07.04.2021
  257


Автор: Шәкәрім Құдайбердіұлы

Хан шежіресі

Осы кітаптың басында Адам пайғамбардан Аланшы ханның екі баласы — Татар, Мағолға шейін айтылған еді. Енді сонан кейінгі хан нәсілдерін Әбілғазы ханның сөзінше айтамын. Шыңғыс ханнан бұрынғы аталар көңілге аса сенімді болмаса да, біздің мұсылман шежіресінде де осы Әбілғазы сөзінен анықтысы болмаса керек, себебі Әбілғазы хан он жеті шежіре кітабын салыстырып, әбден анықты дегенін алып жазған.


Татар ханның баласы – Бұға хан, оның баласы — Илангы, оның баласы — Атлы хан (мұны Нәжиб Ғасымбек Иілсани дейді), оның баласы — Атсыз хан (мұны Ғасымбек Афсур дейді), оның баласы — Орда, оның баласы — Байду, оның баласы — Сүйініш хан (мұның кезіне шейін Татар-Мағол тату еді, мұның кезінде жауласып шабысты).


Мағол ханның баласы — Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан дегендер. Мағолдың орнына Қарахан болды. Ұлытау, Кішітауды жайлап, Қарақұрым, Сырдарияны қыстап жүрді. Қараханның баласы Оғуз хан Аланшы кезінде жұрт діннен шығып еді, осы Оғуз мұсылман болып, әркімді мұсылман қылғанын әкесі Қарахан естіп, баласыменен ұрысып, сол соғыста Қараханға оқ тиіп өліп, орнына Оғуз хан болды. Мұның хан болғанын мұсылманша шежіре кітапта да «біздің пайғамбарлардан 3400 жыл бұрын» дейді. Бұл Оғуз хан мықты хан болды, жер жүзінің талай жерін алған хан еді. Оғуз хан деген атақты хан болғанын барша шежіренің бәрі айтады. Қайсы біреулер жоғарғы Мөте, яки Мөте деген хан осы десе де, оның уақыты дұрыс келмейді.


Бұрынғы заманда Тоғыз Оғуз, Тоғыз Ұйғыр деп аталған халық соның нәсілі дейді. Мұның алты баласы — Айхан, Күнхан, Жұлдызхан, Таухан, Көкхан, Деңізхан. Бұлардың әрқайсысының бәйбішесінен төрт-төрттен баласы бар және тоқалдарынан да төрт-төрттен балалары бар дейді. Бәйбішеден балалары:
Күнханның төрт баласы — Қали, Баят, Алқоұлы, Қаройлы.
Айханның балалары — Язир, Ябир, Дудурға, Докер.
Жұлдызханның балалары — Ұшар, Қарнақ, Меңлі, Қарқын.
Көкханның балалары — Байындыр, Жауылдыр, Бежне, Жәбиә.
Тауханның балалары — Салур, Емір, Алаюнтлы, Үркер.
Деңізханның балалары — Елхан, Негіз, Ауа, Қанық.


Енді тоқалдан туған балалары мынау – Кене, Көне, Торпақты, Кірейлі, Солтанлы, Оқлы, Көклі, Сожлы, Һарасанлы, Юртшы, Жамшы, Торымшы, Коми, Сорхи, Форшық, Қарашық, Сорашық, Қазғұрт, Текан, Лалә, Мәрдә, Шуй, Қырғыз, Сайыр.


Оғуз хан өлген соң Күнхан болды, онан соң Айхан болды, онан соң Жұлдызхан болды, оның орнына баласы Меңлі хан болды, онан соң Деңізхан болды, онан соң баласы Елхан болды. Осының уақытында жоғарғы татар ханы Сүйінішпенен соғысып, Сүйініш хан жеңіп, мағолды қырып, қалғанын құлданып, мағол атын біржола жоғалтты. Сол соғыста қолға түскен Елханның баласы Қиян менен інісі Негіз тұтқыннан қашып, қалған мағол менен малдарын жиып алып, бір қиын таудың ішіндегі айналасы жартас, кең дараға барып тығылды. Ол дараның атын Ергенеқон қойды. Мағынасы – «тіп-тік жартас» дегені. Себебі өздері келген жолдан басқа ешбір жолы жоқ, айналасы жартас еді. Келген жолда бек қиын, жаяулап азар келіп еді, тайып кеткен мал быт-шыт болушы еді.


