Шын сорлы
Күн суық, қатты аяз, шыдар емес,
Қар борап соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсіп-тоңып, дір қалтырар,
Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес.
Түн болып, қара тонын киіп еді,
Қатты жел барлық күшін жиып еді
Ақтарып астын үст қып, гулеп соғып,
Дөндегі қарды ойға үйіп еді.
Д үрілдеп сұп-суық жел соққан шақта,
Қар борап, үй айнала тыққан шақта
Шыдамай жан-жануар жел етіне,
Бүкшиіп теріс қарап ыққан шақта,-
Балтабай Оразкенді шаштан ұстап,
Нығарлап әр түкпірге сүйреп тастап,
Құт ұшырар естілген қатты дауыс:
«Анаң, енең!..Шық үйден! Жолыңды тап!»
Бейшара Оразкеннің түсі қашқан,
Жылауға, қозғалуға есі адасқан.
«Аяғым ауыр, қой деймін!»- деп айтқанда,
Дүр қамшы ойнап кеткен қайран бастан.
Балтабай бір қолымен есік ашты,
Тепкен соң, сорлы Оразкен далаға асты.
«Кірме, өл далада, иттің баласы!»- деп,
Бекітіп, іште тұрып есік басты.
Оразкен екпінменен құлай кетті,
Есі ауып, жансыз болып, сұлай кетті.
Әдейі өшіккендей тасбауыр жел
Д үрілдеп, астын үст қып борай кетті.
Оразкен бас көтерді есін жиып,
Көз алды дулап кетті от боп күйіп.
Басынан сорғалаған қап-қара қан
Ағады үлбіреген бетке тиіп.
Дәрмен жоқ, көзі тұнып, тұр балбырап,
«Жасаған, жарылқа!»- деп, жәрдем сұрап.
Қар борап, дүрілдеп жел соққан шақта,
Кетеді сорлы Оразкен дір қалтырап.