07.04.2021
1133
Туған жер
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.
Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім.
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен - Күнім.
Тәтті суың дәмі аузымнан еш кетпес,
Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
Жазу болып адамзатқа ер жетпес!..
Балақ түріп, қозы қуып, жарысып,
Батпағында тең құрбымен алысып.
Түнде - ақсүйек, алтыбақан, ал күндіз
Үйретем деп асау тайға жабысып.
«Адам басы - Алла добы» деген рас,
Қалай қуса, солай кетпек сорлы бас.
Кім біледі, мен де шетке кетермін,
Туған жерім, сені тастап басым жас.