Төрт жүз елу жылдай сол дарада өсіп-өніп, онан соң сыймайтұғын болған соң, ақылдасып, бір енсізірек жартасты отпен өртеп қиратып шықты. Өздері келген жолдың топырақты жерлерін су бұзып, көп жыл өткендіктен жол болмай қалып еді. Сол дарадан шыққан күнді Мағол жұрты қатты құрметтеп, «байлаудан босанған күн» деп айт қылды. Бұл күнде Ергенеқон ішінде тұрған кездегі хан аталарын ешкім білмейді. Бірақ шыққандағы хандары Қиян нәсілінен Бөртешне деген кісі еді. Бұлар келіп татарды шауып, ата жұртын қайта алды. Сонда мағол болмаса да, әркім «мен мағол едім» деп қосылды. Бөртешненің орнына баласы Қоймарал хан болды. Оның баласы — Бежінқиян, оның баласы — Теміш, оның баласы – Қышы мерген, оның баласы — Бөгенбұндұн, оның баласы Самсаушы, оның баласы – Қалимажы, оның баласы — Теміртас, оның баласы — Меңліқожа, оның баласы — Жұлдыз, оның екі баласы бар еді, аттары мәлім емес, жасырақ өліп, бірінен бір ұл, бірінен бір қыз қалды, ұлдың аты — Дауынбаян, қыздың аты — Аланғу еді. Жұлдызхан Дауынбаянға Аланғуды тигізіп, Жұлдыз өлген соң орнына Дауынбаян хан болды. (Менің жас күнімде Дауынбаянды өлең қылған бір ертегі болушы еді, соған қарағанда Дауынбаянның әкесі – Алтынхан). Дауынбаян өлгенде Белгітай, Бекшітай деген екі баласы жас қалып, орнына Аланғудың өзін хан қойыпты. Аланғу байға тимей хан болып тұрғанда буаз болған соң, ел жұрты бұл қалай десе, Аланғу «аспаннан түнде бір жап-жарық нұр келеді де адам болып қойныма кіреді, «сен кімсің?» дейін десем тілім сөзге, денем қимылдауға келмейді, сонан буаз болдым, нанбасаңдар күзетіп көріңдер» деген соң, күзетсе, нұрдың келгенін-кеткенін көрген соң нанады. Бұл сөз ақылға сиымсыз болса да, әйтеуір кімнен тапса да Аланғу «сол нұрдан таптым» деп үш бала тапты. Аттары – Буқон Қанығын, Босқын Жалжы, Боданжар монақ.


Бұларды «нұрдан туды, таза тұқым» деп, Боданжарды хан қойды. Осы кезге шейін қытайлар патшасын Аспан ұғлы деген сықылды сөздер осындайдан.


Боданжардан соң баласы Бұқа хан болды. Оның баласы – Датумен хан, мұның сегіз баласы бар еді, жетеуін жалайырмен соғысқанда өлтірді. Қалған үлкен баласы Қайду хан болды. Қайдудың үш баласы – Байсұңқар, Шырқалынқом, Жаушин. Шырғалынқомның үш баласы — Морықдоқашына, Көндушінә, Өлекшенішінә. Морықдоқашынаның баласы — Мамықай, оның баласы — Қыдантайшы, оның баласы – Арал, оның баласы — Барғытай қырылдақ. Шыңғысхан тұсында Тайжут елін бөліп алып, Шыңғыспен соғысқан осы Барғытай еді. Жоғарғы Қайду хан өлгенде орнына баласы Байсұңқар хан болды, оның орнына баласы Түмен хан болды. Оның тоғыз баласы бар еді – Нотақын, Шақсы, Қажул, Қабул, Сымақожан, Баткелекей, Одирбаян, Болжардоғлан, Шынтай. Нотақынның екі баласы — Орут, Маңғыт. Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге осы Маңғыт руынан, Құтты Қабаби дегеннің баласы еді. Түмен ханның бұл тоғыз баласының ішінде Қажул менен Қабул егіз туып еді. Қабул – Шыңғыс ханның арғы атасы, Қажул – Әмір Темірдің арғы атасы. Әмір Темір осы Қажулдың баласы Ерімші Барлас дегеннің нәсілінен, Самарқанд маңындағы Көреген суының бойында Кеш деген жұрттың бастығы Тарағай Барлас дегеннің баласы еді.


Енді Әмір Темірдің нәсілін осы жерде айтып кетейін. Әмір Темір алдыңғы айтылған Тарағай Барластың баласы еді. 1335 жылы туған, Кеш деген шаһардың хакимі болған. 1368-де біржолата үлкен хан болды. Басында Әмірхұсайын дегенменен бірігіп Шыңғыс нәсілінің Тоқлұқ Темір ханның баласын өлтіріп, оның артынан Әмірхұсайынның өзін өлтіріп Балыхты алды. Хорезм, Қашғар, бүтін Мауранаһарды алып және 1381-де Хорасандағы Мәлік Ғаясалдинді ұстап, Хорасанды алып, Санзуарыншабұрды алып, Сарабдаранда Хожағали Мауинді қаратып алып, 1383-де Қандаһар, Мазандаранды алып, 1384-де Азербайжаннан Сұлтанахмәд Жалайырды қуып, Тәбриз, Нәхажуан, Қарс, Тфлисті алып, Шираздың хандығын Мұзаффар нәсілінен Шаһ Яхяға алып беріп, онан Дәшті қыпшаққа барып, Тоқтамыс ханды жеңіп, Сибирияның ішкі жағына шейін кірген және Россияның оң тұс жартысын алып, 1399-да Үндістанға соқтығып, Дели менен Үндінің көбін алып, 1400-де Суайыс, Халеп, Шамды алып, Бағдатты шауып, 1401-де Стамболдың атақты Йылдырым Баязид деген ханын жеңіп, ұстап алды. Оны қоя берген соң, ақырында қытайды шабамын деп, екі жүз мың әскерменен бара жатып, жолда Отырар деген жерде 71 жасында 1404 жылы өлді. Өзі 36 жыл хан болды. Шешесі Шыңғыс нәсілінің қызы еді. Үндістанның хан қаласы Делиді алғанда неше мың тұтқынды бір жерде қырғызды. Исфаһанда 70 мың кісінің бас сүйегінен үй салғызды, жүрген жерін қанға бояған, өмірінде беті қайтпаған жан еді. Бірақ өзі ғалымдарды жақсы көріп, қайда ғалым болса, керекті кітап болса бәрін Самарқандқа жиюшы еді.


