол туралы лепті лебіз — иманым.
Соған түгел жырларымды жұмсайын,
Басқа ақындар, мейлі, маған — бимәлім.
«Адал, көркем, жайсаң» дейтін ұғымдар
Неше саққа жүгіртсем де — орнықты.
Бұл сөздерде үш қасиет мығым бар,
Басын қоссаң, тұлға тумақ бір мықты!
Бұл үшеуі бөлек-бөлек жүрген-ді,
Сен арқылы өмір кешпек бірге енді.


106
Оқып көрсем не заманғы жазбадан
Үні өшкен отты жандар туралы,
Жар туралы, ер туралы, тозбаған
Әр шумақта сенің бейнең тұрады.
Жүздеген жыл жүдетпеген белгілер —
Көз бен күлкі, қас пен кірпік, бұрымдар
Маған айтты: «Енді ғана ел білер
Жалғыз жарың біздің жырда бұрын бар».
Әр шумақта өз сұлуын жырлаған
Ақын сені армандап-ақ етіпті.
Бірақ, айтып жеткізе алмай сорлаған;
Көз жетпеске көз тігіпті-ау ол тіпті.
Амал қанша, ең жақының — мына біз
Солар құрлы теңеу таппай тынамыз.


107
Пендемін ғой, қай шамада өлем мен —
Махаббатым қашанғы көз ілмейді, —
Дәл соны өз үрейім мен әлемнің
Жіті көзді — біреуі де білмейді.
Ерегесіп жалған сәуегейлерге,
Тұтылса да өлмей қалды ай түнде,
Сенім қайта таққа отырды сөйлерге, —
Ұзақ жасап мәуелейді зәйтүн де.
Ажал бізді айырса да қорқытпас:
Өлеңімде қала берем енді өлмей.
Көзсіз ажал әсте мені қор тұтпас, —
Шала сауат, өркөкірек пендеңдей.
Өлеңімнің сен отырып төрінде,
Тоздырарсың тақсырдың тәж, мөрін де.


108
Ойдағыны қайтсем жазам қағазға
Бір басыңды мақтау үшін еселеп?
Бұрынғыдан артық сені уағыздап,
Бағалауға тіл жетпесе — не себеп?
Жо-жоқ, досым, жаттап алған аяттай
Жолдайтыным баяғы сол бір сәлем.
Қоймас сені ол мың мәртебе оятпай,
Жаңалықты сөйтіп берсін берсе әлем.
Махаббатта өлім жоқ та, өнім бар,
Өзгергенсіп құлпырады көзге сол
Жан жарлығын жастық оты орындар,
Мың жасап та кәрілікке төзбес ол.
Өсек айтсаң, өлді деп бір махаббат,
Қасақана қайта туып, мұқатпақ.


109
Әсте мені жалған дос деп атама,
Қалай сені сатам яки сатылам?
Махаббатым көкірегіңнен от ала,
Көкірегіңнен жалын болып атылам.
Сенсің ұям, сыйға тартқан тағдырым.
Кетіп жүрдім, келіп жүрдім қуанып.
Жуамын деп күпірліктің тат, кірін
Келіп жүрдім таза мөлдір су алып.
Күнәм отқа қақтаса да қанымды,
Қайта соқпай кеткен жоқпын қаңғырып,
Сақтап жүрмін саған деген шынымды,
Тірек болдың тірлігіме қам қылып.
Жаным сенсіз кең дүниені неғылсын?
Кең жалғанда жалғыз өзің бағымсың.


110
Иә, бұл шындық: қандай жерде жүрсем де,
Кісімсініп қылжақтадым әр жанға.
Өзгені де сенше сүйіп көрсем деп,
Байлығымды шашып-төктім арзанға.
Иә, бұл шындық: мен шындықтың көзіне
Тура қарай алмай, талай тайқыдым.
Адасқан көз қайта түсті өзіңе,
Сүйгенім деп сенсің ардақтайтыным.
Бәрі бітті, енді қайтып іздемен
Құмарлыққа құштар еткен дертімді.
Махаббатқа махаббатты үз демен,
Сенсің пірім, бердім саған еркімді.
Ақиретте адал сүйген жарым дер
Жалғызыңа ақ төсіңнен орын бер.


111
Маған ғайбат іс істеткен пірімді,
Күнәкарды дұрыс болды-ау сөккенің;
Қас тағдырдың қарғысына ұрынды
Көрінгенге көз нұрымды төккенім.
Жалған пұлын жасыра алмас бояушы.
Сондай кәсіп дақ түсірді арыма, —
Былғанышқа баттым рас аяусыз,
Өзің тазарт, құлақ сал да зарыма!
Мен әзірмін еш қынжылмай жұтуға
Шипасы мол ащы дәрі тамырын.
Дерт дәрі емес денді таза тұтуға,
Тезге салсаң, теріс демес тәңірім.
Аяп, құрбым, қолтығымнан демесең,
Содан артық шипа қажет демес ем!


