08.04.2021
  383


Автор: Шерхан Мұртаза

Бойтұмар

Таңғы ұйқының тәттісі-ай. «Енді бір сәт, енді біраз...» деп жатасың. Бірақ қалың ұйқының қат-қабатын тесіп өтіп сана түрткілейді: «тұр, жұмыстан қаласың, тұр» деп сұңқылдайды. «Енді бір сәт, енді біраз...»


Тағы да қызыл бұзау шашымды жалап тұр. «Атаңа нәлет, — деймін ұйқыдан ояна алмай,— тіліңді кесіп тастар ма еді...» Ақыры шыдай алмай көз жұмулы жатып-ақ қолымды көрпеден шығарып сермеп кеп қаламын...


— Әй, батыр, мынау қайтеді-ей! — дейді таныс дауыс. Сонда барып көзімді ашып алсам, жанымда бір тізерлеп Шолақ Сияқұл отыр. Жасаурап тұратын әдемі мойыл көзі күлімдейді. Шоқша сақалы дірілдейді, сірә, күлгені шығар, жалғыз қолымен менің басымнан сипап отыр екен. Бұ жолы қызыл бұзау болмай шықты.


Таң енді бозарып, шығыстағы Манас шоқысы енді ғана қызғылтым тартқан шақ. Күн шықпай жатып, ең алдымен Манас шоқысын нұр шалады. Бұл өлкеде құдіретті Аспантаудың одан биік шоқысы жоқ. Күн сәулесін бәрінен бұрын қарсы алып, бәрінен соң ұзатып салатын осы Манас.


Шілденің соңы, сүмбіленің басы болса да әлі күн ыстық. Есіктің алдына төсек салып далада ұйықтайтынбыз. Мен әбден оянып, жан-жағыма қарасам, Айша сиырды сауып болып, қызыл бұзауды қазыққа қаздитып байлап қойған екен. Қызыл сиыр өріске бет алыпты.


— Біригат-ау, қаршадай баланы алыс жолға жіберіп қайтесің, бар ғой осы елде бұдан басқада,— деді Айша сиырды үйдің сыртына айдап салып келе жатып. Енді ол бір шыны аяқ шайын ұрттар-ұрттамастан қызылшаға кетеді.


Айшаның: «алыс жол» дегеніне елең ете қалдым да, орнымнан қарғып тұрдым. «Алыс жолды» аңсаймын. Қырманда шыжыған күннің астында шығыр айналдырған есектей азаннан кешке дейін тас бастырып, бидай түсіруден асқан азап бар ма екен. «Алыс жолға» жіберсе— ұшпақшымын.


Шолақ Сияқұл менің ылдым-жылдым тұрғанымды көріп, мойыл көзі күлімдеп, қуанып кетті.


— Ой, батырым, ой, жолбарысым! Міне, нағыз жігіт осы ғой? Аталық атасымен бірге Тобышақтыға осы жолбарыс бармағанда— кім барады?


— Барсын өз баласы! — деп қасарысты Айша кенеп орамалға бір шиша шалап, бір пәтір нан түйіп жатып. — Баласы осымен түйдей жасты.


— Ой, жеңеше-ай, біліп тұрып, несін айтасың? — Бригадир қинала қылқа мойын басын шайқап қойды. — Аталықтың Сүлеймені кесел ғой.


Айша үндемей қалды. Сөзден жеңілгені осы шығар. Соғыс келіншектерінің әдеті: әуелі бригадирмен айтысып, арындап алады да артынан айтқанына көніп, жұмсаған жұмысына жүре береді.


Аталық атамның үйінің жанында қорабы алынған жалаңаш арбаға колхоздың ең күшті деген қос ала бас өгізі жегулі тұр. Шолақ Сияқұлдың қасындағы мені көріп, Аталық атам бүкір белін жазғысы келгендей кеудесін көтере беріп, қайтадан бүк түсті де, өзінің үнсіз күлкісімен сылқ-сылқ күліп, сықсиған көзін жеңімен сүртті.


Аталық атам тік түрегелсе, бойы екі метрге жетеді. Бірақ біздің Мыңбұлақтың жатаған үйлерінің аласа есіктерінен кіре алмай, шыға алмай жүрер деді ме, тағдыр оны сұрақ белгісіндей бүкшитіп қойған. Бәлкім, тағдыр оны, шынында да, өмір бойы жауабы табылмайтын сұрақ етіп жаратқан шығар. Оны мен қайдан білейін...


— Келдің бе, ей, қызталақ?—деді Аталық атам.


— Міне, осы Барсханнан артық серік жоқ саған, көке, — деді Шолақ Сияқұл үлкен ерлік жасағандай ағасының алдында мақтанып.


Жолға да шықтық. Үйдің сыртынан Сүлеймен құрдасым дуалға қушық иығын сүйеп, тық-тық жөтеліп, соңымыздан мұңая қарап қалды. Бізді бір майданға шығарып тұрғандай қол бұлғады.


Ала бас қос өгіздің мимырт жүрісі өнбейді. Аталық ерте салқынмен едәуір жерге барып қаламыз дегенмен, ауылдан ұзап шыққанша күн сәскеге таянып, төбені қыздыра бастады. Шілде шығарын сезгендей күн ащы. Ирелең қара жол төске өрмелеп барады. Арбаның сол жақтағы артқы дөңгелегі ауырған тістей зарлап, шиқ-шиқ етеді. Мен артыма бұрылып қарап едім: тарам-тарам болып, қатар-қатар жатқан Мыңбұлақтың әр сайының бойына бес-алты үйден үркердей тығылған біздің ауыл тым төменде қалыпты. Біз биіктеп кетіппіз. Бір топ көк кептер бізбен қатарласа ұшып, арбаның шабан жүрісінен мезі болғандай озып кетіп барып, бозаңға қонады да, біз жақындағанда, қара жолды бойлап тағы да қапталдаса жөнеледі. Жүрісі мардымсыз өгіздерге «бол, бол» деп қуат беретін сияқты.


Бір кезде алдымыздан жағасы жайқуат, түйетайлы сай шыға келді. Ылдиға қарай арба өзінен-өзі дөңгелеп, мойынтұрық өгіздердің мүйізіне дейін лықси тіреліп, бейқам немелерді таптап кетердей дедектеді. Сай табаны далиып жатқан кең екен, арнасында түйедей-түйедей тастар көп. Бір кезде таудан құлаған тасқын домалатып әкелген шығар. Табанда бір бұлақ су күмістей жарқырап жатыр екен. Ала бас өгіздер тырп етпей, суға бастарын салып көпке дейін сораптады. Атам екеуміз арбадан түсіп, су жағасындағы теңге жапырақты, жалбызды көгалға отырып, оразамызды аштық. Сайдың тобышақты қалың өскен қабағына жай қарап отырып, қызыл суырлардың алысып ойнап жатқанын көзім шалып қалып, орнымнан атып тұрдым.


— О не?—деді атам оқыс қимылымнан секем алып.


— Суыр, ата, қызыл суыр!


— Кәне?—деп жасаураған көзін қолымен көлегейлеп қабаққа қарады.


— Әне, әне біреуі қаздиып тастың үстінде түрегеп тұр. Басқалары екі-екеуден күресіп жатыр. Көрдің бе, ата?!


— Қызталақ бірдеңе бұлдырайды, әйтеуір,—деп Аталық атам күлімсіреп қойды. Содан соң ойланып қалғандай болды да:


— Суыр қазір семірді ғой. Әттең, ұстап алса, оның еті менің Сүлейменіме дәрі ғой,—деді.


Бағана ауылдан аттанарда, үй сыртына дейін соңымыздан ілмиіп ілесе жүріп, қол бұлғап қоштасып қалған құрдасым Сүлейменнің жүдеу жүзі көз алдыма келді. Екі иығынан дем алып, қатты жөтеліп, қараптан-қарап тұрып қара терге малынып еді. Әкесімен бірге алыс сапарға өзі емес, менің кетіп бара жатқаныма қызыға қарап, мұңайып қалғандай еді сыңайы.


— Екеуің бір аптаның ішінде туып едіңдер ғой, — деді Аталық атам бұдан он үш жыл бұрынғы оқиғаны еске алып,— Сүлейменнің бір-екі күн үлкендігі бар шығар, әлде сен бұрын туып па едің? Әйтеуір, тары орып жатқан қыркүйек еді. Қызталақтар, сендер де бір мүшелге толдыңдар ғой. Азамат болдыңдар, құдай аман қойса... Әй, осы сенің әкең он үшінде отау иесі болып еді,—деді кенет кәрі жүзіне қан жүгіре нұрланып, қуақылана қалып. — Сені де аяқтандырсақ қайтеді, а? Мына бара жатқан Тобышақтыдан саған ұнаса, бір қыз ала қайтсақ қайтеді?


— Керегі жоқ, — дедім суырлар жаққа қарап.


— Керегі жоғы несі-ей, — деп шал үнсіз кеңк-кеңк күліп, көзінен жас ағып кетті. — О, ақымақ, керегі жоғы несі-ей...


Оның риясыз қалжыңын ұмыттырғым келіп:


Ата, суыр атсақ қайтеді? Сүлейменге апарып беретін...


Шал әлгі қалжыңын, шынында да, лезде ұмытты. Менің көзім көрмейді. Осы жазатайым біреуімізді атып аларсың тағы бәле болып. Бәлесінен аулақ.


— Ой, ата, мектепте Тарбақбай ағай бізге мылтық атып үйретті ғой.


— Апыр-ай, мылтық үйреткені несі? Бала да мылтық ата ма екен?


— Е, атпағанда ше? Соғыс созыла берсе, әскерге бізді де алады. Сол үшін үйретеді де.


— Не дейді тағы. Енді әскерге сендерді алса, неміз қалады сонда?! Тұқым-тұқиянымыз тып-типыл болмақ па? Тіл-аузың тасқа, айтпа қайдағыны!


Аталық атам едәуір ашуланып қалды. Десе де, бағана Шолақ Сияқұл берген ескі қара мылтықты, мен тимесін деп, арбадағы шөптің арасына тығып тастаған жерінен бүкшеңдеп барып суырып алды.


— Абайла, оқыс атылып кетіп жүрмесін.


Мылтық қолыма тиген соң, едәуір есейіп, дәу дәрежеге жеткендей қоқиланып қалдым. Тарбақбай ағайдың үйреткенін дәлелдегім келіп затворын сақыр-сұқыр кері тартып, ұңғысына қарасам, оқтаулы екен. Патрон ортасындағы жасымықтай сарыныңмен пистон екенін де білемін. Затворды қайта салып, суырлар жаққа қарадым. Баяғы қарауыл суыр сұр тас үстінде әлі қаздиып тұр. Бізге көзі үйренген тәрізді. Енді басқа жақтан қауіп жоқ па дегендей бізге бір қырындау қалшиып қалған.


Жақындап барсам, секем алып, індеріне кіріп кетеді. Бұл ара қашық сияқты. Тәуекел деп, арбаның тасасында тұрып, қарауыл суырды кіндіктен төмен нысанаға алдым. Өйткені Тарбақбай ағай мишень атқызғанда, ұдайы шеңбердің төмен жағын ала көздететін.


Гүрс еткен аламат дауыстан Аспантау шайқалғандай болды. Әуелі көк түтіннен ештеңе көрінген жоқ. Аталық атам шала еститін тосаң құлағының өзін қолымен басып алып: «бісміллә, бісміллә» деп тұр екен. Сұр тас жаққа қарап едім, үсті қарауытып қалыпты. Басқа суырлар жым-жылас, лезде індеріне кіріп, ғайып болыпты.


Үлкендігі кіші-гірім иттей қызыл суырды артқы аяғынан ұстап, сүйретіп алып келіп, Аталық атамның алдына былқ еткізіп тастай салдым.


— Қайтарда тағы біреуін атып әперемін,—деп қойдым мақтанышымды жасыра алмай.


Қартым қуанудың орнына, сәл-пәл абыржыған сыңайлы. Оны көріп менің көңілім пәс тартты.


— Әй, әттесі-ай, бекер болды-ау,—деді Аталық сұлап жатқан суырды ары-бері аударып, алтындай жылтыраған көкшіл-қызғылт жүнін алақанымен мүсіркей сипап. — Анасы екен ғой.


— Е, балалары өсіп қалыпты ғой.


— Ай, шырағым-ай, бұл жануардың арғы заты адам дейді ғой. Құдайдың қарғысы тиіп, хайуан болып кеткен. Әлгінде байқадың ба, күшіктері құдды адамның балалары құсап құнжындап күресті ғой. Менің көзім бұлдыраса да көрдім оны. Обалы тимесе неғылсын. Бекер-ақ атқыздым ба, қайдам.


— Ой, ата, сіз де...—деп аптығып қалдым. — Кітапта жазыпты ғой: сонау итжеккен солтүстік жақта яқұт-сахалар бұғыны өздері атып алды екен де, содан соң бауыздап жатып: — Кешір, бұғы, сені атқан біз емес, тұңғыстар, біз әшейін сені атып тастап кеткен тауып алдық,—дейді екен. Бізде сөйте салайық: «кешір, қызыл суыр, сені атқан біз емес, Жолдасхан ғой, біз әшейін сені жолдан тауып алдық»дейік.


Аталық атам үнсіз күлкісімен кеңкілдей берді.


Ә, қызталақ Жолдасханға жаба саласың, ә? Сүлеймен үшеуің құрдассыңдар ғой. Қарашы, бұларда құрдастығын білдіреді. Бірақ сенің әлгі оқыған кітабың кәпірше ғой. Құранда ондай сөз жоқ.


— Иә, қойыңызшы, ата. Өзіңіз былтыр жалғыз тоқтыңызды Сүлейменге қалжаға сойғанда айттыңыз ғой: — «Сенің жазығың жоқ, балалардың азығы жоқ» деп.


— Әй, ақылдым әшейін, тіл-көзден аман бол, әйтеуір. Тірі жүрсең — болайын деп тұрсың-ау. Құдай бәле-жаладан, соғыстың сұрапылынан сақтасын. Ендеше, менің Сүлейменіме сәтін салып, шипа болсын,— деп Аталық атам суырды арбадағы шөптің астына мылтықпен қатар қымтап қойды.


Судан өтіп, сайдың арғы қабағынан астық. Енді жол тау бөктерлеп, батысқа қарай қиялады. Алыстан қарауытып, шоқ-шоқ орман көрінеді.


— Ата, әлі алыс па Тобышақты?


— Қарайған талдар көріне ме?


— Көрінеді, алыста.


— Е, құдай қаласа, алыс емес. Бесін әлетінде жетеміз.


