06.04.2021
226
Анық асық – әулие...
Анық асық – әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан жарына,
Керексiз өзге дүние.
Жарынан бөлек жаны жоқ,
Табатын басқа жары жоқ.
Асықтан аяп қалатын
Иманы, малы, ары жоқ.
Жарының жаны – жандары,
Жалынға жанбас тәндерi.
Дозақтың отын өшiрер,
Жүректен аққан қандары.
Шын қасиет соларда
Дегенiм күнә болар ма.
Құбылма мiнез, тайғақ ой,
Екi сөз болмас оларда.
Тасбиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз,
Жүрегiң болса тайғақ саз –
Сопысынып қылма наз.
әулие керемет жар дүние Шәкәрім Құдайбердіұлы Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы