07.04.2021
  465


Автор: Ахмет Байтұрсынұлы

Аңдарға келген індет

Алланың рахметі мол, қаһары қатты,
Қарғады дерт жіберіп хайуанатты.
Қырылып у жегендей түрлі аңдар,
Әр жерде төбе-төбе болып жатты.
Шошынып хайуандар келген дерттен,
Біле алмай не қыларын, есі кеткен.
Далада, үйде, қырда, орман, тауда
Сау қалған жер болмады бұл індеттен.
Түзеліп аң біткеннің құлықтары,
Кәсібі, өзгеріліп ғұрыптары,
Зорлықтың, зомбылықтың бәрін тастап,
Тимеді нашарына ұлықтары.
Жоғалды ойын-күлкі, сауықтары,
Зор болып аурудан қауыптары.
Қасқырлар қойға тимей, ораза ұстап,
Жай жүрді түлкі жемей тауықтары.
Арыстан - аң патшасы жатпай текке,
Жар салды жұрт шақырып төңірекке.
Жиылып болғаннан соң, енді Арыстан
Бұлайша сөз бастады келген көпке:
«Е, жұртым! Нәпсімізді тыя алмадық,
Не түрлі жаман істен ұялмадық.
Күнәміз көп болған соң, қаһар етіп,
Жіберді Құдай бізге ауырмалдық.
Мен тұрмын шығармаққа жаңа тәртіп,
Тәртіптен қалмайды ешкім басын тартып.
Жұрт үшін құрбандыққа жанын қисын,
Күнәсі кім де кімнің болса артық.
Бұрын да мұндай індет талай болған,
Жұрт таңдап күнәлісін құрбан шалған.
Көп үшін бірі ғана жанын қиып,
Қырғыннан өзгелері аман қалған.
Құдайым жіберген соң бізге індет,
Ісіне Құдіреттің көнбек міндет.
Күнәсі кім де кімнің болса артық,
Бас тартып жалтармасын о деп, бұ деп.
Кім айтар «тазамын» деп Хақ қасында,
Күнәлі үлкен-кіші, қарт-жасың да.
Жасырмай, аз ба, көп пе, айтып шықсын
Қылмысын болған әркім өз басында.
Мен өзім нақ күнәлі көптің бірі,
Айтпаса, ашылмайды көңіл кірі.
Жазықты, жазықсыз деп талғамадым,
Кетпеді тырнағыма түскен тірі.
Етпедім намаз оқып, құлдық тағат,
Ораза тұтқаным жоқ жалғыз сағат.
Жазықсыз қойдан момын жануар жоқ,
Соларды қойшысымен жедім қабат.
Мен риза құрбандыққа шалсаң, жұртым,
Ісім көп талай жерде еткен ағат».
Сол шақта Түлкі тұрып сөз айтады,
Патшаға жарамсақсып, тез айтады:
«Мұныңыз, күнә түгіл, ұнаған іс,
Қандай жан мұны күнә деп айтады?
Дей берсең мұндай істің бәрі күнә,
Онда біз өлеміз ғой аштан, сірә.
Тақсырдың тамағына жарағаны
Қойларға жәбір емес, зор мәртәбә.
Және де мен айтайын, тақсыр ханым,
Адамның бұзықтығы жұртқа мәлім.
Қалайша айла тауып жоямын деп,
Дұшпандық ойлайды һәман бізге залым.
Күнә емес адам жесең - сауап, тақсыр,
Кім де кім оны жесе, сауап тапсын.
«Нақ соны жеген обал» дегендерге
Сіз үшін мен берейін жауап, тақсыр!»
Бұлайша бір Түлкі емес, айтты бәрі,
Патшаға жарамсақтап жас пен кері:
«Бірі емес, бәрін жесе - обал емес,
Адамға аңның, - десті, - жетсе әлі».
Артынан Арыстанның Жолбарыстар...
(Патшасы бұйырған соң, не тұрыс бар!)
Аюлар, Қасқырлар да айтып шықты -
Басында жақсы, жаман не қылмыс бар.
Бұлардың қайсыбірі тісті, мықты,
Қайсысы һәм азулы, һәм тырнақты.
Жаман деп бұлар ісін ешкім айтпай,
Болса да Құдай безер қылмыстары,
Тап-таза періштемен бірдей шықты.
Ал енді Өгіз тұрып мөңірейді,
Көз жасы ағыл-тегіл еңірейді:
«Қиянат кісі ақына қылман деуші ем,
Азғырды шайтан залым мені, - дейді. -
Нақ биыл бесінші жыл сол ісіме,
Сол ісім, еңіреймін, түссе есіме.
Жұт жылы ашаршылық азық болмай,
Жалындым қарыз сұрап әр кісіге.
Бермеді ешкім маған қарызға шөп,
Аштыққа шыдап, жайға тұрмадым тек.
Істедім бір адамға мен қиянат,
Шөбінен рұқсатсыз бір үзіп жеп».
«Апырмай, бұ не деген күнә, тақсыр! -
Шуылдап қоя берді Аю, Қасқыр, -
Былғады бір өзі емес, бәрімізді,
Біреудің шөбін ұрлап, қара басқыр!»
«Соншама не көрді екен,Құдай ұрған?
Обал жоқ бұл көрімге жұртты қырған.
Өзгелер мұнан ғибрат алмас үшін,
Жоялық жылдам көзін, етіп құрбан».
Бұл сөзді жиылған көп қабыл алды,
Өгізді алып ұрып, құрбан шалды.
Күнәдан жаны-тәні тазарсын деп,
Апарып жанып жатқан отқа салды.
Адамның, шөбі түгіл, өзін жеген
Тісті мен тырнақтылар аман қалды.


* * *
Өкіріп Өгіз жатыр отқа күйіп,
Көз жасын құтқарғай да Құдай иіп.
Айтуға түсін ашып қаймығамын,
Біреуге кете ме деп тілім тиіп.
Үлгі айтып, жұрт түзейтін қайда білік?
Әншейін ермек етем сөйлеп, күліп.
Аңдардың осы ісінен бөтен емес
Түзілген кейбір жұртқа әкімшілік.
Тауыса алман дүние кебін айтып, санап,
Әкім аз іс ететін әділ қарап.
Залымдар айран ішіп аман кетіп,
Момындар тұтылып жүр шелек жалап.





Пікір жазу