Жоғалған алтын
Апалап, қуанбастан, жылаған күн,
Жүрем деп қаз-қаз тұрып, құлаған күн.
Еркелеп, құр былдырлап, өтірік жылап,
Алдына апам байғұстың сұлаған күн.
«Апа», «мама» деген сөзге тіл келген күн,
Ауызға тозаң-топырақ, күл келген күн.
Сенделіп мас кісідей ырғаң-қиқаң,
Аттап аяқ басуға әл келген күн.
Біреу ұрысса, қамығып, жас келген күн,
Ойға жалғыз емшек пен ас келген күн.
«Болар енді, тойдым»,- деп ас қайтармай,
Бере берсе, ретпен дес берген күн.
Аяқ басып қотанды, жүгірген күн,
Шешенің емшегінен түңілген күн.
Тыпыр-тыпыр ары-бері жарысқан боп,
«Кімді озды» дегі, атаға жүгінген күн.
Тай мініп, желі айнала жарысқан күн,
Тең құрбы, балалармен алысқан күн.
Қымс етсе: «Әке, апа, тиеді!»- деп,
Жұдырықты кезек-кезек салысқан күн.
Батпаққа, қоға тартып, аунаған күн,
Көңілді ылғи ойынмен аулаған күн.
Ренжу, қабақ шыту, мұңаю жоқ,
Жаңбыры қайғы-зардың жаумаған күн.
Қымбат күн, қолға түспес сен алтын күн
Беретін іздеп тауып жоқты бар қып.
Жарқ еттің, көз ашқанша ғайып болдың,
Ашылмас қара тұман қаптады түн.