112
Досым, сенің ықыласың мен ізетің
Жуып-шайды қаңқу өсек таңғанын.
Тегістедің терең-терең іздерін
Маңдайыма қарып басқан таңбаның,
Сенің ғана мақтауың мен даттауың
Қуаныш пен қайғы болмақ мен үшін.
Сезіміме бұғау салдым, жат қауым
Енді мейлі өлді десін мені шын.
Орда жылан оралса да селт етпен, —
Қорқынышты тұңғиыққа құлатқам.
Жағымпаз бен жала өсек сел төксе,
Ызыңдар сол құр әншиін құлақтан.
Құлағымда дос тынысы кеңірек.
Жым-жырт өзге өліп біткен төңірек.


113
Ажырасқан соң, көзді ішіме көшірдім,
Аяқ жолды таптырар көз — бір басқа;
Заттың түгел түрі-түсін өшірдім,
Мағынасыз қарау үшін құр босқа.
Тайғанақ көз сана менен жүрекке,
Көргенінен бере алмайды есеп те.
Таппайды ол қарашыққа тірек те,
Қуанбайды ол: анау гүл, құс десек те.
Әсемдік пен әрін бұзған әр затты
Саған түгел ұқсатады бұл жанар.
Түнді — жарық ақ кептер деп ұзақты,
Көлді — тау деп... Бәрі теріс болжанар.
Көл азғырып, көзім сенсіз қалған түс —
Опалы көз көреді ылғи жалған түс.


114
Қалайша мен, махаббаттан киіп тәж,
Ағзамдарша, қолпашқа өзімді үйір еттім?
Екінің бірі: не жанарым — жағымпаз,
He сен оған көз байлауды үйреттің,
Пітнәдан да, пішіні жоқ заттан да
Жасайды ол жарқын нұрлы періште
Көз нұрымның көлшігіне батқанда
Ақ жүзін, боп көрінеді жер үсті.
Ілкі болжал рас: көзім — жағымпаз.
Нені сүйсем, бәрін соның ол ұқты.
Ағзам патша қылмасын деп бағымды аз,
Шарап сыйлап, соған да ол жолықты.
У болсын сол — көз мен үшін өліспек;
Жұрт сенбесе, уды алдымен ол ішпек!


115
«Бұдан күшті махаббат жоқ менде» деп,
Айтыппын-ау өткен шақта өтірік.
Бұдан да артық сүйерімді ентелеп
Білмеппін-ау, жанып-күйіп отырып.
Әр мезетте кететұғын кимелеп,
Бұлжымастай заң біткенді бұзатын,
Серт пен серпін — бәрін тұйық түймелеп.
Кездейсоқтан сан тарапқа сызатын. —
Соқпағы жоқ соқыр жолға сенбедім.
Содан соң тек келер шаққа шағындым:
«Махаббатым, жас сәбиім — сен» — дедім,
«Ең сүйіктім — сенсің» деген шағым бұл.
Шын махаббат — әйел ме деп қалдым да,
Жаңсақ айттым жас сәбидің алдында.


116
Ойымда жоқ ешбір залал келтірмек
Қос жүрекке, әсте күнә артпаған.
Мүмкін бе шын махаббатты өлтірмек?
Шын махаббат шіріп, шығын тартпаған.
Шын махаббат — сұрапылда шамшырақ,
Жарқырайды ол түнгі тұман түнекте.
Ол — жұлдыз ғой, теңізші одан жөн сұрап
Бет түзейді құрлық, арал, түбекке.
Шын махаббат тәлкегі емес мезгілдің
Қуыршақтай қурататын тілесе,
Беттің әрін десек-тағы тез жұлдың
Махаббаттан ала алмайды жыл есе.
Қателессем, өтірік айтса өлеңім,
Махаббат та, жыр да жоқ деп өлемін.


117
Жақсылығым зая кетті, қарызды
Өтемедің дей бер енді сен маған.
Қасиетті босағаңнан қара үздім;
Сол есікте сағым әсте сынбаған.
Білмеппін ғой уақытыңды бағалай,
Жат жандарға сан сағатты шығындап,
Өз өлкемді берсем етті жағалай
Бөтен жаққа кетіппін-ау жүгімді ап.
Қылмысымды емін-еркін істеген
Махаббатым маңайына орнат та,
Түсір өзің азабыма түспеген,
Жалғыз-ақ тек жанарыңнан оқ атпа.
Жазықтымын. Жықса да сол жалымды,
Паш етеді сенің аппақ жаныңды.


