07.04.2021
  321


Автор: Мағжан Жұмабаев

Қызыл жалау

-Жалынды жалау кімдікі?
-Тұрағы тарғыл тас қия,
Арбаңдаған Азия -
Жалындай жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қызыл шоқ жалау кімдікі?
-Кім де кім: «Тәңірім - от,- десе,-
Басқа Тәңірім жоқ»,- десе,
Қызыл шоқ жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қызыл шоқ жалау кімдікі?
-Кім де кім шикі қан жұтса,
Қан аңсап жүріп шаң жұтса -
Қызыл қан жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қанды жас жалау кімдікі?
-Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса -
Қанды жас жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Өртенген жалау кімдікі?
-Кім өртенген гүлдемей,
Кім таланған, кім кедей -
Өртенген жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Азаттық жалау кімдікі?
-Көре алмаса кім теңдік,
Тепкі көрсе кім кемдік -
Азаттық жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!





Пікір жазу