Шал өзінен-өзі ыңылдап ән салғандай, екі көзін жұмып алған сияқты. Қолындағы қамшыны құр ұстағаны болмаса, өгіздерге әлі бір басқан жоқ. Өгізді ұр не, ұрма не, бәрібір осы жүрістен танбайды. Мимырт. Жол жағалай, түп-түп болып, қызыл торы тобылғы қалып жатыр. Шоқ-шоқ болып қызыл изен кездеседі. Сиырқұйрықпен шырыш гүлін әлдеқашан төгіп, сояу-сояу сойдиып қалыпты. Көктемде құлпырып, жұпар атып тұратын киікоты мен текесақал да реңі тайып, көріксіз көдедей күйге ұшырапты. Оның есесіне шашыратқы көк аспан түстес көкпеңбек гүлдері жағалай жәудірейді. Анда-санда алақандай аппақ гүлдері жамбы күмістей жылтырап гүлқайыр кездеседі. Гүлқайырдың басында сары торғай құйқылжиды.


Аталық оянып, әлденені есіне алғандай.


— Сендерді де әскерге жіберсе жібергендей екен, ә,—деді. — Жаңағы мылтық атысын сұмдық қой. Апыр-ай, шынымен сендерді де ала ма? Алады, алады. Мына соғыс тоқтамаса—алады да. Мұның өзіне де үш жылдан асып, төртінші жылға аяқ басты ма? Мұндай да ұзақ қырғын болар екен де. Баяғы менің сендей бала кезімде Қоқан соғысы деген болды. Біздің елдің Байзақ датқасы сол Қоқанмен соғысты-ау деймін. Бір апта болды ма, болмады ма — тыйылды, әйтеуір. Ақыры, Байзақ датқаны Қоқан өлтіріп тынды... А, мынау сұмды-ы-ық. Біздің Қайыптан көптен бері хат жо-о-оқ. Соңғы хаты, міне. Айтпақшы, қарап отырғанша, жол қысқарсын, сен осыны тағы бір оқып берші.


Аталық атам көнетоз қара барқыт бешпенттің омырауын ағытып, тер сіңген бозғылт тік көйлектің өңіріне қолын салып жіберіп, сол қолтығының астындағы жапсар қалтадан тәспісін суырып алды, тәспіні Аталық атамның соншама «қылует» жайға жасырғанына таң қалдым. Қара ала моншақтар тізбегін үшбұрышты қайыс тұмар түйіндепті. Аталық атам тәспіні әлгі тұмармен қоса уыстап тұрып әуелі маңдайына басып көзін сүртті де, қайыс тұмардың бір жақтауын сөгіп жіберіп, қос саусағымен бүктеулі қағаз суырып алды. Үшбұрышты хаттың бүктеуін жазып, әуелі емірене ерніне тигізді. Қолы қалтыраңқырап маған ұсынды.


— Мә, тағы бір оқышы.


Аталық атамның әлгі қағазды мен жыртып алатындай немесе абайсызда жел ұшырып әкететіндей сезіктене ұсынғаны сонша, менің де қолым дірілдеп кеткендей болды. Шынында да, бүктеуі ыдырай бастаған екен. Аса абайламаса, Аталық атамның сескенгеніндей-ақ. Бүктеуін ықтияттап жазып болып, арбаның алқымынан құлап кететіндей шегініңкіреп отырып, оқи бастайын деп едім, құрығыр доңғалақтың шоқаңдауынан хаттың әріптері секеңдеп, әуелі көзім үйрене алмай-ақ қойды. Аталық атам мені сауатсыз деп ойлады-ау деп тағы қысылып, тәмпек мұрнымның ұшы тершіп кетті.


«Амандық хат» — деп айқайладым. Әйтпесе есітпейді. — Алтыннан ардақты, күмістен салмақты атамыз бен анамыз, жан бауырым Сүлеймен, қарындасым Ханзада! Аман-есен туған жерде өкімет пен партияның тапсырмасын абыроймен атқарып жүріп жатқан боларсыздар... Менен амандық сұрасаңыздар, Отан алдындағы борышты абыроймен атқарып, автоматты қолға алып, жалмауыз жаудың жазасын беріп, Курск деген жердің қырғынынан аман шығып, фашистерді шегіндіріп бара жатырмыз. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен. Курскіде көп боздақтар қыршынынан қиылды. Сол сойқаннан оққа ұшпай қалған мен енді өлмейтін сияқтымын. Көп жазуға уақыт аз. Кезекті шабуыл алдындағы сәл тыныста жазған сәлем хатым осы. Бір құдай өзі жар болып аман жүрсем, Сталин жолдастың бұйрығын орындап, жауды күйретіп, содан соң қол босаса, бұдан гөрі ұзағырақ етіп жазармын. Бір тәңірі бізді өлмей-жітпей көрісуге жазсын. Аман болыңдар, бауырларым! Окоптан жазған — гвардияшы Қайып Аталықов. 1943 жыл, 17-тамыз».


