Біздің мектеп
Мектебіміз қалың ауылдың ортасында, қыраңдау биік жерде. Сырт жағынан ақ балшықпен сыланған. Екі бөлмеде класымыз болады, бір бөлмеде шешінеміз. Қалған екі бөлмеде оқытушыларымыз бен қызметші тұрады. Әр бөлмеде үш терезеден, екі бөлмеге бір пештен. Әр класта екі бөлім, екі бөлімге екі оқытушыдан. Біздің класымызда жиырма парта бар. Бір партада екі баладан отырамыз. Парталар қатар-қатар қойылған, әр қатардың арасынан кісі жүрерлік жер қалынған. Партада отырғанда жарық сол жағымыздан түседі. Парталардың алдында оқытушыға қойылған стол мен орындық бар. Оқытушының сол жағында қара тақта тұрады. Тақтаның бір жағы сызусыз, екінші жағы қызылмен сызулы. Тақтаға біз бормен жазамыз. Тақтаның артында шкаф тұрады. Шкафтың ішінде кітап, қағаз, қарындаш, сия сақталады. Біздің қарсы алдымызда жарда көбейту мен өлшеулер сатысы ілулі тұрады.
Біз төртінші бөлімде оқып жүрміз. Ендігі жылы екінші басқыш мектепке кірмекпіз. Осы күні есеп ғылымын, жағрапияны, қоғам құрылысын, жаратылыс ғылымын, ана тілін оқып жүрміз. Бұлардан басқа сүгірет (сурет) салып үйренеміз. Оқытушымыз биыл ауыл адамдарынан жер сұрап алып, бізге бақша салғызды. Жаздай бақшамызды өзіміз суардық. Күз болғанда өзіміз жинадық. Мектептегі балалар жиналып екі жетілік жорнал шығарамыз. Жорналымызды шәкірттерден басқа ата-аналарымыз да оқиды. Кейбір күндері оқытушыларымыз бізді жинап алып, кітап оқып, түсіндіреді. Я өзіміз жиналып оқып, оқылған кітап жайында сөз қыламыз. Жазды күні оқытушыларымыз ертіп жүріп жердің құйқасы, шөбі, жандықтармен таныстырады. Егіншілер сабан айдап жатқан жерге алып барып, жерді қалай, қашан жыртуын, қалай тұқым сеуіп, қалай тырмалауын көрсетеді. Биыл Марқабай деген жолдасымыздың өзі бір жерге тұқым сеуіп шықты.
Сабағымызды білмей қалсақ, оқытушымыз қайтадан түсіндіреді. Кейіп, жазаландырмайды, кейде қасындағы жолдасына маза бермей, тентек болған баланы оңаша отырғызып қояды. Ата-аналарымыз бен оқытушыларымызды ренжітпелік деп сабағымызды дұрыс оқимыз.