Әмір Темірдің төрт баласы бар еді. Үлкені — Жаһангер Ғаяситдин. Оның екі баласы – Пірмұхамед, Сұлтанмұхамед. Пірмұхамедтің баласы — Қайду, Сұлтанмұхамедтің баласы — Сағидуақас. Әмір Темірдің екінші баласы — Мағзиддин Ғұмаршайық, оның балалары — Пірмұхамед, Рүстем, Байқара, Мерахмед, Ескендір. Байқараның баласы — Мансұр мырза, оның баласы — Хұсайын Байқара, мұның он төрт баласы бар – Бадиғәльзаман, Шаһғәрип, Мұзаффар, Абуалмұхсин, Мұхамедхмұхсен, Абуәлтарап, Мұхамедхұсайын, Фаридухұсайын, Хайдар, Мұхамедмахсұм, Фарраххұсайын, Ибраһимхұсайын, Ибінхұсайын, Мұхамедқасым. Әмір Темірдің үшінші баласы: — Әміриншаһ Жалалиддин. Оның балалары — Халел, Абубәкір, Ғұмар, Мырзамұхамед. Бұл Мырзамұхамедтің баласы — Абусағид, оның балалары — Сұлтанахмед, Сұлтанмахмұт, Ғұмаршайых. Бұл Ғұмаршайыхтың баласы — атақты Бабыршаһ, лақап аты Заһриддин еді. Бұл 12 жасында хан болып, он бір жыл өзбекпен жауласқан. Хан болған 1494 жылы Үндістан, ауған жақты алып, зор патша болды. 1531-де 49 жасында Шаһарбағда өлді. Бабыршаһтың төрт баласы бар еді – Мұхамедһамаюн, Қамиранмырза, Әскеримырза, Һандалмырза деген. Орнына Мұхамедһамаюн хан болып, оның баласы Әкбаршаһ болды. Бабырдың нәсілі 1807 жылға шейін хан болды. Онан Надиршаһ алып, ақырында Үндістанды ағылшын алып, Әмір Темір хандығының нәсілі жоғалды. Әмір Темірдің төртінші баласы — Шаһрухмағаналидин, оның балалары — Ұлұқбек, Ибраһим, Байсұңқар, Саюрғәтміш, Мұхамеджөкей мырза. Ұлықбектің балалары — Ғабдуллатиф, Ғабдулғазиз. Ибраһимнің баласы — Абдолла. Байсұңқардың балалары — Сұлтанахмед, Бабыр, Ғалалдула. Сұлтанахмедтің баласы — Ядгармұхамед. Бабырдың баласы — Шаһмахмұд.


Әмір Темір нәсілі көбінесе бірін-бірі өлтіріп және түрікмен Қара Юсуф бенен Шайбақ хан елін алып, Шайбақты Шаһисмағұл өлтірген соң, Бабыршаһ шығып, өзбекпен соқтықса да, Ғабидханнан жеңіліп, бұл жақты ала алмай, Үндістанға ие болды. Сол себептен Бабыр нәсілі Үндістанды көпке шейін билеп тұрды.


Жоғарғы Әмір Темірдің арғы атасы Қажулменен егіз туған Қабул Түмен ханның орнына хан болды. Оның алты баласы – Бартан, Барғақ, Құтуқту, Қыдан, Құблай, Бодан қият. Қабулдың орнына Бартан хан болды. Оның төрт баласы — Есукей батыр, Мөңтай, Бөкен тайшы, Дарытай. Бартанның орнына Есукей батыр хан болды. Оның бес баласы — Темушин, Жочиқысар, Қажун, Белгуті, Едукей. Ханның орнына Темушин хан болды. Шыңғыс хан осы Темушин еді. Тамам татар-мағолды алған соң Темушин аты қалып, Шыңғыс хан атанды. Едукей батырдың бес баласының нәсілін моғолдар «Боржығын Қият» дейді. Мағынасы — «қызыл шегір, шапшаң, ыңғайлы» деген сөз. Баяғы Аланғу «нұрдан бала таптым» дейтұғын нұр кісінің көзі қызылшегір деген екен, сол барша тұқымында солай болыпты.





Пікір жазу