«Неге үндемейді?» деп Аталық атама қарасам, аппақ сақалынан тарам-тарам жас ағып, жылап отыр екен. Хатты қайтадан бүктеп қолына ұстаттым. Үнсіз отырып, қағазды сипап-сипап, қайыс қалтаға қайта салды. Содан бір уақытта:


— Бүгін шісләнің қаншасы?—деді.


— Он бесінші август ғой.


— Оббоу-әкпар-ай, бір жыл болып қалған екен ғой! А!


Мен ештеңе дей алмай тұқшидым. Бір жылдан бері хабар-ошар болмаса, әрине... тегін емес.


Аталық атам көзін сығырайта тау жаққа қарады:


— Адам баласы әсте астам сөйлемеу керек қой. «Енді өлмейтін сияқтымын» дегені несі-ей байғұстың? Аузына әзәзіл салып тұр ғой сол сөзді. Құдайдың құдіретіне қарсы шыққан қандай хайуансың! Қай-ы-еп!»—деп дауыстап жіберді.


Аталықтың айдалаға айқай салғанынан сескеніп, тұла бойым дір ете қалды. Алыстағы Қайып есітіп тұрғандай айқайлағаны несі?


Мезгіл түс әлетіне таянды. Күн шақырайып, ыси түсті. Тіпті әлдеқашан иесіз қалған тас қораның дуалында көк қарға да аузын ашып, алқынып отыр.


— А?! — Аталықтың аузынан жалын атып шыққандай болды. Тіпті жолдан едәуір қашықта отырған көк қарға да қалбаң етіп сасып қалып, есін жиып, ұша жөнелді.


Жай «а» емес, «А?!» Күрсіну де емес, әлдебір қаһарлы сұрақ, әлдебір айбынды бұйрық.


Енді «А?!» демесе екен деп тілеп келемін. Қорқынышты.


Итқонақ, мысыққұйрық аралас өскен бетегелі, беделі, жабайы жоңышқалы өзектің үстінде құладын құс қалықтап жүр. Бөденеден басқаға шамасы келмейтін құладынның да күнкөрісі қиын. Қанат қағып қалықтауында бір қайғының, мүсәпірліктің табы бар.


Айналаның бәрі мұңға душар болғандай, дүниенің қабағы кіртиюлі. Құлазыған дала, тамақ іздеп қаңғырған құладын кұс. Жас бала, бүкір шал. Тек Аспантау ғана айбынды. Соған қарасаң ғана еңсең көтеріледі. Аспантау сені үнсіз асқақтатады. Еңседей бойын өмірі жаза алмайтын Аталықтың өзі тауға қарап: «А?!» дегенде бүкіші жазылып кететіндей көрінеді.


Содан соң Аталық атам ыңылдап ән салады. Қазақша ма, қырғызша ма — айыра алмаймын.


«Кім білер кімнің арманын,


Таразы білер салмағын.


Өтіп кетсе жас өмір,


Арманда болып қалмағын.


Өкінерсің, қаларсың,


Өткенді қайдан табарсың.


Өтіп бір кетсе жас өмір,


Қарызға кімнен аларсың?»


— Түсіндің бе-ей, қызталақ?—дейді менің бағанадан состиып отырғанымды байқап, көңілімді ауламақ болып.


Аталық атамның маған қарап мейірлене жымиғанын көріп, көңіліме сәуле түскендей болады. Сөйтсе айнала төңірек соншалықты жабырқау, жылауық емес екен. Құладын құс қуанғаннан бір-екі рет әуеде аунап түсіп, ойнап жүрген сияқты. Жол жиегіндегі бұзылған үйлердің орнына қау болып тұнып тұрған алабота мен қара сораның арасында отырған шекшектің шырылы да сонша мұңды сияқты емес. Бірақ бір әуенді қайталай береді. Бұзылған дуал басында қарлығаштар ошарылып отырып-отырып, бір кезде кенет ду көтеріліп, қиқы-жиқы, алқын-жұлқын айналып ұшатынды шығарды. Сірә, қайтатын болар.


Қарлығаш жарықтық атамекен үшін құрбандыққа дайын құстың бірі ғой. Биыл осы жақта туған балапандар келер жылы қалайда өз туған жеріне қайтып оралуға жанын бағыштар. Талайы Отанына жете алмай, шексіз мұхит үстінде қанаты талып шейіт болар. Ал жеткені жетісіп, ішегін тарта ән салып, көмейінен күй құйқылжытар.


Қанатынан қайырылып жығылмаса, қайтып та келер-ау. Бірақ анда-санда оқыстан Аталық атамның «А?!» дегенінен қорқамын.


* * *


Түс ауа Тобышақтының ну орманына да келіп жеттік-ау. Сірә, осы орманды ауылдың бастығы болар, оң көзі қыбыр етпей тасырайып қалған, қызыл шырайлы, бурыл сақал, галифе қара барқыт шалбарлы кісінің Аталық атама ықыласы қатты түсті. Амандық-есендік айтып, жатып жастық жайылып төсек болып елпек қақты. Аталық атамның өте сыйлы екенін сонда байқадым. Кейде ауылда тілін алмай, «Әй, керең, бүкір шал» деп күңкілдейтініміз есіме түсіп, өзімнен-өзім бетім дуылдап кетті.


Шай ішіп, жан шақырған соң, Аталық атам тосаң құлақ кісінің әдетімен айқайлап:


— Уа, Сағымбек, біз енді жүрелік, әлгі ағашы бар болғырды тиеп бер, — деді.


— Оу, Атаке, күн еңкейіп қалды. Өгізбен тасбақаша қыбырлап сен жеткенше түн болады. Бүгін қон да, таң азанда аттан, — деді Аталық атамның құлағының сырын білетін Сағымбек қария да сампылдап сөйлеп.


Аталық атам баяғы үнсіз күлетін әдетіне басты. Өзінше үнім шығып тұр деп ойлайтын болар, бәлкім, даусын шаңқылдамасын деп өзін-өзі тежегеннен де үнсіз күлкі туатын шығар, кім біледі...


— Әй, жазған бауырым-ау, қона жату қайда қазір? Қалқоздың бар тауқыметін көтеріп тұрған мына екі өгіз. Бүгін жетпесек, ертең жұмыс тоқтап қалады ғой, батыр-ау. А, мына ағашыңды ертелеп апармасақ әлгі құлаған мектеп уақтылы бітпейтін көрінеді. А, балалардың оқуы таяп қалған көрінеді. Оқу басталып, мектеп айра-жайра болып жатса — ұятта. Өлім ғой. Әкелері, ағалары соғыста екен деп, балаларды оқытпай қоямыз ба? А?! Боздақтар соғып беріп кеткен мектептің опырылып жатқаны ырымға жаман ғой.


Осы үлкендер де қызық. Шолақ Саяқұлды айтамын-ау: әуелі түсіндірмей ме, қайда, не үшін барасың. Енді байқасам, мына менің жұмысым — өзіміздің мектептің ісі екен. Биыл көктемде қар аралас қалың жаңбыр қатарынан екі-үш күн төпеп, содан бір күні мектептің бір жағының төбесі опырылып ортасына түсіп кетіпті. Құдай оңдағанда, түнде құлапты, күндіз болса ғой бәрімізді басып қалар еді. Онда мен қазір Аталық атама еріп, Тобышақтыға келмес те едім. Ой, Айша сорлы жылар еді-ау сонда. Жайшылықта ғой ұрсып, бір сәтке асық ойнап кетсең де көсеуді ала салып: «Жетпей желкең қиылғыр!», «Жер жастанғыр!», «Жуадай солғыр, жүгермек!», «Асықта басың қалғыр, асық сенің не теңің?!» деп қарғап-сілеп, қуалайды ғой. Ал құлаған мектептің астында қалғанымда... өзі айтқандай: «Он үшке келмей, он үш кесектің астында» — қалғанымда... Көрер едім сонда Айшаның қалай аңырағанын. Мен де қызықпын-ау, өліп қалсам — қайдан көремін? Өлгендер тірілердің аңырап жылағанын сезе ме екен? Сезсе—аяныштан қайта тірілмес пе еді. Сезсе—Қайып мына Аталық әкесінің: «А?!»дегенін естіп, қияннан ұшып жетпес пе еді... Қой, ойбай, қай-қайдағыны, «Қайып елді» деп кім айтты саған?!


Менің бұл жаман ойымды Аталық атам сезіп қалды ма деп қатты қысылдым. Сезбесе керек, бүкіш беліне таяғын қос қолдап ұстап, Сағымбектің шыны кезіне әнтек қарап қалған екен. Жауап күтіп тұр.


— Жарар, Атаке, айтқаның болсын. Әшейін, күн кеш, жаман шал, жас бала, түнде қиналып қала ма дегенім ғой. Қазір шал-шауқан, бала-шағаны жинап, арбаңа ағашты тиетіп беремін, — деді Сағымбек.


* * *


Арбамыздың ауру тіс сияқты сол жақ артқы дөңгелегі енді шақылдағаны былай тұрсын ыңыранатынды шығарды. Жүк ауыр. Шамасы, отыз-қырық терек артылды-ау деймін. Жуандығы қарағайдай болмағанмен, соған жедеғабыл бөренелердің сирақтары сидиып, арбаның арт жағында салаңдап, жер сызып жатыр. Екеуінде пілдің күші бар ала бас өгіздердің көнтері болған шоқтықтарын ағаш мойынтұрық мейлінше жаншып келеді. Біздің колхоздың мақтанышы сияқты қос жануар ұятқа қалмайық дегендей Тобышақтыдан ұзап шыққанша сыр берген жоқ.


Қайран соғыс жылдарының өлермен өгіздері... Осы күнгінің балалары өгіз дегеннің не екенін тіпті колхозда да біле бермес. Ал біздің балалық шағымызда өгіз деген қазіргінің «К-700»-ы еді ғой!