118
Татымдырақ асқа зауқым болсын деп,
Ащы дәмге қуыртамыз ауызды.
«Уға қарсы, дейміз, бойға сол сіңбек»,
Әдейі ұрттап удан бетер жауызды.
Мен де сенің махаббатым малданып,
Ащы ойдан нәрін таптым салдықтың.
Өз қылығым өзімді өртке салды анық, —
Дер шағымда дертке жаман шалдықтым.
Махаббаттан қастық ойлап шығарып,
Жалған тәтті бал құсаға барыстым.
Кәдімгідей жақты дертпен суғарып,
Өз сорыма удай ащы дәрі іштім.
Ұқтым енді: дару — ажал уындай,
Көрінгенді сүйе берсең суынбай.


119
Сиқы Сирен көз жасынан ап-ащы
Қандай уды ұрттаймын деп уландым?
Бірде үрей, бірде үміт — жол басшы,
Байлыққа қол жетіп-жетпей буландым.
Сайран салған шын бақытты кезімде,
Дер шағымда баттым қандай қылмысқа?
Шарасынан шығарардай кімді
Дерт денемнен қалдырды ма құр нұсқа?
Ей, алдамшы көлгірсіген зұлым күш!
Қайран жақсы қайғы шексе жақсырақ.
Өрт күйдірген махаббат па жұлынғыш,
Қайта гүлдеп, жайса қайта жапырақ?!
Есебі жоқ шығыннан соң, қайғысы
Бақ дарытқан болдым мен де бай кісі.


120
Достың қылған қаталдығы — бас пайдам:
Өкінердей өз күнәмнен қашам ба? —
Илікпейді, әсте, жаңсақ баспай жан,
Темір емес, жүрек — жүрек қашан да.
Көңілімді қалдырған дос көңілін
Мен қалдырсам — дозақ сол ғой ол үшін.
Мен де содан алам ащы көп ілім,
Өткен қатем ойдың созып өрісін.
Сонау түні жүдеу-жадау, арудың
Еске салсын емделудің бар заңын, —
Досқа мен де дәмін тат деп дарудың,
Ұрттатамын өкініштің бальзамын.
Кештім саған сен қайнатқан сорымды,
Енді сен кеш: есептеспек — орынды!


121
Күнәкар деп босқа аталмай, күпір бол; —
Бекер күймек күпірліктен сорақы.
Жат пікір не: шаттығыңа түкірді ол,
Жанды нақақ жазғырады сол ақыр.
Бекер күйіп, обал болды-ау демессің;
Бойдағы ыстық қаным — әділ есепші...
Ей, сендерден өткен жауыз емеспін,
Тыңшыларым, суайттарым өсекші.
Мен — мен едім, сендер менің күнәмды
Өздеріңмен өлшеп, көкіп жүрсіңдер.
Туралығым емес шығар ұнамды,
Қисық өлшеп, жазғырушым — бір сендер.
Өсек соты жала жапқыш жақыннан,
Жаралған соң өзі сондай зақымнан.


122
Кетсең маған керек емес. Миым бар; —
Жылтыр қағаз, жарғақтардан сол құнды.
Кескініңді мәңгі сақтар сыйым бар...
Тақтайға да салған сурет солғын-ды.
Тірі денең бір күні өліп біткенше
Білгеніңді ұмыттырып тәңірің,
Екі арада неше жылдар өткенше,
Жүрегімнен соғып тұрар тамырың.
Жылтыраған жарғақ кесте онша ұзақ
Өмір сүрмес, — арзан сый ол ендеше.
Сүйген жүрек, сергек миым онсыз-ақ
Асылдығын аямайды сен десе.
Кім сақтаса махаббаттан естелік,
Ұмытшақ сол, кеудесі — құр кестелік!


123
Мезгіл! Маған үстемдік қып мақтанба.
Жаңа салған күмбездерің бергені
Ұқтырмайды: ешбір жаңа жоқ таңба. —
Көшірмесі ол көнелердің белгілі.
Өмір қысқа. Өңін бояп ескінің,
Тың туындым осы деп көз алдайсың.
Бабалардан естігенді ес біліп,
Біздікі деп, таңырқата талдайсың.
Архивің мен сенің құның бес тиын.
Білем іштей бұрынғы мен соңғыны.
Сен — сөзінде шындықтан жоқ еш түйін,
Жылдамдатқыш жылдың суайт соңғы үні.
Бұған дейін бұлжымасам сөзден мен,
Енді саған қасақана өзгермен.


124
Махаббатым — оңай олжа шарана,
Заңсыз зая қыз боп туса мезгілден.
Тағдыр оны не гүлге орап сары ала,
Не шөп-шарға тастар еді кез келген.
Жо-жоқ, менің махаббатым «олжадан»
Жаралмаған. Көзсіз тағдыр — құл оған.
Бола алмайды жегенге мәз ол надан,
Ұят оған не қоқысқа құлаған.
Зекіп, алдап қыла алмайды оған түк
Ұрлайтындар бақыттың бір сағатын.
Найзағай да құртпайды оны оқ атып,
Оның өз жол — арнасы бар ағатын.
Өмірі — лас, өлетұғын күні — әсем,
Бір күндік бай, тап осыған куә — сен


125
Не болмақшы еркін тұрып қарасам
Тақтан биік тәжін ұстап тақсырдың,
Не сынбайтын қышты олақ қаласам,
Құны жоқ қып құлап біткен тас құрлым?
Жақтырғыш жан сырттай қунап, толғанды,
Барын шашпақ, түпкі есебін ойламай.
Ұмытпақ ол қарапайым талғамды, —
Отырмас ол еркелік қып ойнамай.
Жоқ, мен жалғыз сенен ғана сый күтем.
Азырқанбай сен де ал қара нанымды.
Соным саған ағыл-тегіл сыймен тең, —
Білгізбек ол сендік-мендік жанымды.
Кет, әзәзіл! Жанға батса жарлы күн,
Әлсіретпек әзәзілдің жарлығын!


126
Қанатты ұлым, күнімізді санайтын
Сағаттардан азап шектің сен айқын.
Сен өсесің ауыз ашып ас сұрап,
Біз жұтаймыз қарызданып асырап.
Бұл табиғат — қатыгез бір қарт анаң,
Келген ізбен жүр дер саған қайтадан.
Сені күлкі-думан үшін ол сақтап,
Артта қалмақ туған күнің алшақтап.
Байқа, бірақ, қатал ханым аялап
Жатпас ұзақ: уақытша ол аямақ.
Аз уақыт не — ә дегенше ол өтер,
Түбінде сол бәрін саған төлетер.


127
Қара нәрсе саналмаған сәндіге
Сұлулыққа әлем баға бергенде.
Жарық дүние өзгертіп-ақ салды де
Ақты қара масқаралап көргенде...
Содан бері табиғаттың түр-өңі
Жердегінің бәрін шебер өзгертті.
Сұлулықтың қашып соңғы реңі,
Өз үйінен, төркінінен тез кетті.
Сол себепті сүйгенімнің бұрымы,
Қара көзі түннің түсін жұтқандай.
Сұлулықты бояп бұзғыш тіріні
Қара салып, солар аза тұтқандай.
Қара жаулық ажарына нұр беріп,
Қара зат та шыға келді-ау түрленіп.


128
Аяулы әнім, сен сарната бастасаң
Күй сандықтың күңірентіп сан тілдерін,
Шеберлікпен жанды ұйытып тастасаң —
Қызғаныштан құриды құр сүлдерім.
Ауыр маған нәзік қолдар қызығын
Ойнақтаған пернелерге қиғаның,
Үнді үзілтіп, үйірген қол қызуын
Ерніме бір тигізбей-ақ қойғаның.
Әр саусағың дару үшін бойыма,
Болсам-ау сол күй сандықтың тілдері:
Еш нәрсені алмай әсте ойыңа,
Жан пернемді бассаң-ау бір түндері.
Сым ішектер болмасын-ақ шер-мұңды,
Қолды — оларға, қи тек маған — ерніңді!


129
Кімнің жаны жұтап, жойса ұятын,
Қу нәпсінің соған билік құрғаны...
Сол ғой сойқы, жауыз, қыршын қиятын,
Аяулы жан соның ғана құрбаны.
Құмардан бір шықса, дереу жек көріп,
Қуғындауға сарп етпек сол күшін де.
Тынши алмас, жемге аузын жеткеріп,
Ойда жоқта торға түскен кісің де.
Есуастың өзіне жау «өзімі»
Алдыртып не алып тынбақ өзгені.
Үміт — тәтті-ау, сынақ — ащы төзімі,
Өткен ісің — көрген түсің көздегі.
Бәрі рас-ау. Ал күнәкар азаптан
Құтылар ма яки сонау дозақтан?


