06.04.2021
387
Алты әңгіме
Алты әңгіме оқуға жайың бар ма?
Ұсындым жаңа өспірім ғалымдарға.
Әншейін бос сөз демей ғибрат ал,
Ой жібер ішкі сырын пайымдарға.
Алдыңғы біз ел жедік обал демей,
Зарлады талай момын, талай кедей.
Нәпсі, мақтанға алданба, қарақтарым,
Үміті кім бұл елдің сендер емей.
Орыс, қазақ — адамның бәрі бірдей,
Ешкімді алалама оны білмей.
Кем-кетікке болысу — ар міндеті,
Халқыңа пайда тигіз босқа жүрмей.
Жаныңды аяй көрме жардамынан
Сүйткенде арың шығар арманынан.
Әйтпесе бұл өмірің артық емес,
Тәніңді топырақ басып қалғанынан.
оқу ғалым ғибрат ұлт халық Шәкәрім Құдайбердіұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы