Интернат наны
Әлтай нанға тоймаушы еді. Басы дәу, үрпек шаш, мойны қылдырықтай, шүңірек көз, томпақ ауыз қара бала болатын. Болбырақ, оқуға олақ, есіл-дерті ауқатқа ауып кеткен сияқты еді. Сабақтан қала береді. Ебі келсе асханаға кезекші болуға тырысады. Кезекшінің міндеті — екі шелекпен өзеннен еңірете су тасиды. Жүз баланы асырайтын тайқазан толғанша тасиды. Одан ыдыс-аяқ жууға қосымша тағы тасиды. Кезекшіліктің ең ауыры осы. Интернаттың іргесін жалап ағатын өзеннен асханаға құбыр тартуға ол кезде шама келмеді ме, әлде құнт болмады ма, біз қайдан білейік, әйтеуір, ауыр-ауыр екі шелек буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жеткіншектердің екі иінінен зілдей басып, онсыз да тапал бойды төмен тартар еді.
Кезекші су мәселесін шешкен соң, картоп аршуға кіріседі. Одан кейін ұзыннан-ұзақ созылған столға екі қатар қалайы тәрелкелерді, қисық-қыңыр қалайы қасықтарды қойып шығады. Содан соң барып әрбір тәрелкенің тұсына тілдей-тілдей кесілген қара нан қояды. Бұл кезде Әлтайдың қасына тәрбиеші немесе аспаздың өзі ілесіп жүреді. Соның өзінде де Әлтай олардың қырағы көзін ала беріп, бірер кесегін томпақ ауызға бұралақтап ұрып жібереді. Тәрбиеші оның аузына күдіктене қарар еді. Бірақ Әлтай сыр бермейтін. Сірә, нанды шайнамай жұтып жіберетін шығар.
Түс кезінде мектептен балалар апыр-топыр жарыса оралады. Кітаптарын бөлмеге қояр-қоймас, асханаға қарай анталар. Сонда Әлтай оларға кәдімгідей одыраңдап:
- Өй, өңшең жалмауыз, топырламай бір-бірлеп кіріңдер, - деп есіктің аузында тұрады.
Кезекшілік күні өткен соң, Әлтайдың көңілі той тарқағандай құлазып қалады. Интернаттың әшмүшкедей нормалы нанын місе тұтпай, қоңқылдап, сабақ біткенше әрең шыдайды. Кейде соңғы сабақтан қашып кетеді. Жол-жөнекей драмтеатрға соғып, қандай спектакль жүретінін, қандай контрамарка болатынын біліп алады. Интернатқа келе сала ас үйден бір түйір картоп сұрап алып, оны ойып мөр жасайды. Кітаптың қатырма мұқабасын кесіп-кесіп картопқа сия жағып, мөрді картонға мұқият басады. Сөйтіп әрбір контрамарканы нанға айырбастайды. Театрға барушы талапкерлер табылады. Аш қалуға бейіл, бірақ «Қобыландыны», «Қыз Жібекті» көруге құштарлар, құдайға шүкір, бар. Театрдың қызметкерлері ойын соңында контрамарканың соншалықты көбейіп кеткеніне таң қалысады.
Нанды қиып, театрға барғандар спектакльден қайтып келгенде қарындары ашады.
- Ұйықтаған соң қарынның ашқаны білінбейді, — дейді әр нәрседен хабары бар қарачай Хасболат.
- Онда шуылдамай тезірек жатайық, — дейді балалар.
Балалар ұйқыға кетеді. Бір бөлмеде он адам жатады. Бәрі әскер балалары. Бәрі де ауылдан келген. Облыс орталығында соғыстан соң жаңадан ашылған интернат-пансионда жатып оқиды. Майданнан әкесі қайтпағандар, соғыстан ағасы келмегендер, аш қарын ұйқыда түстерінде ауылдың нарт қызыл таба нанын көріп, тамсанып жатады.
Осы кезде Әлтай басын көрпемен жауып алып, нан жейді. Біреу естіп қоймасын деп, дымын шығармауға тырысады.
Контрамаркаға айырбастап алған нанды тауысқанша ұйқы жоқ.
Бір күні Әлтай әшкереленіп қалды. Сәттіғұл дейтін бала оның түнде нан жеп жатқанын біліп қойыпты.
- Палундра! - деп Сәттіғұл айқай салсын. Балалардың бәрі үй өртеніп бара жатқандай орындарынан сасқалақтап атып-атып тұрсын.
- Не боп қалды?
- Әлтай нан жеп жатыр!
- Нан?!
«Нан» деген сөзді естігенде, ұйқы шайдай ашылады. Жеті түн ішінде таң атып, күн шығып, он жетімнің тар бөлмесіне нұр шашырағандай болады. «Нан» деген сөз - алыстағы ауылдан апаң келіп тұр дегенмен бірдей. Айында-жылында ауылдан апаң бір келгенде кіші қалта талқан, бірер таба нан әкелер еді. Іні-қарындасыңның аузынан жырып әкеп тұрғаны есіңе түскенде, талқан тамағыңнан өтпейді-ау.
Сәттіғұл барып Әлтайдың үстінен көрпені жұлып алады. Әлтай қақпанға түскен қасқырдай ақсиып айбат шегеді.
- Бер бізге де! — дейді Сәттіғұл. Басқалар бұл кезде Сәттіғұлды үнсіз қуаттап анталап тұрады.
- Неге берем, өзімдікі! - деп шаңқ етеді Әлтай.
- Жоқ, біздікі! - дейді Сәттіғұл.
- Контрамарканы қайтар, сонда берем, - дейді Әлтай енді қайтер екенсің дегендей.
- Контрамаркаң жалған. Сені ол үшін соттату керек. Жалған документ жасағаны үшін соттайтын заң бар екенін білмейсің бе, — дейді Сәттіғұл.
- Онда сол контрамаркамен ұдайы неге өзің театрға кіріп жүрсің? Сені де соттау керек, өлсем — жастығымды ала кетермін, — деп Әлтай қасарысады. Бірақ өзінің кінәсі басым екенін сезіп жаси бастайды.
- Нан қалған жоқ, әйтпесе не көрініпті, беремін ғой, өле жегенше бөле же деген ғой.
- Өй, сен мақалдамай шығар бері, қалған жоқ деуін қарашы. Балалар, шамаданын ашыңдар! — деп бұйырады Сәттіғұл.
Әлтайдың пәнер тақтайдан шағын чемоданы бар, аузында жұдырықтай құлып тұрады. Әлтай өз меншігін қорғамақ боп, кереуеттің астына ұмтылады. Бірақ еңгезердей Сәттіғұл оны төсектің үстіне атып ұрып, тырп еткізбей қол-аяғын басып жатады.
- Атаңа нәлет, Қодар! - дейді Әлтай ышқынып, — босат былай!
Балалар театрдан қайтқан сайын ондағы ойынды өздері қайталап, біреу Төлеген, біреу Бекежан болып шыға келетін, Сәттіғұл Қодар рөлін ойнаушы еді. Содан да Қодар атанып кеткен.
- Дымыңды шығармай жат, паразит Қарабай, — деп масаттанады Сәттіғұл Әлтайдың дүниеқоңыздығын бетіне басып.
Құлыптың кілті табылмайды. Оған балалар онша өкіне де қоймайды. Епті біреуі шегемен-ақ аша салады.
Перғауынның мыңжылдық алтын табыты кенеттен табылғандай-ақ, балалар аң-таң болып, ауыздарын ашып аңырып біраз тұрып қалады. Чемодан ашылғанда, ішінде тілім-тілім нан, бір қалта бидай талқан, бір қалта қуырған жүгері, бір қалта құрт жайнап жатады. Балалар енді есін жиып мол тағамға қол сала бергенде, Сәттіғұл айқай салады:
- Тәртіп сақта! Біз мародер емеспіз, саналы азаматтармыз. Бәрін заңды түрде жасауымыз керек. Біз феодализмнің кәрі қақбасы Қарабайдың малын кәмпескелейміз. Бәріміз теңдей бөліп аламыз, - деп тамақты бөліске сала бергенде... есік сарт ашылып, табалдырықта алпамсадай алып адам иығына шинелін желбегей жамылып, міз бақпай тұрып қалады. Қалың қастары бірігіп кеткен. Көзі оқтаулы мылтықтай. Тұла бойы қаһарлы.
- Бұл не шу?! — деп ақырады әлден соң. — Неге ұйықтамайсыңдар?
Әлтай арыз айта алмас. Өйткені өз кінәсі ашылып қалады. Басқаларда да үн жоқ. Өйткені біреудің чемоданын тонауға болмайды. Интернат меңгерушісі қос қолын галифе шалбардың қалтасынан шығармай «қазыналы» қара чемоданға шалқақтай қарап қалады. Қалың қара қасын бір жоғары, бір төмен ойнақтатады.
Әлден соң:
- Так-так... Бәрің далаға шық! — деп бұйырады.
Аулаға шыққан соң, асхананың алдына балаларды қатарға тұрғызады.
- Смирно! — деп бұйырады. Сөйтеді де асықпастан шалқақтай басып өз үйіне қарай беттейді...
Кетіп қала алмайсың. Түн ортасында тікеңнен тік тұрған да оңай емес. Балалар күңкілдеп Сәттіғұлды кінәлай бастайды.
- Сен болмағанда тып-тыныш ұйықтап жататын едік.
- Мен сендерге жақсылық жасамақ болсам, қарай гөр бұларды. Мен емес, анау Қарабай кінәлі, - деп Сәттіғұл жабайы қодастың назарын Әлтайға бұрып салады. Әлтай енді бір табын сиырдың ортасына түскен қасқырдай болады. Оның бақытына қарай интернаттың бастығы қақырынып-жөткірініп үйінен шығады. Балалар қыбыр етпей «смирно» тұрып қалған. Ай сәулесіне қасқа басы шағылысып, дәу ағай асықпай бір-бір басып таяп келіп:
- Қарындарың ашты ма? - дейді.
Дәл қазір «жаурадыңдар ма?» деген сұрақ орынды сияқты. Бірақ интернат меңгерушісі: «Қарындарың ашты ма?» - деп сұрайды.
- «Қарным ашты десем, әлдене деп жүреді», — деп ешкім үн қатпайды.
- Айтпайсыңдар ғой, ә? Онда тұра тұрыңдар тағы да, — деп дәу ағай қайтадан өз үйіне асықпай аяңдай бастайды.
- Ағай! Ағай! Тоқтаңыз, -дейді шыдай алмаған Хасболат күркіреуік даусымен. Онан соң жолдастарына қарап:
- Неге үндемейміз? Айтпаймыз ба, тұра бергенше! Қарнымыз ашты, ағай, — дейді.
- Ашты.
- Ашты, - деп әр жерден бір дауыс дірілдеп шығады. Сонда дәу ағай:
- Ашынған қарын тойынар. Барыңдар, ұйықтаңдар! — деп бұйырады.
Жақсы сөз – жарым ырыс, балалар жәбір-жаманшылықтың бәрін ұмытып, жылы көрпелердің астына қойып-қойып кетеді. Сол көңіл тоқтықпен рахаттанып ұйқыға кірісе бергенде, әрбір төсектің басына Әлтай келіп, балаларды басынан түрткілейді.
- Мә, — дейді аң-таң болған жолдасына Әлтай бір тілім нан ұсынып. Нан жетпегендерге бір уыс талқан немесе бір түйір құрт тиеді. Бөлме іші мейірімге толғандай. Сол сезімнің әлдилеуімен он бала тәтті ұйқыға кетеді. Түстерінде бір қанар нан арқалап, балаларға үлестіріп жүрген дәу ағайды көреді. Жаңа жыл екен дейді. Интернат асханасының қақ ортасына үлкен елка орнатылған екен. Шыршаның әрбір бұтағынан қызыл-күрең бөлке-бөлке нан салбырап тұр екен. Дәу ағай Аяз-Ата болған екен, Жаңа жылда конфет орнына бір-бір бөлке нан сыйлап жүр екен. Сол бөлкелердің қақ ортасына Әлтайды салбыратып іліп қойған екен...
Қыстың қысқа күні асханадағы тілдей қара наннан басталады. Ештеңе өзгермеген. Әлтай бүгін кезекші емес, содан да қабағы салыңқы. Кезекші болмаған күні мектепке барар жолдағы нан магазинін қалайда бір сүзіп өтер. Магазинші сары әйел ұдайы ашулы болады. Әлтайдың карточкасы жоқ екенін біледі де:
- Бар, айда! - деп қуып жіберетін.
Бүгін де мектептен қайтқанда шыдамай, кабактың тұсына тоқтамай өтпейтін маскүнем құсап, Әлтай нан магазиніне қалай кіріп кеткенін өзі де білмей қалған. Кіруін кірсе де, сатушы қатын ұрсар ма екен деп қипақтаған. Бірақ сары әйелдің жүзі жарқын, қабағы жазылған. Сақ-сақ күледі. Күледі де пештен жаңа шыққан жып-жылы нанды күндегідей тілдей етіп тілмей, бөлке-бөлкесімен беріп жатыр. Карточкаға емес, ақшаға беріп жатыр. Магазиннің іші нанға тіреліп тұр. Жарықтықтың иісі жұпардан жүз есе артық.
Әлтай интернатқа алып-ұшып жетіп, асханаға кірсе — күндегі тілдей тіліктердің орнына жарты бөлкеге жақын дәм қойылған екен.
- Ал, қарындарың тояды енді! Карточка системасы жойылды! Нан молайды. Сендерді нан күнімен құттықтаймын! - деді интернат меңгерушісі. Бұл - 1947 жылдың 16 желтоқсаны еді.
Әлтай сонда әлгі нанды жеп тауыса алсашы! Әшейінде бұралақтап ауызға бір-ақ асайтын асты тауыса алмай, тойды да қалды.
* * *
Мен бұл кезде қызметке баратын жолда астанадағы ең үлкен нан магазині бар. Ешқандай жұмысым жоқ, тамағым тоқ болса да әлгі магазинге анда-санда бір кіріп шығамын. Нанның сондағы түр-түрі-ай. Қазақтың таба наны дейсің бе, украинаның қара наны дейсің бе, қалалық ақ бөлкелер дейсің бе, кірпіш нан, дөңгелек нан... Магазиннің іші жып-жылы. Нан иісі – ана сүтінің иісіндей. Осы магазиннің тұсынан өткен сайын, интернат есіме түседі. Әлтай қазір аудандық оқу бөлімінің бастығы, ғылым кандидаты. Сәттіғұл ірі совхоздың директоры. Мен болсам...
Жиі-жиі ойға қалам: іргесін боз өзен жалап жататын интернат болмағанда, интернаттың бір тілім қара наны болмағанда, біз осы дәрежеге жетер ме едік? Кім біледі...
Нұр жаусын саған, интернаттың қара наны!