130
Бибі көзі жұлдызыңнан көмескі,
Ерінін де қан-қызыл деп мақтама.
Иығы да аппақ қардай емес-ті.
Бұрымдары өрген сымдай қап-қара.
Дамасканың қызыл гүлі деп өңін
Өз қалпынан бола көрме бұлжытар.
Дене — дене, өз иісі бар дененің,
Оған әсте ұқсамайды гүл-жұпар.
Таңғалардай ғаламат жоқ түрінде,
Тұрған жоқ ол еш сәулемен жалғасып;
Көргенім жоқ, көкте дейді пірің де,
Менің еркем жүр ғой мұнда жер басып.
Сонда да ол ешбір артық белгісіз
Ағыл-тегіл теңеулерге бергісіз.


131
Бап-күйің бар астамшылық — қалауың.
Өр сұлулар одан аяқ тартқан ба?!
Аян сені ең асылға балауым
Құнсыз соқыр құмарлығым артқанда.
Аппақ емес өле жаздап сүйерлік,
Қоңыр ғой деп айта берсін жұрт өсек.
Дауласпаймын: саған қатты тиерлік
Өз ішімде жатыр жайсыз бір төсек...
Иланбаймын, жұрттың сөзі — өтірік,
Оны қойшы, талай берсін таласа.
Ант етемін егіліп-ақ отырып:
Қоңыр жүзің, қара шашың тамаша.
Шындықты жұрт біле алмаса не шара:
Түсін емес, ісің қара, бишара!


132
Көзің қымбат. Аяйды шын мені сол,
Ұмытсаң да жерлеп өзін тірілей.
Қарашықта қара бояу тегі мол,
Аза тұтқан жесір бейбақ түріндей.
Ерте оянғыш кәрі шығыс көркіне
Жарқырата нұрын төккен күндіз де,
Батыс көзі (көк аспанда төркіні) —
Жарық жұлдыз, төндіретін түн бізге.
Екеуі де айқын. Бірақ, тап мынау
Қара көздей қоштаспайды қиылып.
Жанарыңнан қаралы шер таптым-ау,
Жүрегіңнен жатса ғой сол құйылып!
Әсте сұлу түннен көрік алыпты-ау,
Қара түнек ақ сәуледен анықтау!


133
Жүзіқара, көзіме сен шөп салып,
Екі досты еттің ақыр «қосынды», —
Мені азсынып, екіншіге шоқ салып,
Тұтқындадың ең бір асыл досымды.
Аларып бір қарап едің сен маған, —
Мені тастап кетті бірден үш жүрек.
Еркімнен тыс сен жасадың, оңбаған,
Ақылымнан ашуымды күштірек.
Досымды сен босат енді құлдықтан,
Мен-ақ соның қорғайын да намысын.
Соған күзет болам, шықпай құлыптан,
Жаным кепіл енді соның жаны үшін.
Өтінбек жоқ... Сенсің менің зынданым,
Күллі мендік — ішке тығып тынғаның.


134
Жә, сенікі ол. Енді менің тағдырым
Айналмақшы аманат бір мүлікке;
Досым менің — өз жанымның тағы бірі,
Сол жұбаныш маған шүкіршілік те.
Ал сендерде бұл жұбаныш жоқ бірақ,
Ғайбаттығың оны сыртқа теппейді.
Досым саған жарылады жақсырақ,
Уысыңнан әсте шығып кетпейді.
Досым маған — кепіл, саған — борыштар
Әмір иесі — сенсің сұлу ажарың.
Пайдакүнем сол әміршің оны ұстар,
Маған сесің — жалғыз қалсам, азарым.
Досым сенің құлың болды керекті,
Әрі мені босата алмай қор өтті.


135
Текке мені атамаған «Тілек» деп,
Өтінемін тілеуі көп бір сенен:
Көп тілеуден қалдырмашы бөлектеп
Жөн ішінде көп тілеудің жүрсем мен.
Ықыласыңның қиыры жоқ, жігерлім,
Бір тілекке қайтіп орын таппайсың?
Еш тілеуді бір жауапсыз жібергің
Келмесе егер, қалай жауап қатпайсың?
Жаңбырға да, қаңғып жүргіш жаһанда,
Онсыз суы мол мұхитта орын бар.
Көп тілеуден бір тұрақ тап маған да...
Жөнің бар-ақ, өтінішті орындар.
«Жоқ» деп қалсаң, жаныма дерт жабысар.
Өз еркіңде барша тілек табысар.