Ақсу-Жабағылының бір пұшпағы — Тобышақты тоғайы қарауытып артта қалғанда, күн де ұясына қонып, оның қан қызыл сәулесі батыс әлемін перделеп, Аспантаудың ақбас шыңдарын да қанжылым бояуға малды. Тобышақты басында туырлықтай тұтылған қара бұлт реңкі де қызғылтым тартты. Бірақ бұл қызғылт арай әлем лезде лайланып, батыстан түксиген қара бұлт қоюланып, аспанның шығыс шебіне шабуылдап келе жатқан. Әне-міне дегенше айнала-төңірек қараңғы тартып, біз пір тұтатын Аспантау да көрінбей қалды-ау.


Ала жаздай бір тырс етпей зарықтырған жаңбырдың алғашқы тамшылары желкеме келіп тигенде, тұла бойым шіміркеніп, басымды иығыма тығып, бұға қалдым.


Шығысқа қарай шұбатылып, бозалаң сүлбесі көрініп жатқан қасқа жол әй деп, бүй деп болғанша, қара шұбарланып шыға келді. Алабас өгіздер шыбын шаққандай құлақтарын қағып қойып, тырмысып келеді. Енді бір сәтте қара шұбар қасқа жолдың май топырағы сабындай жылпылдап лайсаңға айналды. Ыңыранғанның көкесі енді болды.


Аталық атамды ашқарақ деп айта алмаймын. Бірақ жарықтық әлгінде Сағымбекке:


— Сала түс, сала түс. Мектептің төбесін жабуға жетпей қалып жүрмесін. Артылса — артылсын, кем болса, саған тағы келіп жүреміз бе, — деп, шамамша, он шақты теректі артық тиетті-ау деймін. Алабас өгіздер қанша піл болса да, ентігіп, өкпелері өше бастады. Жарымжан арбаның тұла бойы сықырлап, дімкәс дөңгелек енді сытырлайтынды шығарды.


Аталық атам үндемейді. Сірә, бөренелерді артық тиеткеніне енді өкінді ме, кім біледі, арбаның арт жағына бұрылып қарап-қарап қояды. Артта ұзын теректің сирақтары жер сызып, қара батпақ жолды айғыздап, ақ жолақ салып келеді. Сөйтіп, не керек, күндіз өзіміз аялдап, суыр атқан сайға да келіп жеттік-ау.


— А, қызталақ, — деді Аталық атам мені бүйірімнен түртіп қойып. — Аруақ, құдай қолдап, осы сайдан өтіп кетсек, жол ылдиға қарай бұрылады. Жүріс жеңілдейді, қиналмай жетеміз. Құдайға сиын, Барсхан! Ата-бабаңның аруағына сиын. Арбадан түс те, өгіздердің бас жібін ал, арғы қабаққа көтерілерде — алға тарт, о да болса демеу. Мен қамшылап отырайын, сәтін салса, шығып кетеміз. Ә, айтпақшы, Барсхан-ай, мә, мынаны сен мойныңа тағып қойшы, алқын-жұлқында мен жоғалтып алам ба, — деп, жерге түскен маған тәспісімен қоса үшкіл қара тұмарды қойнынан алып берді.


— Жоғалтып жүрме-ай! Айтпақшы, әлгі өзің атқан суырды Сүлейменге беруді ұмытпа!


— Е, өзіңіз бересіз ғой.


— Ай, құлыным-ай, менде қайбір ес бар дейсің. Ақыл жоқ қой атаңда. Ұмытпа! Eгep-кім, Сүлеймен сендей сау жүрсе, қазір өліп кетсем — армансыз болар едім мен бейбақ. Қайтейін...


Бергі қабақтан түсерде өгіздердің алдына шығып «так-так» деп «тормоз» берген боламын, бірақ төбеден ауыр арба ылдиға құлдилағанда, өгіздер қанша тежесе де мойынтұрық лықсып келіп, шаңырақтай мүйіздеріне тіреліп, жануарлардың басын жұлып түсе жаздайды. Дедектеп, өгіздердің аяғының астына қала жаздап, табан судан қалай кешіп өткенімді де білмеймін. Енді сол екпінмен арғы бетке шапшып шығу керек. Жаңа ғана өгіздерді тежеп қан-сорпа болсам, енді олардың бас жібін тартып, қабаққа қарай тырмысу керек. Қос өгізді, төбедей арбаны қияға жалғыз өзім жұлқып шығатындай, ышқына тартамын. Лайсаң жолда жалаң аяғым сабын үстінде тайғанақтағандай, табан тірерге бір бүр жоқ.


