07.04.2021
187
Мінген атың айтамын
Ай, айтамын, айтамын,
Мінген атың айтамын.
Құлында емген, тайда емген,
Құнанында арда емген,
Дөненінде үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен,
Бестісінде белі күшті болсын деп,
Бес байталға салдырған,
Алтысында талдай мойнын талдырған,
Жетісінде жетіп құлан шалдырған,
Сегізінде серке сан деп атанған,
Тоғызында тола семірген,
Онында оқ жыландай қарғыған,
Ойнай басқан аяқтым,
От орнындай тұяқтым,
Қиғаш қамыс құлақтым,
Саптыаяқтай еріндім,
Сарымсақтай азулым,
Сауырысын кере жараған,
Кекілін қыздай тараған,
Тостаған көзді торыны
Топ тарқамай мін-сана!
Еліңнің қамын же-сана,
Есіліп кеңес айт-сана.
Айта да айта кетсін жұртына,
Мұздар да мұздар қатсын мұртына,
Кең Абылай, кең Ием!
Шұбарағаш, құба жон,
Мекен еткен шөлді, Ием!
Телі менен тентегің
Иіліп алдыңа келді, Ием!