136
Кездесуден жаның тайқып дір етпек.
Сонда оған атымды ата, қорынба.
Мені атаған «ерік» деп не «тілек» деп,
Ал, ерікке әр кеудеде орын бар.
Ерік салса жаныңды бір желікке,
Көп еріктен ләззат құяр бұлақ сол;
Жомарттығын қоссаң жинап-теріп те,
Жалғыз-ақ сан — бар болғаны бір-ақ нөл.
Титімдеймін көп ішінде толайым.
Бірақ жаным жалғыз сен деп бағар-ақ.
Ел көзіне елеусіз-ақ болайын,
Жүргейсің тек өзің артық бағалап.
Шын атымды жүрегіңе түнеткін.
Алық сонда сүйесің. Мен — тілекпін!


137
Көзсіз етті бізді соқыр махаббат,
Анық затты көріп тұрып көрмеймін.
Сұлу қайсы, сұмырай қайсы маған жат.
Осы арасын ажырата бермеймін.
Сансыз кеме өтіп жатқан бір судың
Жағасына көз әкелсе жүректі,
Жөні бар ма бәрін сүй деп ұрсудың? —
Талғам — жүрек еркі болса керек-ті.
Әркім тоқтап өтетін лас қораны
Жақсы жай деп қалай ұғар жүрегім?
Көз мансұқ қып түгел ақты, қараны,
Сырлап қонған сиқырдан-ақ жүдедім.
Жарық сәулем түнек болды-ау, обал-ай,
Жалған — кесел, жайлап алды обадай.


138
Адал адам болса болар мендей-ақ,
Нан ұрсын деп аузың айтып салғанда.
Сенгенсимін көпе-көрнеу сенбей-ақ,
Жас болғансып түк көрмеген жалғанда.
Мен де өзімше жарқылдап жас ұландай
Жана түсем; жанамыз-ақ лаулап біз.
Сенгенсиміз соған, іштей иланбай, —
Екеуміз де ақиқаттан аулақпыз.
Сен мәз, ескі өтірігің молайып...
Маған да шын жасымды айту — қатты мұң.
Жалған сенім махаббаттың малайы,
Қысылғаннан қызаратын — қарттығым.
Мен суайтпын, сенде де бар біразы:
Онда оған екеуміз де разы.


139
Ақтап ал деп енді мені зорлама, —
Қылған ісің алдамшы да, ағат та.
Күшті күшпен жеңіп ал, тек қорлама,
Қулық-сұмдық қуысынан оқ атпа.
Басқаны сүй; мені көрер мезет тұр,
Кірпігіңді сонда маған қадап бақ.
Қулық құрсын! Найза көздің өзі өткір,
Жалаң сүйген жанымды өтсін адақтап.
Белгілі ғой берен күшті өз кің,
Оның оғын маған тура түсір тек;
Ауып кетсе, бірін құртып өзгенің,
Атпай қалар мені бекер мүсіркеп.
Аяй көрме! Өткір көзбен бір-ақ ат,
Мені өлтірсін, одан өлмек — рахат.


140
Зұлымдықтай ақылды бол. Жанымның,
Жарасының аузын ашпа, жарқыным.
Түртіп қалсаң үстін дертті жалынның,
Ағыл-тегіл төгіп салар жалқының.
Сүймесең де сүйген болып көлгірсі,
Ауру жан да күннен-күнге кемсінген.
Қу өлімге келмей әсте көнгісі,
Көз жұмғанша көмек күтпек емшіден.
Сен жек көріп, мен алдырсам ақылды,
Талқан болсам, саған тиер тас одан.
Сырттан оттап, жала жапсаң мақұл-ды,
Сандырақты тыңдай алам тасадан.
Масқарадан қашқың келсе, қадалмай,
Арамдықты көрсете біл адалдай!


141
Көзім сені жар деп білмей, қор деген, —
«Көп қылмысын көргенбіздің» кері бар.
Ал, жүрегім еш күнәңды көрмеген,
Сол себепті көзбен жүрек кереғар.
Сөздеріңді құптамайды құлағым,
Үнің, көзің, қолың қолға тигені.
Өндірген жоқ тәтті ләззат бұлағын,
Көру, тыңдау, түйсіктің сол түйгені.
Бірақ, сыртқы сезімдердің бірі де,
Бесеуі де айтқанымен құлшынып,
Ұқпайды оны сорлы жүрек тіріде:
Ол сорлыны құртпақ осы құлшылық.
Бір жақсысы, күйдіретін денемді
Күнәм да сен, тозағым да сен енді.