— А! А?! Е, құдай, уа, аруақ! — деп Аталық атам да өгіздерге қамшыны басты-ақ. Қабақтың бел ортасына көтерілгенде, садақтың адырнасындай керіле тырмысқан қалпы өгіздер тоқтады да қалды. Басжіпті тарта-тарта табаным тайғанақтап барып, өгіздердің аяғының астына сұлап түстім. Сол-сол екен, о сұмдық арба көткеншектеп кете барды. Кәрі кісі арбадан қалай қарғып түскенін білмеймін. Аталық атам көліктің сол жағына иығын тосып тоқтатпақшы болып жанталасты. Бір кезде әлдене күтір-күтір сарт ете қалды да, арба бір жағына қисайып, таңғыш кендір арқаны үзілген бөренелер сауылдап жерге түсе бастады.


— Самиянды шығар! — деген даусын естіп қалдым Аталық атамның. Алас-құлас мойынтұрықтың самияндарын шығарып үлгірдім. Әйтпесе ауған арба өгіздердің мойындарын қайырып жіберер еді. Өгіздерді аман алып қалдым-ау. Аталық атам қайда?!


— Ата! Ата!


Дыбыс жоқ. Құлаған ағаш жайыла шашырап, арбаның дөңгелектері аспанға қарап қалыпты. Артқы дөңгелектің құрсауы да, шабақтары да жоқ, тек күпшегі көрінеді. Әлгіде қираған сол сойқан екен.


— Ата! Ата!


Үйме ағашты айнала сүріне-қабына шырылдап жүгіріп жүрмін. Түп тастай қараңғы, жауын толастамай төпеп тұр. Үстімде киім бары-жоғы сезілмейді. Үсті-басым малмандай батпақ. Ағаштарды бір-бірлеп ығыстыра бастадым. Екі кісі бас-аяғынан ұстап әрең көтеретін бөренелер тым ауыр. Етпетінен жаншылған атамның басы мен жауырынын сипалап таптым.


— Ататай, шыда! Мен қазір бәрін аударып тастаймын, — деп бөренелерді жуан жағынан тырмыса-тырмыса көтеріп, бір шетке лықсытып жатырмын.


— Ататай! Ата!


Ыңырсиды. Бөксе жағы әлі ағаштың астында жатыр. Беті балшыққа батып кеткен, әйтеуір, басын түзеп, су-су көйлегімнің стегімен бет-аузын сүрткен боламын.


— Ататай! Ата!


Құлындай шырқыраған даусым, бар болса, құдайдың құлағының жарғағын жарып жіберердей шырылдап шығады. Құдай естімесе де, адам естіді ме екен, арт жақтан шапқан аттың дүбірі келгендей болды. Рас екен, балшық жолдың батпағын шалпылдатып, сайдың арғы бетінен бір атты кісі бері қарай құлай берді.


— Ә, сорлылар, қирап қалыпсыңдар ғой. Осындай пәленің боларын іші түскір сезді ме, үйде отыра алмай, арттарыңнан шығып едім,—деп Сағымбек ақсақал атынан аунап түсті.


Екеулеп жатып, Аталық атамды ағаштардан аршып алдық. Етпеттеп жатқан жерінен аударып, шалқасынан салғанда: «А?!» — деп даусы ышқына шықты. Маған оның бойы ұзарып кеткен сияқты көрінді. Бүкірі, сен көр, мен көр, мүлде ғайып болғандай.


* * *


Сағымбек ақсақал екеуміз төңкерілген арбаны итеріп жатып, дөңгелектеріне қайта тұрғызып, өгіздерді қайта жегіп, қабаққа шығарып қойдық. Қираған дөңгелектің күпшегін көтеріп, астына еңкіші деген бөрененің біреуін тертеледік. Бір-бірлеп бөренелерді тасыдық.


Бөрене сүйреткеннен Аталық атамды көтеру жалғанның қиыны болды-ау. Қимылдап кетсең — ыңырсиды, бебеу қағады. Өлдім-талдым деп жатып, бөренелердің үстіне шалқасынан сұлатып салдық.


ЬІлди жолда өгіздер қиналмай тартып келеді. Ат үстінде — Сағымбек ақсақал, бөренелер үстінде шоқиып мен отырмын. Дүлей жауын басылған. Аспан ашылып, ай нұрланып, жұлдыздар жымыңдап жарқырайды. Қара жолдың сүлдесі адастырмай анық көрінеді.


Мойнымда қара тұмарлы тәспі моншақ. Алдымда атылған суыр. Сүлейменге бермекшімін. Ау, осыдан Аталық атам оңалмаса, қара тұмарды кімге беремін? Білмеймін. Сұрасам ба екен деп Аталық атама қараймын. Көп бөренелердің біріндей болып, ұзыннан-ұзақ сұлап жатыр. Осыдан ол да бөренелермен бірге біздің мектептің төбесіне төселіп, бір шетін тіреп тұратын сияқты көрінеді.


Үш дөңгелекті ақсақ арба енді мектебі бүтінделетін ауылға қарай ілбіп келеді. Көңілім өксиді, көмейім лықсиды, бірақ көзімде жас жоқ. Қан майданнан контузия болып қайтқандай безеріп қалсам керек...


 





Пікір жазу