142
Сүйгіштігім — күнәм, жөн-ақ іш кегің.
Кешірмейсің жеңіл-желпі наз қылып.
Күнәмызды салыстырмақ істедің;
Сол себепті түк демейсің жазғырып.
Қор болар ем өз аузыңа-ақ ілінген,
Айыптайтын ауыз мені ол емес.
Әсем ернің әлдеқашан бүлінген;
Ол — жарамсақ, сатқын, суайт келемеж.
Ынтық күнәм сенікінен асып па?
Сені сүйем, сен сүйе бер бөтенді.
Мен сорды ая, өз сорыңа асықпа, —
Қаһар төксе хақтың ісі төтен-ді.
Аянышың оянбаса кеудеңде,
Аулақ болғын аяй көрші деуден де!


143
Қоя салып қолындағы баласын,
Тауық қуған талай көрдік қатынды;
Естімейтін керең сол деп қаласың
Елемейді ол жалыныш пен датыңды.
Алға қарай ұзын мойнын өсіріп,
Қашқын желді қанатымен сабайды.
Ұстағанша қуғыншы бір есірік,
Алқынады, жинай алмай самайды.
Сен де, досым, мені солай қалдырып,
Кете бердің қашқан біреу артынан.
Жас баладай сені іздеймін қаңғырып,
Күні-түні сандалам да, сарқылам.
Қашқан арман қанатына мін-дағы,
Қайтып орал сүйіктіңе мұндағы.


144
Басқа түскен бақ пен сорға шара жоқ,
Екі бірдей алдым асық дос тілеп:
Еркек — сары бұйра шашты, көзі көк,
Әйел — көзі мөлдір түндей қос түнек.
Мен байғұсты тастау үшін тамұққа,
Періштені пері сұлу азғырмақ; —
Сұлу пері сұқтанарын танып та,
Күнәсызды күпір етіп мәз құрмақ.
Бұл айқаста кімді кімнің ұстарын
Білмей, көзден отыр жасым тамып та.
Бір-біріне іңкәр еді достарым, —
Періште сор жатыр бәлкім тамұқта.
Ол бишара шығар-ақ деп тозақтан,
Телміремін, көз алмаймын со жақтан.


145
Жек көрем — деп айтып салды-ау жақында
Өзім сүйген оймақ ауыз долданып.
Зәрем ұшты, күлмек қайда жарқылдап,
Аяулыма қорыққаным болды анық.
Балдай тілі қалды бірден тартылып,
Өкпе-наздан артық сөзі болмаған,
Үн шықпаған жай сыбырдан артылып,
Қатал үкім оқымаған ол маған.
«Жек көрем» деп ауыз шіркін ақырын
Қайталады. Көз жанары күлімдеп,
Ыза-кектен қорғады сол пақырын.
Түн жоғалды, жарқырады күнім кеп.
«Жек көрем» — деп, соған дереу қосқаны:
«Өзіңізден басқаны».


146
Қайран жаным, күпір-күнә ұясы,
Бүліншілік тұтқыны боп келесің;
Өзіңді-өзің ысырапқа қиясың, —
Сыртқы ауланы сырлауға күш бөлесің.
Жалдап алған үйге мұнша шашылып
Қажеті не, қонақсың ғой аз күндік.
Жиғаныңа құрт-құмырсқа шаншылып,
Еңбегіңді қор етпей ме азғындық?
Бұл күндерде, өтіп жатқан зымырап,
Байып ал да, емін-еркін өсіп өн.
Жұрт көзінше берекелі ғұмыр ап,
Алшаңдап қал, арта берсін несібең.
Ардақтасаң аз күніңді мән біліп,
Ажал өлер, сен қаларсың мәңгілік.


147
Ғашықтық — дерт. Жабысты сол жаныма,
Титықтатты, шөл қысты ғой мені енді.
Қайтадан бір тарау қажет қаныма
Әуел баста улаған у денемді.
Ақыл-тәуіп, емдеп көрді ол дертімді,
Дерт құптамай шипалы шөп, тамырды.
Емші байғұс шаршап кейін серпілді,
Тастап кетті, сарқып беріп сабырды.
Енді маған ем дарымас болды ғой,
Тағат таппас жан тірлікті қам қылып.
Тастап кетті емдейтұғын ақыл-ой,
Қалды сөз бен қайран сезім қаңғырып.
Ақыл тастап кетті мендей қорынды, —
Тозақ — пейіш, түн — күндіз боп көрінді.


148
Бұл махаббат бұзды-ау көзім жанарын!
Қарақтығым алшақ жатыр шындықтан.
Әлде ақылым сөніп, солып жан әрім,
Көргенімді танытпайды сондықтан.
Көзім анық ұнатса шын жақсыны,
Неге соны құптамайды көп есті?
Құптамауы жөнді болса, тап шыным,
Махаббаттың көзі қисық, көмескі.
Әділ қайсы: төңірек пе, көзім бе?
Сүюші көз көре алмайды жасаурап.
Емдеу үшін соқыр күннің өзін де,
Аспандағы бұлттан нөсер жасау — бап.
Махаббат қу, бүркеу үшін күнәсын,
Жылатады; жылап жүріп тынасың.


149
Жан-тәніңмен сүймейсің деп тілдейсің,
Мен өзіңмен майдандасып жүрсем де
Саған жақтас екенімді білмейсің,
Қарсыласар қаруым да бір сенде.
Сүйдім бе мен сен жек көрген езіңді?
Қосылдым ба саған қарсы нөкерге?
Жазғырмаған күнім бар ма өзімді,
Сен жанымды күйдіргенде бекерге?
Қорласаң да арланбаған осы мен
Қандай ғана қайратыммен мақтанам?
Көзіме шөп салғаның да несібем,
Тік қарасаң, үкіміңнен сақтанам.
Жауыққаның себебі: — көз құмар.
Менде көз жоқ құмарлықты қоздырар.


150
Мәнжіп жүріп, мені билеп алғанға
Осыншалық күш тапқандай сен кім ең?
Мен көзімді иландырам жалғанға, —
Күннен жарық түспейді деп сендірем.
Көрген күнім — зұлымдыққа табыну,
Күпір болған күш алдында қымсынып.
Қылмысыңды қымтап, өкпем қабынып,
Арам істі адалым деп құлшынып.
Жан баласын жауықтырар қылығың
Маған ғана нәрлі наздай сүйкімді.
Төңіректен қарғыс алған, бүлігім,
Бөлектей біл жұрттан менің сиқымды.
Бір сүюге татымайтын кер өкше
Қарды сүйген еркек жаны ерекше.


151
Албырт жастық ар талабын ұқпаған,
Махаббаттың өз қызы — ар десек те,
Сен де мінеп арта берме жүк маған,
Не жөнігіп, өз мініңді есепте.
Қу құмарлық құлы болдым мен енді
Сенен опа таппаған соң, азғыным,
Нәпсі жолдан тайдырмақшы денемді,
Тән де өзінің жеңісіне мәз бүгін.
Өз есімің оған бәрін ұқтырар
Құмар басар қиясын да байқаған.
Құл ма дерсің — ханым көрсе тік тұрар,
Аяғына құлау үшін қайтадан.
Махаббаттың қия-құзын көрді ме ер,
Ар-ұяттың барша құнын сол білер.


152
Білем, өзім күпірмін деп айта алам,
Ал, сенікі — екі дүркін сатқындық:
Неке суын ұмыттың ба, қайтадан
Ғашық отын сарқып төгіп сап қылдың.
Бірақ, менің хақым бар ма жарымды
Екі дүркін сатқынсың деп даттауға?
Екеу емес, жиырма дүркін нәрімді
Сарп еттім мен ант үстінен аттауға.
Арың таза аяулымсың деп талай
Жалбақтадым, жаным саған қарасып.
Соқыр болдым, күймесін деп бақ-талай,
Қылмысыңа қадалар деп қарашық.
Адал, таза жар деп сені бұлдадым, —
Жалған сөзбен өз аузымды былғадым.


153
Купидон бip қалғып кеткен орманда;
Жас нимфа оның майлы самын жалынды
Ұрлап алды, бұлақ бар-ды сол маңда.
Лаулап жанған сам бұлаққа салынды.
От өшсе де, бұлақ суы бұрқылдап
Қайнап кетті — суға айналды шипалы.
Әлі сол су аурулардың ырқыңда, —
Талай әлсіз дене дерті сипады.
Есесіне ғашық пірі сиқырлы
Сүйгенімнің көзінен от өндірді, —
Жүрек күйді — сын кетіріп сиқымды,
Ауыр дерттің азабына көндірді.
Бұлақ суы бола алмайды даруым,
Дарыт қайта отты көздің бар уын!


154
Ғашық пірі қисайды ағаш түбіне,
Тастай салып сам жөкені алаулы.
Әзәзіл пір ұйықтаған соң, түбіне, —
Пері қыздар ұйғарды ұрлап талауды.
Бір сұлуы отқа келді жақындап; —
Қыздар талай жапа ілеккен осы оттан.
Суға салды жанған отты жарқылдап, —
Осыдай-ақ оттан қызды босатқан.
Су тасқыны қайнап буға көмілді, —
Науқастарды жазды, ауыр күйге енген.
Қайнарына мен де түстім — шомылдым,
Құтылсам да сүйіктімді сүйгеннен.
Махаббаттан су қайнады — жалған жоқ, —
Махаббатты су суыта алған жоқ!


Аударған Хамит Ерғалиев 





Пікір жазу